«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ: ӘЛЕМНІҢ 22 ЕЛІНЕ ЖОЛ АШТЫ Избранное

Среда, 24 Август 2022 04:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1123 раз

Шымкент қаласында биыл қаңтар-маусым айларында 17 миллиард 200 миллион теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл республикада жеңіл өнеркәсібінің дамуындағы үшінші мегаполистің үлесі 23.5 пайызды құрап отыр деген сөз. Шымкентте бұл сектордың дамуына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше әсерін тигізіп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкентте өндірілген жеңілөнеркәсіп өнімдерінің 79,1 пайызы осы аймақтың үлесіне тиесілі. Осының өзі мұның еліміздегі ең тиімді арнайы экономикалық аймақтың біріне айналғанын көрсетеді.

405

 

Нақтырақ айтар болсақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында әзірге 31 кәсіпорын ашылған. Соның бірі ретінде 2013 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Бал-текстиль» компаниясының кілем фабрикасын айтуға болады. Аталған серіктестік кілем фарбрикасына қоса, 2015 жылы синтетикалық иірім жіп өндірісін де жолға қойды. Бүгінде компанияда 232 адам еңбек етіп, жылына 7 миллион шаршы метр кілем мен 4 мың тонна синтетикалық иірім жіп өндіреді.
Ал, «Azala Cotton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімдерінің 90 пайыздан астамы Ресей мен ҚХР нарықтарына экспортталады.
Компания бүгінде қолданыстағы өндіріспен қатар синтетика аралас иірілген жіп шығаратын цех салуды қолға алған. Жаңа өндірістік желіні іске қосу өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

407


Шымкенттің жеңіл өнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп келе жатқанда компаниялардың тағы бірі – «Azala Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын жіптен иіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.
Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.
2010 жылдан бастап жүзеге аса бастаған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 4 миллиард 480 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын, 6 мың тонна карбоксиметилцеллюлозаны және полианионды целлюлозаны өндіруге жетеді.
Айта кету керек, компанияның өнімдері Ресейге және өзге де ТМД елдеріне сәтті экспортталады және оқ-дәрі өндірісі, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика, сондай-ақ құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.
Мұнан бөлек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 млн. бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді
Ал, «АГФ Групп» ӨК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аты әлемге әйгілі «IKEA» сауда белгісінің Қазақстандағы ең ірі серіктесі. 2021 жылы кәсіпорын қосымша тігін цехын салып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Аталған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 751 миллион теңгені құрайды. Жаңа кәсіпорында 235 жұмыс орны құрылған. Осылайша зауыт жылына 20 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаратын деңгейге көтеріліп отыр.
Қазақстандағы жалғыз шұлық фабрикасы да осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Оны «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Аталған фабриканы ашу үшін компания 1 милиард 800 миллион теңге инвестиция құйған. Бұл фабрикада бүгінде 150 адам талмай еңбек етіп, жоғары технологиялы өндірістік жабдықтар мен толық автоматтандырылған өндірістік циклдың арқасында жылына 16 миллион жұп шұлық тоқып, сатып жатыр.
Әуелде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тек жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін компанияларға ғана арнап ашылған болатын. Кейіннен Шымкенттегі өнеркәсіптің даму қарқынына қарай мұндағы өндірістік бағыттардың спекторы кеңейтілді. Атап айтқанда, мұнда ендігі жерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы компаниялар да қызмет атқара алады.
Соның бірі – «Шымкент химиялық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл өңірдегі мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін жалғыз зауыт. Мамандардың айтуынша, метил-трет-бутил эфирі бұл жанармайдың құрамындағы октан санын көбейту үшін қолданылатын қоспа. Яғни, бұл компания мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспаларды шығарады. Жалпы, бұл өндіріс қаланың өңдеу өнеркәсібінің дамуына айтарлықтай үлес қосты деуге болады. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Жобаның бірінші кезеңіне құйылған инвестицияның жалпы сомасы 11 млрд теңген. Мұнда қазірдің өзінде 130 адам жұмыспен қамтылған.
Әрине, бір мақалада «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұрған 31 кәсіпорын туралы толық айтып шығу қиын. Дегенмен, аталған 31 кәсіпорынға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылғаны және мұнда 2 309 адамның еңбек етіп жатқаны бұл аймақтың қаншалықты табысты екенін көрсететіндей. Осы арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 елінде экспортталатыны көп жайды аңғартады емес пе?!
Алдағы жоспарға сәйкес 2022-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 жоба іске асуы тиіс. Олардың арасында «Karlskrona Co.» компаниясының «Сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру», «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-інің «Ұнтақты полипропилен өндірісінің II кезеңі» және «ESMA Electric» серіктестігінің «Трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтар өндіру» секілді ауқымды жобалары бар.
Нәтижесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына 2022-2024 жылдары қосымша 77,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, тағы да 3 889 жұмыс орны құрылады.
Кез келген өндіріс орнының табысты жұмыс істеуі білікті мамандардың шоғырлануына тікелей байланысты. Ал, Қазақстанда, соның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіптің жоғары және орта буынды білікті кадрлар, техникалық қызметкерлердің өткір тапшылығы байқалып отыр. Осы проблеманы шешу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжімен» бірлесіп «Жеңіл өнеркәсіптің құзырет орталығын» құрған. Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге «Жас маман» жобасы аясында республикалық бюджеттен 371 млн. теңге бөлінген.
Құзыреттер орталығын құрудағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету. Қазіргі күнге дейін мұнда 150-ден астам студент оқу практикасынан өткен. Қазір тағы 200-ге жуық түлек «Әлем-БТ», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Azala Cotton», «SAGITEX GROUP» және «BAER» компанияларында практикадан өтіп жатыр.
Жалпы, жеңіл өнеркәсіп құзыреттілігі орталығының түлектері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар персоналының 30-40 пайызын қамтиды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әзірге тек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ғана қолданылады.

Другие материалы в этой категории: « Ауырмаудың жолын ізде... Баршаға қолжетімді »