«Туристерді жайлылық пен меймандостығымыз арқылы тарта аламыз»

Пятница, 13 Август 2021 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1790 раз

shymkent-visit-center

Шымкентте тарихи орындарды жаңғырту жоблары қолға алынуда. Сондай-ақ, шырайлы шаһар еліміздегі туристер баруға ұсынылатын ТОП-10-ға кіргізу жоспарлануда. Үшінші мегаполистің туристің әлеуетінің дамуы жайында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарәлі РАМАНОВПЕН әңгімелестік.

«Visit Shymkent» орталығы туристерді ақпаратпен қамтамасыз етіп, өңірдің туристік әлеуетін маркетинтік ілгерілету мен талдау, халықаралық шараларды ұйымдастырып, іскерлік туризмді дамытумен айналысады. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, көші-қон қызметтерінің көмегін пайдалану, туризм саласын талдау, қаланың туристік имиджін дамыту, ірі туроператорларды анықтап, оларға туристік маршруттарды ұсынады. Іскерлік іс-шараларды өткізіп, осы салаға инвестиция тартумен де айналысады. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына кеңес беру қызметі, туристік карталар ұсынып, қалада өткізілетін іс-шаралар жөнінде жарнамалық ақпараттарды таратады.

aidarali-romanov– Шымшаһар жыл санап дамып, көркейіп келеді. Осы қалыптан таймай қаланың өсуі жалғасатын болса, шаһардың туристік әлеуеті де жоғарылай түседі. Бұған мекеменің басшысы ретінде емес, әлемнің 30-дан астам елінде болған жиһанкез есебінде баға беріп отырмын. Қалада туризмге қаншалықты көңіл бөлінуде деген сұраққа жауап бермей тұрып, туристер үшін қандай жағдай жасалып жатқаны жайлы әңгімелескеніміз дұрыс. Турист – төлемге қабілетті инвестор. Инвесторлар көбеймейінше, қаланың экономикасы да айтарлықтай көрсеткіштерге жете алмайды. Оны туризмі дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады, - дейді Айдарәлі Раманов.

Шымкентке келетін шетелдік қонақтардың дені көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай азаматтары. Оларды мұнда негізінен ас мәзірі, тарихи орындар мен Түркістан облыстарының тарихи орындары мен таулары қызықтырады екен. Орталық басшысы қаладағы көрікті орындарды тамашалау, дәмі әралуан керемет асханасынан дәм тату мақсатында келетін туристер саны жыл санап артып жатқанын айтады. Пандемияға дейін мегаполисте туристік әлеуетті жетілдіру бағытында бірнеше тың жобалар қолға алынғанын да атап өтті.

– Шымкенттің оң имиджін қалыптастыру жолында бүгінге дейін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қаланы туристік орталыққа айналдыруда әлі де көптеген жобалар қажет. Елбасы Н.Назарбаев Түркістанға келген кезекті сапарында 2025 жылға дейін еліміздің оңтүстік өңіріне келетін туристердің саны үш есеге өсетінін айтқан еді. Түркістан жаңа келбетімен көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр. Рухани астанамызға келген туристерді шырайлы шаһарға да тартуымыз керек. Бір айта кетерлігі, қаламыздың туристік маңызы зор, инфрақұрылымы дамыған. Әрі ол  Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі орталық. Қаланың 500 шақырым радиусында шамамен 20 миллионға жуық адам тұрады. Осы орайда, Шымкент өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірінің туризмі үшін тірек орталыққа айнала алады. Ақпараттық орталық Елбасының бұл айтылған сөзін челлендж ретінде қабыл алып, «қалай туристерді өзімізде ұстап қаламыз» деген сұрақтың жауабын іздеуге кірісті. Жыл басында қала әкімінің қатысуымен ашылған орталықтың жетістіктері аз емес, - дейді орталық директоры А. Раманов.

Туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Табиғаты тамаша, келбеті келіскен, күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан шырайлы шаһарды саялы саябақтар мен  көптеген демалыс орындары, гүлмен көмкерілген  әсем де тарихи  кешендер шырайын  келтіріп тұр.  Десе де Айдарәлі Раманов туристерді тартуда қалада бірқатар кедергілер бар және ақпараттық насихат аз дегенді алға тартты.

– Қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін біздің туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Ең алдымен тазалыққа назар аударса дейміз. Өйткені ең көп айтылатын мәселе – тазалық. Қауіпсіздік екінші орында тұр. Кейінгі мәселе ол жалдамалы пәтерлерді салық төлеуге міндеттеу. Сол арқылы келіп жатқан туристер жайлы ақпарат алып отыруды көздейміз. Туристерді арзаншылықпен шақыра алмаймыз. Шаһардағы жайлылық пен меймандостығымыз арқылы тарта аламыз. Бізде көрсетуге тұрарлық һәм мақтан ететін жерлеріміз бар. Алайда қанша жерден ауқымды жобалар жасалғанымен халықтың мәдениеті соған сай дамымаса, оның бәрі бекер. Шымкентте биыл алғаш рет шахматтан ұлттық ел чемпионаты өтті. Қаламыз еліміздегі туристер баруға ұсынылатын топ-10-ға енді. Дегенмен ақпараттық насихат ақсап тұр. Шымкент жайлы интернет желісінен миллион төңірегінде ғана сұрау болса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан. Visit-shymkent.kz порталы көмегімен насихат жұмыстары жалғасуда. Қоғам және әлеуметтік желі белсенділері арқылы да қаладағы барып көруге тұратын 10 туристік нысанды ұсынып жатырмыз. Ол нысандарды барлық қала тұрғыны білуге міндетті, - дейді орталық директоры.

Айдарәлі Раманов биыл елімізде туризм саласын дамыту бойынша қабылданған жаңа заңда туристік нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылатынын айтады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар.

– Биылдан бастап елімізде турист салығы енгізілуде. Ол бір тәулікке адам басына шамамен 500-1500 теңгені құрайды. Аталған салық жергілікті әкімдікке түседі. Жиналған қаражат туризм саласын дамытуға жұмсалады. Тағы бір мүмкіндік, егер сіз кәсіпкер болып қоғамдық әжетхана соғатын болсаңыз айына 83 мың теңге күтіп-баптауға беріледі. Ал туристерге арналған автобус сатып алған жағдайда 25 пайыз қаржысын мемлекет субсидиялайды. 500 миллион теңгеден көп мөлшерде инвестиция құйып туристік нысан соғатын болсаңыз, онда 10 пайыз ақшасын мемлекет арқылы субсидиялау көзделген. Әрбір шетел азаматы туристік компанияға келетін болса, 20-25 пайыз қосымша субсидиялау қарастырылған, - дейді Айдарәлі Әмірәліұлы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздегі туризмді дамыту тұжырымдамасына орай тарихи-мәдени ошақтарды қайта жаңғырту және оларды туризм индустриясына тарту керек екені жайлы нақты айтылады. Айдарәлі Әмірәліұлы қаламыздағы Сайрам тұрғын алабын қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа келбетін қалыптасыру бойынша жобалық мастер-класс басталғанын айтты. Егер жоба мақұлданса, ескі қалашық қамалын қайта жаңғырту жұмыстарымен қатар сансыз баптар жатқан мекенді шығыс стиліне көшіру жұмыстары да қолға алынады. Бұл өз кезегінде туристік нысандардың екінші тынысын ашуға ықпал етеді.

Последнее изменение Пятница, 13 Август 2021 09:32