Қоғамдық институттардың жұмысын күшейткен жөн Избранное

Среда, 29 Август 2018 05:34 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3467 раз

Елімізде ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер, кәсіби және өзге де мерекелер кең көлемде аталып өтіледі. Сол мемлекеттік мерекелердің ішінде Конституция күнінің маңызы зор. Ата заңымыздың аясында еліміз даму жолына түсті: іргеміз бекіді, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз артып, алыс-жақын шетелдермен байланысымыз нығайды. Бастысы, елімізде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылығымыз орнықты.

13439165 988840044557079 7290611649650887512 n

Жалпы, Конституция ( латынның лат. constitutio — яғни «құрылым» сөзінен шыққан) — мемлекеттің негізгі заңы. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжатының бірегейі. Осы орайда Ата заңның саяси-құқықтық негізі мен кепілдігі арқылы Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктері мен табысты қырларын жинақтап, тілге тиек етіп өтейік.
Қазақстан Үкіметінің көп жылдық жүргізген жұмыстарының нәтижесінде көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнады, шекарамыз бекіді.
Елбасы IX Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде осынау ширек ғасырда қол жеткізген табыстарымызға тоқталып, экономикалық дамудың нәтижелерін қорытындылады. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге дейін ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанамен қамтамасыз етілу көрсеткіші бір жарым есеге ұлғайды. Республикалық маңызы бар 10,5 мың шақырым автомобиль жолы салынды және жөнделді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңгеге 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Біз жетекші трансұлттық корпорациялармен тиімді ынтымақтастықты жолға қоя білдік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – елімізге және жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің көрсеткіші» деп атап өткен болатын.
Еліміз бүгінде 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы онжылдықтың шешуші міндеті – елді дамытудың мүлде жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстан экономикалық өсімді жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайтатын орасан зор әлеуетке ие.
Конституцияның 1-бабы, 2-тармақшасында айтылған республика қызметінің түбегейлі принциптерінің ілгерілеуі – 23 жылдағы ең басты жетістіктеріміз деп атап өтер едім. Шүкір делік, елімізде қоғамдық келісім нығайып, саяси тұрақтылығымыз орнықты. Құдайға шүкір, бұл – елдің ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған жағдай. ҚХА жұмысын көптеген мемлекеттер, халықаралық қауымдастықтар мойындап отыр. Осының арқасында көптеген келісімдер, түрлі халықаралық ұйымдардың мәжілістері, дін лидерлері сьезі – барлығы елімізде өтіп жатыр. Көп векторлы саясат ұсатынымы дұрыс екенін уақыт дәлелдеп берді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 3-бабында:
«1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.
2. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» делінген. Қазақ халқында «Ат төбеліндей билік» деген мәтелі бар. Бұл мәтелдің философиялық мағынасы терең деуге болады. Әдетте "құқықтану" мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерге дәріс беру кезінде "мемлекеттік билік", "мемлекеттік басқару", "мемлекеттік аппарат", "мемлекеттік механизм" және тағы басқа терминдік сөз тіркестерін түсіндіріп жатамыз. Бұл ұғымдық тіркестерді шартты түрде дана қазақ халқы бір сөйлеммен түйіндеген. Жоғарыда аталған мәтелдің мәні мынада: шартты негізде ат төбелін билікке (азшылыққа) теңеп түсіндірген. Аттың бүкіл денесі шартты түрде азаматтық қоғам (көпшілік) дегенді білдіреді. Демек, мемлекеттік басқару дегеніміз азшылықтың көпшілікті басқаруы деп түсінуге болады. Ендеше, көпшілік азшылықпен өзара алшақтамай, өзара әрекеттесуін жандандыру керек деп білеміз. Демек, жақында қоғамдық даму министрлігінің құрылуы, оны әрі қарай дамыту елдің мақсаты, міндеттері және келешегі деуге болады.

DSC 8894

Ендігі ретте Нобель сыйлығын алған американдық макроэкономистер Теодор Шульц және Гарри Беккер тұжырымына сүйенгенді жөн көрдік. Олар «Экономиканы дамытуға ықпал ететін факторлар бар. 16% – физикалық капитал (адам күші), 20% – материалдық ресурс (табиғи ресурстар) және 64% адами капитал құрайды» деген. Адами капитал – білім саласын дамытудың негізі.
Жалпы, 23 жылдың ішінде адамдардың құқықтары мен бостандықтары өз деңгейінде қорғалып келеді. Конституция – біздің ұлттық құқықтық жүйеміздің бастауы. Елімізде адамның бостандықтары мен құқықтары заң аясында қорғалады. Дегенмен, бұл орайда мына нәрсені назарда ұстаған жөн. Жалпы, қарапайым тұрғындар өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға өздері әрекет етіп, белсенділік көрсетуі тиіс. Бұл – құқықтық сауаттылық. Адамға негізінен қоғамда бес сауаттылық керек болса, соның ішіндегі ең маңыздысы – құқықтық сауатты болуы. Сонда ол өзінің азаматтық міндеттері мен мүмкіндіктерін толық біледі. Өмірінде жетістікке жетуіне жол ашылады.
Дегенмен, өз құқықтарыңды іске асырған кезде басқа адамның да, қоғамның да мүддесін көздеу керек. Басқалардың да құқықтарын құрметтеуі тиіс.
ҚР Президент жанындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау комиссиясының мәліметінше, құқықтар мен бостандықтардың қорғалуына қатысты шағымның басым көпшілігі сот жүйесіне тиесілі екен. Азаматтық істер болғаннан кейін дұрыс шешім шықпауы мүмкін. Дұрыс шешім шықса да, дұрыс түсіндірмеуі мүмкін. Бұл – өте үлкен күрделі мәселе. Сол арыздардың шамамен, 33 пайызға жуығы сот жүйесіне, 17 пайызы құқық қорғау органдарына тиесілі. Қалғаны басқа да мемлекеттік органдарға қатысты.
Әрине, бұл тұрғыда ғылыми зерттеу жұмыстарын әлі де күшейту керек. Қазақ тіліндегі зерттеу жұмыстары аз. Негізінен, еңбектердің көбісі орыс тілінде. Ағылшын тіліндегі зерттеу материалдарын зерделейтін болса, зерттеу жұмыстары ары қарай дамып, күшейе түсері анық.
Жалпы, құқық негіздері деген сабақтың мектепте де, ЖОО-да сағатын көбейту ләзім. Жастар мектеп қабырғасынан құқықтарын біліп өссе, келешекте барлық қабілеттерін көрсете алар еді. Әрине, жастардың көбісі өз құқықтарын біледі. Бірақ тәжірибе аз.
Жақында Президент әкімшілігінің ұйымдастыруымен Конституция күніне орай ғылыми жобалар бойынша республикалық конкурс жарияланған еді. Оған біздің факультеттің студенттері қатысып, белсенділік танытты Біздің шәкіртіміз бірінші орын алғанын да айта кеткен жөн. Үздік шәкіртімізді 29 тамызда Астанада өтетін мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференцияда марапаттамақ.
Жалпы айтқанда, адамның бостандықтарын қорғауда қоғамдық институттардың рөлін күшейту керек. Жақында Қоғамдық даму министрлігі құрылды. Қоғамдық кеңестер де жұмысын атқаруда. Ендігі ретте қоғамның, халықтың белсенділігі артады деп ойлаймын.

Ермек БЕКБОСЫНОВ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Заңтану
және халықаралық қатынастар»
факультеті деканының ғылыми-зерттеу
жұмыстары бойынша орынбасары, Ph. докторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.