Қолжетімді сот билігі

Пятница, 13 Май 2016 09:57 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4428 раз

2015-жылдың қаңтар-қазан айы аралығында екі азамат бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысып, жалпы құны 2 830 000 теңге тұратын 5 бас жылқы, 12 бас ірі қара, 5 бас тоқтыны он төрт рет ұрлаған, оның ішінде екі бас жылқыны мылтықпен атып алған. Он төрт жәбірленуші өздеріне келген «залал қайтты, сотталушылармен татуластық» деген соң заң талабына сай сотталушылар сот залынан қамаудан шығарылып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Бұл қылмыстық істен сот билігінің ашықтығын, қол жетімділігін, елімізде адам құқығын сақтаудың озық үлгісін көруге болады, себебі сот билігіне заң талабына сай азаматтар араласып өз биліктерін айтып, шешім қабылдады. Жәбірленушілердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, сотталушылар жазадан босатылды. Жәбірленушілер мұндай шешім қабылдамағанда сотталушылар қамауда отырып, мемлекеттен оларды қамауда ұстау үшін айына 60 000 теңге көлемінде қаражат шығатын еді.

Сотталушылар он төрт рет қылмыс жасап ардың жібін аттап, өздерінің денсаулықтарына, келешек ұрпағына зиян келтірді. Себебі олардың ұрпақтары үйленетін немесе тұрмысқа шығатын кезде кімнің баласы, не істейді деген сұрақтар туындап, «ұрының ұрпағымен құда болмаймыз» деуі анық, мемлекеттік қызметке ұсынылғанда кедергі келтіруі мүмкін, яғни балаларының болашақтарына балта шапты.

Әр заттың өзіндік киесі бар, сотталушылар малдарды атып, арзан бағаға сатып малдың киесіне ұшырады.

Жәбірленушілерге келген залалды қайтарып өз отбасының ризығын азайтты.

Он төрт рет жәбірленушілерді менсінбей, олардың құқықтарын аяққа таптап, отбасы мүшелерін киіндіремін, азықтандырамын, үйлендіремін, той жасаймын деген ниетпен жинап отырған меншігіндегі малдарын заңсыз иеленді. Бұл адамдардың наласына қалды.

Қылмыстардың жасалуына ұрлаған малдарды арзан бағамен алушылардың болуы да себеп болған.  

Тойда, жиындарда ауыл ақсақалдары, апалар, жастар қылмыстың алдын-алу туралы айтып, жолын кесіп отырса, түрме халқының, одан ары тәртіп сақшылары, прокурор, соттар саны азаяды. Қаражат үнемделіп, зейнетақы, еңбек ақы мөлшері ұлғаятыны анық.

Халықтың сот билігіне араласуы істерді алқа билермен, медиация, партисипативтік тәртіппен қарауда көрініс алады. Яғни, азаматтардың өздеріне қатысты дау бойынша билік айтуларына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

«Қоғам өзін-өзі түземей оны ешкім түземейді» дегендей қасиеті бар ауданымызда адамдардың құқықтары бұзылмауына барынша ат салысайық.

Қ. МҰСАЕВ,  
Ордабасы аудандық сотының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.