«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңы қабылданды

Вторник, 18 Сентябрь 2018 10:28 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3963 раз

Ұлттық құқықтың дамуының басты бағыты Қазақстан Республикасы Конституциясының құқықтық идеяларын іске асыру болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы 3-тармағына сәйкес әр адамда білікті заң көмегін алу құқығы бар. Заңмен көзделген жағдайларда, заң көмегі тегін көрсетіледі.

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңы қабылданғаны белгілі.

         Алғашқы «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылы 5 желтоқсанда қабылданған болатын. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған. Алайда, аталған Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заң көмегін алуда қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейді. Осы орайда, адвокатура институтын жетілдіру мақсатында құқықтық саясат тұжырымдамасында бірқатар міндеттер айқындалған болатын.

Бұдан басқа, жеке тәжірибиемен айналысатын заң кеңесшілерінің құқықтық мәртебесі мен құзыреттері арнайы заңмен реттелмеген болатын.

Ал, қазіргі жаңа заң, заң кеңестерімен заңгерлік көмек көрсетудің негізгі қағидаттары, заң кеңесшілерінің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, олардың қызметін сақтандыру сияқты мәселелерді нақтылап қарастырады.

Заң кеңесшісінің қызметін сақтандыруы ол – заң кеңесшісімен заңгерлік қызмет көрсету нәтижесінде клиентке зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасауға міндеттейді.

Сонымен қатар заң кеңесшілерінің палаталарын құру арқылы олардың қызметін (заң кеңесшілері мүшелігі, заң кеңесшілері палатасының бірыңғай тізілімі, заң кеңесшілері палатасының ережелері мен стандарттары, Кәсіби этика кодексінің талаптары) ұйымдастыруды көздейді.

Тұрғындар үшін тиімді енгізілген жаңалық «pro bono» тәжірбиесі. Ол дегеніңіз кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету ақысыз негізде, соның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына, Қазақстан Республикасының заңнамаларында көрсетілген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім (құқықтық жағдайды шешу) қабылдағанға дейін құқықтық сүйемелдеуге жағдай туғызуды белгілейтін заң көмегін көрсету болып табылады. Ескере кету керек, тегін заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу кезінде кәсіпкерлік қызметке байланысты дауларға көрсетілмейді.

Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету қызметі ерікті түрде және әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру болып табылады.

Заң адвокаттық қызмет институтын бәсекелестікті арттыра отырып жетілдіруге де бағытталып отыр. Бұған адвокаттар алқасына мүшелікке кірудің жолдарын жеңілдетіп, адвокаттардың санын арттыру арқылы қол жеткізілмек. Бұл ретте, адвокаттар алқасына кіруге үміткерлерге алғашқы кіру жарнасын төлеу алынып тасталды. Бұрыңғы заңнамаға сәйкес адвокаттар алқасына кіру үшін жарна сомасы қомақты және оны адвокаттық қызметпен айналысқысы келген кез-келген жас маманның қалтасы көтеруі екіталай болатын. Заңда адвокатура институтын жетілдіру үшін заң көмегін көрсету субъектілерінің біліктілігін қамтамасыз ету, аттестаттау өткізу тәртібін қайта қарау, адвокаттардың біліктілігін арттыру және сапасыз заң көмегін көрсеткені үшін жауаптылыққа тарту қарастырылған.

      Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен автоматты түрде қалыптастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.

 

Шымкент қаласы Әл-Фараби

аудандық әділет басқармасының

бас маманы,

«Қазақстан заңгерлер Одағы»

РҚБ-ның мүшесі А.Жаубасаров

Последнее изменение Вторник, 18 Сентябрь 2018 10:33
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.