Имидж – өткінші, мәдениет – мәңгі немесе Шымкентке Өнер академиясы қажет-ақ Избранное

Пятница, 07 Февраль 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2800 раз

Ойлап отырсақ қоғам өмірінде мәдениеттен маңызды сала жоқ. Өйткені, қорғаныс, қауіпсіздік, саясат, экономика, ғылым-білім, спорт секілді сан алуан саланың қай-қайсысының да дамуы қоғамның мәдени деңгейіне, қоғам мүшелерінің ішкі мәдениетіне байланысты. Әйтпесе, «саяси мәдениет», «бұқаралық мәдениет», «пікірталас мәдениеті», «қаржылық мәдениет», «денешынықтыру мәдениеті» секілді көптеген сөз тіркестері қалыптасар ма еді?

4792523

Осындайда белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында айтқан сүбелі сөзі ойға оралады.

«Тәуелсіздік жылдарында біздің елде ең көп салынған не? Сауда орындары, базарлар, мейрамхана мен тойханалар және мешіттер. Бұл нені білдіреді? Демек біздің адамымыздың өмірдегі бар мұраты тезірек, жеңіл жолмен көп ақша табу, сосын мейрамханада дүркіретіп той жасап, бар ақшасын шашу және мешітке барып Аллаға сол үшін шүкіршілік жасап, рахмет айту. Яғни, біздің адамның бүкіл мәдениеті базар мен тойдың төңірегінде қалып қойды.

Неге бұлай болды? Өйткені біз ұзақ жылдар «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұранның аясында өмір сүрдік. Ал, қазір бір нәрсе өзгерту үшін «Алдымен саясат, сосын экономика» дей бастадық. Меніңше, бәрінен бұрын мәдениет тұруы тиіс. Біз осы жылдарда экономиканың басшылығына да, үлкен саясатқа да кілең мәдениетсіз, ішкі мәдениеті төмен адамдарды кіргізіп жібердік. Енді, міне, жемқорлықты қалай тиярымызды білмей, дал болып отырмыз. Ал, мәдениетті отбасында, дұрыс кітаптар оқып, бойына дұрыс құндылықтар сіңіріле отырып тәрбиеленген адам қазына қаржысына қол салмайды. Айналасын пара, өсек, бақталастық пен арзан интрига секілді қоқыспен былғамайды» деген еді кеңес мүшесі.

Иә, қоғам мен мемлекет дамуының негізі – адамның күш-жігері, ынта-ықыласы мен адалдығы. Бір ауыз сөзбен айтсақ, ар-ождан. Арсыздар, ождансыздар құрған мемлекеттің, мейлі оның жерінің асты-үсті байлыққа толы, әскерінің ядролық қаруы бар болса да, болашағы бұлыңғыр. Ал, ар-ожданды саясат тудырмайды, экономика өндірмейді, ғылым да жасап шыға алмайды. Тек мәдениет қана ғылым-біліммен біріге отырып қоғамға, адамның бойына ар-ожданды сіңіре алады. Ал, сол мәдениеттің еліміздегі, қаламыздағы жағдайы қалай?

2017 жылы Түркістан қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанып еді. Биыл Шымкент қаласының Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің мәдени астанасы атанғанынан көпшіліктің хабары бар. Қош делік, қос бірдей мәдени астанасы бар Оңтүстік өңірдің адамдары мәдениетті ме, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпағының бойына ар-ожданның дәні егіліп жүр ме? Осы жерге келгенде кесімді жауап айта алмай, кібіртіктей бастаймыз. Неге? Біздің қалада, өңірде мәдениет ошақтары жоқ па? Бар. Бар болғанда бір Шымкенттің өзінде бес бірдей кәсіби театр бар. Бірақ...

Жоқ, біз театр басшыларын немесе ондағы шығармашылық ұжымды жазғырудан аулақпыз. Әрбір театр қал-қадерінше ізденіс үстінде. Тың тақырыптарға барып, жыл сайын жаңа спектакльдердің премьерасын өткізіп, түрлі фестивальдардан жүлделі оралып жатады. Қазір бұрынғыдай залдар бос тұрмайды, көрерменнің қарасы қалыңдай бастаған. Бірақ, осы шығармашылық ұжымдардың қызметі қоғамның мәдени деңгейінің өсуіне ықпал ете алып жүр ме? Адамның бойындағы ар-ожданды оятуға біздің театрлар сахналаған қойылымдардың көркемдік қуаты жете ме? Бұл – бөлек әңгіме.

Театрдағы проблеманың көкесі — маман тапшылығы. Шымкенттегі бес театрда «театр режиссері» дейтін дипломы бар кәсіби мамандардың саны үш-төртеу ғана. Бұлар тура мағынасында қаламыздың қымбатты қазынасы. Өйткені, тап қазір олардың орнын басатын ешкім жоқ. Ал, режиссерлікпен айналысып жүрген басқа азаматтар бұл мамандықты өз бетінше оқып, ізденіп, табиғи таланты мен театрдағы тәжірибесіне сүйене отырып игерген.

Мамандардың айтуынша, кез келген театр дұрыс жұмыс істеу үшін оның көркемдік жетекшісі міндетті түрде кәсіби режиссер болуы тиіс. Одан бөлек, бір театрға кем дегенде тұрақты жұмыс істейтін тағы екі қоюшы режиссер керек. Демек, Шымкенттегі 5 театрға кем дегенде 15 режиссер қажет деген сөз. Ал, бізде олардың саны, өкінішке қарай, үш-төртеу ғана.
Режиссерсіз театр дегеннің өзі ескексіз қайық дегендей естіліп тұрған жоқ па? Біздің театрлардың да жағдайы жел қайда айдаса сол жаққа қалқып кете беретін сол ескексіз қайықтан аумайды. Кәсіби режиссер жоқ болса, олардың орнын кім басып жүр дерсіз. Театрлар бұл тығырықтан шығатын екі жол тапқан.

Біріншісі – Нұр-Сұлтан мен Алматының, өзге өңірлердің режиссерлерімен келісімшарт жасау. Сырттан келген режиссер бір қойылымды сахналауға пәлен ақшаға келіседі. Ақшасын тезірек алу үшін спектакльді тезірек шығарады да, премьера өткен күннің ертесіне жөніне кетеді. Сонымен театр бұл қойылымды әрі қарай жылдар бойы режиссерсіз қоя береді. Күн сайын қойылымның кемшілігін көріп, түзетіп, жетілдіріп отыруы тиіс режиссер болмаған соң, қойылымның көркемдік деңгейі уақыты өте келе төмендеп кетуі де мүмкін.

Ал, аяқ астынан шығармашылық ұжымнан актерлердің біреуі кетіп қалса, қойылым сол күннен бастап сахнаға шықпай қалады. Өйткені, оның орнына басқа әртісті таңдап алып, оның мінезі мен кейіпкердің образын тұтастырып жіберетін режиссер жоқ. Білесіз бе, бұрын театрда «Әр қойылым режиссердің перзенті сияқты» дейтін сөз болушы еді ғой. Ал, қазіргі әр жерде бір келісімшартпен жұмыс істейтін гастрольдік режиссерлерді өмірге әкелген баласын әркімнің қолына тапсырып кете беретін суррогат анаға теңейміз бе, қалай?..

Тығырықтан шығудың екінші жолы — дипломы мен кәсіби білімі жоқ, режиссерлікті өз бетінше игерген мамандарды, яғни актерлерді, мәдениеттанушыларды, театр ұжымының жетекшісі дегендей мамандарды қызметке тарту. Біз сондай мамандардың бірі, талантты актер, әнші, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжановты әңгімеге тартқан едік.

18558745 226638684504475 6508249563245992408 o

– Адам оқып режиссер болмайды, адам режиссер боп туу керек дейтін сөз бар. Ол – дұрыс қағида. Адамның өзінің бойында, қанында, болмысында, табиғатында Құдай берген режиссерлік қасиет болмаса, ол адамды 10-15 жыл оқытсаң да бәрібір режиссер болмайды. Бірақ, менің қанымда бар екен ғой деп өз бетіңше спектакль қоя берсең ұзаққа бара алмайсың. Мүмкін бір қойған туындың жақсы шығар, екінші, үшіншісі де сәтті шығуы мүмкін. Керемет қайталанбас талант иесі болсаң, бәлкім бес қойылымың сәтті шығар. Бірақ, алтыншысында бәрібір сүрінесің, құлайсың. Кәсіби білімің болмаған соң тез-ақ сарқыласың. Таусыласың. Бір құлайсың, екі құлайсың, ақыры абыройдан жұрдай болып жұмыссыз қаласың. Талантың бола тұрып, талантың бар екенін өзің сезіне тұрып оны кәсіби біліммен және ізденіспен ұштамау, байытпау – өз өзіңе ғана қиянат емес, өнерге де қиянат.

– Мәселен, актер сахна тілін, сахна қозғалысын, сахна сайысын білуі керек. Сол сияқты театрдың басқа мамандарының да білуі тиіс спецификалық дүниелері бар. Ал, режиссер олардың бәрінің қатесін түзеп, бір-бірімен үйлестіріп жіберуі үшін соның бәрін білуі керек қой. Сондықтан режиссер үшін білімнің маңызы зор емес пе?

– Әлбетте. Актерлік шеберлік, сахна қозғалысы, сахна тілі, сахна сайысы, музыка, вокал, хореография, жарық, дыбыс, көркемсурет... Мұның бәрі қосылып режиссер білуі тиіс, меңгеруі тиіс білімнің бір парасы ғана. Режиссер әдебиетті, мәдениетті, тарихты, психологияны, тіпті саясатты, экономиканы, техниканы, адам анатомиясы мен физиологиясын, медицинаны білуі тиіс.

Себебі, спектакльдің бәрі режиссердің миымен ғана қойылады. Режиссер – театрдың жүрегі. Сен керемет актер болуың мүмкін. Сахнаға бір жарқ етіп шыққанда көрерменді иіріп әкететін талантың бар. Дауысың, фактураң келісіп-ақ тұр делік. Бірақ, мықты режиссердің қолына түспесең, қор боласың. Саған жол сілтеп, мына жерді былай ойна дейтін режиссерің болмаса, өнерің адыра қалады. Режиссер жоқ болса, театр да жоқ.

Режиссер өмірді сахналайды. Ал, әлгі біз айтқанның бәрі өмірдің өзі. Оны білмейтін, мақрұм адам қалай режиссер болмақ? Бір режиссердің ғана емес, кез келген өнер адамының іргетасы – кәсіби білім. Іргетасы берік болмаған үй көп ұзамай құлайды ғой, – дейді М.Айтжанов.

Көркемдік жетекші театрға режиссерлер ғана емес, актерлер, суретшілер, хореографтар, жарық түсіруші мамандар, дыбыстың мамандары да жетіспейтінін күйініп отырып айтты. Мәселен, Сіз бен бізге суретшінің бәрі суретші. Бірақ, кейіпкеріміздің айтуынша, театрға суретші-гремер, суретші-бутафор, компьютерлік графика бойынша суретші, жарық жөніндегі суретші, сахна сценографиясы жөніндегі суретші, киім дизайны жөніндегі суретші дегендер қажет екен. Білесіз бе, мұның бәрінің жалпы атауы суретші болғанымен, әрқайсысы өз алдына дербес мамандық.

Ал, бір адамның осындай 6-7 мамандықты терең, кәсіби деңгейде меңгеруі мүмкін емес. Үлкен театрларда мұның әрқайсысы бойынша маманданған суретшілер бар. Ал, біздегі театрлар жалпы суретшілердің өзіне жарымай отыр.

Әрине, маман тапшылығын жоюдың жалғыз жолы бар. Ол – маман даярлау. Шымкентте кезінде Әл-Фараби атындағы мәдениет және педагогика институты болғаны баршаға белгілі. Кейін оны түрлі институттармен біріктіріп, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін ашты. Бұл оқу ордасы да қазір мәдениет саласы мамандарын оқытып шығарады екен. Бірақ, біз оқу орнының сайтында жарияланған мамандықтар тізімінен «театр ұжымына жетекші» дейтін мамандықты ғана таптық. Аты айтып тұрғандай бұл шығармашылыққа қарағанда ұйымдастыруға, әкімшілік жұмыстарға жақындау мамандық. Өзге елдерде мұндай мамандар ауыл клубтары мен халық театрларында жұмыс істейді екен. Ал, бізге қазір осындай жетекшілер керек пе, әлде нағыз режиссерлер мен кәсіби актерлер керек пе?

Мақсат Айтжанов күміс көмей әнші, талантты актер және көркем сөз оқудың шебері. Ол өзінің арманына қол жеткізу үшін режиссура бойынша Санкт-Перетбург мемлекеттік театр өнері академиясында бір айлық курстан өтіп, білімін жетілдірген. Соның арқасында оның бірқатар қойылымдары көрерменнің көңілінен шығып, театртанушылардың жоғары бағасын алған. Бірақ, Мақсаттың өзі режиссерлікті игеру үшін айналдырған 1 айлық курстың тым аз екенін айтады. Болашақта толыққанды білім алып, шеберлігін шыңдай түсуді мақсат тұтады. Театрдың шағын кабинетіндегі сұхбат кезінде кейіпкеріміз біз жоғарыда жазғаннан тыс та көп әңгіме айтылды. Театр саласына қатысты қат-қабат проблемалар туралы өзекті әңгімені мақаланың көлеміне байланысты оқырманға жеткізе алмай, ұятты боп отырмыз... Бірақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ол айтқан бір ауыз ұсыныс еді.

«Республикалық қала мәртебесін алып, ТМД мемлекеттерінің астанасы атанған Шымкентке бір Өнер академиясы қажет-ақ». Бұл – Айтжановтың аузымен айтылғанымен, Мақсаттың ғана мұраты емес, мәдениет пен өнерге жаны ашитын, осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген бүкіл өнерпаздың қалауы. Ел тілегі.

Әркімнің өз міндетін атқарғаны жақсы, әрине. Бірақ, қазақ азаматтарының міндетінен тыс, сауап үшін атқарылатын жұмыстары болады. Сауап үшін ел игілігі жолында іс тындырғандарды халық қайраткер деп атайды. Мәселен, Шымкенттің ТМД мемлекеттерінің астанасы атануына байланысты өтетін іс-шараларды ұйымдастыру – әкімнің, оның айналасындағылардың міндеті. Ал, Шымкенттен Өнер академиясын ашу, сол арқылы жас ұрпақтың бойына мәдениеттілік пен ар-ожданның дәнін егу – сауап іс. Өйткені, біріншісі – имидждік кампания, екіншісі – ел мәдениетін көтеру жолындағы нақты қадам. Имидж бүгін бар, ертең жоқ өткінші дүние, ал, мәдениет – мәңгілік.

Шымкенттей алып шаһарға жаңа әкім тағайындалды. Мемлекет басшысы үлкен сенім білдірген Мұрат Әйтенов келер ұрпақтың қамы үшін Өнер академиясын ашуды Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерімен біріге отырып қолға алса, шіркін! Сауапқа кенеліп, халықтың алғысына бөленіп, тарихта аты қайраткер әкім ретінде қалар еді-ау...

P.S.

Мақсат Айтжанов – қазақ театрында өзіндік мектеп қалыптастырған майталман маман, марқұм Райымбек Сейітметовтың санаулы шәкірттерінің бірі. Мақсаттың мақсаты сол мектептің мол мұрасын келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру, яғни шәкірт тәрбиелеу. Шымкентте өнер бағытындағы оқу ордасы ашылмаса, Райымбек Сейітметовтың мол мұрасы Мақсаттармен бірге тарих қойнауына еніп кетуі бек мүмкін. Бұл – ұлт өзінің рухани байлығының бір бөлігінен ажырап қалады деген сөз.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.