Германияда оқып қайтты

Пятница, 30 Январь 2015 06:16 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3805 раз

ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпорын мамандарына шетелден іс-тәжірибе өтуге тамаша мүмкіндік ұсынды. Негізінен, көлік жасау және құрылыс материалдарын өндіру салаларында жұмыс істейтін мекемелердің қызметкерлері үшін. Өткен жылдың қараша айында Германияға іс-тәжірибеден өтуге аттанған шымкенттік мамандар елге оралды.

1234Таяуда ОҚО Кәсіпкерлер палатасында  өткен баспасөз жиынында  «Болашақ» бағдарламасы бойынша ақысыз іс-тәжірибеден өткен мамандар көрген-түйгендерімен бөлісті. Олардың дені – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Стандарт цемент» ЖШС, «Оңтүстік Қазақстан көлік жасау зауыты» АҚ, «Казгеомаш» ЖШС мамандары. Қараша айында Оңтүстіктен аттанған 12 маман Германиядағы Кельн қаласының оқу орталығында Vollkswagen, Schalker Eisenhutte, Alstom және тағы басқа ірі неміс компанияларында тәжірибелік курстарынан өтті.
Жиынға жетекшілік еткен ОҚО кәсіпкерлер палатасының адами капиталын дамыту бөлімінің басшысы Берік Кенжебаев «Мекемелерден ешқандай шығын болған жоқ. Мамандар іс-тәжірибеден өту кезінде жұмыс орындары толығымен сақталды», – дейді.
Алғашқы конкурстық іріктеу 2014 жылдың тамыз айында ұйымдастырылған. Байқауға қатысуға 32 үміткер өтініш білдірген. Соның ішінен 12 инженерлік-техникалық жұмысшы «Болашақ» шәкіртақысын жеңіп алды. Б.Кенжебаевтың айтуынша, іс-тәжірибеден өткен мамандар біліктіліктерін өз мекемелерінде іске асырады. Келесі іс-тәжірибеден өту үшін үміткерлерді іріктеу осы жылы көктемде басталады. Айта кететіні, барлық шығындарды «Болашақ» бағдарламасы өтейді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.