Халық санағы электронды форматта өтеді

Пятница, 26 Июнь 2020 04:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 234 раз

sana-emblema

Биыл Қазақстанда кезекті халық санағы өткізіледі. Бұл егеменді Қазақстандағы 3-ші санақ болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымында «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» №419 қаулысы қабылданған. Жалпыұлттық санаққа Қазақстанның барлық азаматы қатысады. Бұл ретте, шарадан өзге мемлекетте уақытша немесе тұрақты тұратын отандастарымыз, сондай-ақ, Қазақстанда уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да шет қалмайды.
Бұл жолғы санақтың ерекшелігі - қағазсыз, яғни электронды форматта өткізіледі. Бұл үшін арнайы планшеттер сатып алынған.

Ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - дайындық кезеңі. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекция COVID-19 таралуына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдайдың жариялануына және карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты, санақтың 1-кезеңінің өткізілуі 2020 жылдың 1-30 маусымына жоспарланған болатын. Алайда дайындық кезеңі 27 шілдеден бастап 25 тамыз аралығына ауыстырылды. Осы уақыт аралығында арнайы оқытылған мамандар (интервьюерлер) тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардағы, құрылыстардағы тұратын тұрғындардың санын алдын ала анықтау мақсатында әрбір елдімекенді аралап шығады. Сосын 1-30 қазан аралығында халық санағының негізгі кезеңі өтеді. Осы уақыт кезеңінде интервьюерлермен планшеттерді пайдалану арқылы сауалнама жүргізіледі, сонымен қатар 1-15 қазан аралығында интернет желісі арқылы респонденттер өз бетінше, жеке деректерін тіркеп, онлайн режимде sanaq.gov.kz сайтында санақтан өте алады. Мұндай тәсіл шет елдерде жүрген отандастарымыздың да санаққа қатысуына мүмкіндік береді. Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден, қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді.
Санақ – халық санының нақты санын, оның құрамы, олардың табыс көздері, экономикалық және әлеуметтік сипаттамасы туралы мәліметтер білуге мүмкіндік туғызады. Бұл ақпарат халық санының болжамына негіз және алдағы жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына басты сипаттама бола алады.
Халық санағы – жалпы мемлекеттік маңызы бар іс-шара. Санақты өткізу еліміздің әр азаматының қатысуы мен ынтымақтастығын талап етеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы Қазақстанның айқын статистикалық әлеуметтік-экономикалық бейнесін көрсетуі қажет. Санақ нәтижелері өз кезегінде, мемлекетке болашақта саяси бағытты нақты деректердің негізінде айқынырақ құруына мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта барлық ниет білдірушілер sanaq.gov.kz сайтына тіркеліп, санақты тестілік режимде өте алады. 2020 жылғы 1 қазаннан бастап санақтан өту кезінде барлық тестілік есептік жазбалар жойылып, тіркеуден қайтадан өту қажет болады.



Меруерт ЖАҢАБАЕВА,
Шымкент қаласы Статистика департаменті басшысының
орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.