Несие қарызын төлеп берді

Пятница, 20 Декабрь 2019 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 550 раз

Қоғамда қайырымды азаматтар аз емес. Қайырымды қаланың тұрғындары жабыққанға жұбаныш, қамыққанға тіреу бола біледі. Таяуда ғана көп балалы ана, II топтағы мүгедек Нағима Өтенова осындай азаматтардың қамқорлығын көрді.

Нағима Түзелбайқызы – 4 баланың анасы. 10 жылдан бері қаладағы базарлардың бірінде сауда-саттықпен айналысты. Ол кәсібін дөңгелету мақсатында банктен несие алған-тын. 4 млн теңге шамасында. Өзі 3 жылдай қарызын уақытылы өтеп тұрды. Алайда жазмыштан озмыш жоқ демекші, биыл мамыр айында жол-көлік оқиғасына тап болды. Қарызды қайтару да қиындай түсті.

Міне, осындай басына қиындық түскен сәтте қайырымды жандар көмек қолын созды. Өзі қызмет атқарған «Жабық базар» басшылары, атап айтқанда Қасым Нәбиев дейтін кәсіпкер 500 мың теңге несие қарызын жауып берді.

– Апатты жағдайдан кейін жүре алмай қалдым. Қоларбада отыруға мәжбүр болдым. Емделіп, енді-енді аяққа тұрып келемін. Банк қарызынан құтылудың жолын іздеп қайырымды, қалталы азаматтардан жәрдем күткенім де рас. Тіпті, елордаға төрт рет барып келдім. Міне, көп ұзамай қолұшын созған азаматтарға рақметімді айтамын, – дейді Нағима.

Бұл – алғашқы қайырымдылық акциясы аясында жүзеге асқан көмектің бірі. Алда басқа да жәрдем беретін азаматтар табылатынына сенім бар. Кәсібін дөңгелетемін деп жүріп ойламаған жерден осындай оқиғаға кезікті. Одан бөлек, Нағима Өтенова мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана. Дегенмен тағдырдың сынағына мойымай, қоғамдағы қайырымды азаматтардың арқасында еңсесін тік көтеріп келеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Үзік сәт Жан жылуы күннің нұры секілді »