Әбу Нәсір әл–Фараби әлемі Избранное

Пятница, 07 Февраль 2020 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2928 раз

1579259328 image l

Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітапхана-мешіт-медресесін қайта жаңғырту жұмысында «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ең негізгі міндетті жұмысы мүмкін болғанша ескерткіштің бастапқы қалпын сақтау. Бұл сенатор болған Әбіш Кекілбаевтың қадап айтқан тапсырмасы екен. Сондықтан да ескерткіштің барлық құрылыс материалдарының түрі, ою-өрнектерінің бояуы зертханалық сараптамадан өткізіліп, миллиметрмен өлшеніп, хаттамаға түсірілген. Егер ескерткіштің қайта қалпына келтірілген кез келген бөлік-бөлшегі бастапқы тарихи қалпын сақтаса жарамсыз деп табылады.
Сирия сапарында біз Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен баласы Сайд Заһирұлының қабірлерінің толықтай сипаттамаларын, өлшемдерін жазып алдық.

Әбу Нәсір әл-Фараби қабірінің ұзындығы 2 м 27см; биіктігі 73см; ені 1м 26 см; үстіңгі бетінің ұзындығы 2 м; ені 9,5 см. шамасында. Қабір цемент қоспамен сыланған. Ал, қабірдің аяқ жағындағы үлгісі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қас бетіне ұқсас. Көне жазулы құлпытастың ұзындығы 44см; ені 37см; қалыңдығы 11,5 см. Кейінгі ғасырларда осы құлпытастағы көмескіленіп өше бастаған жазулар ақ мәрмәр тақта тасқа көшіріліп, зираттың басындағы оған жапсарлас үйдің қабырғасына жапсыра орнатылған. Оның ұзындығы 83см; ені 60см; қалыңдығы 3см.

Тастағы алты қатар мәтін астынан 3см; үстінен 4см; бірінші жол екі жағынан 32см; екінші жол 14см; үшінші жол 4см; төртінші жол 4см; бесінші жол 20,5см, алтыншы жол 10см азат жол қалдырылып, терең бәдізделіп жазылған. Соның біз аударып жазып алған араб және қазақ тіліндегі нұсқалары мынау:

Фатиха (1-жол), Бисмиллаһи иррахман ир-рахим (2-жол), һаза зарих альфайласуф уа аль-адаб уа аль-мусики аль-машһур Абу Наср аль-Фараби (5-жол), улиғам 260 хижра фи Фараб уа туффари фи Димашқ 339 хижра (6-жол).

Аудармасы: Фатиха (1-жол), Рахманлы рахымды Алла атымен бастаймын (2-жол), бұл зират мұсылман ғалымы және философы және әдебиетшісі және музыканты (3-жол) Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ (4-жол), мәшһүр Әбу Нәсір әл-Фарабидікі (5-жол), хижраның 260 жылы Фарабта туды және хижраның 329 жылы Дамаскіде опат болды (6-жол).
Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірі көп қабатты үйдің (екі не үш қабат болуы мүмкін) қабырғасына жапсарлас тұр. Қабірді айнала алты жерінен-төрт бұрышынан, екі жанынан, қос-қостан мәрмәр тіреулер қойылып, үсті мәрмәр тақтамен бастырма іспеттеліп, жабын жиегі кәсекіленіп жабылған. Үш жағы қазақтың алашасының тініндей бір-біріне жалғасқан мүйіз өрнекті темір шарбақпен қоршалған. Шарбақтың ені 2 метр 30см; ұзындығы 7 метр 45 см; биіктігі 3 метр шамасында. Ішінде бес қабір тұр. Төрдегісі Әбу Нәсір әл-Фарабидікі.

Ежелгі Дамаск жеті қақпалы қала болған. Бабамыз талай кіріп, талай шыққан «Баб Шарқи» («Шығыс Қақпа»), «Баб Таума», «Баб Қайсан», «Баб ас-Сағир» («Кіші Қақпа») секілді қасиетті қала қақпаларының ізі осы күні де бар екен. Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Кіші Қақпаға» («Баб ас-Сағир») жерленгендігі туралы ортағасырлық араб тарихшылары жазып кеткен. Мәселен, Араб жылнамашысы Ахмад Ибн Халикан (ХІІғ.) «Китаб уафайат әл-ағиан уа абна аз-заман» («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар туралы кітап») атты еңбегінде «...ол бау ішінде, бұлақ басында күн өткеріп, шығармаларын жаза берген... оның өз үйі болмаған. Ол ешқашан да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад- Дауала оған қазынадан күн сайын 4 дирхам беріп тұруды бұйырған, өйткені әл-Фараби осы мөлшерді қанағат еткен. Өле-өлгенше осылай күн кешкен де, хижраның 339 жылының раджаб айында Шамда дүниеден қайтқан.

63

Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған қаласы-Фараб-Весидж-Оксус (Оқсыз) қала жұрты. I-XV ғ.ғ.

Алла тағаланың рақымы түсіп, оған Сайф ад-Дауала серіктерімен бірге оны жерлеуге келген. Осы кезде әл-Фараби 80 жаста еді. Оны шам шаһарының сыртындағы «Бабас-Сағирда (Кіші Қақпада. А.Ж.) жерлеген. Алла-тағалам оған иман байлығын берсін...» әл-Фарабидің ныспысы фараб шаһарына байланысты алынған, қазір-Атрар деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында... Бұл өзі түркілердің астана қалаларының бірі... Сейхун өзенінің арғы жағында...» - деп атап жазып кеткен. Ал, Мысырды 17 жылдан астам уақыт билеген әл-Мәлік әз-Заһир Руки әд-Дүние уә әд-Дин Бейбарыс әл-Бундуктари ас-Салиһи сұлтан бабамыз және баласы Сайд Заһирұлы жерленген Кесене-мешіт-кітапхана-медресе Орталық базардың оң қапталындағы «Баб ал-Барид»- «Пошта қақпасы» деген көше мен «әл-Мәлік әл-Занер Алли» деген көшенің қиылысында екен. Кезінде бұл жерден Сирияның түпкір-түпкіріне пошта тараған.

Бұл Ұмайиа мешітінің маңы. Маңдайшасына «Бейбарыс мазар-медресесі» деп жазылған еңселі, үлкен тікбұрышты күмбезді ғимарат. Кесене біршама жақсы жағдайда сақталған. Сириялықтардың бұл діни-мәдени ошақты «Аз-Заһирийа» кітап үйі немесе «Дар әл-кутуб әл-уатанийа аз-Заһарийа»-«Заһарийа ұлттық кітапханасы» деп атайды екен. Орта ғасырда бұл кесененің негізгі міндеті мектеп-кесене болған. Қазір Сұлтан Бейбарыс кезінен қалған ұлттық кітапхана ретінде пайдаланады. Бұл кешенді 1658-78 хижра жылы әл-Сайд әл-Мәли Насриддин тұрғызыпты. Мектеп-кесенесінің кітап қоры 200 мың дана. Ол талай ғасырлардан сыр шертетін рухани құнды ескерткіш. Мектеп-кесене маңызды діни орталық «Адалия» мешітімен қатар орналасқан.

Қазір Мысыр жағы Дар әл-Кутиб кешенін жөндеуге келісіпті. Оның құрамына Бейбарыс мектеп-кесенесі де кіреді екен. Бірақ қаржы жетіспеуі салдарынан жөндеу жұмыстары кейінге қалдырыла берген. Кесенені пайдаланушылар (Араб тілі Академиясы) кесене кітапханасын кеңейтуге үкіметке ұсыныс жасапты. Бізді кешеннің директоры Мұхаммед Хамид әл-Хамауи мырза күтіп алды. Қақпадан бас иіп ішке ендік. Ортасында субұрқақ тұр. Сол жақтағы екі есіктің бірі – кітапхана, бірі – мешіт, оң жақта екі есіктің бірі-кітапхана, бірі – Бейбарыс баба қабірстаны екен. Яғни, бөлмелердің бар есігі ортақ ауладан шыққан.
Қабірстанда әкелі балалы екеуі арыстай болып қатар жатыр. Қос қабірдің үсті ақшыл, көкшіл, сарғыш түспен құлпырған мәрмәр плиталармен тұтастай төрт бұрышталып, қосшатырланып, жабылған. Қос қабірдің ұзындығы – 372 см; ені – 216см; биіктігі шатырды қосқанда 70 см шамасында. Төбеде үлкен көне шырағдан жарқырай жанып, қабірлерге нұрын төгіп тұр.

Қабірдің бірінде қазақшалағанда «Бұл малик (патша) аз-Заһир Бейбарыстың кесенесі. Ғимарат һижраның 676 жылы салынған» деп көрсетілген. Қабірхананың батыс жағында, құлпытастардың тұсында, екі жақтауында екі мәрмәр ұстыны бар михраб тұр.

Сирия сапарында біз Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың, бірталай трактаттарын және басқа да әдебиеттерді елге, музейге алып келдік. Бұл кітаптарды бізге Умаийа (Омея) мешітінің 80 жастан асқан бас имамы, Сирияның Уқыф министрі Заийа ад-Дин әл-Аийуби, Жоғары білім министрі Гийяс Баракат пен Дамаск университетінің ректоры уайл Муалла мырзалар өз қабылдауларында сыйлап тапсырды және кітапханадан, кітап дүкендерінен де сатып алдық. Сол кітаптардың каталогтік тізімін «Отырар алқабының ақындары» (2019) атты кітабымызда жарияладық.

2006 жылы Сирия араб Республикасына Қазақстан делегациясының құрамында аудан әкімі ретінде барған Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы 2019 жылдың 4-12 қыркүйек күндері Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде арнайы іссапармен Түркияның Стамбул, Ливанның Бейрут, Сирияның Дамаск қалаларына барып қайтты. Мақсат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған жолдауында, Тұңғыш Президент-Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының қарсаңында бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысын көріп, келер жылы әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалымның мерейтойы шеңберінде қандай іс-шаралар іске асырылуы керектігін жоспарлап нақтылау керек болатын.

Іссапар Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен (ректоры Ғалымқайыр Мұтанов), Қазақстан Республикасының Ливандағы Консулдығының және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісі Самир Әли Дерехтің қолдауымен жүзеге асты.
Қазақстан делегациясының құрамында Құртаев Әлімжан Сейітжан-ұлы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, атақты кинорежиссер, сценарист Сергей Әзімов және оның түсіру тобы, белгілі журналист, «QAZAQSTAN»телеарнасындағы «Парасат майданы» бағдарламасының жүргізушісі Дархан Әбдік, осы телеарнаның түсірушілер тобы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды.

Қазақстандық делегация Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына байланысты мемлекеттік деңгейді, мемлекетаралық ауқымда атқарылуға тиісті іс-шараларды нақтылап қайтты. Іссапар туралы Сенатор Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы өзі авторларының бірі болған «Құтты мекен-Шілік» (2019) кітабында «Бабалар рухына тағзым» деген тақырыпта ғылыми-танымдық жолжазбасын жариялады. Онда Сенатор-ғалым ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың Дамаск университетінің ректоры Мұхаммед Маһир Қабақимен кездескенде Әбу Нәсір әл-Фарабиге деген бүкіладамзаттың таным көкжиегін кеңейту үшін әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалымның адамдардың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан философиялық ой-толғамдары мен тұжырымды ойларын бүгінгі күнгі қоғамдық ой-санамен байланыстырудың өзектілігіне тоқталғандығын жазады.

Сондай-ақ, жастардың бейбіт әрі бақытты өмір сүруі үшін ізгілікке, қайырымдылыққа, даналыққа тәрбиелеуде университеттердің рөлі зор екендігін айтқан. Әбу Нәсір әл-Фарабидің ізгілік идеясы негізінде ҚазҰУ инновациялық-технологиялық тұғырнамамен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген «Университет 4,0» жаңа буын университетінің моделін жасағандығын, бұл жобаны Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы халықаралық деңгейде жүзеге асыру үшін аталған ұйымға ұсыныс білдіретіндігін, сөйтіп Қазақ Ұлттық университеті БҰҰ өркениеттер альянсымен бірлесіп» Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру мәселесін қозғаған.

Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыра бастағандығын, әлемнің бірнеше елдерінің жетекші университеттерінде «Әбу Нәсір әл-Фараби» атындағы орталықтар ашқандығын бұл ғылыми жобалы кешенді жұмыстарды атқаруда Әбу Нәсір әл-Фарабидің мұрасы үлкен платформа болатындығын айтқанын айқындап жазған. Сондай-ақ, аталған мақаласында Әлімжан Сейтжанұлы осы кездесуде Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған отаны Қазақстан мен екінші отаны Сирияны талайғы тарих біріктіретінін, «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың қанатты сөзін ұстанған Тұңғыш Президент, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2007 жылы Сирияға барған сапарында қос бабасына зиярат етіп, Әбу Нәсір әл-Фараби бабасына салынатын мавзолейінің қазығын қағып, Әз Заһир Бейбарыс бабасының мавзолейіне күрделі жөндеуден өткізуге батасын бергенін баяндап жазады.

Жолжазбада аталған құрылыстардың Қазақстан тарапынан 2011 жылы салынып біткенін, бірақ олардың ашылып, іске қосылуына Сириядағы саяси ахуалдың қиындығына байланысты іске аспағанын, сондықтан барша қазақстандықтардың Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз мәңгі тыныстаған Сириядағы жағдайдың тезірек қалыпқа түсуіне, бейбіт өмір орнауына тілекші екенін жеткізе баяндайды. Ә.Құртаев бұл мақаласында Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» еңбектерінен бастау алатынын, Тұңғыш Президент өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында Әбу Нәсір әл-Фарабиді Ұлы Даланың Ұлы Тұлғасы деп бірінші атағанын, сондықтан осынау елдік идеяны жүзеге асыру үшін Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың артында қалған мұрасын халқымыздың игілігіне пайдаланатын мезгіл келді дейді.

Бұл игілікті істі жүзеге асыру үшін дейді Әлімжан мырза. «Дүние жүзі елдерінде жатқан барлық еңбектерін жинастырып, қазақ, орыс тілдеріне аударып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуге оқу құралы ретінде пайдалануымыз қажет», - деп ұсыныс айтты. Жолжазба еңбекте Әбу Нәсір әл-Фарабидің трактаттары адамзаттың таным көкжиегін кеңейтетін үлкен платформа екені, осы орайда университеттер мен музейлердің, Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері Отырар мен мәңгі тыныстаған Дамаскінің байланыстарын жандандыру нақтыланғандығы айтылады.

Сондай-ақ, Әлімжан Сейтжанұлының жазғанындай қазақстандық делегация Дамаск қаласындағы «Әбу Нәсір әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі, «музейі ғимаратын Қазақстанның меншігіне беру және кешеннің ашылу мәселесін айқындады. Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізіп, онда Әбу Нәсір әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына, қатысты деректер «Қайырымды қала» құру туралы философиялық ой-толғамдары, Әсіресе «Қайырымды қала» құру туралы айтқан ой-пікірлері талқыланды. Академия басшысы доктор Незар Михоуб Дамаск қаласындағы ғылыми ошақтар мен кітапханалардағы Әбу Нәсір әл-Фарабидің жазып қалдырған түпнұсқа еңбектерін анықтауға, сақталып тұрған орны туралы мәліметтер жинақтауға көмек беретіндерін айтты.

Делегация құрамындағы атақты кинорежиссер, сценарист Сергей Азимов бастаған түсірілім тобы өздері Алматыда, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев басқаратын Фарабитану орталығында, Отырардағы Әбу Нәсір әл-Фараби музейінде бастаған бабамызға қатысты фильмге қажетті мол бейнематериалдар жинақтады.
Жалпы, Сирия сапарында қазақстандық делегация көп істерді атқарды.

2020 жылғы 7 қаңтарда Отырардағы Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің директоры Алмас Жұмашовтың сұрау салуымен Дамаскінің Аль-Фатах ал-Ислами университетінің оқытушысы, фарабитанушы ғалым, философ, музыка зерттеуші Фарфур Шихабуддин Салих Ахмад Әбу Нәсір әл-Фарабидің бірнеше әнін музейге жіберіпті. Бейнежазбада әнді орындаған музыка зерттеуші ғалымның өзі екен. Бұрын Араб әлемін тербеткен Әбу Нәсір әл-Фарабидің әндері енді өзінің туған отаны Тәуелсіз Қазақстан Республикасының көгінде алғаш рет қалықтайтын болады...

Отырар медреселерінде білім алған Әбу Нәсір әл-Фараби Араб елдеріне жетіп, білімін толықтырып, басқа трактаттарының қатарында «Музыканың ұлы кітабы-Китаб аль-мусики-аль-кабир» трактатын жазған, өзі ән шығарған. Яғни, ғұлама энциклопедист-ғалым тек музыка зерттеуші ғана емес, композиторы да болған.

Жоғарыда аталған Дамаскінің Аль-фатах аль-Ислами университетінің оқытушысы, фарабитанушы, философ, музыкант Фарфор Шихабуддин Салих Ахмадтың айтуынша «Далэль аль-Кунуз» атты кітапта Әбу Нәсір әл-Фараби трактаттарының бір парасы өз өсиеті бойынша қабірдің астына қоса көмілген деген дерек бар екен. Сондай-ақ, Араб әлемінде ұлы ойшылдың 200-ге жуық әні сақталып, біздің заманымызға жеткен. Фарфур Шихабуддин Салих Ахмад әнді түгелге жуық білетіндігін айтты.

Біз 2008 жылы Сирия Араб Республикасында екінші рет болғанымызда ғалым бізге келесі келгендеріңізше әл-Фараби әуендерінің нотасын дайындап қоямын деп уәде етіп еді. Бірақ Сирияда соғыс басталып кетті... Енді азамат ғалым Сириядағы бейбіт күннің жылымығын пайдаланып, сол уәдесіне орай Әбу Нәсір әл-Фараби әндерін өзі және басқа да әншілердің орындауында Отырардағы Руханият- Әбу Нәсір әл-Фараби музейіне жолдапты. Бұл Әбу Нәсір әл-Фараби құндылықтарына деген үлкен қамқорлық еді.

Абдулла Жұмашев,
әдебиетші, этнолог, өлкетанушы,
Мәдениет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.