Қайран жеңгем!... Избранное

Среда, 30 Сентябрь 2020 06:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2258 раз

3

Мінезі жақсы болса, қыз балаға анасынан кейінгі ең жақын адам – жеңгесі ғой, шіркін. Ондай асыл жандардан үлгі аласың, үй тірлігін қалай реттеуді үйренесің. Кейде тіпті, анаңа айта алмайтын құпияңды сол жеңгеңе келіп сыбырлайсың.

Менің Егетай көкем Шоңжігіт атамның алпысқа иек артып қалған кезінде көрген кенже ұлы екен. Ол кезде алпысқа келгендер ауылдың үлкен қариясы сияқты болып көрінуші еді ғой. Сондықтан да, әжемізге айналадағы абысын-ажындары: «Қартайғанда тапқан балаң», деп айта беретінге ұқсайды.
Ал Шоңжігіт атамыз болса: «Әй, осы да адам болып кете ме екен?!» деп күледі екен. Сөйтіп, Егетай көкем көбіне-көп ағасын – менің әкем Жаманқұлды жағалап, пана тұтып өсіпті.
Ол ержеткен соң әкем Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) апарып, оқуға береді. Егетай көкем қалада білім алып, маңдайы жарқырап, сол кездегі сән үлгісімен киініп ауылға келгенде, мұндағылар оны танымай қалады.
Кейін қиын-қыстау заманда ел көзіне түсіп, үлкен қызметтер атқарып, әулетімізге тірек болған да сол көкем еді. Біз ес біліп, бойжеткен шағымызда ол Ағыбет колхозы басқармасының төрағасы болатын. Өзі сондай ақкөңіл, бауырмал, қонақжай, кең пейілді кісі-тұғын. Жұмыстан келгенде біз есік алдында топырлап ойнап-күліп жүрмесек, айқай салып, әрқайсымыздың атымызды атап, жан-жақтан шақырып алушы еді. Кішкентайларға қалтасынан бір уыс кәмпит алып беріп, ересектерге атының тізгінін ұстатып, бәрімізді қуантып, мәз-мейрам етіп қоятын.
Міне, осы Егетай көкемнің Құдай қосқан қосағы – Перне жеңгем нағыз асыл жан еді. Ақылына көркі сай әдемі келіншек болатын. Біз сол жеңгемізден көп үлгі, өнеге алып өстік.
Шіркін, Перне жеңгем пісірген нанның дәмін айтсаңызшы. Ол кісі қамырға сүт, жұмыртқа, май қосып, біраз уақыт иін қандырып, балбыратып илейтін. Сол кезде қамыр өз-өзінен күмпиіп, саусақтарының арасынан бырт-бырт жарылып, жазыла түсуші еді. Ал нан болып піскенде иісі бұрқырап, сілекейіңді ағызатын-ды. Аузыңа салсаң, балдай еріп сала береді. Перне жеңгем пісірген нанның тастай болып қатып қалғанын ешқашан көрген емеспіз.
Ал енді, қонақ күтетін бөлмесінің сән-салтанатын ауызбен айтып жеткізу қиын. Оған кірген адам көрмеге келгендей болушы еді. Перне жеңгемнің қолының ісмерлігі сондай, әрбір жастығы мен көрпесінің, тұтқышы мен төсенішінің ою-өрнегінен көзіңізді ала алмай қалатынсыз. Оның үстіне үй иелерінің қонаққа деген құрметі мен қошаметін қосыңыз.
Бізге тәтті нан жабудың, дәмді тамақ пісірудің, отағасын сыйлаудың, қонақ күтудің ең жақсы үлгісін көрсеткен осы Перне жеңгем еді...
Мен де өзімнің Құдай қосқан қосағым - Қанекеңді алғаш рет Егетай көкемнің үйінде көргенмін. Ол кезде көкем науқастанып, жұмысқа шыға алмай, үйде жатып қалған-ды. Ағайын-туыстың ежелгі әдеті бойынша күн сайын көңілін сұрап келушілер көп.
Сондай күндердің бірінде біздің ауылдағы Пешетай жездесінің үйіне келген екі жігіт те елге сыйлы кісінің көңілін сұрап шығайық деп ат басын бұрыпты. Әдеттегідей шай құйып, тамақ әкеліп жүрген маған әлгі екеудің бірі – шашын артына қайырған, маңдайы ашық, ақсары реңді, арықша жігіт қайта-қайта көзінің астымен ұрланып қарай бергенін қасымдағы қыздар байқап қойыпты. Оны менің өзім де сездім.
Бірақ қыздарға өп-өтірік бұртиып: «Қойыңдаршы. Менде несі бар?..» деп ұрысқан боламын. Артынша әлгі жігіттің, шынында да, мен үйге кірген кезде барлық дүниені ұмытып, қадала қарап қалатыны есіме түсіп, олармен бірге өзім де күліп жіберемін.
Біздің осы күлкіміз бен әзіл-қалжыңымызды тыңдап жүрген Перне жеңгем: «Өзі бір сыпайы, тәрбиелі жігіт көрінеді», деп жымиып қояды.
Кейін білдік қой, Ағыбетке жеткенше аттылы адам жарты күн жол жүретін Қайнар ауылы жақтан келіп, тау қойнауындағы Үсіктас колхозында есепші болып қызмет істеп жүрген Қансейіт деген жігіт екен. Өз жұмысына ұқыпты, ешкімнің ақысын жемейтін азамат деп ел мақтайтын көрінеді. Ал бізге ұнағаны, жүзі жылы екен. Аздап аңғалдығы да бар ма, қайдам...
Арада жылдар өте келе ол күнді Қанекеңнің өзі де күліп отырып еске алатын болды.
– Мақан көкемнің баласы Нәби екеуміз Пешетай жездеміздің үйіне барғанда Егетайдың қатты ауырып, үйінде жатып қалғанын естідік те, көңілін сұрап, кіріп-шықпақшы болдық. Менің іздеп жүргенім де осы еді. Себебі, Алтынқыз әпкемнің шешесі Қанткүл жеңгеміз осында келіп-кеткен сайын ауылға Ұлмекенді мақтап баратын. «Өзі сұлу, өзі ибалы, көрсең көзің тоймайды. Үріп ауызға салғандай-ақ,» деп тамсанатын. Енді сол қызды бір көрудің реті келе қалғанына іштей қуанып та кеттім.
Егетайдың үйінде жеңгесі екеуі кезек-кезек қымыз сапырып, қонақтарға құйып беріп отырды. Көзін тіктеп қарамай майысып, қымыз құйған кесені әдеппен ұсынады. Көңіліме бір жарық сәуле түскендей, көзімді ала алатын емеспін. Оны қасымдағы Нәби де сезіп қалыпты. Пешетай жездеміздің үйіне қайтып келген соң: «Пешеке-ау, мына Қанекең қызды көрген бойда аузынан сілекейі ағып, қарады да отырды. Үйінен зорға алып шықтым ғой,» деп әзілге басты. Мұны естігеннен кейін Алтынқыз әпкем мен Пешетай жездем енді қыздың үйіне баруды жиілете түсті, - деп отырушы еді, жарықтық.

ХХХ

Тағдыр жазып, сол жылы күзде Қайнар ауылына келін болып түстім ғой. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, Егетай көкеммен жақсы араласатын бір дөкей бастықтың досы маған құда түспек болып, үлкен ұлын біздің ауылға, қыз көріп келуге жіберіпті.
Сол жігіттің түр-түсін көргеннен кейін-ақ менің көңіліме үрей кіре бастады. Өйткені, жүрегің қаламаған жанға қалай жар боласың. Ол жағын мүлде түсінбеймін. Сөйтіп, жүргенде көңілімнің төрінен жылы орын алып қалған Қанекең маған сөз салып, мен келісімді беріп, 1949 жылдың 19 қыркүйегінде түнделетіп екі атпен Қайнарға қарай тарттық та кеттік қой.
Менің бұлай рұқсатсыз қашып кетуім Егетай көкеме ауыр тиді. Қанша дегенмен, ел басқарып отырған абыройлы кісі емес пе?! Соңымнан қуып келіп, хабар алып, қазақи жөн-жоралғысын жасап қайтқан жеңгелеріммен біраз уақытқа дейін сөйлеспей қойған көрінеді.
Егетай көкем біз үшін Қаратаудай қазыналы, Алатаудай биік еді ғой. Тау екеш тау да боранды күндері қаһарланып, ызғар шашқанымен, жел басылып, күн ашылғанда жадырап, сол баяғысынша күлімсіреп, өзіне қарай тартып тұрмаушы ма еді. Мұндайда ер-азаматтың жанындағы жарының жылы сөзі, ағайын-туыстың ынтымағы жанына шипа болатыны да рас. Егетай көкем қабағы ашылып, реніші басылған соң, өзі мені іздеп келіп: «Шырағым, өзіңнің қалағаның екен, енді балалық жасап жүрме! Дарақ бір жерден көгереді деген. Тұрмысың нашар болса да шыда! Екеуің бірігіп барлық қиындықты жеңіп шығуға тырысыңдар,» деп маңдайымнан сүйіп, көзіне жас алды.
Қайран Перне жеңгем, сол жылы мен үшін Мәскеуге барып, кілем алып келді. Ол кезде дүние деген шіркіннің өте қат кезі ғой. Менің жасауыма қосқан Перне жеңгемнің сол бір қызыл-қоңыр кілемі көздің жауын алып, үйге келген кісілерді тамсандырып тұратын-ды...
Е-е, ол да бір өткен дәурен екен! Перне жеңгемнің Мәскеуге қалай барып-қайтқанының өзі біз үшін бір қызық хикая болатын.
- Жеңеше, Мәскеу қандай екен? Ол жаққа қалай жеттіңіз? Жолда қорықпадыңыз ба? – деп сұраймыз жамырап.
Перне жеңгем болса, жымиып:
- Құдай-ау, неден қорқам? – дейді. - Біз сияқты жұрт ағылып барып-келіп жатқан жер емес пе. Түркістанның базарынан жеміс-жидекті мол қылып алып, пойызға отырдым да, Мәскеу қайдасың деп тартып кеттім. Ал енді, жол бойы көрген кереметтерімді айтсам, қыздар-ау, таңғаласыңдар. Қазекеңнің кең даласында, тізбек-тізбек тау да, таусылмайтын жазық та, арнасына сыймай шалқыған көл де көп екен. Арал теңізінің толқындары тербеліп, теміржолдың жағасына шейін жетіп жатыр. Одан ары өтіп, Жайық өзенін көріп, Ресейдің жеріне кіргенде ит тұмсығы батпайтын ну ормандар сыңсиды.
- Жеңеше, сіз тегі, жаяу барып келген сияқтысыз ғой, - деп күлеміз біз.
- Әй, сол пойызыңның өзі жаяу адамнан сәл-ақ артық жүреді, - дейді жеңгеміз күліп. – Жол-жөнекей кезіккен стансалардың бәріне тоқтайды. Есесіне ел көріп, жер көріп барасың. Ал Мәскеуге жеткенде жолдың алыстығын да, қиындығын да ұмытасың. «Өнер, білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған» деп Абай атамыздың неге айтқанын сол қалада жүргенде түсінесің. Төбеңе қарасаң, басыңдағы бөркің түсетін зәулім-зәулім үйлер, салтанатты сарайлар!..
- Түу, жеңеше, қандай бақыттысыз!
- Қойшы, кейін сендер Мәскеуден де алысқа ұзап, дүние жүзін шарлап қайтатын боласыңдар! Ал бақыт деген... – Перне жеңгем мұңайып, даусы дірілдеп, көзіне жас алып қалады. – Ол басқа ғой...
Жеңгеммен бірге біздің де көңіліміз толқып, тұнжырап, үн қата алмаймыз.
Егетай көкем екеуінің отау құрып, бас қосқанына қаншама жыл өтсе де, бір перзентке зар болып келе жатқанын білеміз. Кейінгі жылдары Перне жеңгемнің бармаған емшісі, қаралмаған дәрігері қалған жоқ. Бірақ, бәрі де бір Алланың қолында екен ғой...
Көкем екеуінің отбасында ынтымақ та, береке де, дәулет те бар. Әу баста бір-бірін тауып қосылған жандар. Бізге деген бауырмалдығы қандай десеңізші. Қашан барсаң да айналып-толғанып, ет-жүрегі елжіреп тұрады. Әйткенмен, өздерінен туған бала болмаған соң, оңашада екеуінің де көңілі жабырқайды. Кішкентай сәбидің күлкісін естіп, бақытқа бөленсек-ау деп армандайды. Бірақ жыл өткен сайын үміт азайып, жүрек ауыртатын қайғы да, мұң да қалыңдай түседі...
Қайран жеңгем, Алла тағала саған қаншама ақыл-парасат, мейірім, өнер, қабілет бергенімен, шіркін-ай, бір перзентті қимапты. Кім білсін, бұл да болса, Жаратушы иеміздің жер бетіндегі жұмыр басты, екі аяқты пенделерге ұрпақ қадірін білдірейін деген үлкен сынағы, сабағы шығар. Әйтпесе, басындағы орамалын жөндеп тарта алмай жүрген талай-талай салпы етек қатындардың да шұбыртып бала тауып жатқанын көрдік қой.
Ақыры, бір күні Егетай көкем мен Перне жеңгемнің шаңырағындағы тіршілік күйінің шегі дың-ң етіп үзілді. Ұзақ жылдар бойы татулығы мен ынтымағы жарасқан қара шаңырақта талай-талай тәтті күйлерді күмбірлеткен күйші Тағдыр бір ғана күйді – Перзент күйін тарта алмады.
Егетай көкем жасы елуге келгенде Перне жеңгеммен заңды түрде ажырасып, анау Сарысу жақта туып-өскен Мәрия деген қызға үйленді. Бұрынғы жиған дүниесінен бір ғана киіз үй алды. Қара шаңырақтағы басқа байлықтың бәрін де Перне жеңгеме қалдырды. Бұл да болса, тату-тәтті өмір сүрген жарына деген ризашылығы шығар деп түсіндік...
Бір жақсысы, Мәриядан бала сүйді. Егетай көкемнің артында ұрпақ қалды. Бірақ біз Перне жеңгемді ұмыта алмай, көпке дейін қамығып жүрдік. Ол да бізді сағынатын болар, өткен күндерді қимайтын шығар деп ойлағанда, көзіме жас толып кетуші еді.
Расында да, солай ғой...

ХХХ

Қазір міне, өзімнің де жасым тоқсанға таяп қалды. Баяғы Перне жеңгем сыйлаған қызыл-қоңыр кілемді әлі күнге дейін көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Аллаға шүкір, бұл күнде дүние жеткілікті ғой. Бірақ оның қадірін біреу білер, біреу білмес. Мен үшін ең қымбаты – Перне жеңгемнің көңілі. Әлгі кілемге қарап, көңілім босап, жылап қалатын кездерім де болушы еді. Енді қайтейін... Ондай асыл жаннан айырылу оңай деймісің...
Әнеугүні Бөгендегі үйге Қаншайым деген журналист қызым келіпті. «Апа, сіз туралы кино түсіреміз,» дейді. Өзі бір сондай жақсы, ақылды қыз. Біздің мынау Созақ жақтың тумасы. Созақ десе, менің жүрегімнің де елжіреп сала беретін әдеті. Баяғыда Қанекең қызмет бабымен ауысып барған кезде Шолаққорғанда біраз жыл тұрдық. Одан кейін Қаратау совхозына парторг болды. Ол Шолаққорғаннан да арыда - екі жүз шақырым алыста жатқан ауыл. Қаратаудың түп қойнауында. Бір шеті тауға тіреліп, бір шеті Бетпақдалаға жалғасып жатқан Созақ өңірі берекелі жер ғой, шіркін.
Иә, сол Қаншайым қызым әлгі кілемді көріп: «Апа-ау, мына кілемді музейге қою керек қой!» дейді. «Е-е, жарайды, уақыты жеткенде қайда қоямын десеңдер де, өздерің біліңдер. Әзірге көзім тіріде ешкімге бермеймін. Перне жеңгемнің қолының ізі қалған асыл зат!» дедім көңілім толқып.
Әне, солай, қарақтарым. Бұйым тозғанмен, көңіл тозбайды.

Әңгімені жазып алған
Нұрғали Ораз.
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.