Емханаларда дәріхана ашылды

Среда, 17 Апрель 2019 04:54

Шымкентте емхана ішінен дәріханалар ашылды. Қазіргі таңда 13 мемлекеттік емханада жаңадан ашылған дәріханалар халыққа қызмет көрсетуді бастап кеткен.

 IMG 3

Енді диспансерлік есепте тұратын азаматтар алысқа сабылмай тегін дәрі-дәрмекті емхана ішінен алады. Мегаполистегі медицина саласында тағы қандай жаңалықтар бар?

Тұрғындарға қолайлы

Шымкенттегі №7 емханаға қала аумағындағы 13 елдімекеннен 62 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың басым бөлігі Тоғыс, Қарабастау, Жалын, Бадам-1,2, Маятас, Жыланбұзған, Қарақия және Қаратөбе секілді қалаға қосылған елдімекендердің тұрғындары.

Қазіргі уақытта емхана ұжымы цифрландыру жүйесіне толық өткен. Соның нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артып, сапалы қызмет көрсетілуде.

Шалғайдағы тұрғындар үшін дәріхананың ашылуы жағымды жаңалық болды. Өйткені жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті секілді дерттермен диспансерлік есепте тұратындар аз емес.

Солардың бірі – Дастан Бултенов қант диабетімен есепке алынып, дәрігерлер тұрақты қабылдауға дәрі тағайындағанына бірнеше жыл болған.

– Мемлекеттен тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұрын ол дәріні алу үшін орталықтағы дәріханаға баратынмын. Ары-бері жүруге уақыт кететін. Енді емханадан ашылған мынадай дәріхана біз секілді қарияларға ыңғайлы болды, - дейді зейнеткер.

354345345

Қалалық №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспанова дәріхананың тұрғындар үшін тиімді бірнеше тұсын былай түсіндірді:

– Бұрын «СК Фармация» қандай жекеменшік дәріханамен келісім-шартқа отырса, тұрғындар дәріні сол жерден алатын. Қазір тікелей өзі қарасты емханадағы дәріханаға келеді.

Мұның тиімділігі сол – диспансерлік есепке тұрған азаматтар дәрігердің қабылдауында болып, емдік рецепт тағайындағасын дәрісін бірден емхана ішінен алып кетеді.

Екіншіден, бұл жүйеде мамандар қандай препараттар жеткіліксіз немесе қаншасы қорда тұрғанын, пациенттердің дәрілерін алған-алмағаны бақылауға алып, күнделікті сарапатама жасайтындықтан, дәрі-дәрмек тапшылығы туындамайды деп күтілуде.

Мобильді қосымша – көмекке

Шымкентте смартфондық ақпараттық жүйеге күні бүгінге дейін 154 609 азамат тіркелген. Нәтижесінде тұрғындарда мобильді қосымша арқылы лабораториялық анализдердің қорытындысын алуға мүмкіндік бар.

Жалпы, №3 емханада жыл басынан 11 мыңнан аса тұрғынға талдау нәтижесі электронды түрде берілген.

– Мобильді қосымшаның уақыт үнемдеуде тиімді екенін түсінген тұрғындар саны күн санап артуда. Қазір мамандарымыз аптасына 100-ге жуық адамды тіркеуге алып жатыр.

Мекемеде 20-60 жас аралығындағы 10 886 интернет пайдаланушы тіркелді. Бірінші тоқсанның өзінде мобильді қосымшамен 8 мыңға жуық тұрғын дәрігер қабылдауына жазылып, 107-і үйіне шақырды.

Сондай-ақ, жаңашылдықтың бірі - кез келген азамат смартфонындағы қосымшасы арқылы анализдердің нәтижесін көре алады.

Нақтырақ айтқанда мобильді қосымша арқылы қан талдауы, несеп секілді 30-ға жуық лабороториялық анализ түрін көруге мүмкіндігі бар, - дейді Динара Жұмадилова.

Дәрігерлердің жүктемесі төмендеді

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қалада жыл басынан бері 48 учаскелік аймақ ашылғанын жеткізді. Оның 28-і жалпы тәжірибелік учаскелер болса, 15-і - педиатриялық.

Соның ішінде 11 учаске Нұрсәт шағынауданындағы №3 емханадан ашылған. 58 мың тұрғын тіркелген медициналық ұйымда 12 мыңдай азамат түрлі дертпен диспансерлік тізімге алынған, 9 мыңы - ересектер.

– Учаскелік дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуде 6 жасқа дейінгі балаларға 11 педиатриялық аймақ ашылды. Соның нәтижесінде жалпы тәжірибелік аймаққа тіркелген халық саны 2500-ден 1500-ге төмендеді, - дейді №3 емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Динара Жұмадилова.

Осындай жаңашылдықтардың нәтижесінде Шымкентте жыл басынан бері жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесі 2000 адамнан – 1789-ға, педиатр жүктемесі 1000 баладан 838-ға төмендеген.

Бүгінгі күні ақ халаттылардың жүктемесін азайтып, сапаны жақсартуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктері және шағын жекеменшік клиникаларды жетілдіру жұмыстары қарқынды жүруде.

Алғаш рет буынға тіліксіз ота жасалды

Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханада буынға алғаш рет тіліксіз ота жасалды. Дәрігерлер жабық операцияны жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен 19 жасар қызға жасаған. Ота кезінде мамандар бойжеткеннің аяғындағы үзілген сіңірін хирургиялық жолмен байлап берді.

Айта кетейік, жабық операция Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Арман Әбдіразақовтың жетекшілігімен өтті. Білікті маман ота жасау арқылы жергілікті ақ халаттылармен тәжірбие алмасқан.

Шеберлік сабағы кезінде білікті маманның жетекшілігімен аурухана базасында 2 науқастың тізі буынына тіліксіз ота жасалды. Мұндай операция жасау үшін травматологтар «Артроскоп» аппаратын қолданып, аяқтағы жарақатты хирургиялық жолмен емдеп берді.

Бұрын езіліп кеткен жілікшелерді жалғау үшін тізені тіліп, буындарды ашуға тура келетін. Енді науқастың денесінің екі-ақ жері тесіледі.

«Бұл әдістің науқастардың ертерек аяғынан тік тұрып кетуіне пайдасы көп және денеге тыртық түспейді», - дейді мамандар.

Шымкент қалалық кардиологиялық орталық тәулік бойы қала, облыс тұрғындарына кардиологиялық, кардиохирургиялық және аритмологиялық көмек көрсетеді.

Осыған байланысты көп жағдайда қосымша зертханалық тексерулер жүргізуге және кеңес беруде түнгі уақытта, демалыс, мереке күндері мамандарды орталыққа шақыруға тура келеді.

Дәрігерлер үйінен орталыққа, сосын үйіне қызметтік көлікпен жеткізіледі. Мұның бәріне сарапта жүргізгенде бір шақыртудың өзіне қызметтік көлікке 1427 теңге жұмсалып, орталыққа жетуге 40 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт кететіні анықталды.

Енді қалалық кардиологиялық орталық мамандарды тасымалдаудың жаңа форматына көшіп, қаладағы такси паркімен келісім-шарт жасасты.

Бір шақырудың бағасы – 500 теңге (барып-қайту 1000 теңге), ал дәрігерлерді жеткізу уақыты – 20 минут. Сала мамандары бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге пайдасы тиеді деп отыр.

Айналаңды таза ұста!

Пятница, 12 Апрель 2019 03:53

Үшінші мегаполисте «Қазақстан – біздің үйіміз!» акциясы басталды. Экологиялық акцияны Әл-Фараби ауданы әкімдігі Қошқар ата өзені бойын тазалаудан бастап, оған тазалық мекемелері, жоғарғы оқу орындарының студенттері, ІІМ оқу орталығының сарбаздары және қала тұрғындары атсалысты.

DSC 8435

– Қошқар ата өзені қалалықтардың ғана емес, сырттан келген қонақтардың да демалатын орнына айналды.

Сондықтан өзен бойының таза болуы маңызды, - дейді акцияға қатысқан Жастар орталығы жанындағы еріктілер мектебінің мүшесі Ж.Ашимова. Аталған мектептен акцияға 50-ден аса жас қатысқан.

- Қаланың тазалығына аудан тұрғындары белсенді қатысып, демалыс аймағын ретке келтірді. 10-нан аса техника жұмылдырылды. Акция бір айға созылып, ауданға қатысты барлық аймақтарда тазалық жұмыстары жүреді, - деді Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов.

Аудан әкімі шымкенттіктерді қаланың көркеюіне үлес қосып, әрбір көше, аулаларды таза ұстауға шақырды.

Шымкентте 1128 дәрігер «Ауруларды басқару бағдарламасы» бойынша біліктілігін арттырып, жалақылары 20 пайызға өсті.

DSC 6143

Бұл туралы еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов бастаған жұмысшы топтың үшінші мегаполиске жасаған іс-сапары кезінде айтылды. Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова күтіп алған министрлік өкілдері қаладағы бірқатар медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты.

Министрлік өкілдері көпсалалы №2 аурухана мен қалалық №6 емханаға барды. Сала мамандары №6 емханада «Триаж» жүйесінің жұмыс істеу тәртібі, шұғыл медициналық көмек көрсету, күндізгі станционар жұмысы және қызметкерлердің «Ауруларды басқару бағдарламасы» бойынша жұмыс істеу тәртібімен танысты. Аталған бағдарлама бойынша медициналық ұйымда да 150 медицина маманы оқыту курсынан өтіп, жалақылары 20 пайызға көтерілген.

Жұмысшы топ бұған қоса қалалық диагностикалық орталықта медициналық қызмет көрсету стандарты сынды бірнеше тақырыптар бойынша семинар өткізді.

139 нысан заңға қайшы жұмыс істеуде

Пятница, 05 Апрель 2019 05:35

56457712 2194884404157847 3150049939690618880 n 1

Шымкентте рұқсат құжаты жоқ қоғамдық 139 нысан жұмыс істеп тұр. Өз қызметінің басталғаны туралы хабарлама бермеген мейрамхана, тойхана, кондитерлік цехтардың тізімі ақпараттық порталдарда жарияланғанымен, ешбірі құжат алуға асықпаған. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мәлімдеді.

– Республикадағы маңызы бар үшінші қала болғандықтан, талаптың да деңгейі соған сәйкес болуы қажет. Халықтың саулығы бірінші кезекте екенін ескерсек, тамақтандыру орындары заң талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Жаз мезгілі жақындап келеді, сол себепті өткен жылы балмұздақтан улану секілді жағдайлардың қайталанбағаны дұрыс. Бүгінгі таңда аталған 139 нысан заңға түбегейлі қарсы жұмыс істеуде. Кәсіпкерлердің жауапсыздығынан ешқандай құжаты жоқ. Ол орындардан қазірдің өзінде қаншама тұрғын тамақтанып, тапсырыс беруде, - деді Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әбдіманап Төлебаев.
«Қара» тізімде «Батырхан», «Бақсарай» тойханасы, «Империал» секілді мейрамханалар бар. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тұрғындарға тізімге іліккен орындарда тамақтануда сақ болуды ескертеді.
Брифингте қоғамдық тамақтандыру бойынша кәсіп ашқан азаматтар да шақырылып, оларға рұқсат беру құжатының маңыздылығы түсіндірілді. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті кәсіпкерлерге түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін қажетті құжатты алудың электронды форматын да әзірлеген. Басқосу барысында осы ақпараттар жайында парақшалар таратылды.

Тұңғыш балалар жәрмеңкесі

Среда, 03 Апрель 2019 04:02

Шымкентте балаларды кәсіпкерлікке баулу жұмыстары басталды. Мегаполисте алғаш рет «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен балалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

DSC 5139

Арбатта өткен жәрмеңкеде 6-14 жас аралығындағы 100-ге жуық жеткіншек өздері жасаған тауарлары мен бұйымдарын ұсынды. Солардың бірі - Марсел Ділдабаев анасымен иіс сабын қайнатуды үйреніп жүр. Жәрмеңкеде өзі жасаған сабындарды сатуға болатынын естігенде тіптен қуанған.

– Сабыннан әртүрлі жемістің иісі шығады. Келе сала екеуін сатып үлгердім, - деді балақай.
Жәрмеңкенің мақсаты - балаларды кәсіпкерлікке баулу. Осылайша олар бір күн бойы өздерін кәсіпкер ретінде сезініп көреді.

– Балаларды кәсіпкерліктің негізіне үйретуді мақсат етіп отырмыз. Мұнда олар кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысады, еңбекті бағалауға, қадірлеуге үйренеді әрі жұмыс істеуге қызығушылығы оянады.

Бұл жеткіншектердің өрісін шығармашылық әрі бизнес жағынан бірге дамытатын жоба. Мұндай жәрмеңкелер әлемнің 100-ден астам елінде өткізіледі, – деді «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкені аралап көріп, балалардың еңбегімен танысты. Б.Нарымбетов жәрмеңкеде алғаш болып 7 жасар Арина мен 9 жасар Әлімжанның қолөнер бұйымдарын сатып алды.

Айта кетейік, Қазақстанда бірінші болып Шымкентте өткен жәрмеңкеде балалар 225 мың теңге табыс тапты. Олар бұл қаржының 10 пайызын «Жануарларға арналған екінші үй» қайырымдылық қорына аударды.

Шымкентте көп балалы аналарға қызмет көрсететін орталық өз жұмысын бастады. Бұған дейін қалада аналар кеңес сұрап, құжат өткізетін мекеме біреу ғана болса, енді төрт ауданнан бөлімше ашылып отыр.

Без имени-1

Шымкенттік Мөлдір Жақыпбекова – төрт баланың анасы. Көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау жасалады дегенді есітіп, орталыққа келгенін айтады.

– «Өрлеу» бағдарламасы бойынша құжат тапсырған болатынмын. Енді әр балаға 21 мың теңге берілетінінен хабардар болып, кеңес алуға келдім. Мамандар қажетті ақпаратты түсіндіріп берді, - дейді көп балалы ана.
Еңбекші ауданы бойынша Қапал батыр көшесінен ашылған орталықта келушілер үшін ыңғайлы жағдай жасалған. Күту залында аналар емін-еркін отыра алады.

– «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII cъезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты мемлекеттік бастамалар тапсырды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың қолдауымен төрт ауданнан орталық ашылды. Қазір аналарға құжат тапсыру барысы түсіндірілуде. Ал 1-30 сәуір аралығында әлеуметтік көмек алу бойынша құжат қабылдау басталады, - деді қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова.

Айта кетейік, Шымкентте 30 мыңға жуық көпбалалы аналар бар. Енді көп балалы аналар әлеуметтік көмек алу үшін кеңес алып, құжат өткізуде өз аудандарында ашылған орталықтарға бара алады.
Орталықтардың мекенжайы:

Еңбекші ауданы бойынша – Қапал батыр көшесі, н/ү;
Абай ауданы бойынша – Мәделі қожа көшесі, н/ү (халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты);
Әл-Фараби ауданы бойынша – Ш.Қалдаяқов көшеі, 13А;
Қаратау ауданы бойынша – Бәйдібек би көшесі, н/ү.

Шымкент қаласындағы әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығына 2018 жылы 10 мыңға жуық адам келіп, аралаған. Бұдан бөлек 100-ге жуық шетелдік турист қазақтың дәстүрімен танысты. Көнеден келе жатқан дәстүрімізді жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан орталық жұмысымен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында танысып қайтқан едік.

DSC 9041

Мегаполис қалада мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының жұмыс істеп келе жатқанына биыл бесінші жыл. Мұнда жылына ұлттық дүниелерді дәріптейтін 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, дейді орталық өкілдері.

– Біздің орталықта қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ел арасында, жастарға үлгі етіп дәріптеу, насихаттау жұмыстары жыл-он екі ай толастаған емес.

От басы - ошақ қасынан басталатын тәрбиелік мәні бар, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді балабақшадан бастап, мектеп, жоғарғы оқу орындарында насихаттап, оны дамытуға үлес қосып келеміз, - дейді орталықтың директоры Жәнібек Тағаев.

– Кеңестік дәуір, одан кейін ғаламдық жаһандануға әдеп-ғұрпымыз жұтылып, жастар түгілі орта буынның өзі талай дүниелерді ұмытып жатыр. Мәселен, «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртып, бүгінде оны өңірімізде жыл сайын тойлау дәстүрге айналды.

DSC 9089

Сол секілді мүлдем қалыс қалған «Түйемұрындық» дәстүрін жастарға көрсетіп, мағынасын түсіндіріп, оған көзкөрген қарияларды тартып, керемет іс-шара ұйымдастырдық.

Салт-санамыздың барлығының түп-төркінінде тәрбиенің қыр-сыры, мән-мағынасы жатыр, сондықтан құрғақ сөзбен емес, ас болса, дайындап көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасап, дәстүрлерді шынайы көрсетуде бізде басымдылық берілген, – дейді орталық басшысы.

Орталықта «Қызға қырық үйден тыйым» атты сырласу сағатында қыздар тәрбесіне қатысты тағылымдық әңгіме өтсе, «Биік болсын шаңырақ» тренингінде жастарға киіз үйдің жабдықтары таныстырылып, оны тігу үйретілді, ал «Дәстүрге берік отбасы», «Жақсы келін – ырысың» байқауларында ұмытылған дәстүрлер қайта жаңғырған.

«Ұлттық киімдер» жобасының нәтижесінде ұлттық киім үлгілері топтастырылған, үш тілді кітап жарыққа шыққан.

124 жәдігерді сыйға тартқан

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында келушілердің қызығушылығын тудартын дүниелер – ұлттық жәдігерлер. Мекеменің ғылыми қызметкері Райхан Алтыбаеваның айтуынша, ондағы құнды дүниелерді ел арасынан жинау оңайға соқпапты.

– 2017 жылы 133 жәдігер жинақталды. Оның 9-ын сатып алсақ, 124 жәдігер сыйға берілді. Ауыл-аймақтарды сапарлап, салт-санамыз бен тұрмыс-тіршілігіміздегі ғұрыптарды зерттеу барысында көптеген қариялар көне заттарды орталыққа сыйға тартты, – деді Р.Алтыбаева.

DSC 9140

Бүгінде мекемедегі жәдігерлер қатарын көне заманғы келі-келсап, оюланған жүк сандық, бөгребас сандық, кебеже, асадал толықтырған. Маман ұлттық салт-дәстүр залында келушілердің қызығушылығын арттыруда жәдігерлер үнемі жаңарып отыратын айтады. Бұл үшін мұражайлар, қолөнер шеберлері, зергерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін жеткізді.

Ұлттық салт-дәстүр залында тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы ғұрып, салттар мен жөн-жоралғы, мәдени тұрмысымыздан хабар ететін этнографиялық, қолөнер бұйымдары, жастарды ерлік рухта тәрбиелеуде жәдігерлердің таңдаулы үлгілері қойылған.

– Ас сандығы – өткен ғасырдың басынан қалған ең көне затымыз. Сандықтың түрлері өте көп. Мысалы, бөгребас сандыққа киіз үй ішінде не көшіп-қонғанда тек ыдыс-аяқтар салған. Ас сандықты Гүлмира Баймұратова деген азаматша сыйға тартты, – деді ғылыми қызметкер.

Ал Достық залында 20 этно-мәдени бірлестіктің экспонаттары қойылған. Олардың негізін ұлттық музыка аспаптары, тұрмыстық бұйымдар мен арнайы әдебиеттер құрайды.

Жаңа бастама – жастар сейілі

Орталық ұжымы қолға алған үлкен жобаларының бірі – жастар сейілі дәстүрі. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрдің озығы мен тозығын үйлестіріп, «Ақ отау» жастар сейілін тұңғыш рет қолға алған.

– Қазіргі жас жұбайлардың той салтанаты, тойға дейінгі атқарылатын жөн-жоралғысы, сейілі шетелден келген негізсіз кірме салтпен араласып жүр. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған көне салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, жастарға арналған заманауи үлгідегі дәстүрге ұластыру және оны кеңінен насихаттау – бүгінде кезек күттірмейтін мәселе.

Дәстүрге сәйкес жас-жұбайлар түтіндеткен техника мен даңғаза әуендерден бас тартып, күймемен жүреді, қазақтың күмбірлеген домбырасынан халық, дәстүрлі әндер шырқалады, - деп жеткізді жаңа бастаманы орталық басшысы Жәнібек Тағаев.

Орталықтағы цифрлы технологияның көмегімен келушілер қазақтың ғұрпымен арнайы түсірілген деректі фильмдермен таныса алады. Мекеменің жетістігінің бірі осы. Кез келген салтымызды осы қондырғы арқылы еркін көруге болады.

Онда сарқылмас қазынамызға арналған 40-тан астам және өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрін насихаттайтын 7 туынды бар.
Ұлтымыздың әлі де кең танылмаған, ұмытыла жаздаған ғұрыптары мен дәстүрлері аз емес.

Орталық жетекшілері алдағы уақытта еліміздің өзге аймақтарына сапарлап, асыл қазыналармызды жинақтау жұмысын жоспарлауда.

Страница 8 из 29