ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТТІ ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖОЛ АШАДЫ Избранное

Пятница, 22 Июль 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1482 раз

Өткен жылы Еуропа Одағы мен Қытай арасындағы сауда айналымы 1 триллион евродан асып түсті. Бұл әлемдегі ең ауқымды сауда серіктестігі деуге әбден негіз бар. Қазақстан – бір-бірімен осыншама ауқымды алыс-берісі бар қос серіктестіктің ортасында жатқан транзиттік әлеуеті өте жоғары мемлекет. Бірақ, бүгінде аспан асты елі мен кәрі құрлық арасындағы сауда-саттық негізінен дүниежүзілік теңіз жолы арқылы жүреді. Себебі, тауарды су жолымен тасымалдау әуе көлігі арқылы тасымалдауға қарағанда 10 есе арзанға түседі екен. Мамандардың айтуынша, теңіз жолының жалғыз кемшілігі – Қытайдан Еуропаға тауар жеткізу үшін 45 тәулік уақыт кетеді. Егер сол тауар құрлықпен, яғни, Қазақстан аумағынан темір және автокөлік жолдары арқылы тасымалданса, 15 тәулікте діттеген жеріне жетер еді. Ол үшін еліміздің көлік-логистика кешені әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс.

23

 

Осынау әлеуетті ескерген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-транзит жүйесін дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізген. Мемлекет басшысы темір жол мен автомобиль жолының инфрақұрылымын дамыту – өркендеудің басым бағыты екенін атап өтті. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстан транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретін тың бағыт болатыны сөзсіз.
– Қасым-Жомарт Кемелұлының қазіргідей әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған уақытта мұнай тасымалын әртараптандыру және көлік логистика кешенін дамыту мәселесіне назар аударғаны өте құптарлық қадам. Темір жолдың әлеуетін арттыру, оның мүмкіндігін барынша пайдалану маңызды. Әсіресе, қолданыстағы транзиттік бағыттарды дамыту және жаңаларын құру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда болуы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Түркістан облысының Сарыағаш станциясына назар аударайық. Қазір бұл станция толық қауаттылығымен жұмыс істеп тұр. Соның өзінде эшелон-эшелон тауарлар кезек күтіп тұрып қалады. Осыған орай Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі салынбақ. Бұл Мақтаарал және Жетісай аудандарын мемлекетаралық теміржол торабына қосуға мүмкіндік береді, – деді М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Шымкент көлік колледжінің оқытушысы Қанатбек Керімбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Достық – Мойынты темір жол дәлізін салу үлкен маңызға ие екенін де атап өтті. Бұл жоба Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік дәлізі бойынша темір жол инфрақұрылымының өткізу қабілетін бес есеге арттырады екен. Қала берді, маманның айтуынша, қазір Алматы стансасы үлкен жүктемемен жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың көптігі жүк пойыздарының кешеуілдеп қалуына әкеп соқтыруда. Сондықтан мемлекет Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек Бек айналма темір жол желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл Алматы торабын орта есеппен 30 пайызға жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов, «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында, Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз – 8 мемлекеттің аумағында 11 мың шақырымға созылған жол бағдары екенін айтып өткен. Бұл жол Қытай Халық Республикасының шығыс жағалауында орналасқан Ляньюньган портынан басталып, Еуроодаққа дейін жетеді. Жол Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды көлік дәлізі болып саналады.
–Қазақстан – дүниежүзілік мұхитқа шықпайтын ең ірі мемлекет. Осыған орай Президент Транскаспий халықаралық дәлізінің әлеуетін пайдалану туралы айтты ғой. Біріншіден, бұл бағыт Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Грузия және Түркия арқылы мұнай тасымалын әртараптандыруға, сөйтіп, Қазақстанның сыртқы экономикалық тәуелділігін азайтады. Екіншіден, еліміздің аумағынан өтетін Қытай – Еуропа – Қытай дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Яғни, Қытайдың батысынан шыққан тауар Қазақстанның темір жол желілері арқылы Каспий теңізінің жағалауына жылдам жетіп, одан әрі теңіз флотының көмегімен Еуропаға бет алуы тиіс. Мұнан бөлек Қытай мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы да Қазақстан арқылы өтеді. Осының бәрін ескерсек, еліміздің темір жол торабын дамыту төтенше маңызға ие болып отыр, – дейді Қ.Керімбаев.
Оның айтуынша, теміржол желілерін дамытумен қатар назар аударылуы тиіс маңызды мәселе – темір жол саласының, жалпы, көлік және логистика саласының білікті мамандарын даярлау.
–Кез келген салада білікті кадрлар шоғыры қалыптаспайынша, ол сфераның орнықты дамуы мүмкін емес. Әсіресе, темір жол сияқты техникалық салаларда бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Сол себепті Қазақстан Орта Азия өңіріндегі транзиттік хабқа айналып, өзінің әлеуетін толығымен пайдаланғысы келсе, инфрақұрылымды дамытумен қатар көлік-логистика саласының білікті мамандарын даярлауға мемлекеттік деңгейде назар аударғаны жөн деп есептеймін. Осы орайда М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Шымкент көлік колледжінде осы салаға қатысты 6 мамандық бойынша білікті мамандар даярланатынын айта кеткім келеді, – дейді ол.
Иә, мемлекеттік биліктің еліміздің транзиттік әлеуетін кеңінен пайдалануға бағытталған іс-әрекеті батыл әрі нақты қадамдар арқылы жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың түбі нәтижелі болатынын айғақтайтын тағы бір қуатты дәйек бар. Ол – Транскаспий бағытының тарихи негізінің болуы. Яғни, мұның бәрін ортағасырлық Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыру әрекетіне ұқсатуға болады.