Рухани үрдіске үндейтін ОН ТОМДЫҚ Избранное

Пятница, 14 Июнь 2019 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2998 раз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жуырда «Рухани жаңғыру» сериясымен өңірлік ақын-жазушылардың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Авторлары – қаламы қарымды қаламгерлер. Редакциялық алқаның мүшесі Мархабат Байғұт бір сөзінде «Авторларды таңдағанда бірінші талап – шығарма рухани жаңғыруға жауап беруі керек.

 асылзат апай

Одан кейін мерейтойы тұспа-тұс келген қаламгерлер де болды. Үшінші, әрине, көркемдік сапасына мән бердік», деп еді. Қай автордың қандай кітабы шыққанын Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Асылзат Арыстановамен сұхбат барысында білдік.

– Асылзат Оспанқызы, кітапханаларыңыздың қазынасын толтыра түскен он томдыққа тоқталып өтсеңіз. Көзі қарақты оқырман кітапханаға қай автор үшін асықпақ?

– Жарыққа шыққан он томдықтың барлығы да ойлы оқырманның көңілінен шығады деп сенемін. Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Сәрсенбек Сахабат, Захардин Қыстаубайұлы, Есқара Тоқтасынұлы, Момбек Әбдәкімұлы, Нұрғали Қадырбаев, Иса Омар сынды қарымды қаламгерлердің кітаптары жарық көрді. Оныншы том жастардың шығармашылығына арналып, «Түркістан түлектері» деген атпен баспадан шықты.

Ақын Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз» атты кітабына өлеңдері, поэма мен аудармалары енгізілген. Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясына ойлы образдар, тың тіркестер қосқан ақынның жыр жинағы оқырманын ой мен сезім үндескен көркемдік құнарымен қуантарына сенім білдіреміз.

– Иә, Нармахан атамыздың «Жаз-жалбызына» көз жүгіртіп отырып, мына бір шумақ жүректі шым еткізді:

– Сағынышың ем сан жылдар бойы сақтаған,
Сондықтан болар,
Сапарда жүрсем сағынып сені аттанам.
Мен кейде тіпті
Жүрегі мен арманын алдай алмайтын,
Ақ махаббатты жесірдің ұлы екеніме де мақтанам, - дейді нәзік жүректі, өршіл рухты ақын. Осындай мөлдір шумақтарға толы жинақ тезірек өз оқырманын табатынына сенімдімін...

– Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты, көрнекті жазушы, проза шебері, публицист Мархабат Байғұттың «Аршакие» атты кітабына жан-дүниені жаңғыртатын көркем әңгімелері мен толғамдары жинақталған.

Әсіресе, «Қазығұрттың қымызы», «Қызылқұмның қымыраны», «Сайрам-өгем дегенде, Сайрам-өгем...», «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай...», «Ордабасыға оралғанда» толғамдары қазір баршамыз «Рухани жаңғыру» деп атап жүрген рухани үрдістің ең басында тұруға тиіс шығармалар деп ойлаймын.

– «Қара өлеңнің Ханбибісі» атанған Ханбибі Есенқарақызының нәзік лирикадағы қолтаңбасы айқын. Әйтсе де, айтары мол ақынның көңіл көкжиегінде қылаң берген көп ойларының кітап өлшеміне сыймайтын кездері де болады. Ақынның қай шығармасы басылып шыққанын білгіміз кеп барады...

– Қаламгердің «Жібек» атты повесі – әлі сиясы кебе қоймаған жаңа туынды. Повесть, естелік-эссе, шағын әңгіме жанрларында жазылған туындылардағы ойлар мен толғаныстар ақындық сезіммен екшеленген шынайы жүрек сыры екені байқалады.

Қазақ жұрты ерекше құрмет тұтатын дарынды қаламгер кітабының алғысөзін жазған Мархабат Байғұт ағамыз «Жібек» деректі повесінде автор қазақ өңіріне Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі дәулетті қазақтардың малын тартып алып, кәмпескелеп, өздерін жер аудартып, бүтін халықты бөлшектеп, зардап шеккізгенін шығарма кейіпкері Жібек арқылы нанымды жеткізеді.

Қазақ әйелінің қайсарлығы, еңбекқорлығы, ар тазалығы, қанша азап шексе де салт-дәстүрге беріктігі повесть барысында жүйелі өріліп отырады», деп жазды кітаптың алғы сөзінде.

– Ақын Сәрсен Бек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал» кітабы қайтыс боларынан аз алдын қолына тигенде қатты қуанып, ерекше толқыпты...

10 томдық 2

– Иә, Сәрсен Бек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал» кітабының жарыққа шығуы қаламгердің 65 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл авторға жасалынған үлкен сый болды. «Отырар» кітапханасында қаламгердің мерейтойлық шығармашылық кешін де өткіздік.

Әмбебап әдебиетші Сәрсен Бек Сахабаттың аталған кітабына түркітану мәселелері мен жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық жолын сөз еткен ой-толғамы енген. Теотопонимдік атаулар мәселесі де назарынан тыс қалмаған. Тыңнан ой қорытып, әрі мен нәріне тереңнен бойлаған толғамдары оқырманды бей-жай қалдырмай, иіріміне тартып әкетеді.

Автордың басты ұстанымы да сөз қабатының ішкі мазмұнына үңілу, сырын бөлісу. Тектанудағы ізденісі қызғылықты, пікір таласынан, қиыннан қорықпайтын батылдығы бөлек.

Ал Захардин Қыстаубайұлының «Жүректің сөзі» жинағында негізінен соңғы жылдары жергілікті баспасөз беттерінде жарық қөрген публицистикалық шығармалары мен сиясы кеуіп үлгермеген «Айтбай - Мария» атты деректі пьесасы енгізілген. Әдебиет пен журналистиканы өмір бойы қатар алып жүргендіктен болар, ол әр сөйлемінің сыңғырлап тұруына, сұлу да түсінікті шығуына ерекше ден қойып, көркемдік тәсілдерді молынан пайдаланады.

Соңғы жылдары қазақ журналистикасынан көрінбей жүрген фельетон, очерк сияқты жанрларды заман талабына сай жандандырып, жаңғыртып келеді. Көрнекті жазушы Мархабат Байғұт өзінің әріптесі, жазушы-драматург, Қазақстанның Құрметті журналисі З.Қыстаубайұлы туралы бір сөзінде оны «Ақтаңгер жазушы» деп атады. Осы жинақ жазушыға берілген сол бағаның әділ әрі орынды айтылғанын дәлелдейді.

Ал тағы бір қаламгер – Есқара Тоқтасынұлы болмысы қарапайым, мазмұны сыршыл, қаламы ерек жазушы. Өзі әдеби ортада көп бой көрсете бермейді. «Беласқан» жинағына енген мөлтек әңгімелері астарлы ойға, тартымды идеяға құрылады, өмірдің қым-қиғаш сәттерін көз алдыңа әкеледі. Ұлтымыздың өткені, бүгініне бейтарап қарап өмір сүре алмайтын – «Сиық», «Сахара үні» хикаяларының жалынды кейіпкерлері оқырман көңілінен шығады.

Кенесары хан бейнесі бұған дейінгі көркем нұсқалардағы рухы күшті, қатал қолбасшы ретінде емес, жан дүниесі тебірене кетуге бейім сезімтал философ сипатында есте қалады.

– Жазушы Момбек Әбдәкімұлын тарихи тақырыптарға қалам түртетін қаламгер ретінде білеміз. «Зобалаң» деп аталуының өзі-ақ қаламгер кітабының тарихи шығармаларға негізделгенін меңзеп тұр. Кітап жайлы не айтасыз?

– Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» кітабында 1931-33 жылдары елімізді шарпыған ашаршылықтың қалай басталып, қалай белең алғаны, оның қасіреті мен зұлматы жұртты қалай ойрандағаны кеңінен әрі болған қалпында ашық әңгімеленеді.

Сондай-ақ, бұл кітапта дәл сол жылдары ҚазАКСР-ы және Өзбек КСР-ының халкомкеңестері мен орталық атқару комитеттерінің шешімімен салынған Шымкент-Ташкент төте теміржолы құрылысының жүруі, бір жылдан кейін оның неліктен тоқтатылғаны туралы құжаттық деректерге сүйеніп жазылған мағлұматтар келтірілген.

Сонымен қатар жазықсыз жалаға ұшыраған қазақ зиялылары мен қарапайым халықтың күйзелісі кітап сөзімен әсерлі баяндалған. Роман – жазушының жеке қиялынан туындаған шығарма емес, ел өмірінен жанды естеліктер, архивтік фактілер һәм ашаршылықты бастарынан өткерген көнекөз қариялардың аузынан естілген деректі әңгімелер негізінде түзіліп жазылған.

– Бір байқағаным, он томдыққа енген шығармалар әр түрлі жанрда жазылған. Олардың арасында драма да, поэзия да, проза да, аударма да бар. Мәселен, Нұрғали Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі» кітабына автордың хикаяттары, әңгімелері, балаларға арналған шығармаларымен қатар әлем әдебиетінің классиктерінен аудармалар да бар екен...

– Дұрыс айтасың. Нұрғали Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі» атты кезекті жинағында халқымыздың біртуар тұлғаларының бірі Сұлтанбек Қожанұлының тарихи бейнесін сомдауға арналған «Шығыстың Сұлтанбегі» хикаяты енген. Сонымен бірге бүгінгі замандастардың ішкі ой-пікір әлемі мен олардың психологиялық дүниетанымын танып-білуге елеулі ұмтылыс жасалған әңгімелері және балалар тақырыбына байланысты жазылған көркем аудармалар енген.

Қаламгердің шығармаларында оқиғаның дамуы мен кейіпкерлер бейнесін айшықтауда соны ізденістер байқалады. Жинақтағы хикаят және көркем әңгімелер оқырманды адамгершілік құндылықтарын бағалай білуге, өзара сыйластыққа, тату-тәтті қарым-қатынасты орнықтыруға және имандылыққа үндейді.

Ақын Иса Омардың «Адамдық қағидасы» кітабы да жан-жақты туынды. Заманауи өлеңдерден және заманауи ой-толғамдардан тұрады. Бұл кітапта қаламгердің өмірден көрген-білгендері мен ойға түйгендері көрініс тапқан. Бүгінгі заман мен қоғам туралы ой-тұжырымдар тұшымды да тартымды, сондай-ақ, қысқа да нұсқа берілген. Кітаптың екі бөлімі мазмұндық жағынан бір-бірін толықтырып тұр.

Сол арқылы адамдық қағидалары тақырыбы айтарлықтай ашылған.
Қорыта келе айтарым, қазақ руханиятының дамуында сүбелі орын алатын көркем туындылар оқырманның рухани көкжиегіне қосылған мол олжа деп білемін.

Себебі, «Рухани жаңғыру» сериясымен кітаптар республика деңгейінде шығып келді. Ал біздің өлкемізде алғаш рет жарыққа шығуы. Патша көңілді оқырманның тілегі сол – осындай кітаптар жарық көруін тоқтатпаса, жалғасын тапса... Қаламгерлерге қаламдарыңыз халыққа қызмет ете берсін, ал оқырманға құнды дүниелер рухани көкжиектеріңізді кеңейте берсін деп тілек айтқымыз келеді.

– Сұхбатыңызға
рахмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Последнее изменение Пятница, 14 Июнь 2019 05:44
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.