Анықтамалар – алақаныңызда «Электронды үкімет қызметтерін» алу жеңілдей түсті Избранное

Среда, 13 Ноябрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 191 раз

Жуырда бір мекемеге шұғыл баруым керек болды. Уақыт – кеш. «ЦОН» атап кеткен халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылып қалған. Ал ол мекемеге мекенжай анықтамасын алып бару керек. Енді қайтсем болады?

E-Gov 1

Кенет бір жылдай бұрын смартфонымда Telegram желісінің @EgovKzBot ботын қосқаным есіме түсті. Ашып, қарасам, көрсетілетін қызметтердің арасында мекенжай анықтамасы бар екен. Қуанып кеттім де анықтаманы электронды поштаға жіберіп, таңертең шығарып алып бардым. Анығын айтқанда алақанымызда жүрген анықтамалар туралы жазайын деп бастап едім, елімізде «Электронды үкіметке» байланысты тағы бір жағымды жаңалық пайда бола кеткені! Сонымен...

Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы мемлекеттік реестрден алынып тасталады. Бұл деген сөз – мемлекеттік органдар, мектептер мен медициналық ұйымдар және т.б. азаматтардан мекенжай анықтамасын талап ете алмайды.

Министрлік деңгейінде

Енді мекенжай анықтамасын «Азаматтарға арналған Үкімет» филиалдарынан да, электронды үкіметтің порталдарынан да алуға болмайды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі вице-министрі Абылайхан Оспанов осылай деп мәлімдеді.

– Бұған дейін бұл ақпарат жұмысқа орналасу, мектепке, балабақшаларға және медициналық мекемелерге ресімдеу кезінде талап етіліп келген еді. Азаматтар анықтаманы алып келуге мәжбүр болды. Бұдан былай қазақстандық азаматтар біреуге дәлелдеуге де міндетті емес. Мемлекеттік органдар да, білім беру мекемелері де сұрата алмайды, - деді вице-министр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында ең жиі сұралатын анықтама – осы мекенжай анықтамасы.

– Енді анықтама үшін ХҚКО-на сабылудың қажеті болмайды. Қазіргі таңда барлық жүйе біріктіріліп отыр. Мекенжай анықтамасы – бастамасы ғана. Алдағы уақытта осындай 28 анықтама кезекте тұр, - деді Әсемгүл Балташева.

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Цифрлы даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрлігі өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік органдар мекенжай деректерін ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алатын болады.

– Биылдың өзінде мекенжай анықтамасын алу үшін адамдар халыққа қызмет көрсету оралықтарына 9 млн рет барған. Жұмыс берушінің бұл анықтаманы сұратуға хақысы жоқ. Ал, егер жеке тұлға өзі қайда тіркелгенін білгісі келсе, egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп көре алады. Жаңадан жұмысқа орналасып жатқан азаматтар еңбек шартында тұрғылықты мекенжайын жазып көрсетеді. Соған қарамастан, жұмыс беруші қоймай сұратса, кез келген жеке тұлға сот органдарына барып шағымдана алады, - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.

Басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Ал бұл – тек азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.

Ішкі істер органдары іске кірісті

Осы жаңалыққа байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінде мемлекеттік органдардың мекенжай анықтамаларын талап етпеу мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті. Талқылауға жиналған ҚР Ұлттық Банкінің, денсаулық сақтау және білім, әлеуметтік қорғау басқармалары мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері бюрократиялық кедергінің бірі – қандай да бір қызметтерді алу кезінде халықтан түрлі анықтамаларды талап ету екенін жоққа шығармады.

Себебі, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың азаматтардан мекенжай анықтамаларды сұратып келгенінің салдарынан тұрғындар ХҚКО-ға, мемлекеттік органдарға барып, уақытын жоғалтуға мәжбүр. Осының барлығы артық қағаз құжат айналымына және мемлекеттік қызметкерлердің өздеріне де қосымша жүктемеге айналады.
Қазіргі таңда нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде, дейді жауапты мамандар.

Егер мекенжайды растауды үшінші тарап қажет етсе (мысалы: жұмыс беруші немесе банк), онда тұрғындар тұрғылықты жері туралы ақпаратқа үшінші тұлғалардың қызметі арқылы қол жеткізе алады. Бұл жағдайда тұрғындардың ұялы телефонына мекенжай туралы ақпарат беруге келісуі туралы сұрау жіберіледі. Соған келісім беру арқылы үшінші тарапқа бір реттік пароль жазылған SMS-хабарлама келеді.
Шымкент қаласының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев қала тұрғындарына осы өзгерістер туралы тез арада хабардар ету қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік қызметтер – әлеуметтік желілерде

Ал сол тұрғындардың біразы қазіргі таңда сандық технологияларды қолдануда. Заман ағымына ілескендердің қатары күн санып артып келеді.

– Цифрлық технологиялар дәуірінде біз қызметтерді электронды форматта қолдануға шақырамыз. Халқымыздың шамамен 64% смартфон қолданатынын ескерсек, қалтаңыздағы гаджет сізге халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ қажетті анықтаманы алуға көмектесе алады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабеков. – Ол үшін, егер телеграм мессенджерін пайдаланатын болсаңыз, @EgovKzBot ботын тауып, ондағы «старт» тетігін басасыз.

Данабек Исабеков

Мәзір арқылы телефон нөмірін жібересіз. Қажетті анықтаманы таңдап, алынған SMS-код арқылы сұрауды растайсыз. Сұраған анықтамаңыз дайын болған жағдайда оны жүктеуге немесе қалаған электронды поштаңызға жіберуге болады.

Бүгінгі таңда осы бот арқылы 25 қызмет түрін алуға болады. Сұранысқа ие қызметтердің ішінде бүгін біз сөз етіп отырған мекенжай анықтамасы, негізгі зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпаратты алу, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтаманы алу, ХҚО-ға баратын кезде кезекті брондау сияқты қызметтер бар.

– Енді дәл солай қызметтерді facebook және vk әлеуметтік желілері арқылы алуға болады. Әзірге ВКонтакте жүйесінде - 19, Facebook арқылы 15 қызмет қолжетімді, - дейді Данабек Исабеков. – Facebook арқылы қызметтерді алу үшін әлеуметтік желінің мэссенджерінде «Портал egov.kz» жазуын енгізіп, бот сілтемесін басыңыз.

Сізге бірден қызметтер мәзірі шығады. Ал ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі сервисті қолдану үшін онда «Портал eGov.kz» аккаунтын тауып, хабарлама жазатын жерде диалог терезесін таңдаңыз, қажетті қызметтер мен сервистерді алу үшін сізден ЖСН мен телефон нөмірі сұратылады. Осылайша әлеуметтік желілердегі мемлекеттік қызмет боттарын смартфоннан да, ноутбуктан да бірдей алуға болады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.