ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫНЫҢ МУЗЕЙТАНУ ІСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ Избранное

Пятница, 05 Июль 2024 06:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 221 раз

Аты алты алашқа мәшһүр ақын, 14-тен аса кітаптың авторы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», ордендерінің иегері, Мемлекеттік стипендия иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері және көптеген марапаттардың иесі Ханбибі Есенқарақызы биыл 75 жасқа толып отыр.
Ханбибі Есенқарақызын көпшілік Хан-апа деп атайды. Хан-апа біраз мекемені басқарды. Қай жерде қызмет істесе де, өз халқы үшін бар күшін салып аянбай еңбектенді. Қызметтегі басты кредосы – халық үшін, ұлт үшін еңбек ету.

5 habibi

 

Қызметтік тізіміне көз жүгіртсек, Ханбибі Есенқарақызы 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы ретінде халықаралық «Түркістан» оркестрін құруға, облыстық Пушкин атындағы кітапхананың алтын қорын сақтайтын ғимаратқа қол жеткізуге мұрындық болды.
1994 жылы облыстық филармонияға директор болып тағайындалып, ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге қол жеткізді. 1996 жылы филармонияға Шәмші Қалдаяқов есімін беруге, оның мүсінін орнатуға, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін нотасымен мәрмәр тасқа түсіріліп, қабырғаға ілінуіне атсалысты.
1997 жылы облыстық қазақ тілі қоғамын басқарған кезінде «Тілге құрмет – елге құрмет» бағдарламасымен облысты аралап, тіл жанашырына айналды.
Көпшіліктің бірі біліп, бірі білмес, Ханбибі Есенқарақызы он төрт жылдай саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде басшылық жасады. Міне, осындай қызметтік жолдан өткен Ханбибі Есенқарақызы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің дәрежесін мүлдем басқа деңгейге жеткізді. 2003 жылы музей қоры екі жарым мың еді, кейін құжаттар қорын молайту үшін жан-жақтағы архивтермен бірлесе жұмыс істеу және іссапарлар нәтижесінде қорды он төрт мыңнан асырды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы шыққан «Азалы кітапқа» енбей қалған адамдардың аты-жөндерін анықтатып, толықтыруға атсалысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының айтулы даталарына арнап музейде іс-шаралар ұйымдастырылып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрсетті.
Сол насихат жұмыстарының нәтижесінде шетелдік елшілер де музейге ат басын бұрып, Британ консулдығы музей туралы ағылшын тілінде кітапша дайындап, оның мың данасын және сертификатты музейге тарту етті. Ұлыбритания корольдігінің елшісі Дэвид Морон музейдің құрметті қонағы болып, Ханбибі Есенқарақызы мен музей ұжымына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін мәлімдеді. Бұл да бір Хан-апаның жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білуінің жарқын көрінісі болса керек.
Бұл мекеме – қазақ деген ұлттың өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет болуы үшін бастарын бәйгеге тігіп, аянбай күрескен, ұрпағы үшін құрбан болған асыл арыстардың, қыршынынан қиылған азаматтардың тарихының тоғысқан жері, туыстарынан бір уыс топырақ бұйырмаған, тіпті қабірі жоқ, сүйегі әр сайда қалған асылдардың рухани мекені. Музейдің негізгі қызметі –тарихи-мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, ғылыми-зерттеу және халыққа жеткізу. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Алаш арыстарының, сондай-ақ ашаршылық құрбандарының деректерін жинақтап, құжаттарын толықтырып, ұрпақтың тарихты тереңдеп білуіне жол нұсқап, ұлт жанашырларының еңбектері мен ерліктерін насихаттау. Міне, осы бағыттың барлығы Ханбибі Есенқарақызының кезінде іске асты, яғни тарихтың ақтаңдақ беттері туралы шыққан еңбектерді көпшілікке таныстырып отырды, шалғай жерлерге жылжымалы көрмелер ұйымдастырды, ғылыми қызметкерлердің біліктілігін шыңдау мақсатында әртүрлі форум, жиындарға жіберіп отырды. 2001 жылы ашылған музейдің кішкентай ғимаратының кеңеюіне күн-түн демей жүгіріп, министрлікке дейін барып қаражат бөлгізіп, 2013 жылы қосымша ғимарат салғызды. Бүгінде музей қызметкерлері экспозициялық залға жапсарлас етіп салынған кең де жарық, жылы, жұмыс істеуге қолайлы кабинеттерде қызмет етуде.
Екінші бір еңбегі –2006 жылы желтоқсан айында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым» атты республикалық ғылыми конференциясын өткізуі. Конференцияға көршілес мемлекеттерде тұрып жатқан қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен алаштанушы ғалымдар қатысты. Ұрпақтардың сұхбаттары негізінде «Қан жүректі қайғылым» атты естеліктер кітабын құрастырып шығарды. Бұл кітап тарихи дерек болып табылады. Конференция жоғары деңгейде өткізілді. Конференцияның қорытындысы ретінде «Шыдам бер, сабыр қылайын!» атты жинақ шығарылды.
2006 жылы қазақтан шыққан алғашқы дипломат Нәзір Төреқұлов жайлы «Нәзірге нәзіл нәзіктік» атты еңбегін шығарды.
2007 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 90 жыл толуына орай «Алаш партиясының қайраткерлері», Алаш партиясының құрылғанына 95 жыл толуына орай «Алаш арыстары» атты кітапша көпшілік назарына ұсынылды.
Аласапыран кезеңде қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жан-жақтағы балалар үйіне жіберілсе, кейбірі туыстарымен бірге бас сауғалап кетуге мәжбүр болып, ата-тегі ауыстырылды. Хан-апа қаншама жанның өз ата-тегін қайтарып алуына, әкелеріне ескерткіштер орнатып, құран бағыштап, еске алуына мүмкіндік жасады. Соның бірі Байзақов Мәуленқұлдың ұлы Вахитов Фархаттың өз тегін алуына көмектесті. Баласын аман алып қалу үшін анасы Махинур ұлын өз тегіне ауыстырып, Ресейге алып кеткен екен. Сол Фархаттың өз тегін алуына, Шымкентте әкесі тұрған үйге ескерткіш тақтаның орнатылуына әкімдік арқылы үлкен қажырлықпен атсалысты.
Ханбибі Есенқарақызының үшінші сүбелі еңбегі, музей ісіне, тарихқа қосқан үлкен іргелі үлесі – «Шолпан» журналы мен «Ақжол» газетін араб харпінен кириллицаға көшіртіп, жинақ етіп шығартып, ғылыми айналымға қосқаны. Ханбибі Есенқарақызы осы басылымдарды жарыққа шығаруы арқылы Алаш жұртының алдындағы бір парызын өтегендей болды.
Зұлмат жылдарда оттары сөніп, аттары өше бастаған қайраткерлердің аруағы, рухы риза болатындай біраз іс тындырды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, халық руханиятына үлес қосып, ел игілігіне қызмет етті. Кешегі тәуелсіздік үшін күні бүгінге дейін шешілмей келе жатқан жер, тіл, ұлттық үрдістерді қалыпқа салу жолында құрбан болған Алаш ардақтыларының рухын тербетті. Ханбибінің сырласы да сыншысы бола білген әпкесіндей болған атақты Фариза Оңғарсынованың өзі: «Сен ғалым немесе тарихшы емессің, архивте нең бар. Архивке бір түссең, әрі қарай тартып әкетеді, одан да өз кітаптарыңды шығар, жақсы ақынсың, прозаң да жақсы, халық сенен өз шығармаларыңды күтеді» дегеніне қарамай, осы іске бел шеше кіріседі. Тарихи көрегенділікпен алысты жақындатқан кейінгі зерттеушілерге азық болар дүние жасады.
Ханбибі Есенқарақызы Алаш ардақтыларының аманат сөзін мойнындағы парызындай көріп, «Шолпан» журналымен қатар «Ақ жол» газетін Ташкенттен алдырды. Ғалымдар күндіз шам алып іздеген 1922-1923 жылдардағы Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналының барлық сегіз санын 2008 жылы Хан-апаның бастамасымен Ташкент қаласындағы мемлекеттік мұрағаттан әкелініп, музейдің ғылыми қызметкерлері араб харпінен кириллицаға көшіртіп, үлкен кітап етіп шығарды.
«Шолпан» журналы саяси-шаруашылық, әдеби-рухани білім көтеру құралы болды. Журнал сол кезеңде хал-қадерінше қоғамды алаңдататын мәселелердің барлығын қамтуға тырысқан. Басылымда тарихи, ғылыми, әдеби, әдет-ғұрыптық мәліметтер берумен қатар, сол кездегі қазақ-қырғыздың тіл дамуы деңгейінің көрсеткіші екендігін байқатады.
Журналдың редакторы қызылордалық Иса Тоқтыбаев Халық Ағарту комиссариатында баспа бөлімінің меңгерушісі болды. Журналда М.Әуезов, Ә.Диваев, С.Асфендияров, С.Сейфуллин сынды Алаш зиялыларының шығармалары жарық көрді. «Ақ жол» газеті 1920 жылы 7 желтоқсанынан бастап 1926 жылы көлемінде Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды. Редакторы мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов болды. Газетті шығаруға Нәзір Төреқұлов, Қ.Құлетов, С.Сәдуақасов, С.Асфендияров сынды зиялылар атсалысқан.
Газет сол кездің қоғамдық-саяси ахуалынан хабардар ете отырып, ғылыми-ағартушылық мәселелерді қозғайды. Газет айналасына ұлттық элитаны топтастырған басылым болды. Газетте көтерілген мәселелерге қарап халықтың хал-ахуалын көреміз. «Ақ жол» газетіндегі мәліметтер негізінде қазіргі таңда талай зерттеу мақалалары жарыққа шығуда және алда жалғасын табады деп сенеміз. Мәскеуден 70 шақырым қашықтықтағы Химки қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасының бөлімшесінен, Алматыдағы ұлттық кітапхананың қор бөлімінен газеттің біраз сандарын тауып араб харпінен кириллицаға аударуда музейдің ғылыми қызметкерлері Қытайдан келген Ғалым Елубайұлы мен Ғалым Қасымхан өлшеусіз орасан зор еңбек сіңірді. Үлкен бір ғылыми орталықтың жұмысын аз ғана адам атқарды.Осы жерде Ханбибі Есенқарақызының тағы бір қасиеті қарамағындағы қызметкерлерге талап қана қоймай, өз қамқорлығына алуының бір дәлелі Ғалым Елубайұлын шетқақпайламай баласындай қарап, 2012 жылы үйлендіріп, ақ дастарқан жайып сүйіктісіне қосылуына себепші болды. Бұл азаматтың 2024 жылы 6 қаңтарда мезгілсіз дүниеден озуына байланысты саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне келіп, оған ұжым болып құран бағыштауы Хан-апаның адамгершілік қасиетін байқатса керек.
Ханбибі Есенқарақызы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде өткізілетін іс-шараларға үнемі қатысып, жастарға ақыл-кеңесін беріп тұрады. Хан-апа салып кеткен сара жол бойынша қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары музейге келіп, құран бағыштап, ата-баба рухына тағзым етіп, еске алып тұрады. Ұрпақтардың ата-бабалары туралы сұхбаттары «Ұрпақтар еске алады» жобасы арқылы видеотүсірілім жасалып, оны музейдің әлеуметтік желілеріне ұдайы жариялануда.
Ханбибі Есенқарақызы осы басылымдарды жарыққа шығаруы арқылы Алаш жұртының алдындағы бір парызын өтегендей болды. Сондықтан осы еңбектері арқылы Ханбибі Есенқарақызы жоғары марапатқа лайықты жан. Жақсы адам қартайса абызға айналады дегендей, абыз ана, абыз дана, әлі де болса Хан-апаның кейінгі буын жастарға берері көп болсын, мерейтойыңыз құтты болсын дейміз.

М.АСҚАРОВА,
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін 
құрбандары музейінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.