Өртенген көлік шығынын кім өтейді? Избранное

Среда, 18 Июль 2018 04:15 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2902 раз

Шымкентте айыппұл салынған көліктер тұратын 3 ақылы айып тұрағы бар. Солардың бірі – «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не қарасты айып тұрағынан 16 шілдеге қараған түні өрт шықты.

Пожар

Төтенше жағдай болған сәтте айып тұрағында 45 көлік тұрған еді. Олардың барлығы жанып кетті.
«Өртенген көліктердің шығынын кім төлейді?» деген сұрағымызға айып тұрағының басшысы Абзал Әбдіқадыров жауап берді. Оның айтуынша, жанып кеткен 45 көліктің 35-і ақылы тұраққа жою үшін жеткізілген, ал қалған 10 көліктің алтауының тұраққа қойылған уақыты 3 жылдан асып кетіпті.
– Көліктер тым ескі болғандықтан болар, оларды иелері осы күнге дейін іздеп келген жоқ. Тағы 4 көлік жуырда ғана тұраққа қойылды. Олардың шығынын біздің мекеме өтейтін болады, – деді айып тұрағының басшысы.
Жалпы, Шымкенттегі ақылы айып тұрақтарына күніне 40-тан астам көлік жеткізіледі. Қалалық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Серік Толыбаевтың айтуынша, олардың арасында жүріп тұрған да, бұзылған да көліктер бар.
– Қалада иелеріне айыппұл салынған көліктерді орналастыратын 3 айып тұрағы бар. Оның бірі – Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында, екіншісі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС жанында, үшіншісі – «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не қарасты айып тұрағы. Біздің қызметкерлер көлік жүргізушілерінің ережені бұзуына байланысты күніне 400-ге жуық әкімшілік хаттама толтырады. Сол көліктердің 40-тан астамы айып тұрағына жөнелтіледі. Көшеде көлікті дұрыс қоймағандардың 10-15-і эвакуатор арқылы жеткізілсе, айып тұрағына апаратын тағы 10-15 көліктің иелері мас күйде рөлге отырған немесе жүргізуші куәлігі жоқтар. Жол-көлік оқиғасына байланысты айып тұрағына тоғытылатын көліктер де жоқ емес. Тағы 4-5 көлік сот орындаушылардың борышкерлердің мүлкін бұғаттауына байланысты айып тұрағына жеткізіледі, – дейді полиция подполковнигі.

Полиция подполковнигінің айтуынша, көрсеткіштер бұдан төмендейтін немесе 2 есеге артатын күндер де болады. «Алайда, азаматтардың көпшілігі көлігін ақылы тұрақта ұзақ қалдырмайды. Салынған айыппұлды төлеп, 1-2 күнде шығарып алуға тырысады. Себебі, айып тұрағындағы әр күнге ақы төленеді. Әйтсе де осында жатып, айыппұлының көлемі өз құнынан асып кеткен көліктердің тағдыры тек сот шешімі шыққаннан кейін мәлім болады» дейді полиция қызметкері. Яғни, көлік иесі темір тұлпарынан бас тартқан жағдайда айып тұрағының шығыны сот шешіміне сәйкес өндіріледі. Сондай-ақ, тиісті көлемдегі айыппұл мөлшері бюджетке аударылуы тиіс.

Айта кетейік, айып тұрағынан шыққан өртті сөндіруге 76 өрт сөндіруші, 17 техника қатысты. Тілсіз жау сағат 02:13-те оқшауланып, сағат 03:05-те толық сөндірілді. Өртенген аумақ 294 шаршы метрді құрады. Айып тұрағының жанында орналасқан жиhаз цехының шатырын да жалын шарпыған. Абырой болғанда өрттен адамдар зардап шеккен жоқ. Тұрақта шикі мұнай қалдығы құйылған 20 тонналық «Камаз» жүк көлігі болған екен. Қалалық ТЖБ қызметкерлерінің берген мәліметіне сүйенсек, өрт сол «КамАЗ» көлігінен шығып, кейін жанындағы жеңіл көліктерге тараған. Өрттің нақты шығу себептері қосымша анықталатын болады.
Қазіргі таңда бұл оқиға ҚР қылмыстық кодекстің 202-бабы (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері осылай деп хабарлады. Сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:28
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.