Жеңісбек КЕНЖЕБЕКОВ: «Біз кәсіпкерлікті ғана үйретпейміз...»

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 416 раз

Жеңісбек Кенжебеков – Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының ең тәжірибелі бизнес-тренерлерінің бірі. 5 жылдан бері бизнес саласында оқытушы болып жұмыс істейтін ол әрдайым өз-өзін жетілдіріп отырады.

4545222

Кәсіпкерлік – қатпары көп сала. Жұмыссыз жастарды кәсіпке ынталандыру, кәсіп ашуына ұйытқы болу көп тәжірибені қажет етеді. Жеңісбек Қонысбекұлы бүгінде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша жастардың қабілетін дамытуға, ынтасын оятуға барын салып жүр. Былтыр еліміздің «Ең үздік бизнес-тренері» атағын иеленген маман қазір екінші лектегі сабағын бастап кетті. Тобында 70-тен аса қыз-жігіт бар.

Бизнес-тренерлерге жүктелер міндет қандай? Жастар қайтіп кәсіп ашпақ? Қандай қасиет қажет? Міне, білікті маманмен әңгімеміз осы тұрғыда өрбіді.

Мектепті бітіріп-ақ бизнеспен айналысқысы келетіндер бар

– Жеңісбек Қонысбекұлы, бизнес-тренингтерге қатысу – жастардың кәсібіне және тұлға ретінде қалыптасуына салынған маңызды инвестиция ғой. Сіздің оқытудағы әдіс-тәсіліңіздің ерекшелігі неде? Бүгінгі жастардың ынтасын қалай оятуға болады?

–Шымкентте алғаш рет қолға алынған «Жас кәсіпкер» бизнес-жобасы – жастар үшін зор мүмкіндік. Басты мақсат – жастарды оқытып, кәсіпке баулу. Оқу барысында теориялық 60, практикалық 90 сағат қарастырылған. Жалпы, 10 модуль бойынша оқытамыз: кәсіпкерлік ойлау психологиясынан бастап маркетинг, менеджмент, өткізу нарықтары, салық, заң аспектілері, бизнес-жоспар, жұрт алдында сөйлеу, т.б. бағыттар бар. Бізде теорияға ғана емес, практикалық жағына көп мән беріледі. Яғни, модульдерді тек оқытып қана қоймай, шеберлік сағаттар бойынша да сабақ жүргізіледі.

Шәкірттерді бағыттарына қарай топ-топқа бөлеміз. Мысалы, тыңдаушыларды «Ордабасы – құс», «Бал текстиль» кәсіпорнына, «Бөрте-милка» сүт өңдеу зауытына апарып, танымын аштық. Тігін маманы болса, «Бал-текстильге», сүт бағыты болса, «Бөрте милка» зауытына алып барамыз.

Сабақтың тағы бір ерекшелігі – оқыту барысында бағыттар бойынша қосымша мамандар шақырылады. Салық сабағына Қаратау ауданынан салық бөлімінің маманы қатысты. Ветеринария саласы болсын, банк қызметі болсын, әрқайсысы бойынша да өз мамандарын алып келеміз. Яғни, жергілікті әкімдіктердің мамандарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Сабақ барысында дамыту бойынша ойындар, бірқатар сайыстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар біз тұлғалық дамыту мамандарымен де бірлесе жұмыс істейміз. Мәселен, жас кәсіпкер тігіншілікті уақытша табыс табу мақсатында үйренгісі келеді делік. Ал оның хоббиі – торт пісіру. Тігіншілікпен екі апта ғана жұмыс істеп, кейін қойып кетуі мүмкін ғой. Осы орайда нақты қай бағытты таңдау қажеттігі жөнінде психологтар жәрдемдеседі.

– Екінші лектің сабағы басталып кетті. Жалпы жастардың кәсіп ашуға деген ынтасы қалай?

– Бірінші лекті 48 адам бітірді. Екінші кезеңде 70 адамды оқытып жатырмын. Жастардың бәрінің де ынтасы өте жоғары. Олардың көбісі – қызмет көрсету саласынан келген. Негізгі контингенті – жұмыссыз жастар. Мектеп қабырғасын бітіріп-ақ кәсіпкер болғысы келетіндер де бар.

 

Негізінен, 21 күндік сабақта әр тыңдаушыға күнделікті өзінің ойында жүрген идеясын қағазға жаздыртамын. Бұл – менің жеке әдіс-тәсілдерімнің бірі. Идея мида қалыптасады ғой. Соны қағаз бетіне түсіре білу керек. Сонда ғана мақсат орындалады. Бір айта кетерлігі, наубайханамен айналысамын дейді де, бір қап ұннан қанша нан шығатынын білмейтіндер бар. Оны қайда сату керек екенінен хабары жоқ. Одан кейін несие алғанда да қателігінен опық жеп жататындар көп. Несиені кәсіпті дамытуға алу керек.

Қарапайым мысал. Шлакоблок шығаратын болсам, үйімді кепілге қоямын да, несие аламын. Оның технологиясын үйренемін деп жүргенде банкрот боламын. Бұл жерде не істеу керек? Мәселен, 505 мың теңге грантқа екі аппарат сатып аламыз да, тәулігіне 100 шлакоблок құйып, үйренеміз. Бір айда осылай тәжірибе жинап, тұтынушысын да табамыз. Тұтынушы тапқаннан кейін, үйін кепілге қойып, несие алып, кәсіпті дамытуға болады. Міне, кәсіп осылай басталады. Несиені басталған кәсіпті дамыту үшін алу керек дегеніміз – осы.

Көпшілік бизнесті бастасам, оған сұраныс көп деп ойлайды. Бастамай тұрып, ол өнімді қайда сатамын, кімге сатамын, қай жерде сатамын, қандай бағамен сатамын дегенді ойлану керек. Яғни, базардан сиыр алмай тұрып, дүкенде сүтті қаншаға сататыныңыз туралы біліп алғаныңыз жөн.

70 шәкіртімнің арасында Болат деген жігіт бар. Ол үйінде жеміс шырынын шығарып, сатуда. Сабақ барысында барлығымызға шырынның дәмін татқызды. Бұл кәсіп әу баста Болаттың ойында жүрген. Қандай идеяларың бар деп сұрағанымда осыны ұсынды. Ол ойда жүрген идеясын іске асырды. Одан бөлек, тіл курсын ашу, шаштараз, торт пісіру, т.б. қызмет көрсету саласына қызығып жүрген шәкірттерім бар.

Жалпы, шәкірттер оқып қана қоймай, оқытушымен бірге бизнес-жоспар жазады. 48 тыңдаушының әрқайсысының бизнес-жобасын тыңдап болғаннан кейін өздерінің бизнес-орталығына барамыз. Бәріміз пікірімізді айтамыз. Міне, бұл да біздің сабақтың ерекшелігінің бірі. Оқу соңында Палатаға келіп, арнайы комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғайды. Одан кейін сертификатқа ие болады. Әрі қарай грантқа да қол жеткізеді.

– Шәкірттеріңіздің қанша пайызы кәсіп бастайды деп ойлайсыз?

– Жалпы айтқанда 48 адамның 30 пайызының кәсібі бар. Бірақ әлі тіркелмеген. 40 пайызы сабақ барысында өздерінің кәсібін бастап кетті деуге негіз бар. Ал қалған 30 пайызының да кәсіп бастауға ынтасы зор.

452222222

– Кәсіпкерлік сабағынан өткен жастарға жұмыс бастауға қиындық тудыратын проблема бар ма?

– Жастарға қайтарымсыз грант берілетіні өте жақсы мүмкіндік деп атап өттім. Сертификатпен төмен пайызбен несие де алуға болады. Алайда қазір 48 жас оқыса, оның 5-інде ғана мүлік бар. Енді жастарға несие кепілсіз берілсе деймін.

Патриоттық рух та керек

– Жастар 21 күнде кәсіпкерлікті толық үйреніп шыға ма?

– Жоба бойынша сабаққа тәулігіне 8 сағат берілген. Түске дейін 4 сағат дәріс тыңдаса, түстен кейін тұлғалық дамыту маманымен жұмыс істейді. Бизнесте бағын сынағысы келетін жастар үшке бөлінеді. Біріншісі – идеясы бар, қаражаты жоқ. Екіншісі – қаражаты бар, идеясы жоқ. Үшінші, қаражаты да, идеясы да бар, бірақ өзіне деген сенімділігі жоқ.

Мақсат – оқытып, стипендия немесе грант беру ғана емес, оларға мотивация беруіміз, патриоттық сезімдерін оята білуіміз керек. Еліңді сүйсең – отандық өнімді тұтын. Әрқайсымыз осындай патриоттық рухты бойымызға сіңіріп, отандық өнімді сатып алатын болсақ, кәсіпкерге табыс түседі, еліміздің бюджетіне салық төленеді.

Халықты жұмыспен қамтуға да үлес қосылады. Қазіргі жастардың санасына «Мемлекет маған не береді» деген емес, «Мен не істедім деген» ойды ояту маңызды.

Алдыңғы топтағыларды «Біркөлік» демалыс орнына апарып, сергіттік. Сол жерде «тимбилдинг» ұйымдастырдық. Командалық сайыстар да өткізілді. Жастармен команда бойынша жұмыс істеу олардың құлшынысын оятады. Өзін ортада дұрыс ұстай білуіне, тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді.

Әрдайым өз-өзімді жетілдіремін

– Бизнес-тренелерді іріктеудің өзі қатаң жүргізілетінін білеміз. Жалпы, өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

– Рас айтасыз, бірқатар сынақтардан өттік. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 22 адам тренер болуға ниет білдірсе, оның 18-і іріктеуден өтті. Көбісі қаржылық сауаттылық жағынан ақсап жатады. Өзім 2017 жылы Астана қаласында барлық емтиханнан сүрінбей өттім.
Негізінен, бизнес-тренерлерге жүктелер міндет көп. Жұрт алдында сөйлей білу, ойыңды жеткізе білуің керек. Жастардың грант, стипендия алуына көмектесіп қана қоймай, бір жылға дейін сүйемелдейміз.

– Өзіңізді қалай дамытасыз?

– «45 жылдық тәжірибең болса да, 45 минуттық сабаққа дайындал» деген жақсы сөз бар. Күнделікті экономика саласында, жаңа бизнес-идеялар, жаңа стартап жобалар, мемлекеттік қолдаулар бойынша үнемі хабардар болып отырамыз.

Біреуге үйрету үшін, өзіңнің білім-білігің жеткілікті болу керек. Роберт Киосакидің «Бай әке, кедей әке» деген сияқты кітаптарын оқып, өзімді жетілдіремін. Ашығын айтқанда, бізде мектеп қабырғасында кәсіпкер болуға ынталандырмайды. Ал көптеген Батыс елдерінде бала кезден бастап бизнеске баулиды. Еуропа елдерінің дамуы – осы кәсіпкерліктің арқасы. Оларда жеке кәсіпкерлердің 60-70 пайызы ресми түрде тіркелген. Ал бізде тіркелушелердің саны аз. Бізде табыс табады, бірақ тіркелмейтіндер бар.

Бір қуанатыным, қазақша бизнес-тренинг жүргізетін мамандар қалыптасып келеді. Алдағы уақытта әлемге әйгілі шетелдік кәсіпкерлерді және отандық білікті мамандарды Шымкентке шақырып, қала тұрғындарымен кездестірсем деймін. Кез келген тұрғынға қолжетімді етіп, солардан дәріс тыңдатуға бар күшімді саламын. Міне, бұл – менің басты арман-мақсаттарымның бірі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.