2200 жылдық тарих тасқа түсетін күн жақын Избранное

Среда, 27 Ноябрь 2019 03:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 391 раз

 Шымкентті тану басталды. Енді әлем таниды. ЮНЕСКО-ның тізіміне 2200 жылдық тарихы бар қала ретінде енген күнін тарихқа таңбалап сүйінші сұрайтын сәт жақындап келеді. Жаңа жылға дейін арнайы шешім қабылданса, келер жылы бұл тарихи дата кең көлемде атап өтілмек.

DSC 2288

Үшінші мегаполисте өткен «Шымкент қаласының тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алған археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев шаһар тарихына байланысты көптеген сұрақтардың қойылатынын, Түркістан мен Тараз қалаларының тарихи жылнамасымен салыстыратынын да айтты.

– Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған, - деді Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Б.Әбішұлы. Бұдан бөлек, ғалым 2010 жылы бұрынғы Қайтпас, қазіргі Ақжайық шағынауданынан сақ заманына тиесілі екі алтын дискі тапқанын айтты.

Әдетте сақ дәуіріндегі қазба деректерінде аң стилі кездессе, бұл дискілер теңіз стилінде жасалған көрінеді. «Шымкенттің мәдени қабаты 14 метр тереңдікте жатыр» - деді өз сөзінде тарих ғылымдарының докторы.

Шымкенттің тарихи атауына қатысты ғылыми негізге сүйенген пікірдің бірін тарих ғылымының кандидаты Болаттемір Алтаев келтірді. «Шымкент атауын парсы сөзімен байланыстырып жасыл қала деп жүрміз. Ал мен жасыл емес, қызыл дер едім». Ғылымда пікірталас туса ол тақырыпты зерттеу тереңдей береді. Болаттемір Алтаевтың ғылыми гипотезалары мүлги бастаған сананы селт еткізгендей болды.

DSC 1176

Жиында қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева Орта Азиядан Жетісу мен Қытайға баратын маңызды сауда жолы үстінде ұтымды орналасқан Шымкент қаласы Бадам, Қошқарата және Сайрамсу өзендері алаптарында, теңіз деңгейінен 500 метрден аса биіктікте орналасқанын тілге тиек етті.

– Бүгінде әлемде тұрғындары миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионер қалалары көп елдердің көшін Қытай бастаса (96 қала), одан кейін Үндістан (37 қала), Бразилия (17 қала) мен Ресей (15 қала) тұр. Ал көрші Өзбекстан Ташкентімен 43-орында тұр. Біз Алматы, Астанамызбен 31-орында болсақ, енді миллионерлердің қатарына Шымкенттің қосылуымен бұл тізімде жоғары көтерілетініміз анық, - деді басқарма басшысы.

Белгілі мәдениеттанушы, есімтанушы Бердалы Оспан «Автобус, жолдар, тұрғын үй, тағы басқалар – қала емес. Қала – адамдар. Қала қайырымды емес, адамдар қайырымды» деген ойын алға тартты.
Шырайлы Шымкенттің киелі топырағын басып жүрген әр тұрғын үшін, осы қалаға жанашыр әр адамға бұл ғылыми жиын өте маңызды.

Өйткені, олар мына сайын далада, оның ішінде дәл осы Шымшаһардың аумағында бізге дейін де ірі өркениеттер болғанын, ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке өзіндік тұрмыс-тіршілігімен, озық ойлы жаңалықтарымен үлес қосқанын танып-білуде. Ғалымдардың тарихи деректерге негізделген ғылыми зерттеулерінің нәтижелері көне мен жаңаны, өткен тарих пен бүгінгі сананы байланыстырып келеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.