Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3663 раз

Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген. Өткен жексенбі Қазақстанда Отбасы күні аталып өтті. Осы орайда біз өнерде де, өмірде де қол ұстасып келе жатқан жұбайлар жұбымен жүздескен едік. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында бес бірдей жұлдызды жұптың бар екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. «Тәуліктің 24 сағаты бір-біріңізден алшақтамай, барлық уақытты бірге өткізу сіздерді жалықтырмай ма?» деген сұрақты дәл осы кісілерге қоюға болатын сияқты. Соны өздерінен сұрайықшы.

1Z1A3177

САХНА СЫРТЫНДАҒЫ «СИҚЫРШЫЛАР»

Ж.Шанин театры сахнасының сыртындағы «сиқыршылар», яғни, театрдың бас суретшісі Қалтөре Жұмақұлов пен суретші-гримші Бейсенкүл Әлжанованың отау құрғандарына 40 жыл толды. Бұл жұптың отбасылық өмірі қалай басталғанын естісеңіздер, таңғаларсыздар. Себебі, біз, қазіргі «бәрі бірден бола қалса» деп тұратын жастар ондай ауыр өмірге шыдас бермеуіміз мүмкін.

Қалтөре ағай мен Фая апай (театрдағылар бұл кісіні осылай атайды) үйленгеннен бері бір театрда, бір ұжымда жұмыс істеп келеді. Отау құрған кездерінде жас жұбайлардың бастарында баспанасы болмады. Сөйтіп, театрдың гаражында алты жыл тұрып, жұмыс істеді. Гараж болған соң не жарығы, не жылуы, не суы болмапты. Кейіннен өздері ептеп жөндеп, жарығын, суы мен жылуын да реттеп алған екен.

Жұмақұловтардың қос перзенті сол гаражда дүниеге келген. «Кейіннен театр басшылығы үй берді. Үй деген аты болмаса ол баспананың қалқайған төрт қабырғасы ғана бар еді. Астынан су кетіп, едені отырған үйдің бөлмелерінің қабырғалары қирап, апатты жағдайға түскен. Іші мүлдем күтімсіз күйде. Зағип жандар тұрған үй екен», - дейді Қалтөре ағай. Сол үйді жұмыстан тыс уақытта, ел ұйқыға жатқанша күрделі жөндеуден өткізіп, әктеп, сырлап, еденін қайтадан салып, тәп-тәуір үй етіп алады. Кейіннен сол баспананың қасынан жер үй тұрғызып, тұрмыстарын түзепті.

– Гаражда тұрған кезде балалардың ауырып-сырқайтыны болады. Емханаға барсақ, тұрғылықты мекенжай сұрайды. Гараж десек, ешкім ұқпайды. «Кәдімгідей гаражда тұрасыңдар ма?» деп күлетін еді, - деп Фая апай сол бір қиын күндерді еске алды.

Ал отағасы Қалтөре ағай: «Бізге кейбір адамдар «Үйде де, түзде де, жұмыста да, күндіз, түні біргесіңдер. Бір-біріңнен жалығып кетпейсіңдер ме?» деп таңғалатын. Жұмыстың аты – жұмыс. Ол өзінің кабинетінде, мен өзімнің жұмыс бөлмемде тиісті шаруамызбен айналысудан қол тимейді. Кейде жұмысымды үйге апарып істеуіме тура келеді.

Балалар кішірек кезде олардың у-шуынан суретімді сала алмайтын жағдайда аналарымен бірге «қыдырып келіңдер» деп шығарып салатынмын. Әйткенмен, «тыныштық орнады-ау» деп үстелдің үстіне плакат пен бояу, қылқаламымды шығарып, жұмысқа кіріспек болғаныммен, бірнәрсе жетіспей тұрғандай, ештеңеге қолым бармай, теңселіп жүріп аламын. Сөйтсем, шығармашылығыма балаларымның шуының өзі шабыт береді екен ғой, - дейді кейіпкеріміз.

Иә, тату үйдің тамағы тәтті. Отбасы атты алтын ордада еркек – үйдің туы, әйел – үйдің гүлі емес пе?! Қалтөре ағайымыз кейінірек Мәскеудегі ВГИК-ке оқуға түсуге мүмкіндік туғанда да үйін, әйел, бала-шағасын тастап кетуге қимай, осында қалған. Бұл да махаббатты, сүйіспеншілікті бәрінен жоғары қойған кейіпкеріміздің өмірінің бүгінгі жастарға үлгі боларлық бір қыры деп айтсақ болады.

ЕҢ ҮЗДІК ОТБАСЫЛЫҚ ЖҰП

Ж.Шанин театрын сәні де, салтанаты да жарасқан отбасылар ошағына айналған жылы ұяға теңеуге болады. ҚР халық әртісі, режиссер, марқұм Ерғали Оразымбетов 2003-2009 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Өнер» факультетінен бір топ талантты жас буынды осы ұжымға алып келген екен. Оның ішінде Сержан Құттыбаев, Руслан Нұрманов, Бақытжан Дәулетжанов пен олардың жұбайлары бар. Бұлардың өмір жолын тағдыр ғана емес, театр да тоғыстырған.

Өнер ошағына барғанымызда қызметкерлер кіретін есіктің алдында белгілі әртістер Руслан Нұрманов пен оның жұбайы Жәудір Сарыпбекова тұр екен. Жәудірдің қолында кіші ұлы, жанында тұңғышы ойнап жүр. «Жалпы, біздің театр, әсіресе, сенбі, жексенбі күндері кішігірім балабақшаға айналады», - деп күлді Жәудір. «Әртістердің балалары осында өседі» дегенді естуші ек. Расында, солай екен ғой деген ой түйдік.

Руслан-Жәудір

Жуырда Серік Таласовтың режиссерлігімен жарыққа шыққан «Гарантия» фильмінде ерлі-зайыптының рөлін сомдаған Руслан мен Жәудірді дүйім республика таниды десек, артық айтқандық емес. Бұдан басқа да көптеген сериалдарға, «Асыл арнаның» бейнероликтеріне түскен жұлдызды жұп таяуда «Астана» арнасынан көрсетілетін «Киелі бесік» сериалында да жұбайлардың рөлі берілген. Бір қызығы, екі әртіске театрда да, кинода да ерлі-зайыптының рөлі бұйырады.

Театр сахнасында «Әлия» қойылымында Ерлан мен Әлияның, «Гамлетте» Гамлет пен Офелияның, «Пай, пай, жас жұбайларда» Қасым мен Зәурештің рөлдерін ойнайды. Сәйкестік пе әлде сәттілік пе?! Театр күніне орай «Ең үздік әйел бейнесі» және «Ең үздік ер бейнесі» номинациясы осы жұпқа бұйырыпты.

– Шығармашылық жұмыста екеуміздің ерлі-зайыпты екенімізді кейіннен біліп, таңқалып жататындар да бар. Режиссер біздің партнерлік үйлесіміміздің жарасатынын айтады. Түсірілім барысында өз рөлдеріміз шынайы шығып, жарқырап көрінсек, кейде күнделікті өмірде балалар ауырады, болмаса әйтеуір, бір сәтсіздікке ұрынып қаламыз. Негізі «тіл-көз» деген болады» дейтін сөз рас та шығар. Кім білсін... - дейді өздері.

Руслан мен Жәудір 2011 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде үш перзенттің ата-анасы.

– Әртіс емес, басқа адаммен жұп жарастырғанда қалай болар еді, елестетіп көрдіңіздер ме? – дедік ерлі-зайыптыға.
– Басқа саланың адамын таңдағанда Жәудірді дәл бұлай еркін жүргізбес еді, - деп қысқа қайырды отағасы.

– Сіздер үлкен ұжымда, қарашаңырақта жұмыс істейсіздер. Мұнда көз де көп, сөз де көп. Қызғаныш деген сезім қылаң беретін кездер болмай ма?
– Алғаш үйленген «ақымақтау» кездерде қызғаныштың жетегіне ілесіп кеткен кездер болмады емес, болды. Қазір барлығын ақыл таразысына саламыз, - деді екеуі де.

Жәудірге «Сіз көп киноларда келінді, отанасын ойнайсыз. Өмірде қандай келінсіз?» деп едік, аузын ашса жүрегі көрінетін әртіс келіншек сырын жасырмай жайып салды.

– Үйдің тірлігіне пысықпын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Менде оған мүмкіндік те жоқ. Келін боп түскенімде қолымнан түк келмейтін. Бірінші рет істеген тамағым картоп қуыру болды. Соның өзін Русланның үйретуімен істегенмін. Сонда да тұзы ащылау болып кетті. Русланның палауы туралы әңгіме бөлек. Жеген адамның аузынан дәмі кетпейді. Мен түсірілімге, не болмаса басқа жаққа кеткенде балаларды уайымдамаймын. Себебі барлығын өзі реттей алатын жолдасым бар. Барған жерімде ашық-жарқын келінмін деп ойлаймын. Ата-енемді өте қатты жақсы көремін. Ол кісілер Жетісайда, төркінім

– Арыста. Бірақ, екі жаққа да баруға уақыт бола бермейді. Өзімнің анам айтпақшы, «Әртіс деген дорбасын асып алып жүре беретін халық» қой, - деді Жәудір жымиып.
«Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар» демекші, Руслан мен Жәудірге қарап, жұптары жарасқан бақытты отбасының үлгісін көрдік.

БҮГІНГІНІҢ ҚЫЗ ЖІБЕГІ МЕН ТӨЛЕГЕНІ

2010 жылы Шымкентте Неке сарайы ашылғаны естеріңізде болар? Орталықтың тұсаукесер салтанатына Елбасы Н.Назарбаев келіп, бірнеше жас жұбайдың неке қию рәсіміне қатысып, батасын бергені бар емес пе еді?! Сол ғашықтардың бір жұбы – Ж.Шанин атындағы театрдың қос аққуы – Сержан Құттыбаев пен Мөлдір Зияева болатын. Бұл салтанатқа сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен бастап кіл жақсы мен жайсаңдар да қатысқан-ды.

– Ұзату, беташар салтанаты болғанымен, үйлену тойымыз өтпеген, неке куәлігін де алмаған едік. Шымкенттің жастарының атынан шығатын «Қазақтың Қыз Жібегі мен Төлегені» керек деп іздеген екен. Олар бізді суретімізден көріп, сыртымыздан таңдапты. Екеумізді шақыртып, бір түнде киім тігіліп, ертеңіне жарқырап, Елбасының алдында тұрдық.

Расын айтқанда, түс көргендей болдық. Жастық аңғалдық па, бізде қобалжу да болған жоқ. Әйтпесе, бұл деген ғажайып сый, тарихи сәт емес пе? Ешкімнің неке қию рәсіміне Президент қатыспаған шығар, - деген Сержанның сөзін жұбайы жұбайы қоштай кетті.

– Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «Өте әдемі жұп екенсіңдер!» деп лебізін білдіріп, «Бақытты болсыңдар!» деп батасын берді. Арнайы сыйлығын табыстады. Мұндай бақыт екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Осылайша Елбасының батасымен, ата-анамыздың ізгі тілегімен отау құрғанбыз. Елбасының батасын алған жұптың бақытты болмауға хақысы жоқ, - дейді Мөлдір.

Нұрсұлтан Әбішұлы сыйға тартқан теледидар Құттыбаевтардың отбасында ең қымбат дүниедей сақтаулы тұр.

Бір университетте оқығанмен, бұл жұптың да тағдырын театр табыстырған. Өнер ордасында үш жылдай бірге жұмыс істеп, шаңырақ көтерген, әні де, сәні де жарасқан қос ғашықты бақытты жандар деп айтсақ болады. Тоғыз жылдан бері өнер айдынында бірге жүзіп, жұбайлық өмірде екі баланы дүние тәрбиелеп отырған өнегелі отау иелері.

Бір қызығы, Сержан мен Мөлдірге қойылымдарда ғашықтардың рөлі берілмепті. Тек «Мұхаммед Хайдар Дулати» спектаклінде Абдулла мен Ханшаның рөлін ойнайтыны болмаса. Сержан Құрманәліұлы: «Біз сахнада үнемі бірге жүргендіктен, бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз.Өнердің жолы мен «заңын» кез келген адам түсіне бермейді. Кейде кешкі шараларға, мерекелік думандарға шығуға тура келеді.

Мұндайда арамызда ешқандай түсініспеушілік, қызғаныш болған емес», - дейді.
– Біз үшін бірінші орында – отбасы мәселесі маңызды. Қайсы сәтте болмасын отағасы не десе сол болады, - дейді Мөлдір.

КӨПБАЛАЛЫ АКТЕРЛЕР ОТБАСЫ

Театр тарланы Ерғали Оразымбетов «Шанин» театрына әкелген өнерлі жұптың бірі – Бақытжан Дәулетжанов пен Ақмарал Әділбекова. Қос ғашық 2009 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.

2008 жылы Дулат Исабековтің «Мұңлық-Зарлық» қойылымында ағасы мен қарындастың рөлін алып шыққан. Ал сахнада ғашықтар боп ойнау бұл жұпқа да бұйырмапты.

– Жұмыс істегенімнен үйде отырған кезім көп. Арасында баламды көтеріп алып театрға, Бақытжанның соңынан келіп қала беретін едім. Төртіншісін босанғаннан кейін жұмысқа шығам дедім. Бақытжан жұмыстан Алғыс хат, марапаттар алып келгенінде, расын айтсам, қызығып жүрдім. Жұбайым әзілдеп, «Сен жұмысқа шыққаныңмен, театрдың медаль беру, бермеуі екіталай. Ал ұрпақ санын көбейтсең, өкіметтің өзі-ақ мойныңа «Алтын алқа» тағып береді» деп айтатын, -деген Ақмарал ағынан жарылды.

Байқағанымыз, Бақытжан ұстамды, ашылып көп сөйлей бермейді. Бұл отбасының ұстанымы – бірі кәріне мінгенде, екіншісі үндемей қоя салып, ашуын сабырға шақыру екен. «Отағасының жақсы жұмыс істеуіне бар жағдайды жасап, тілеуін тілеп отырамыз. Себебі ол үй шаруасына емес, тек сахнаға ғана жаралған жан, - дейді Ақмарал. «Жақсы жұбай – басыңдағы бақыт» деп айтылғандай, Ақмаралды жар еткен Бақытжанда арман жоқ деп ойладық.

P.S.

«Бақ, қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген сөздің мәнісін осы төрт жұпқа қарап ұғуға болады. Жоғарыдағы кейіпкеріміз Қалтөре Жұмақұлов айтпақшы, түсіністік пен татулық болған жерде отбасының іргесі де бекем, жұмыс та жемісті. Әрине, жұбайлық өмірде әртүрлі жағдайдың болатыны заңдылық. Қызғаныш атты қызыл «иттің» де қызығыңды бүлдіруге бейім тұратын кездері кездесіп қалатыны жасырын емес.

Өмір болған соң бірде жетіп, бірде жетпей жататын тіршілік бар емес пе? Мәселен, Руслан мен Бақытжан он жылдан бері театрдың бір бөлмелі жатақханасында тұрып келеді. Бірақ, «еш уақытта олардың аузынан «тұрмыс қажытты» деген сөз естімеппіз» дейді әріптестері. Таяуда ғана Президент Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында мәдениет саласы қызметкерлеріне қолдаудың күшейетінін мәлімдеді ғой.

Енді үй-күйсіз жүрген театр қызметкерлеріне де қамқорлық жасалады деген үміттің оты тұтанды. Шынын айтқанда, материалдық жағынан асып-тасып жатқандардың да бәрі бақытты өмір сүреді, төрт құбыласы түгел деп кім айтады? Байлықтың да ынтымақ-бірліктің орнын толтыра алмай жүргенін өмір өткелдерінен көріп жүрміз...

Бір-бірін қабақпен түсініп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан кейіпкерлеріміздің өмірінен осыны байқадық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.