Татулық пен тұрақтылық – басты құндылық
Среда, 03 Май 2017 05:17Елдегі достық пен өзара түсіністіктің шынайы көрінісін ұлықтаған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Шымкент қаласында кеңінен аталып өтті.
Әл-Фараби алаңына жиналған көпшілік назарына «Бірлік. Ынтымақ. Достық» хореографиялық қойылымы ұсынылды. Сондай-ақ, бір сәтте 1000 күйші Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. «Мәңгілік ел» бейнесінде безендірілген көлік, «Алтын адам» кейпіндегі 20 салт аттының шеруі жергілікті тұрғындардың көңілінен шықты.
Мерекелік шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында аймақ басшысы барша оңтүстікқазақстандықтарға ізгі лебізін жеткізді.
– Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Елдік болмысымызға тән бұл ұғымды тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекеттің ғұмырлы болуына өзек еттік.
Бірлікті басты байлығымыз – Тәуелсіздіктің арқауы етіп айшықтадық. Елбасымыз ұсынған жол, жұрт болып жұмыла ұстанған саясат ширек ғасырда жемісті нәтижесін берді. Бүгінгі Қазақстан бірлігі бекем, тірлігі келіскен, ынтымағы жарасқан елге айналды. Жеткен жетістіктеріміз бен алған асуларымыз аз емес. Бүгін біз Ұлы даланың ұлағатымен Мәңгілік Ел құруға қадам бастық. Күн сайын құбылған замананың иіріміне төтеп беретін қуатты мемлекетті жасақтаудың қамына кірістік. Елеулі өзгерістер қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Жалпыұлттық жаңғыру саяси-экономикалық салалармен қатар, азаматтық санаға да серпіліс алып келмек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Салтанатты жиында облыс әкімі елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан өңірдегі 18 этномәдени бірлестік өкілдеріне «Бауырмал» сыйлығын табыс етті.
Бүгінгі таңда өңірде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлесе еңбек етіп келеді. 20 этномәдени орталық пен оның аудан, қалалардағы 51 филиалы арқылы әр этностың салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына, мәдениетіне байланысты түрлі іс-шараларды өткізуіне қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, этномәдени орталықтар жанынан ашылған 17 жастар қанаты мен 11 жексенбілік мектебі нәтижелі жұмыс істеуде.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, танымал эстрада әншілері қала тұрғындарына әсерлі кеш сыйлады. Шараға «КешYou» және «Орда» топтары қатысты.
Хасан БАЦИЕВ,
«Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:Ынтымақты сақтау – өркендеудің басты шарты
– 130-дан аса ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйытып отырған елімізде бірлік күнін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұл мереке ел халқын татулық пен тұтастыққа, ынтымақ пен келісімге, бейбітшілік пен бірлікке үндейді. Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі де осы – ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Бұл күн ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.
Қанат ҚАЛЫБЕКОВ: «Мәңгілік елдің мұраты асыл»
Пятница, 28 Апрель 2017 08:46Бүгінгі күннің түйінді мәселелерінің бірі – діни экстремизм. Егер дінді мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі деп қарайтын болсақ, ол ішкі тұрақтылықтың кепілі екеніне дау жоқ. Сондықтан да бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – дәстүрлі дініміздің дұрыс насихатталуына баса назар аудару болмақ. Батыс пен Шығыстың үлкенді-кішілі елдерінің басты мәселесіне айналған діни экстремизмнің түп-тамыры қайда жатыр және онымен күресудің жолдары қайсы? Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбековпен осы тақырып аясында сұхбаттасқан едік.
– Қанат Жұмағұлұлы, қала аумағында «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдары іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр?
– Татулық пен тұрақтылық – елдің ішкі саясатының басты басымдығы және республикамыздың өрлеп-өркендеуінің қажетті алғышарты болып табылады. Сондықтан, мемлекетте оларды қамтамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан.
Бүгінгі күні дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идеология, теріс пиғылға үндеу не болмаса лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр.
Күні кеше ғана Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде Елбасы ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі қажеттігін айтқан болатын. Теріс ағымдарға тойтарыс берудің маңызы зор. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар, Елбасы саладағы жұмыстар рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне жеке тоқталды. Ислам діні – адамгершілік пен ақиқат діні. Тазалық пен ізгілікті ғана насихаттайды. Оның қазақтың ата дәстүрімен астасып жатқан тұстары көп. Демек, қазақтың рухани өмірінің бір парасы. Бұл орайда ата дінді ұлықтап, насихаттап жүрген имамдарға жүктелетін міндет зор.
Шымкент қаласында қазіргі таңда 134 діни бірлестік пен филиалдар әділет органдарынан тіркеуден өтіп, қызмет атқаруда. Оның ішінде: исламдық бағыттағы – 103 мешіт, исламдық емес – 31 діни бірлестік тіркелген.
Қаладағы жалпы білім беру мекемелерінде оқушылардың сабақ уақыты барысында мешіттерге жұма намазға, шіркеулерге бейсенбілік, сенбілік шараларына кетуіне тосқауыл қою күннің басты мәселесі. Осы орайда, қаладағы 125 мектепте «арнайы орталықтар» құрылды. Көше бойындағы көрнекі орындарға діни экстремизмнің алдын алу бағытында тақырыптық баннерлер орнатылған.
Ағымдағы жылы ЖОО және орта арнаулы оқу орындарында 26 кездесу ұйымдастырылып, оған 2,5 мың студент, жалпы білім беру мектептерінде 42 кездесу өтіп, оған 4650 оқушы қатысты. Ал өзге де мекемелерде 23 кездесу ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру – мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.
Экстремизмнің алдын алу бағытында ақпараттық-насихаттық шаралар кеңінен жүзеге асырылуда. Ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Топ құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихаттық топтар халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысады, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда.
– Ислам дінінің атын жамылған теріс пиғылды жат ағымдардың әрекеті қаншалықты бақылауға алынған?
– Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм және терроризм деген ұғымдар мүлде жоқ. Өйткені, ислам деген сөздің өзі бейбітшілік және тыныштық деген сөз екенін біз бүгінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Сондықтан да қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремизм мен терроризмдердің түп-төркінін діннен емес, керісінше басқа себептерден іздеу керек. Негізінен дін адамдардың бойында имандылықты, жақсылық жасауға деген құлшынысты оятып, пенделік әрекеттерден аулақ болуды қалыптастырады. Діни экстремистік ұйымдар қатарына көбінесе жастарды тартады. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу, одан сақтанудың жолын насихаттайтын кездесулерді жиі ұйымдастырып отырудың маңызы зор.
2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы Заңның кіріспесіндегі «Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтынын, Қазақстан Республикасы азаматтарының діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда ханафи мазхабындағы ислам және православиялық христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деген сөздерден-ақ ислам дінінің адамдарға қаншалықты қамқор дін екеніне көз жеткізуге болады. Мұсылмандар бір-бірімен «Ассалаумағалаәйкум» деп амандасады. Осы сәлем сөздің мазмұны – «мен саған бейбітшілік» тілеймін деген сөз. Осындай мейірімділікке толы пиғылдағы мұсылмандардың адам қанын төгуге шақыруы мүмкін емес. Қазіргі кезде жиһад деген сөзді теріс түсінушілік орын алды. Терістігі сол – жиһадты қолға қару алып, адам өлтіру немесе күш қолдану деп түсінеді. Біздің дінде адам баласының ақылы қабылдап тұрған нәрсеге қарама-қарсы ештеңе жоқ. Сондай-ақ, адамның ақылы мен табиғаты қабылдай алмайтын нәрсені күштей алмайды. Құран кәрімде бейкүнә адамды өлтіру немесе бейбіт жатқан адамдарды қыру туралы аят жоқ. Тек адам өз Отанына немесе отбасына қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндетті. Жиһад сөзінің тағы бір мағынасы – адам мал-мүлкімен де жиһад жасай алады. Егер кез келген адамның өз отбасынан артылып жатқан дүниесі немесе мал-мүлкі болса жетімдерге, жағдайы жоқ отбасыларына, мүгедектерге беруіне болады. Не болмаса, халықтың игілігіне жарайтын ғимараттар тұрғызса сол жиһад болады. Ендеше қазіргі жиһадшылардың теріс әрекеттері бұл сөздің мән-мағынасын исламға қарсылық ретінде өзгертіп жүр. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу үшін ең алдымен діни сауаттылық аса қажет. Алла Тағала адамдарға мынандай қағида нұсқаған: «егер білмесеңдер білім иелерінен келіп сұраңдар». Бұл орайда, қазір қала мешіттерінде арнайы «патуа» бөлімі жұмыс істеуде. Сол жерге келіп, жан-жақты мағлұмат алуға болады.
– Демек, бізде құқықтық таным бар. Енді, не жетіспейді?
– ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы басым міндеттердің бірі – радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл екені барлығымызға аян. Аталған бағдарлама аясында қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ, конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылатыны атап өтілген болатын. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде экстремизм, оның ішінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу, оның алдын алу туралы аз насихатталып жатқан жоқ. Діни ағым барлық дінде де бар. Діни экстремизм дегеніміз осындай әртүрлі топқа бөлінген діндерден шыққан. Теріс ағымдағы дінді ұстаушыларды ажырата білу барлығымыз үшін керек.
Елбасы лаңкестерді түбегейлі жоюға мемлекеттің күш-жігері жететінін нық сеніммен айтып келеді. Дегенмен, бүгінгі жағдай діни экстремизммен құқық қорғау орындары ғана емес, бүкіл қоғам болып күресу керек екеніне көз жеткізуде. Өйткені, әр жерде бір бұрқ ете қалатын лаңкестік әрекеттерден қаншама жазықсыз адамдар шейіт болды. Қазақстанда әртүрлі конфессиялардың жайлы, қауіпсіз өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, жат пиғылды діни бірлестіктердің кері әсерлері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға жеткізіп, құқықтық-түсіндіру жұмыстарын осындай шаралар арқылы жүзеге асырудың нәтижесі зор. Оның себебі де түсінікті. Өйткені, соңғы жылдары діни мәселенің ушығып, жат ағымдардың ашық көріне бастауы бәрімізді алаңдатып отыр. Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың қаңтарынан бастап көптеген нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданып, күшіне енді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне де экстремизм мен терроризмге қатысты біршама жаңа баптар енгізілді. Біз үнемі бұл өзгерістер жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Елбасы Оңтүстікке іссапармен келді
Пятница, 28 Апрель 2017 06:48Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Алдымен, Елбасы облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің ашылу рәсіміне қатысты.
«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» МОНУМЕНТІ АШЫЛДЫ
Бүгінде өңірдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қалыптастырған Ассамблея құрамына 20 этномәдени бірлестік енеді. Аталмыш бірлестіктердің бастамасымен салынған монумент түрлі ұлттардың қазақ халқына деген алғысы мен адал ниетінің нышаны болып саналады. ҚР Президенті салтанатты жиында түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің татулығы Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы екенін атап өтті.
– Әр уақытта біз өзімізді Қазақстан азаматы екенімізді қуанышпен айта аламыз. Себебі, Тәуелсіз жылдар ішінде өзіндік даму жүйесі қалыптасқан қазақ халқын, Қазақстан елін дүние жүзі толық танып-білді. Өзге мемлекеттермен тереземіз тең жағдайда жарқын келешекке нық басып келеміз. Мұның барлығы да, елдегі тұрақтылықтың, этносаралық келісімнің нәтижесінде жүзеге асып келеді. Мемлекеттің ішкі дамуы үшін бізге дәл осы құндылықтар қажет еді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Монументтің биіктігі 7,5 метрді құрайды. Нысан еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әспеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ мың алғыс!» деген жазу бар.
Кезінде солақай саясаттың салдарынан ата-бабалары Қазақстанға күштеп қоныстанған этностардың өсіп-өнген ұрпақтары бүгінгі бейбітшіл, берекелі заманға аман-есен жетуін, Қазақстандағы жергілікті халықтың бауырмалдығының арқасы деп біледі. Осы орайда, аталмыш монумент – өңірдегі түрлі ұлт пен ұлыстың қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы мен шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті.
Елбасы қайта жөндеуден өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясының» (бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры) ғимаратын аралады. Облыстық бюджет есебінен жөндеуден өткен үш қабатты нысанда «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Ғимараттың 800 орынға арналған көрермен залы бар. Мұнда түрлі үйірмелер мен жексенбілік мектептердің тұрақты әрекет етуіне жағдай жасалған. Алдағы уақытта бұл ғимаратта Оңтүстік жұртшылығын берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа үндейтін іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмақ.
Мемлекет басшысының назарына этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауындағы «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын музыкалық композиция ұсынылды.
МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ – КӘСІПКЕРЛІККЕ СЕРПІН
Елбасы облыс орталығындағы терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты. Ондағы ақпараттық стендтер мен экспозициялық макеттерді көріп, алдағы жоспарларына қанықты.
2014 жылы индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «GOLD Aluminum» брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылған.
Серіктестік өткен жылы 750 тонна алюмин профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспортталған. Елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустриаландыру картасының аясында өңірде 159 жоба жүзеге асып, 100,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 21 пайызды құрайды.
Бұдан соң Елбасы қарқынды бау өсіру және жеміс-жидектерді сақтаумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Онда Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған серіктестікке бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. «Агробизнес-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиенің есебінен 400 млн теңге алған қожалық басшылығы бүгінгі таңда ел қазынасына 607 млн теңге салық түсірген.
Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден делишес», «Гала», «Айдаред» алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді.
Сапар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Мемлекет басшысына Шымкент шаһарының бүгінгі даму жоспарын таныстырып, жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент Сити» іскерлік және тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аталған бау шаруашылығының ғимаратында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, елімізде қызу қолдауға ие болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайында әңгімелесті.
– Мен таяуда жариялаған мақаламда заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесін жан-жақты баяндаған болатынмын. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу. Оңтүстік өңірі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді. Облыс орталығы Шымкент қаласының дамуына да мемлекет тарапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Үшінші мегаполистің халқы биыл миллионға жетеді деп жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында сөз алған жазушы-журналист Мархабат Байғұт пен белгілі кәсіпкер, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-нің бас директоры Серікжан Сейітжанов Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, онда айтылған мәселелердің елдің әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ Оңтүстік жастары атынан Елбасыға ізгі лебізін білдірген Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков бүгінгі таңда жастардың білім алуына және кәсіпті меңгеруге үлкен қолдау бар екенін айтып өтті.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кездесу соңында Оңтүстікте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы өз деңгейінде екенін тілге тиек ете келе, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Президент өз сөзінде ірі табысқа жетуде қоғамның рухани жаңғыруы қажет екендігін, бұл жолда жаңа міндеттерді іске асыратын білімді де, білікті мамандар екенін ерекше қадап айтты.
– Оңтүстік – еліміз үшін ерекше маңызы бар аймақ. Мұнда 800-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Өңірдің туризмнің ордасы болуға да мүмкіндігі мол. Ендігі ретте облыста шағын кәсіптің одан әрі қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Кәсіпкерлік – экономиканың басты тірегі. Мен мұны үнемі айтып келе жатырмын. Мәселен, Германия бюджетінің 80 пайызы шағын кәсіптен түсіп отыр. Оңтүстік халқы еңбекқор, шаруаның көзін таба біледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды игілікке пайдаланып, осы саланы барынша жандандыру қажет, – деді Елбасы қорытынды сөзінде.
Сәбит ТАСТАНБЕК
Жеңiсбек СЕРІКҰЛЫ
Медиация – билер билігін жаңғырту жолы
Среда, 26 Апрель 2017 10:34Қазақты ежелден мәмілегер халық деп айтамыз. Кез келген мәселені келісіммен шеше білгендігін тарихтан білеміз. Қара қылды қақ жарған әділ бидің бір ауыз кесімді сөзіне бағынып, бітімге келетін ата-бабамыздың бітімгершілік жолын бүгінгі қоғамда жалғастыру мүмкін бе? Осы орайда, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясы мен ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп «Медиация – бітімгершілік бастауы» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Жиынға өңірдегі «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Бациев, ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергенов, облыстық Ассамблея хатшылығының бас инспекторы Бақытжан Полатов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының бас маманы Айгүл Әбдікәрімова, «Медиация және құқық орталығы» мекемесінің басшысы, кәсіби медиатор, заңгер Эльмира Есімбетова, кәсіби медиатор Анар Өтебаева, Жаңабазар ауыл округінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Жаңабазар» қымызханасының биі Тәңірберген Құралбаев, Жылбұлақ елдімекенінің биі Мүтәлі Жақыпбеков қатысты. «Дөңгелек үстел» жиынын «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор – бас редакторы Айгүл Қапбарова жүргізіп отырды.
Ш.К.: – ҚР Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодтың қажет екендігін айтқан болатын.
Қазақ сөзге тоқтаған халық. Елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда арнайы Дала парламенті жұмыс істеді. Онда ақсақалдардың байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырды. Елбасының «өзіміздің ұлттық кодымызға оралуымыз керек» – дегендегі айтар негізгі ой осы – медиация.
Қазіргі таңда бұл миссия Қазақстан халқы Ассамблеясының құзырына берілген. Әлемдегі ешбір елде аналогы жоқ тұтас құрылым ретінде жасақталған Ассамблеяға сенім білдіріліп, үлкен міндеттер жүктеліп отыр.
Хасан БАЦИЕВ: – Ия, шындығында, 1995 жылы елдегі жағдай қандай еді? Егемендік алғанымызға бар болғаны 4 жыл ғана уақыт өткен болатын. Айналадағы елдермен байланыс үзілген, жұмыссыздық жайлаған қоғамда жаңа форматқа көшу өте қиын мезгіл еді. Осындай қысылтаяң сәтте Елбасы көрегендік танытып, көпұлтты елдің этносаралық келісімін сақтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды ұсынды. Сол уақытта мен де Ассамблеяның І-сессиясына қатысқан болатынмын. Міне, сол этносаралық келісім мен тұрақтылықтың нәтижесінде, біздер бүгінгідей әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуға қол жеткіздік. Елбасы елдегі тұрақтылықты сақтауда қандай да бір даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешуді осы ұйымға жүктеді.
Елбасының өзі айтып отырады, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 17 миллион мүшесі бар», – деп. Қоғамдағы өзара келісім мен тұрақтылықты жақтайтын ел азаматтарының аталмыш ұйымның мүддесі үшін ортақ байламға тоқтауы – жұмысымыздың нақты нәтижесін көрсетеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі құрылған. Мекемеде Медиация кабинеті жұмыс істейді. Даулы мәселелердің алдын алу, болдырмау мақсатында әр ауданда жауапты мамандар бекітіліп, өткен жылы 8 семинар өткізілді. Жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, Медиацияның берер тиімділігі насихатталды. Бұған дейін білесіздер, қандай да бір даулы мәселелер сотқа жолданып келген еді. Ірілі-ұсақты істерді қоса алғанда, өңірде жыл сайын 100 мыңнан астам іс қаралатын.
Ал қазір Сот жанынан өзара іс-қимыл Кеңестері құрылуда. Статистикаға сүйенсек, сотқа жолданған істердің 20 пайызы ғана мемлекет мүддесіне байланысты екен. Өзгесін жеке тұрғындар арасындағы даулар құрайды. Бір сәттік ашуға ерік беріп, сотқа жүгінген тараптар қаншама қаржысын жұмсап, денсаулықтарына нұқсан келтіріп, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз үшін бұл жараспайтын салт. Дамығын елдерде, мәселен, АҚШ-та 95 пайыз, Ұлыбританияда 85 пайыз азаматтық және қылмыстық мәселелер медиаторлардың көмегімен шешімін тауып жатады екен. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш тиісінше, 70 пайыздан жоғары. Ал бізде әлі де болса 4-5 пайыздан аспай тұр.
Елбасы ұсынған медиация тәртібі қазақ үшін бұрыннан келе жатқан ғұрып. Өзара бітімгершіліктің заманауи жаңғырған түрі. Медиация талаптары дауласқан тараптар үшін өте қолайлы. Мұнда қос тарап ортақ мәмілеге келіп, істі өз арасында шешеді. Бұл іске кәсіби медиаторлар да белгіленген. Сонымен бірге, кәсіби емес медиаторлар даулы мәселелерді болдырмауға, оның алдын алу бағытында жұмыс істеп келеді. Өңірде қазіргі таңда 48 кәсіби, 512 кәсіби емес медиатор тіркелген.
Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ: – Медиация туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енген болатын. Медиация алдымен, даулардың шиеленісуін төмендетуге, дауға қатысушылардың үнемділігін, шығынның барынша төмен болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқаға қол жеткізу болып отыр. Сондай-ақ, тараптардың тең құқылығы, құпиялылық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы медиацияның өзіндік артықшылығы болып табылады.Сондықтан да, қазіргі кезде халықтың арасында медиацияға деген көзқарас жақсара бастады. Осының аясында бүгінде Жоғарғы сотта арнайы пилоттық жоба жүзеге асуда. Яғни, сотқа жолданған істердің бірнеше санаттары бойынша арыз иелеріне арнайы жолдама ұсынылады. Медиация орталығына жіберіледі. Не болмаса, тараптар судья медиатор, адвокат медиатор қызметтеріне жүгіне алады.
ШК: – Шағымданушылар медиация орталығына көбіне қандай даулармен келеді?
Анар ӨТЕБАЕВА: – Медиаторлар қызметіне көбіне неке бұзу туралы, алиментті өндіріп алу, баланың тұрақты мекенжайын анықтау, жер дауы, қарызын өндіріп алу мақсатында арыз берген азаматтар жүгінеді.
Эльмира ЕСІМБЕТОВА: – Ағымдағы жылдың өзінде біздің орталыққа алиментті өндіріп алу мәселесі бойынша 8 азаматша келіп арызданды. Қазіргі кезде, ара, балта, күрек ұрлаған азаматтардың ұсақ ісі де қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Сайрам ауданындағы бір кәсіпорын басшылығы 21 жастағы қызметшісінің үстінен шағым түсірді. Сондағысы, қызмет орнынан бойжеткен қыз үйіне сабын алып кетпек болған екен. Ол сабынның нарықтағы бағасы 34 теңге тұрады. Мен кәсіпорын заңгеріне айттым: «Осы 34 теңгелік сабын үшін қанша қаржы шығындалдыңыз? Сотқа жүгіну үшін қанша жол жүрдіңіздер, қаншама қағаз жұмсалды...», – деп. Ол қыз өзі әкесінен айырылған, жартылай жетім отбасынан. Шешесі сал ауруына шалдыққан, еңбекке жарамсыз. Ендеше, отбасындағы 5 баланың үлкені әрі жалғыз асыраушысы да осы қыз. Жас қыздың болашағына балта шауып, сабын үшін «істі болған» деген айдар тағу, әрине, бүгінгі қоғамға жараспас еді. Осы тектес қаншама ұсақ істер өзара бітімгерлік жағдайында, медиация талаптарымен шешіліп жатса, сот ісінің жұмысы да айтарлықтай жеңілдеген болар еді.
Ш.К.: Оңтүстік өлкесін ел аумағындағы ұлттық дәстүрге берік, қазақы қалпын сақтаған орта ретінде мақтанышпен айтып жатамыз. Солай бола тұра, ажырасу дерегі неге өте көп?
Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ: – Статистиканы қарайтын болсақ, қаралған істердің 50-60 пайызы ажырасу дерегіне қатысты. Бәлкім, мұнда жастар арасындағы отбасы құндылығын дәріптеу, кешегі ұлттық мұрамызды насихаттау жетіспейтін болар. Кешегі қазақ қоғамында отбасылық дау туындаған жағдайда жүгініп баратын би ағасы болған. Төрелігін айтқан шақта, би ағасы екі жақтың уәжін тыңдап, айыптының кінәсін мойындатып, татуластырып отырыпты. Бұл бірінші кезекте қазақтың сөзге тоқтап, ақылды адамның айтқанын тыңдағандығын көрсетеді және істеген ісін мойындап, кешірім сұрай білуді жақсы түсінген. Осылайша көптеген мәселелер мәмілегерлік жолмен шешіліп, ел іші де тыныш болған деседі. Бүгінгі тек жазылған заңға ғана сүйенетін заманда екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды.
Менің қызметім көбіне кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыстық ісіне байланысты. Баламен сөйлесіп, оған жағдайды түсіндірсе, жәбірленуші кешірім беріп, татуласса, меніңше осының өзі «кінәлі» балаға тәрбие болады.
Мүтәлі ЖАҚЫПБЕКОВ: – Ұзақ жылдардан бері қалыптасқан дәстүрге сай, біздегі ауылдық округте дауласқан тараптар ауыл биіне жүгінеді. Ал ауыл биі істі ақсақалдар кеңесіне салады. Осындай бітімгершіліктің нәтижесінде болар, бізде ажырасу дерегі айтарлықтай төмен. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Медиация қазақ халқы үшін жат дүние емес. Ол салтымызда бар билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал. Осы орайда медиаторға жүктелетін міндет өте ауыр десе де болады. Медиатор шын мәнінде адамдармен тіл табыса алатын психолог, сабырлы және біліміне ақылы мен білгені сай байыпты жан болуы тиіс.
Тәңірберген ҚҰРАЛБАЕВ: – «Жаңабазар» ауыл округінде 1951 жылдан бері ақсақалдар алқасы нәтижелі қызмет атқарып келеді. Онда ауыл қариялары жиналып, тұрақты кеңес өткізіп отырушы еді. Облыс әкімдігі 2014 жылы 22 миллион теңге қаржы бөліп, «Ардагерлер үйі» ретінде жаңа ғимарат салып берді. Қазір мұнда 41 адам мүше ретінде тіркеліп, осында бас қосып тұрамыз.
Медиация қызметінің орнын бұрын ақсақалдар кеңесі, билер институты атқарып келген. Яғни, біздің төл танымымызда оның тарихи негіздері бар. Бүгінгі тәжірибеде де ақсақалдар кеңестері дау-дамай тараптарын бір мәмілеге келтіре алатын әлеуетке ие. Мұндай медиация бүгінде сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына, сот жүйесіндегі істердің қысқаруына, шығындардың азаюына септігін тигізеді. Дәстүрлі ел билеу жүйесінде ақсақалдар институтының рухани рөлі ерекше. Ал осы би, шешендер даулы мәселені екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеп отырған.
Бақытжан ПОЛАТОВ: – Жалпы, шетелдердегі сот саласында бұл тәжірибе бұрыннан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі.
Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған елміз. Байырғы игі дәстүр бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа функционалды бағыттар, атап айтқанда: қайырымдылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу, медиация желісін дамыту міндеттері жүктеліп отыр.
Жаңа бағыттар аясында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Жергілікті тұрғындар үшін «Қоғамдық келісім» мекемесінде сенім телефоны орнатылды. 39-23-30 телефон нөміріне бүгінге дейін 321 азамат хабарласты. Оларға медиация кабинетінің атқаратын міндеті түсіндіріліп, қойған сұрақтары негізінде кеңес берілді.
Айгүл ӘБДІКӘРІМОВА: – Биыл Шымкент қаласы бойынша некеге тұрған 780 адам мемлекеттік тіркеуге алынды. Өкінішке қарай, 45 жұп ажырасу үшін арызданған.
Ажырасуға бекінген отбасылар көбіне баланы бөлісе алмай жатады. Заң бойынша, мұндай жағдайда бала анасына тиесілі болуы тиіс. Ортадағы баласының тағдырына жаны ауырған кейбір жұптар қайта қосылып жатады. Кейде, ажырасуға арызданып келген жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, әлі де болса ойлануға мүмкіндіктің де, уақыттың да барын айтамыз. Қазір бәрі арыз жазумен бітті деген ұғым жоқ. Арыз иелеріне тіпті барлық құжатын өткізіп, тиісті қаржысын төлеп қойған жағдайда да, біраз уақыт ойлануға, отбасыға қайта оралуға мүмкіндік беріледі.
Эльмира ЕСІМБЕТОВА: – Осы жерде айта кетерім, өткен жылы өңірдегі медиация орталықтарында отбасы дауына байланысты 3800 іс тіркелген. Соның ішінде 778 іс соттан тыс бітімгершілікпен шешілді. 120 іс бойынша сот шешімімен қос тарап өзара ортақ мәмілеге келді. Яғни, 898 іс медиация тәртібімен оң шешімін тапты.
Жазып алған
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
21 көпқабатты үй жаңарады
Среда, 26 Апрель 2017 09:13Шымкент қаласында биыл «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 21 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бағдарламаның шарттары бойынша күрделі жөндеуді жүргізу нәтижесінде жылу тұтынуды үнемдеуді, тұрғын үйдің инженерлік-инфрақұрылымын жаңғыртуды, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 2040 көпқабатты тұрғын үй бар. Ол үйлердің басым бөлігі 1934-1990 жылдары салынған. Яғни, күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша 2011-2015 жылдары, яғни бес жыл ішінде республикалық бюджет есебінен облыстың аудан, қалаларында жалпы саны 188 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
Жастар саясатына – жаңа бетбұрыс
Пятница, 21 Апрель 2017 09:27Жасөспірімдерді қоғамдық қызметке тарту, белсенділігін ынталандыру – негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысындағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков негізгі үш бағыт бойынша іс-шаралар жоспары түзілгенін мәлім етті. Яғни, алғашқы бағыт – бұқаралық спортты дамыту, білім беру мекемелеріндегі жастарды қолдауды көздесе, екінші бағыт – жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуды, үшіншісі – жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталмақ.
– Қала аумағында жалпы саны 240 мыңнан астам жас тіркелген, – деді Қанат Жұмағұл-ұлы. – Бұл – қала халқының 27 пайызын құрайды. Әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында тек өткен жылда 216 жас отбасы тұрғын үймен қамтылды. Жұмыссыз ретінде тіркелген 4212 жастың 2454-і тұрақты жұмысқа орналасты.
«I-mektep» құқықбұзушылық деңгейін төмендетеді
Жиында өзекті мәселе ретінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейінің көрсеткіштері сараланды. Атап айтқанда, өткен жылдың алғашқы 2 айында кәмелеттік жасқа толмағандар қолымен 30 қылмыс жасалған болса, биыл есепті мерзімде 48 қылмыс тіркелген.
Өзекті мәселенің шешімін табу орайында, қала әкімдігі жуырда «I-mektep» электронды журналын пилоттық жоба ретінде іске қосқан еді.
Әкімдіктің прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп әзірлеген электрондық бақылау жүйесі ендігі жерде еліміздің өзге өңірлерінде де тәжірибеге енгізілмек. Аталмыш пилоттық жобаны жүзеге асыруды ҚР Парламентінің депутаттары ұсынып отыр.
Қазіргі таңда «I-mektep» электронды жүйесі оқушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылау бойынша қала аумағындағы 29 мектепте жұмыс істеуде. Қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның айтуынша, электронды бақылау жүйесі оқушылардың үлгерімін арттыруға толық мүмкіндік береді.
– Оқушылардың сабаққа жүйелі түрде қатысуы – қылмыстық жағдайдың алдын алуда маңызды орын алады, – деді Данияр Мейірхан. – Бұл жүйе өз кезегінде, біздің ұзақ жылдар бойы атқарып келген қызметімізді едәуір жеңілдетіп, құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізуде.
Шымкент қаласының мектептерінде қолданысқа енген аталмыш пилоттық жүйе ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан зерделеніп, ел аумағындағы өзге де орта мектептерде жүзеге аспақ.
Шымкентте жасөспірімдер спорт лигасы құрылады
Жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов спорттық ойын түрлерінен жастар спорт лигасын құруды ұсынды.
– Түрлі командалық спорт түрлері бойынша мектеп лигасын құрып, оны қаржыландыруда қаладағы ірі кәсіпкерлерді демеуші ретінде тартуға болады, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Жеңімпаз деп танылған команда мүшелерін бағалы сый-сияпатпен марапаттап, Астана немесе Түркия қалаларына саяхаттауына мүмкіндік жасауымыз керек.
Ол үшін жастардың қоғамдық қызметтерге белсенділігін арттыру және оларды жүйелі ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланып, түрлі бағыттағы флешмобтарды ұйымдастыру күн тәртібіндегі алғашқы мәселе болмақ.
– Салауатты өмір салты және ізгі бастамалар трендке айналуы тиіс, – деді Ғ. Рахматоллаұлы. – Кеңес заманында, қарт адамдарға жәрдем қолын соза білген «тимуршылар» қызметін қазір де жандандыру керек. Бүгінгі идеология ретінде жастарға осындай бастамаларды ұсына аламыз.
Сондай-ақ, жиында ОҚМУ-нің ғимаратына қарсы бетте орналасқан, «Гарант» аталатын дүкен маңында ұялы телефондарды саудалаумен айналысатын азаматтардың мәселесі де сөз болды. Бұл орайда, қала әкімі жауапты сала мамандарына аталмыш орында бей-берекет әрекеттерді шектей отырып, ұялы телефондарын саудалаушы азаматтар үшін өз алдына жеке ғимаратты пайдалануға беруді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.
Бүгінгі той: тағылым алар дәстүрді қалыптастырсақ...
Среда, 19 Апрель 2017 11:19Той – халықтың қазынасы. Той – дәстүр, той – сыйластық. Қазақ халқының мәдени өмірінде той ықылым заманнан бері маңызды орын алады. Әрбір қуаныш сәтін көпшілікпен бірге атап өту игі дәстүрге айналған. Ал Исламның ізгі амалдарын негізге алар болсақ, қазақтың байырғы «қарыздансаң да, той жаса» тәмсілі шариғат заңдылықтарына толық сай келе бермейді. Облыстық Орталық мешіттің найб-имамы Бекайдар Әміремен сұхбатымыз осы тақырып аясында өрбіді.
– Бекайдар Төлжанұлы, қазақтың байырғы дәстүрінде той – тағылым түйетін, тектілікке баулитын тәлім-тәрбие мектебі ретінде қалыптасқан. Асыл дініміздегі амал-шарттар осы дәстүрмен қаншалықты сәйкес келеді?
– Атамыз қазақтың «той десе, қу бас домалайды» дейтін тәмсілінің өзі біздің ұлтымыздың ежелден келе жатқан дархандығын, бар жиған-тергенін тек қуанышқа шашатындығын танытады. Осы орайда, халқымыз негізінен шілдехана, сүндетке отырғызу, мүшел тойы, келін түсіру, қыз ұзату секілді тойларға ерекше көңіл бөлген. Мұның бәрі де ішімдіксіз, дау-дамайсыз өткен. Ұлттық өнерге, күрес, бәйге, көкпарға ерекше назар аударылатын. Осы қуаныштардан үлкенді-кішілі қауым тағылым-тәлім алатын. Жеңімпаздарға сый-сияпат жасалатын.
Ал қазір ше? Тойдың да, қуаныштың да мән-маңызы басқаша. Баланың шырылдап дүниеге келгенінен бастап, үлкен азамат болып қалыптасқанға дейінгі кезеңін алып көрейікші. Нәресте перзентханадан шығарылғаннан бастап, оны «жуу» басталады. Жылда оның туған күні атап өтіледі. Шілдеханасы, тілашары, мектепке баруы, аттестат алуы, оқуға түсуі тағы бар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің түбегейлі өзгеруіне сәйкес, той өткізуде де жаңа сипат орын алды. Оның жағымды тұстары да баршылық. Дей тұрғанмен, тойды ұйымдастыру мәселесінде ойластырарлық мәселелер аз емес.
Қазір біздер тойхана салып, той жасаудан жалықпайтын халық екенімізді күллі әлемге паш етіп келеміз. Халқымызда «қойып ішсе қой қалады, тыйып ішсе тай қалады, қоймай ішсе не қалады» дейтін нақылы бекер айтылған сөз емес. Бұл өз кезегінде, дарақы мырзалығымызға қатысты негізгі сын болмақ.
Қазіргі тойларда астамшылдық шаш етектен. Шақырылатын қонақтардың саны шарықтап, 500-600-ден асып жығылатынға жеттік, ішімдіктерге «құрметті орын» беріліп жатады. Өзге өңірлерден, көршілес елдерден әнші шақырту да таңсық болмай қалды. Ал шариғатта: «Ақиқатында, аса қасиетті неке – ең аз шығындармен жасалған неке», – деп айтылған.
Бұл жерде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге қасиетті неке құрудың шарттарын табыстап кетті, ал біз болсақ оны елемей, ұлымыз немесе қызымыз үшін ерекше мәні бар күн деп қымбат той жасауда бір-бірімізге дес бермей келеміз. Өсімқорлық ауыртпалығын артқан, Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с.) лағынет еткен той мұсылман адам үшін қалайша ерекше бола алады?
Ысырап дегеніміз мал-мүлікті жою, зая кетіру, пайдасыз халге түсіру, дінге және дүниеге пайдалы болмайтын түрде жұмсау деген сөз. Ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады: «...Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» және де «Негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды».
Той-томалақтағы түрлі дарақылық пен даңғазалыққа жол беру секілді жөнсіздік бүгінде өз шешімін таба қойған жоқ. Тойдың сәні дастархан деп ұғатын халықпыз. Барымызды аямай ортаға саламыз. Той дастарханын жасаудың үлгісі мөлшерсіз, өлшемсіз болып, «шашылудың» түріне айналып, қалтамыз көтере бермейтін жайсыздыққа ұшырауда. Қаншама адамдар киер киім мен ішер асқа зәру болып отырған мына қоғамда өрескел әрекет жасағанымыз жөн емес.
«Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» демеді ме дана бабаларымыз. Қазақтың той-томалағындағы артылған аспен тағы да бір той атқаруға болатын жағдай жиі кездеседі. Бұл – барып тұрған жөнсіз ысырапшылық. Асқа деген мұндай кесірлікті ашаршылық шақыратын жаман ырымға жатқызып, «рәсуаға ұшыраған астың обалы бар» деуші еді көпті көрген бұрынғы ақсақалдарымыз.
– Дүркіретіп той жасаудың дүбіріне ілескен жастар арасында «алдымен жағдайымды жасап алайын, сосын асықпай отау құрамын ғой» дейтіндер кездесіп жатады. Бұл ұстаным қаншалықты дұрыс?
– Алла Тағала әлемдегі барша жандыны жұп етіп жаратқан. Әрбір тіршілік иесі тек қана өзінің жұбымен ғана жарасымды. Қазақ «жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» деген. Сондықтан, адам баласы да өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, өзінің шаңырағын көтеруді көксейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласын бақытты ететін де үш дүние, сондай-ақ, адам баласын бақытсыз ететін де сол үш нәрсе. Адамды бақытты ететін бұл: Ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік», – дейді. Атам қазақ та «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп тектен-тек айтпаса керек.
Бұл жайлы сұрағандарға хазіреті Әбу Бәкір (р.а.): «Алланың сендерге неке жайында айтқан әміріне бой ұсыныңдар. Сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін, молшылығын береді» деген,
«...Егер олар кедей болса, Алла оларды кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімі кең, толық білуші» аятын оқыған екен. Расымен де, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Отау тігіп, шаңырақ көтеру – ризық-несібенің молаюына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп болады. Ұзақ жылдар қаржы жинаумен уақыт өткізген дұрыс емес. Сонымен бірге, отбасын асырай алатындай ер азаматқа тән бір мамандық немесе кәсіп иесі болуы тиіс.
Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес, жора-жоралғыларын алып қарайтын болсақ, үй тоғыз, құда тоғыз, қалыңмал, сүт ақысы, тағы басқалары бүгінгі жастардың басын сеңдей соқтыратыны бар. Ал шариғатқа келсек, ер азамат өзінің қалауы түскен бойжеткенге мәһр тарту етіп, шағын дастархан жайғаны, үлкендердің бата-тілектерін алғаны жеткілікті. Ал әлеуметтік жағдайын себеп етіп, үй болуға асықпаудың өзі – үлкен сорақылыққа жатады. Бұл жөнінде, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер – менің үмбетімнен емес», – дейді.
– Осы орайда, мешітте неке қидырған кезде қалыңдықтан «неке сыйлығына не қалайсыз?» деп сұралатын мәһр ұғымын кеңінен түсіндіре кетсеңіз...
– Неке сыйлығы – мәһр делінеді. Құран Кәрімде: «Әйелдердің мәһрін (қалыңмалын) ықыласпен беріңдер...» делінген.
Некелесу кезінде қалыңдыққа берілетін бағалы бұйым өз кезегінде, қызға қымбат естелік болып қалатыны сөзсіз. Шариғатта мәһр мөлшерін айнымайтындай етіп бекітпеген. Мұның сыры адамдардың барлығы материалдық тұрғыда тең бола бермейді. Сонымен қатар, күн көру деңгейінің өзі әр өңірде әр түрлі. Бұл жайында хадисте «Жақсы әйелдің мәһрі жеңіл, некесі оңай және мінезі көркем болады. Жаман әйелдің мәһрі қымбат, некесі қиын және мінезі жаман болады» – делінеді.
– Тойды ұйымдастыру барысында нені назарға алған жөн?
– Бүгінгі той өткізу дәстүрін алып қарайтын болсақ, барлығы да бір сарында, бірсыдырғы өтіп жатқанын аңғарар едік. Тойшы қауым той иесіне «қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, той – тойға ұлассын!», – дегенге саятын өздерінің игі тілегін білдіріп жатады. Ондағы ең негізгі кемшілігіміз – дастарханға спирттік ішімдіктерді қоюымыз. Бұған дейінгі ата-бабаларымыздың тойында спирттік ішімдік болмаған. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұстағы тойда біртіндеп ішімдік мәселесін шектеп, тоқтатып, мұсылмандық жөнге келуіміз – құптарлық, қуантарлық жайт.
Дегенмен, кейбір арақ қойылмаған жиын-тойларға келген көпшілік қауым: «Бұл той ма, құдайы ма өзі?!», – деп күңкілдеп жатады. Той дегеніміздің өзі шариғатта Аллаға шүкірлік ету, үлкендердің ақ батасын алу деген ұғымға сай келеді. Ішімдік қойылған жерге жиналып, біздер қалайша бір Алладан тілек тілей алмақпыз?!. Айтылған бата-дұғаларымыз қалайша қабыл болмақ?!. Қайта, Алладан сұрағанымыз кері кесір болып тимесіне кім кепіл? Өмірлік отау құрған жас жұбайларға қандай өнеге айтпақпыз? Әлгіндей күңкіл сөздер той иелерін еш алаңдатпауы тиіс. Себебі, ертеңгі күні ненің адал, ненің бұрыс екенін бізге адам таразысы емес, Ислам таразы анықтап беретінін естен шығармағанымыз абзал. Алла Тағаланың берген перзенті ер жетіп, бір басы екеу болып жатқанда той иесі соған шүкірлік айтуы керек.
Тағы бір ескере кететін нәрсе, бүгінде жұбайлық өмірге жаңа аттап отырған көпшілік жастар той қарсаңында серуенге шығып, асыл уақытын текке сарп етіп жатады. Осы орайда, некесін қидырған жастар мұқтаж адамдарға жаңа киімдер таратып беріп, оларды тойындырып, алдағы жаңа өмірлерін ізгі амалдардан бастаса, сол құба-құп болар еді.
Тойдағы тағы бір кемшілік – ертеректе той-томалақта, басқа да алқалы жиындағыдай, кім болса сол көп алдына шығып сөйлей бермейтін. Әулеттің беткеұстар ардақтыларының ғана осындай думанды да мәртебелі той-тамашада ізгі тілектерін жеткізуші еді. Бүгін де біздер той иесін асыра сілтеп, мақтай жөнелмей, көпті көрген көнекөздердің, ел ардақтыларының қазақы тәлім-тәрбиеге бастайтын ойлы да мәнді, көкейге қонымды ұлағатты өсиеттерін естуді дәстүрге айналдырсақ, зор ғанибет сол болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жас өнертапқыштар
Среда, 19 Апрель 2017 10:45Таяуда мектеп оқушылары арасындағы республикалық «Жас ғалым» ғылыми жобасы мен «Жас қаламгер» шығармашылық байқауларының қорытындысы жарияланды.
Озық ойлы жас өнерпаздардың есімін әйгілеу, олардың оқу-танымдық ізденістерін одан әрі қалыптастыру мақсатында өткен шараға өңірдің белгілі ақын-жазушылары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– ХХІ ғасыр – зияткерлік пен жаңашылдықтың дәуірі. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерімен ғаламды мойындату – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осы орайда, біз 2014 жылдан бері ғылымға ден қойған жас шәкірттерді жүйелі түрде марапаттап отыруды дәстүрге айналдырып келеміз, – дейді «Жебе» баспа үйінің директоры, «Мектеп», «Жас ғалым» журналдары мен «Алтын ұя» газетінің бас редакторы Жарқынбек Төлтебай.
Байқау жеңімпаздары арнайы «Жас ғалым» және «Жас қаламгер» медальдарымен марапатталды. Марапат иелерімен бірге олардың ғылыми жетекшілеріне «Алғыс хат» табыс етілді.