КӘСІПОДАҚ: жұмысшыларды оқытады, құқығын қорғайды Избранное

Понедельник, 04 Июнь 2018 04:05 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 264 раз

Кәсіподақ. Қандай да бір жұмыста істейтін қызметкерлерге бұл сөз таныс болса керек. Бірқатар жұмысшылар ол одаққа мүше болса, кейбірінің жұмысында кәсіподақ құрылмаған болуы да мүмкін. Жалпы, кәсіподақ - бұл барлық сала және кәсіпорындар жұмысшыларының еңбекақы, қауіпсіз жұмыс жағдайы мәселелерін, еңбек демалысын дер кезінде ұсыну мен өзге де мәселелерді шешу үшін бірігетін қоғамдық ұйым. Осы ұйымның жұмысы Оңтүстікте қалай өрбуде? Мұны біз «ОҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжановтан білген едік.

BB-6

– Ресми статистика бойынша Қазақстан Республикасындағы жалдамалы жұмысшылар саны 6 млн адамды құрайды, соның 35 пайызы кәсіподақ ұйымдарында мүше, – деп бастады сөзін Берік Айдарбекұлы. – Бүгінгі таңда Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы республикамыздағы ең саны көп ұйым саналады. Оның құрамына 18 салалық кәсіпқой одақтар біріккен, жалпы саны 2 миллионнан астам мүшесі бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 2161 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оларға 221 752 адам мүше болып тіркелген.

Төрағаның айтуынша, кәсіподаққа мүше болған жұмысшы бірнеше құқыққа ие болады. Нақты айтқанда ұжымдық келісім-шартта көрсетілген барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен жеңілдіктерге қол жеткізіп, жұмысқа кіру, жұмыс барысында қызмет ауыстыру мен жұмысқа шығу мәселелері бойынша, сондай-ақ, жұмыс және демалыс уақыты, еңбек қауіпсіздігі, кепілдіктер мен өтемақы мәселесі бойынша кәсіподақтан тегін заңгерлік көмек ала алады.

– Кәсіподақтар кәсіподақ мүшесі атынан жұмысшының өкілі ретінде оның тапсырмасы немесе өтініші негізде оның қатысуынсыз жұмыс берушімен арадағы келіспеушіліктерді реттей алады, – дейді Берік Айдарбекұлы. – Бұған қоса өндірістегі қайғылы жағдай мен кәсіби дерттерді тексеру кезінде, өндірісте денсаулығына келген залалды өтеу мәселесінде кәсіподақ мүшесінің құқығы қорғалады, қиын жағдайлар туындағанда және басқа да жағдайларда материалдық көмек алуға құқығы болады.

Кәсіподақ мүшелерін қолдау

Жыл басынан бері облыстық кәсіподаққа ондаған адам түрлі мәселелерін айтып келген. Оларға, негізінен, заңгерлік кеңес көрсетілді, дейді кәсіподақ төрағасы. Жұмысшыларды мазалаған мәселелер арасында еңбекақыны төлеу проблемалары, қауіпсіз жұмыс жағдайы мен әлеуметтік төлемдер бар. Сонымен қатар, бірқатар тұрғындар еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтып кетіпті. Мысалы, зейнетке шығатын еңбеккердің жұмысында алған марапаттары ескерілсе дейді.

«Соңғы екі жылда мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі нәтижесінде жұмысшыларының еңбегін тиісті келісім-шартсыз пайдаланып келген мыңнан астам жұмыс беруші анықталды. Олар негізінен құрылыста, саудада, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығында жүрген мамандар. Қолда бар мәліметтер бойынша 2008 жылы облыстағы жұмыс істеп тұрған 16 000 кәсіпорынның ішінде тек 1 853-нің ғана өз жұмысшылармен келісім-шарт жасалған. Бұл – 11,6 пайыз деген сөз. Қазіргі таңда құрамында кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорандар мен ұйымдардағы ұжымдық келісім-шарт жасасу үлесі бар болғаны 42 пайызды құрайды». Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы келтірген бұл мәліметтерден өңіріміздегі кәсіподақ құру жағдайы аса мәз емес екенін сезіледі.

Осыған байланысты кәсіподақ тарапынан бірқатар іс-шара қолға алынған. Мысалы, 2018 және 2019 жылдары «Еңбек келісім-шартын жасаңыз!» атты республикалық акция өтеді. Оның мақсаты – жасырын және қалыптан тыс еңбек қатынастарын қысқарту, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін көтеру. Осы тұста айта кету керек, қазіргі таңда кәсіподақта қамқорлық көмек көрсететін әлеуметтік орталық жұмыс істейді. Төрағаның айтуынша, демеушілердің қолдауымен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан мыңнан астам бала мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жаңа оқу жылына қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешек таратылған.

– Облыстағы кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істеген Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жыл сайын құрмет көрсетеміз. Концерттер мен кездесулер ұйымдастырылып, материалды көмек көрсетіледі. Жыл сайын балаларды қорғау күніне орай кәсіподақ ұйымының өкілдері балалар үйіне барады, демеушілердің көмегімен қайырымдылық жасайды, – дейді Берік Айдарбекұлы.

Кәсіподақ жарналары

Кәсіподақ болған соң, жарна болатыны анық. «Біздің төлеген жарналарымыз қайда кетіп жатыр, шипажайларға берілетін жолдамалар туралы сұрақтарды жиі естимін» дейді төраға.

– Сол жарналардың орта есеппен 70 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қалады, ал 30 пайызы кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіподақтарға бөлінеді. Кез келген салалық кәсіподақтағы штат саны 2-3 адамнан аспайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің кәсіподақ жинақтарын өз ұжымындағы кез келген іс-шараға жұмсауға құқылы. Кәсіподақ мүшелерінің көбісін жеңілдікпен берілетін шипажай жолдамаларымен аз қамтылу мәселесі алаңдатады. Айта кетейік, ол жолдамалардың бағасы қымбаттап қана қоймай, көп адамға қолжетімсіз болып қалды. Себебі, бұған дейін әлеуметтік төлемдер кәсіподақтарға, кәсіподақтар жанындағы арнайы қорға бағытталып, кәсіподақтар жұмысшыларға арналған жолдамаларды сатып алатын, оларды өз бағасынан 90 пайыз арзан немесе тегін тарататын. Қазір кәсіподақта ондай қор жоқ. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінде қалған жарнаны өз қалауымен жаратып, оның қайда жұмсалғаны туралы жыл сайын кәсіподақ мүшелері алдында есеп бере алады, – деді Берік Айдарханұлы.

Дегенмен, жағдай жақсарып келеді. Мысалы, 2017 жылы 10 салалық кәсіподақта 4100 адам сауығуға жолдама алды. Оның ішінде 2938 жолдама ОҚО білім беру және ғылыми қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетіне тиесілі. 1114 баланы сауықтыру мақсатында 16 миллион теңгеге жуық қаржыны облыстық білім беру және ғылыми қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бөлді. ОҚО мәдениет және ақпарат кәсіподақтары облыстық комитеті тарапынан жүзу бассейніне 52 абонемент бөлініпті. Бұған қоса денсаулық сақтау кәсіподақтары филиалының құрамына кіретін студенттерге қоғамдық өмірге белсене қатысқандары және үздік сабағы үшін Орталық кәсіподақтар кеңесінің атынан және Кәсіподақтың ОҚО филиалын атынан жыл сайын конкурс негізінде атаулы стипендия тағайындалады.

Жаңалықтар

Жуырда кәсіподақтар күні қарсаңында Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында флешмоб өтті. Оған кәсіподақтың белсенді мүшелері – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлері, энергетиктер, мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да сала өкілдері қатысты. Барлығы 200-ге жуық адам «Өз елім» әнін шырқап, хореографиялық қойылымдар көрсетті, «Кәсіподақ» сөзіне сапқа тұрды.
Кәіподақ ұйымындағы биылғы жаңалықтың бірі - 1 маусымнан қыркүйек айына дейін ОҚО кәсіподағының оқыту орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында бірінші бағыт бойынша жұмыссыз азаматтар оқытылады.
– Осы мақсатта 200-ге жуық адам қамтылып, оларды тоқымашы, аспаз, жүргізуші, жиһаз құрастырушы секілді 8 мамандыққа оқыту көзделуде. Теория бір ай оқытылып, екі ай практикалық сабақ қарастырылған. Қазіргі таңда бағдарлама аясында іс-тәжірибеден өту үшін өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісім жасалды. Айта кетейік, ол азаматтар тегін оқытылады, – деді кәсіподақ төрағасы.
Кәсіподақ, бұған қоса, облыстық сотпен әріптестікті жалғастырады. Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында аумақтық кәсіподақ орталығында іс-шаралар жоспарын жасалған. Соның бірінші бағыты татуластыру қызметтері орталығын құру болмақ. Ондағы мақсат – еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу.

Жазып алған –
Н.Бектаев

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.