Шымкентте трансплантолог-дәрігерлер тағы бір азаматтың бауырын алмастырған ота сәтті өтті. Осы кезге дейінгі оталар 13-18 сағатқа созылса, бұл жолы білікті дәрігерлер операцияны 5 сағат 48 минутта жасады.

роща трансплантологтар

Жергілікті мамандардың жетістігі

Күрделі отаны Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың мамандары – бас дәрігер Абылай Донбай, трансплантолог-дәрігерлер Тайбек Садықов, Сәбит Байтеміров, Дәурен Қабылов, Ұлжан Мұханова және Рахымжан Үмбетжанов жасады.

Аурухананың №3 хирургия бөлімінің дәрігері Рахымжан Үмбетжановтың айтуынша, бұл жолғы емделуші 38 жастағы азамат 9 жылдан бері гепатиттің Б және Д түрімен ауырып келген. Алматыда және Нұр-Сұлтандағы ауруханаларда емделгенімен, кеселіне шипа табылмайды, ал Алматыда дәрігерлер трансплантация жасаудан бас тартыпты.

Шымкентте қиын отаның бұл түрін жасап жүрген білікті дәрігерлер туралы естіп, жолы қалалық №1 клиникалық ауруханаға түседі.

– Науқас бізде толық медициналық тексерілуден өтті. 1985 жылы туған жиені донор болды. Науқасқа ота жасамас бұрын денсаулығында кінараттар анықталды. Оның бауыр ферменттері жоғары еді. Сондықтан отаға дейін пациент ауруханада жатып, емделді. Білікті дәрігерлердің еңбегінің нәтижесінде науқасқа екінші өмір сыйладық деуге болады.

Ауруханамыздың бас дәрігері Абылай Дөңбайдың еңбегін атап өткім келеді. Ол бауыр мен бүйрек ауыстыру операциясын өз бетінше үйренген еліміздегі бірден-бір дәрігер, – дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Бүйрегіңізге абай болыңыз!

№1 клиникалық аурухана базасында 2013 жылдан бері 145 бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалған. Дегенмен, мамандардың дерегінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 700 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұр. Ақ халаттылар олардың саны күн санап артып жатқанына алаңдаулы. Дерттің алдын алудың қарапайым жолын маман былай түсіндірді.

– Ең басты себебі ангинадан бастау алады. Бұл стрептококк қоздырушы қан арқылы бүйрекке жетеді. Сосын ағзада антитела бөлініп, инфекцияны жоюға әрекет еткенде, бүйректі зақымдайды. Мұны гломерулонефрит деп атайды. Қазіргі таңда біздің өңірдегі жастардың 70 пайыздан астамы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан.

Алдын алу үшін адам кішкене кезінен бастап, егер жылына үш рет тамағы ауырса, тез арада тамақ безін алып тастау керек. Әйтпесе, мұны соңы дертке ұласып, бүйректі алып тастайтындай жағдайға жеткізуі мүмкін.

Жеті адамға өмір сыйлады

Рахымжан Үмбетжанов мәйіттік донор мәселесін тағы қозғады. Трансплантологтар бір мәйіттік донор жеті адамды құтқарып қалады, дейді. Көз қарашығы, өкпе, жүрек, ұйқы безі, екі бүйрек және бауыр ауыстыруға қолайлы ағзалар қатарына жатады. Бауырды, тіпті, екіге бөліп, екі адамның өмірін сақтап қалуға болады, дегенді алға тартады.

– Біздегі өзекті мәселе – донорлық. Егер мәйіттік донор дамитын болса, күнде трансплантация жасауға дайынбыз. Сонда қаншама адамды өлімнен құтқарып, қаншама адам отбасына оралып, мемлекетімізге пайдасын тигізген болар еді, - дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Өңірімізде аурухана базасында мәйіттік донор арқылы трансплантация бір рет қана жасалған. 2017 жылы 25 жастағы азаматша 7 шымкенттік тұрғынға өмір сыйлапты. Олардың барлығы бүгінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында, денсаулықтары жақсы.

Шетелдіктер сенім артуда

Шетелдік азаматтардың шымкенттік дәрігерлердің көмегіне жүгінуі еліміздің медицина саласының негізгі жетістігі деп нық сеніммен айта аламыз. Трансплантологиялық операция жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар.

Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Бастысы – мұндағы мамандар да білікті.

– Ауруханада трансплантация әлемдік деңгейде жасалады. Қазірдің өзінде Израиль, Австрия, Украинадан келген шетелдік азаматтардың азғасы ауыстырылды. Бұған қоса олардың келуіне біздегі кезектің аздығы және ота бағасының арзандығы себеп болуда.

Айта кететіні, біздің дәрігерлер туыстық донор арқылы да, мәйіттік донор арқылы да трансплантацияны жасай береді. Бірде итальяндық әріптестер ағза алмастыру бойынша шеберлік сабағын өткізуге келген болатын. Бірақ олар тек мәйіттік донор бойынша ғана жасай алатын болып шықты. Содан біз Елордадан Абылай Дөңбайды шақырдық.

Ол сол кездері Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада жұмыс істейтін. Сөйтіп, туыстық донор арқылы операция кезінде Абылай Әбдіжаппарұлына шетелдік әріптестер тек ассистент болғаны бар, – деді хирург-трансплантолог Р.Үмбетжанов.

...Сөз соңында дәрігердің мына сөзін айтпай кетпеуге болмас. «Өз басынан өткерген адам ғана денсаулықтың қадірін біледі. Таяуда ауруханада 1972 жылғы азаматтың бүйрегін алмастырдық. Науқас 12 жыл бойы күнара диализге баратын. Оған баласы донор болып, бір бүйрегін берді. Сөйтіп, он жылдан соң өздігінен дәрет сындырған әлгі азаматтың «Бақыт деген осы екен ғой» деген сөзі, бәлкім, көпшілікке ой салар».

Шымкентте Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Жүрек жылуы» көрмесі өтті. Қала әкімдігі мен «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрмеге арнаулы әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдар қойылды.

IMG 20190504 094718

Іс-шараға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай және халық қалаулылары қатысты. Қонақтар көрмені аралап, балалардың еңбегімен танысты. Өздеріне ұнаған туындыларын сатып алды.

– Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің шығармашылық өнеріне қолдау жасау.

Қолөнер бұйымдарын сату арқылы балаларда ары қарай кәсібін дамытуға да мүмкіндігі бар, – деді «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Кобланова.

Ел ағалары қатысушылардың шеберлігін атап өтіп, шығармашылықтарына табыс тіледі. Көрме барысында шеберлер арнайы сабақ өткізді. Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, белсенді қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

...1945 жыл. Берлин. Рейхстагқа Жеңіс туын тігу үшін қиян-кескі соғыс жүріп, сарбаздарымыз жаумен жанқиярлықпен соғысып жатты. Талай жауынгердің қаны төгіліп, өмірі қиылды. Бірақ Кеңес әскері табандылық танытып, жеңіске жетті. Осы тарихқа куә болып, Берлинде Жеңіс тойын тойлағандар қатарында шымкенттік Дәрменбек Садыбаев қария да болды.

ардагер ата 1

Дәрменбек Садыбаев 1923 жылы Түркістан қаласында туған. 1941 жылы әскерге шақырылғанда ол небәрі 18 жаста болды.

– Соғыс басталғанда комсомол билетімен шақырды да военкоматқа да емес, аудан орталығынан тіке соғысқа аттанып кеттік, - деп бастады әңгімесін Дәрменбек қария.

– №408 атқыштар полкінің құрамында Дон өзені жағалауында майдан шебіне жіберді. Ары қарай Белоруссия, Украина, Польшаны азат етуге қатыстым. «Соғыстық» деп қазір әңгімелеп айтамыз.

Бірақ, қан майданда қар кешіп, мұз жастанып, жан алып-жан беріп шайқасқан күндер еске түскенде жүрек шымырлап қоя береді. Жаудан қалаларды азат еткенде әр адым жерде қаншама адам қырылды. Берлинді алуға қатыстым.

Рейхстагқа шабуылға қатыстым. Екі рет жараландым, - деп Дәрменбек ақсақал соғыстағы күндерін еске алды.

Батыр жаралы қолымен майдан шебіне қайта оралады. Соғыс даласында фашист танкілерінің көзін жоятын рота құрамында атқыш болады. Батылдық, қайсарлық қанында бар жауынгер жауға қарсы 4 жыл ерлікпен күреседі.

І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері – осы ерліктерінің марапаты. Бұдан кейін де көзсіз ерліктері үшін майдангер талай рет марапатталды. Бүгінде кеудеге толған әрбір медаль-орденнің өз тарихы бар.

Дәрменбек Садыбаев туған өңірге 1947 жылы оралады. Елге келісімен жалындап тұрған азаматты Жамбыл облысының Красногор ауданына прокурор етіп қызметке тағайындайды. Жамбыл облысында прокуратура саласында жиырма жылға жуық абыройлы еңбек етіп, сосын Шымкентте адвокаттар алқасында төраға қызметін атқарады.

Еңбек жолын құқық қорғау саласына арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылып жүрді.

Әл-Фараби аудандық заң кеңесінің төрағасы болған білікті басшы азаматтарға құқықтың кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп, қаншама жас заңгерлерді тәрбиелеп шығарды.

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері Дәрменбек қария 96 жасқа толды.

– Соғыс жылдарынан кейін заң саласында еңбек еттім. Еңбектің жемісін тер төккен адам ғана көреді. Өз ісіңе адал, жан-жағыңдағы адамдарға жанашыр болып, қолдау көрсетіп жүру бағыңды еселендіріп, беделіңді асқақтатады. Дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенмен, зары өшкен емес, зардабы өшпек емес.

Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама. Сондықтан бейбіт күннің қадіріне жетейік. Бір ғасырдың куәсі болдық. Ашаршылықтың дәмін сездік, соғыстың зардабын көрдік. Қазақстанның тәуелсіздігінің атқан таңын көруді де Алла маңдайымызға жазыпты. Ендігі арман ұлтымыздың татулығы мен тыныштығы мәңгілік болса деймін, –деп қарт майдангер ақ батасын берді.

...Кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда жасаған ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталып, дастандай жалғаса береді.

Үшінші мегаполис тұрғындары 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, құқық қорғау органдары, әскери бөлімнің қызметкерлері мен осы саланың ардагерлері қатысты.

121221

– Бұл мереке – батырлықтың, отансүйгіштіктің мерекесі. Халқымыз елінің, жерінің қорғаны болған батырларын ерекше ардақтап, құрмет тұтқан. Елдегі әскери күшіміздің мығым болуы үшін көптеген жұмыс істелуде.

Солардың бірі - Шымкентте алдағы уақытта әскери комиссариат ғимараты, Жас Ұлан мектебі салынады. Қазір олардың жобасы дайындалуда.

Сонымен қатар полиция департаменті және өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаттығатын спорт кешені салынады. Әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жүйелі шешілуде, - деді қала әкімі
Ғ. Әбдірахымов.

Салтанатты жиын барысында қала әкімі ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, полиция қызметі, төтенше жағдай салалары мен әскери бөлімдердің үздік қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Бағдарлама соңы өнерпаздардың концертіне ұласты.

Шымкентте «25 қонақ дәріс» жобасының тұсауы кесілді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылған жоба бойынша алғаш болып Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қонаққа шақырылды.

123333

Қала әкімі «Көшбасшы болу үшін қандай қасиеттер қажет?» деген тақырыпта дәріс оқып, оған 45 мемлекеттік қызметші қатысты.
– Мен профессор немесе ғалым емеспін.

Бірақ жылдар бойы ұстаздарым, басшыларымнан алған өмірлік сабағым, мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибелеріммен бөліскім келеді, - деп бастаған Ғабидолла Рахматоллаұлы жетістікке жету әдістерімен бөлісті.

– Көшбасшы болатын тұлғаның бойында тәртіп, өзін бақылауда ұстау, еңбекқорлық, батылдық, оптимист, жаңалықтан қорықпау, сенімділік, қол астындағы қызметкерлеріне ашық та әділ болатын қасиеті болуы қажет.

Сонда ғана тұлға болатын азаматтың мақсаты айқын, жұмысы алға жылжиды.

Асанбай Асқаров секілді көреген басшылардың еңбегінің нәтижесінде қаламызда зообақ, дендросаябақ секілді ірі нысандар салынып, аты тарихта қалғанын еске алған әкім «Қалада қазір салынып жатқан Шымкент Сити – батыл шешімнің нәтижесінде дүниеге келген жоба.

Ал оны алғаш таныстырғанда кейбір азаматтар түсінбеген еді», деп атап өтті.

Төрт тілді жетік білетін Ғ.Рахматоллаұлы мемлекеттік басқару істері жөніндегі агенттікте бас маман қызметінен бастаған еңбек жолынан бүгінгі үшінші мегаполисті басқарған сатыларына дейінгі тәжірибесімен бөлісті.

«Білімді болу – үлкен қару. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрдайым өзін дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана жетістікті бағындыра алады», – деді қала әкімі.

– Үш жылда Шымкент қаласы мүлде өзгереді. Стадион, теміржол вокзалы, жаңа шағынаудандар, қаржы орталығы салынып, Қошқар ата өзені жаңа кейіпке енеді. Сол кезде Шымшаһардан ешкім кеткісі келмейді.

Адал қызмет ете отырып, қаланы дамуына бірлесе атсалысайық! – деген Ғ.Рахматоллаұлы мемлекеттік қызметкерлерді халыққа қызмет етуге шақырды.

Айта кетейік, Шымкенттегі 53 мемлекеттік органда 2078 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді.

12122

Бөбектер үйі – мейірім мекені

Среда, 24 Апрель 2019 04:27

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Асхан Байдувалиев мегаполистегі медициналық ұйымдардың жұмысымен танысуда. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова мен қаланың бас дәрігері мамандандырылған бөбектер үйіне келді.

57462848 2177668435878687 275001099490951168 n

Мамандандырылған бөбектер үйі жетім балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған денсаулық сақтау мекемесі саналады. Мұнда балалар туылғаннан төрт жасқа дейін тәрбиеленеді.

Қала әкімінің орынбасары мен басқарма басшысы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайымен танысып, арнайы топтар мен емдік-дене шынықтыру кабинеті, монтессори, физио кабинеті мен оқшаулау бөлмесінің жұмысын көрді. Мекемедегі дәрігерлер, логопед, массаж, психолог, монтессори педагогтары соңғы уақытта енгізіліген емнің жаңа әдістері жайын таныстырды.

Үшінші мегаполистің медицинасында пысықтар тұстар жеткілікті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қалалық денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, оңалту орталықтары және мемлекеттік, жекеменшік медициналық мекемелердің басшыларымен өткізген жиналыста мәлімдеді.

DSC 7931

Күйік шалған бала. Дөрекі дәрігер. Біліксіз маман. Ана мен бала өлімі өскен мекемелер. Бұл тығырықтан шығар жол қандай? Басқосуда айтылған мәселелерді саралап көрсек.

Емханаларға шағым көбейген

– Әр аптаның сәрсенбісінде маған қабылдауға жазылған азаматтардан келетін шағымдардың басым бөлігін емханалардың жұмысына көңілі толмайтындар құрап отыр. Бұдан бөлек, қаладағы екі-үш медициналық ұйымды аралап көргенімде көптеген келеңсіз жәйттерге куә болдым, - деп бастады Шымкент қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Гүлжан Құрманбекова.

– Емхана-ауруханалардың ауласынан бастап санитарлық тазалық сын көтермейді. Көгалдандыру-абаттандыруға мән берілмеген. Мекемелердің маңын заңсыз сауда жайлаған. Еліміздегі үшінші маңызы бар қала атандық. Ия, талаптар күшейді. Денсаулық сақтау саласындағы реформалар бар, жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Сіздердің жұмыстарыңызды жоққа шығармаймыз.

Еңбектеріңіз көп. Дегенмен кейбір қарапайым нәрселерге көңіл бөлмегендіктен, соңы үлкен проблемаларға ұласуда. Осы басқосуда кемшіліктерді саралап, ұсыныстарыңызды тыңдап, мәселелерді бірлесе шешсек, - деді Г.Құрманбекова.

Басқосуда Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы емханалар мен ауруханалар арасында жасаған рейтинг қорытындысы тыңдалды. Ондағы деректерге сүйенсек, ана өлімі бойынша 4 жағдай тіркеліп, ол № 2,7 және 11 емханаларда орын алған.

20190115164741

– Бала өлімі көрсеткіші бойыншабылтырмен салыстырғанда № 4, 5, 6, 8, 10 емханалар және қалалық №2 ауруханада өскен. Қазір аталған медициналық ұйымдардың бас дәрігерлеріне тәртіптік шара көрілді, - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ғалымжан Абишев.

Инсульт орталығы жетіспейді

Жалпы алғанда Шымкентте 97 медициналық ұйым бар, оның 33-і мемлекеттік, 64-і – жекеменшік емхана. Республикада маңызы бар үшінші қала статусын алған соң шаһардағы денсаулық сақтау мекемелерінің біразы қала меншігіне өткені белгілі. Осыдан кейін мамандар аурухана-емханалардың жағдайына саралау жұмыстарын жүргізген.

– Қаладағы медициналық ұйымдардың ғимараты тозып, құрал-жабдықтар ескірген. Биыл бес емхана ғимаратын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу жоспарланған. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы қызмет көрсетуде цифрландыру жүйесінің маңыздылығы зор десек, емханаларды компьютермен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. Қазіргі ең өзекті проблема - мамандардың жетіспеушілігі.

Анестезолог-реаниматолог, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігер, неанотолог, акушер-гинеколог, инфекционист мамандар қажет. Сонымен қатар, қан айналым жүйелері бойынша өлім көрсеткішін азайтуда қалада инсульт орталығы жетіспейді. Әзірге ол қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында біреу ғана. Ал қалаға сондай 4 орталық қажет, - деді Ғалымжан Абишев.

Тағы бір мәселе ретінде сала басшысы қалада дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүлдем қаржы қарастырылмағанын тілге тиек етті.

Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әбдіманап Төлебаев «Біздің бағыт шара көрумен шектелмейді. Түрлі деңгейдегі бұйрықтарды түсіндіру, оны орындау жолдарын бірлесіп атқарсақ» деген ұсыныс айтты.

Бір ай уақыт берілді...

Гүлжан Құрманбекова ақ халаттылармен жұмыс істеудің жаңа тәртібіне көшті. Әрбір мекемеге «Жол картасын» жасап, оған атқарылуы тиіс маңызды жұмыстардың тізімін енгізуді тапсырды.

– Бір ай уақыт беріледі. Сосын мекемелердің барлығын ерінбей аралаймын. Маған келген шағымдарда тұрғындар дәрігерлерді таппайтынын және бас дәрігерлермен кездесе алмайтынын жеткізді. Сол себепті халықпен жақын жұмыс істеуді тапсырамын. Олардың әлеуметтік желідегі сауалдарына дер кезінде жауап беріңіздер. Және өздеріңіз де әлеуметтік желілерге тіркеліп, жағдайды бақылауға алыңыздар, - деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан бөлек, ақ халаттылардың біліктілік жағдайы сөз болды. Қалалық жұқпалы ауруханасында болған жағдайдан кейін медициналық қызметкерлерді аттестациядан өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал мамандардың біліктілігін саралау жергілікті емес, республикадан келген мамандарға жүктелуі мүмкін.

Шымкентте екі бірдей әлеуметтік жоба іске қосылды. «Қайнар» бизнес орталығында кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнес-Супермаркет» және «E-Commerce Center» орталығы ашылды.

57059769 2203211879991766 3895266567008550912 n

Оның салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.

– Бұл – әкімдік, «Қазпошта» АҚ және «Shymkent» ӘӘК» бірлесіп қолға алған жоба. Аталған екі орталықта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау бағытында заманауи қызмет түрлері көрсетіледі.

Мұның аясында «Мен кәсіпкер боламын» атты әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытатын ең маңызды жоба іске қосылады. Оған бюджеттен биыл 600 млн теңге қарастырылды.

Кәсіппен айналысуға қабілетті және ынтасы бар шымкенттік әйелдер мен жастар үшін жаңа кезең басталды. Бұл жоба бойынша бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін жыл сайын көбейтіп отырамыз.

Сондықтан жастарды, қыз-келіншектер мен аналарды кәсіпкер болуға шақырамын, – деді қала әкімі.

Қала басшысы инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін «Бизнес-Супермаркет» пен электрондық коммерцияға жәрдемдесетін «E-Commerce Center» орталығын аралап, жұмысымен танысты. Орталықта клиенттерге қолайлы жағдай жасалып, келіссөздер үшін арнайы зал қарастырылған және call-орталық жұмыс істеп тұр.
Ғабидолла Рахматоллаұлы «Интернет дүкен: оны қалай құруға және қалай дамытуға болады» деген тақырыптағы семинарға қатысты. Онда бизнеске қызығып жүрген азаматтарға орталықтың қандай тиімділігі бар, қандай баспалдақтардан өту қажет, мемлекеттен берілетін көмек түрлері, соңғы уақытта әлем бет бұрған «онлайн-дүкен» жайында ақпараттар берілді.

«Бизнес-Супермаркет» - инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді

57088099 310854209594686 7282656356526456832 n

Жаңа орталықта кәсіпкерлер мен инвесторларға бизнесті құрудың барлық кезеңдерінде әдістемелік көмек беріледі, – деп түсіндірді «Shymkent» ӘӘК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов. – Мұнда электронды форматта «бір терезе» қағидатымен қызмет алуына жағдай жасалған.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер заңгерлік, бухгалтерлік, бизнес-жоба, бизнесті сүйемелдеу қызметтерін, «Атамекен» ӨКП-ның қызметтерін, ХҚО-ның қызметтерін, «Даму» КДҚ» АҚ ӨФ-ның, кедендік қызметтерді, логистика және рұқсат құжаттары бойынша және Шымкент қаласы әкімдігінің қызметтерін ала алады.

«Кәсіпкерлерге бұған дейін де мұндай қызмет көрсетілді, жаңа орталықтың ерекшелегі неде» деген сауалымызға басқарма төрағасы былай деп жауап берді:

– Орталықтың артықшылығы бұрын кәсіпкерлер идеяларымен келетін болса, енді мұнда дайын жобалар да бар. Сол жобамен кәсібін дамытуға мүмкіндік беріледі.

Екіншіден, қалада 75 мыңнан астам кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігін сауда-саттық жасап, кафе-дүкендерінен қаржы тауып отырғандар құрайды.

Қарапайым ғана мысал, қалада көптеген азаматтар қатарынан дүкен салып, сол арқылы нәпақысын айыруға тырысуда. Алайда, олардың көбісі бәсекелестікке шыдамайды, жабылады, сауда тоқтайды дегендей.

Ал жаңа ашылып отырған жобамызда сол кәсіп ашқандарға бәсекелестікті азайту үшін бағыт-бағдар бере аламыз, деп Рашид Аюпов орталық қызметінің тағы бір пайдалы тұсын атап өтті.

«E-Commerce Center» орталығы

«E-Commerce Center» – электрондық коммерцияға жәрдемдесетін орталық. Бүгінгі күні дүниежүзілік сауданың 60%-нан астамы электрондық саудаға ауысқан.

«Shymkent» ӘӘК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов сауданың заманауи бұл түрі Шымкентте әлі қолға алынбағанын алға тартты. Қазір осы бағытты дамытуға күш салынуда.

«Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, өткен жылы Қазақстанда электрондық коммерция айтарлықтай өрге басқан.

Нәтижесінде нарықта ол 300 млрд. теңгені құрап, елімізде жеткізілген сәлемдемелер көлемі шамамен 35,1 млн данаға жеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. Интернет-сатып алушылардың жалпы көлемі өткен жылы 2,3 миллион адамға жеткен.

– «E-Commerce Center» Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қаласынан кейін республикада төртінші болып ашылып отырған орталық. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер тауарларын онлайн-дүкен арқылы сатуға мүмкіндігі бар.

Тіпті бұл арқылы дүниежүзілік нарыққа шыға алады. Өзінің тауарын сатады не сатып алады. Егер кәсібін онлайн-дүкен арқылы дамытқысы келетін кәсіпкер болса, орталыққа келеді.

Біз интернет-сайт ашып беруге, сол арқылы тауарын нарыққа шығаруға және жеткізу логистикасын қамтамасыз етуге көмектесеміз, – деді «E-Commerce Center» департаментінің директоры Бек Арпабаев.

Осы тұста өткен жылдан бастап Қазақстанда интернет-дүкендер үшін 5 жылға КТС-ты (корпоративтік табыс салығы) және ЖТС-ты (жеке табыс салығы) алып тастау түрінде салықтық артықшылықтар қолданысқа енгенін айта кетейік.

Мамандар келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда бүгінде электрондық коммерция саласына 1700 кәсіпкер тартылса, Шымкентте бұл бойынша қазірдің өзінде 150 кәсіпкер оқудан өтіпті.

«Мен кәсіпкер боламын» жобасы іске қосылды

«Қайнар» бизнес орталығында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы да іске қосылды. Бұл Шымкент қаласында жастар және әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Оған қаланың жастары мен әйелдер қатысып, мынадай 5 бағыттағы кәсібін дамытуға көмектеседі.

1.Жастар және әйелдер кәсіпкерлігіне 1% жеңілдікпен несие беріледі. Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін;

2. Мини-агрофермаларды ұйымдастыруға жер учаскелерін беру;

3. Көше саудасы объектілері үшін жер учаскесін беру. Мұнда қызмет көрсету (әсемдік салоны, аяқ киім шеберханасы, ателье, көлік жөндеу) және сауда (көкөніс, азық-түлік, газет, кәдесый, гүл сатуға) жер телімдері беріледі.

4. Электронды коммерцияны ынталандыруға қаржыландыру.

5. Франшизаны қаржыландыру. Франшиза сатып алу шығындарын 1 млн теңгеге дейін өтейді.

Толық ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласуға болады: Шымкент қаласы, Бəйдібек би даңғылы, «Қайнар» бизнес орталығы, (Бəйдібек би ескерткішіне қарама-қарсы).

Байланыс телефон: 39-20-22, 39-33-25

Страница 7 из 29