Азаматтық істер бойынша даудың (жанжалды) медиация тәртібімен реттелуі

Пятница, 13 Май 2016 09:53 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 7058 раз

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Осы Заңның қолданылу саласы 1-баппен реттелген, яғни егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Аталған Заңның 9 бабында медиаторларға қойылатын талаптар белгіленген.  Оған тоқталатын болсақ, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.

Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін. Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Ал, жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар және отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімнің тәртібі жоғарыда  көрсетілген Зңның 27-бабымен реттелген. Сонымен, медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.   Осы келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс.

Ал,  тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасаған және оны сот бекіткен жағдайда, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатылады, сонымен бірге мемлекеттік баж төлемі қайтарылуы тиіс.

Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен бекіткеннен кейін, іс бойынша төленген мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 278-бабының негізінде төлеушіге, яғни талап қоюшы тарапқа қайтарылады.

Тараптардың дауды (жанжалды) медиация арқылы шешудегі  артықшылығы сол, өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, даудың екі тарапқа да тиімді жағдайда шешілуі, яғни даулы мәселені бейбіт жолмен шешу деуге де болады. Сонымен қатар, процесс тараптары үшін олардың татуласуына, азаматтық істерді ыңғайлы және тез қарауды көздейді.

Мемлекеттік баждың төлеушіге қайтарылуы қалай десек те, іске қатысушы тараптың шығынын үнемдеуге әкеледі.

Айгүл РҮСТЕМОВА,
ОҚО Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы

Последнее изменение Пятница, 13 Май 2016 10:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.