433 Түлек үздік диплом алды Избранное

Пятница, 05 Июль 2024 05:39 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 238 раз

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде түлектерге диплом табыстау іс-шарасы өтті. «Үздік түлек-2024» деп аталған жиында төрт жыл білім мен ғылым нәрімен сусындаған бітіруші түлектер қолға диплом алып, үлкен өмірге қадам басты.

8 diplom

 

Алғаш болып сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор м.а. Қайрат Нұрманбетов түлектерге ақжарма тілегін жеткізді.
– Университетімізде 28 500 студент бар. Биыл 3 деңгейлі білім беру сатысы бойынша 8528 студент оқу ордасын тәмамдап, жас маман атануда. Түлектердің 2438-і мемлекеттік білім гранты негізінде білім алды. Сонымен қатар қатарластарынан оқ бойы озып, ғылым мен білім биігінен көрініп, жоғары балдық көрсеткішпен оқыған 433 түлек үздік диплом иегері атанып отыр. Үздік атану оңай емес. Ол үлкен ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Сіздер университетіміз бен ата-аналарыңыз сенім артқан үдеден шығып, жаңа өмірге қадам бастыңыздар. Қадамдарыңыз нық болып, ел игілігіне адал қызмет ете беріңіздер, – деп жүрекжарды тілегін ақтарған Қайрат Еңбекшіұлы үздіктерге диплом табыстады.
Сонымен қатар білім биігінен көрінген үздіктерге «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» мекемесінің директоры, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Біржан Жақыпов, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева, Шымкент қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Үсіпбеков, «Береке банк» АҚ Шымкент филиалының директоры Марат Өтемісов, Түркістан облысынан «Мәдени» жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің директоры Серік Стамқұлов, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры, белгілі журналист, Президент грантының иегері, «Халық алғысы» және «Ақпарат саласының үздігі» медальдарының иегері Саламат Омаш, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Аянай Раева секілді республикаға және өңірімізге белгілі тұлғалар мен азаматтар түлектерге диплом табыстап, тілектерін жолдады.
Салтанатты шара соңы эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Елімізге белгілі Жолдасбек Әбдіханов пен Қайрат Түнтеков сынды өнер иелері әннен шашу шашты.
Түлектерімізді үлкен өмірге қанат қағуымен шын жүректен құттықтай отырып, алар асуларыңыз мол, шығар шыңдарыңыз биік болсын деген тілектестігімізді білдіреміз!

А.КЕРІМ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.