Қазақстандықтар тағы бір тарихи кезеңнен өтіп, кезектен тыс Президент сайлауында елдің ертеңі мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасады, мемлекетті басқаруды Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды.
Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуында, әлем алдындағы беделінің өсуінде, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда өлшеусіз еңбек сіңірген Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегін атап өтуіміз қажет. Ал Қазақстан халқы дауыс беріп, сайлаған Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасының сенімді серігі.
Халық үміткерлер арасынан ел тынысы мен тіршілігін бес саусағындай білетін, ел басқарудағы тәжірибесімен, жаңашылдығымен дараланған азаматқа дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Бұған дәлел ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен әрбір қазақстандықтың лайықты жұмысы болып, еңбегіне қарай әділ жалақы алғанын қалаймын.
Әр азамат сапалы мемлекеттік қызметті пайдаланғанын қалаймын. Заманауи медицинаның қолжетімді болғанын қалаймын. Әрбір азаматтың үздік білім алып, заңмен толық қорғалғанын, болашаққа нық сеніммен қарағанын қалаймын» деген болатын.
Әлемдік дәрежедегі саясаткер, еліміздің ішкі, сыртқы саясатын терең меңгерген тұлға, әлем елдерінің саясаткерлерімен тең дәрежеде сөйлесе алатын сұңғыла шешен, тәжірибелі басшы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел сенімінен шығып, Қазақстанды одан ары гүлдендіріп, даму жолында ерен еңбек ететініне сенеміз.
Әсма Қалыбекова,
этнограф