Мәскеуден сәлем!

Среда, 22 Июль 2020 06:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2065 раз

DSC 6427

«Шымкент келбетінің» сыңары «Панорама Шымкента» газеті жарыққа шыққан алғашқы жылдардан бастап зейнеттік жасқа жеткенше осы басылымның ыстық -суығына төзіп, талай буын журналистке тәлімгер ұстаз бола білген, 2008 -2019 жылдары аталған газетте редактордың орынбасары қызметін атқарған Эльмира Бердіғалиева бүгінде Мәскеу қаласында тұрып жатыр. Туған ұжымының туған күніне сонау Ресей астанасынан жүрекжарды тілегін жолдаған Эльмира Аманғалиқызын да біз өзі 30 жылға жуық еңбек еткен, қаламының айшықты ізі қалған басылымдағы әріптестері атынан құттықтаймыз.
Ал Мәскеуден сәлем жолдаған қадірлі әріптесіміз туған үйіндей болған шығармашылық шаңырағының 30 жылдық мерейлі мерекесіне ізгі ниетін былай білдіріпті.

DSC 6435– Қымбатты менің әріптестерім! Менің өздеріңізге деген ыстық ықыласымды қабыл алыңыздар!
Бүгінгі қиын күндерге, әлемді әбігерге салған індетке қарамастан сіздер оқырмандарды қаланың күнделікті тыныс-тіршілігімен, маңызды ақпараттармен сусындатып, өз қызметтеріңізді кәсібилікпен, қажыр-қайратпен атқарып келе жатқандарыңызды білемін. Сіздердің салмақты сөздеріңіз, шұғыл да шынайы ақпараттарыңыз қазіргі күрделі кезеңде адамдарға сенім мен үміт, сергек көңіл күй сыйлайды.
Бұл қос басылым өзінің 30 жылдық тарихында талай қиын сәттерді басынан өткерді. Бірақ өңірдің ақпараттық кеңістігінде өзінің айқын бағытын жоғалтқан жоқ. Бүгінгі беймаза кезеңнен де кемелеріңіздің өз жолынан адаспай жайлы жағалауға шығатынына сенімдімін. Оған сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен қайратты қадамдарыңыз мүмкіндік беретіні айқын. Өйткені журналистердің өмірі де майдандағы жауынгердің әрекетімен бірдей. Сіздер сол ақпарат майданының мергендерісіздер!
30 жылдық шежіресі қалыптасқан қос басылымда қаламы қайратты, ойы салмақты қаншама мықты журналистер жұмыс істеді. Шығармашылық ұжымның уығын қадаған Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыздан бастап Райхан Ақбергенова, Ербол Тұяқбаев, Галина Герман, Әлия Еңсебаева, Ләззат Ноғайбаева (Сүйеуова), Светлана Есжанова, Фарида Шарафутдинова, Ольга Быкова, Алик Розметов, Нұрлан Кенжеғұлов, Атанбек Наурыз, Оралхан Дәуіт, Жәмила Мамырәлі, тағы басқа көптеген қаламгерлермен иықтаса жүріп еңбек еткен жылдар жүрегімнің түкпірінде сағыныштың сырын шертіп тұрады.
Қос басылымның бүгінгі ұжымы да менің өмір мектебімнің ең ыстық ортасы, ал өзім бүкіл саналы жылдарымды өткізген осынау қасиетті шаңырақ жанымның жайлауындай жарық ордасы болып қала береді.
Сіздерді әркез көкірегіме басқан бойтұмарымдай ыстық ықыласпен сағынып отырамын.

 

Эльмира Бердіғалиева,
Баспасөз үздігі, ардагер-журналист
Москва қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Уығы бекем шаңырақ «КЕЛБЕТ» – менің төркінім! »