72 Жасында магистратура бітірді Избранное

Пятница, 05 Июль 2024 05:43 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 220 раз

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратына жиналған көпшілік Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет жастарының жарқын сәттеріне куә болды. Бұл күні білім жолында талмай ізденіп, табысқа жеткен талапты түлектердің барлығы жиналған. Шымкент қаласындағы іргелі оқу орнын 2024 жылы 4268 жас бітірді. Олардың 811-і магистр атанса, 3457-сі бакалавр дәрежесіне ие болған.

8 magistr

 

Диплом табыстау салтанатында өнер, білім-ғылымда, спортта жетістікке жеткен студенттердің «Біз бағындырған белестер» атты арнайы фильмі көрсетілді. Аз ғана уақытта еліміздегі үздік жоғары оқу орындарымен тең нәтиже көрсетіп жүрген университет алғаш рет Өзбекстан азаматтары үшін «Өзбек тілі және әдебиеті» бағдарламасын енгізбек. Бұл туралы университет ректоры Қанат Сейтжанұлы айтты.
– Ж.Тәшенев университеті – техникалық мамандықтарға ғана емес, гуманитарлық мамандықтарға да басымдық беріп, заман талабына сай инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын қалыптастыруды қолға алып, жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, техникалық, ауыл шаруашылығы, сервистік және ветеринария салаларында білім береді. Университетте 35 бакалавр, 10 магистратура мамандықтарынан бөлек, толық ағылшын тілінде өтілетін «Бизнес әкімшілігі» мен «Басқарудың ақпараттық жүйелері» мамандықтары ашылып жатыр. Алдағы уақытта шетелдік профессор-оқытушылар сабақ беріп, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шет мемлекеттерге жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Университетте білім алушылардың қатары жыл санап өсе түсуде. Бұл қадамды маңызды санайтын әрбір жас Тәшенев университетімен бірге белестерді бағындырды. Осы жылы бітірушілердің 80%-ы толықтай жұмыспен қамтылады деген жоспар бар, –дейді университет ректоры Қанат Сейтжанұлы.
Салтанатты шараға университет басшылығы, ардагер ұстаздар, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен бітіруші түлектер қатысты. Алғы сөз сөйлеген университет құрылтайшысы Оңалбай Аяшұлы түлектерге сәттілік тілеп, тек биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Білім алу қашан да кеш емес екендігіне бүгінгі жиында тағы бір куә болдық. Жұмахан Қалпейісұлы 72 жасында педагогика және психология ғылымдарының магистрі атанып, алдағы уақытта докторантураға түспек ниетте.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.