МАҒЫНАСЫ ТЕРЕҢ, ТӘЛІМІ ОРТАҚ

Среда, 07 Октябрь 2020 10:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1980 раз

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты танымдық мақаласын оқып шықтым. Мақалада қазақ руханиятының алтын қазығы хакім Абай төңірегінде тұжырымы тамаша ой айтылған. Шынымен де ұлы ақын күллі қазақ үшін адастырмайтын темірқазық іспетті. Біз ұлы тұлғаға қарап бой түзеп, ой қорытамыз.

431

 

Абайдың тұлғалық қасиеті жарық көрген мақалада жан-жақты баяндалған. Барша қазақ баласын еңбексүйгіштікке, бауырмалдыққа үндейтін данышпанның шығармашылығы Нұрсұлтан Әбішұлына да жастайынан септігін тигізген. Ол бұл туралы «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын.Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі бір жағынан мақтаныш, екін­ші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым» деп ой сабақтайды.

Мұнан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы Абай мерекесінің даңғойлықты көтермейтінін айтады. Бізге ұлы адамды еске алу, атаулы күндерді атап өту үшін шектен асқан той жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы, зиялылық пен ұстамдылықтың қажет екенін, мерейтой жоғары мәдениеттілік аясында өту керектігіне тоқталады.

Абай аманатына адалдық туралы Елбасы екшеп жазған мақалада жан-жақты жақсы көрсетілген. Себебі, Абай шығармасын қай қырынан алып қарасаңыз да, қандай заман келбетімен өлшесеңіз де ой орамдары мен толғамдары дәлме-дәл келеді. Сондықтан Абай бейнесі қанша ғасыр өтсе де өміршеңдігін жоймақ емес. Елбасының мағынасы терең мақаласынан осыны ұқтым.

Серік ЖАНӘБІЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.