– Мемлекетіміз әрдайым білім саласына қолдау көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда қаламызда атқарылған ілкімді істер жетерлік. Қазақстан жалпы цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. ХХІ ғасырда цифрлық технологиялар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануы негізгі талаптардың бірі. Бұл әрбір білім алушының, педагогтың және білім беру ұйымдарының оқу процесін жетілдіру үшін сөзсіз қажет. Жастардың білімді болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен бітпейді. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар үздіксіз жалғаса береді, – деген шаһар басшысы 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижелерге қол жеткізген ұстаздарға Алғыс хаттар мен Құрмет Грамоталарын табыстады.
Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 28 000 орынды 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін соның барлығы пайдалануға беріледі. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ. Бұл туралы Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева айтты.
Өткен оқу жылында қаланың білім саласы бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп, көптеген түйткілді мәселелер шешімін тапты. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізіліп, «Ойын арқылы оқыту қағидаты» негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілді.
Білім саласында қол жеткізген толағай табыстар баршылық. Соның бірқатары конференция барысында цифрландыру жағдайында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша цифрлық технологияларды қолданудың озық тәжірибелерімен алмасу туралы баяндамалар жасалып, инновациялық жобалар мен цифрлық платформалардың қатысуымен жасанды интеллект, виртуалды шындық, STEM білім және осы секілді тағы басқа нақты тақырыптарға арналған көрме ұйымдастырылды. Конференция қатысушылары үздік тәжірибелерді іс жүзінде көріп, танысу мүмкіндігіне ие болды.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ