КІТАПХАНА – ҰЛТТЫҢ ЖАДЫ, РУХАНИЯТТЫҢ ТІРЕГІ Избранное

Среда, 14 Август 2024 05:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1756 раз

Кітап оқитын ұлт төл руханиятына берік болады, оның мәдениеті мен әдебиеті де бай болары сөзсіз. Адамзатты игілікке бастайтын, дамуына негіз болатын білім мен ғылымның қайнар көзі – кітап. Сондықтан кітапқа деген қоғамның құрметі әрқашан биік болуы тиіс. Осы ретте рухани ордаға баланған кітапханалар мен олардың шырақшысына айналған кітапханашылардың рөлі жайлы сөз қозғағанды жөн санап отырмыз.

KitaP

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханашылардың жағдайына, кітапханалардың заманауи талаптарға сай қызмет етуіне, оның ұлт сапасын жақсартудағы орны мен рөліне ерекше мән беріп келеді. Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», – деген болатын.
Осыған байланысты біз Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты кітапханалардың қазіргі жұмысы туралы танысып көрдік.

Шымкент қаласындағы кітап қоры 1 млн 861 мың 675 дана

Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасында 6 кітапхана (37 кітапхана бөлімшесі) қызмет атқарады. Олар: Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, «Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы».
Қаладағы кітап қоры жыл өткен сайын молайып келеді. Оқырмандардың сұранысы арқылы қажетті кітаптар, кезек күттірмей сөрелерге дейін жеткізілетін көрінеді. Бұған жауапты мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, кітапхана қорын толықтырудың негізгі көзі жергілікті бюджет есебінен. Дегенмен, сыйға тарту және мемлекеттік тапсырыс бойынша басып шығарылған кітаптарды өтеусіз алу арқылы жүзеге асырылып келеді. 2024 жылға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша баға ұсынысын сұрату тәсілімен бюджеттен 37 608,0 мың теңге бөлінген,-дейді Бауыржан Орынтаев.
Иә, қоғамның алға жылжып, өрістеуі оның рухани деңгейімен тікелей байланысты. Сауаты, мәдениеті, білімі жеткен адам тұрмыстық жағдайын да қалауынша түзеп алуға қауқарлы әрі қоғамды да дамытады. Сол себепті әуелі мазмұн ту көтеруге тиіс. Оқырманы аз кітапты нашар басылым дей алмаймыз. Өйткені әрбір шығарылымның астарында айтар ойы бар. Қазіргі таңда өз өмірін өнеге еткісі келетіндер жетерлік қой. Сол үшін арнайы кітап та шығарады. Кітапханаларда, шәйханалар мен мейрамханалардың сөрелерінен оңай тауып алуға болады. Бірақ, өзгенің тағдыры кімге керек дейміз ғой. Сөйтеміз де, сынның астына аламыз. Мазмұнана мән бермей жатып, тақырыбын көре сала, керегі жоқ дүние деп кесіп айтамыз. Алайда, әрбір оқырманның талғамы бар. Жазылған дүниеден керегін алып, саралау сол адамның еншісіндегі дүние.

2025 жылға дейін жалақы 100 пайыз көтеріледі

Баланың сауатты болуы отбасы мен мектепке байланысты болса, тікелей себепкер кітапхана екені белгілі. Ол сол кітапханалышлардың жалақысы бірнеше жылдан бері түйіні шешілмеген мәселе болып еді. Қазір жастардың дені білімге ұмтылғандар. Ізденімпаз, әртүрлі техниканың тілін жетік меңгерумен шектелмейді. Рухани дамиды, тұлға болып қалыптасуға әрекет жасайды. Мәселен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға қарай 100%-ға арттыру мақсатында кітапхана қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 25%-ға ұлғайту жөніндегі жұмыс туралы айтты. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәліметі бойынша кітапханашылардың орташа жалақысы 177 000 теңгені құрайды екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда еселенген. Ал, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы және «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі №218 қаулысы негізінде кітапханашыларға ерекше еңбек жағдайы үшін лауазымдық жалақының 10 пайыз үстемақысы, мәдениет саласындағы басқарушы және негізгі персоналға лауазымдық ақыдан 35 пайыз қосымша ақы, сондай-ақ жергілікті бюджеттен 44 823 теңге көлемінде ынталандыру үшін үстемақы төленуде. Қазіргі уақытта «Кітапхана ісі» мамандығын бітіріп, маман болғысы келмейтіндер көп. Осы саланы 4 жыл оқығанын растайтын құжаты қолында, бірақ мұғалімдік жолда жүрген Бекзат Жолдасов жастардың кітапханашы болып жұмысқа орналасқысы келмейді дейді.
– Жақсы өмір сүру үшін, жақсы жалақы керек қой. Отбасыны асырау үшін бұл саланың жалақысы жеткіліксіз. Ал, қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Өйткені ағылып келіп жатқан оқырманға қызмет көрсетуің керек. кез-келген саланы бітірген жас маман әуелі оның айлығына, сосын абыройына қарайды. Біздегі буын өкілі «кітапханашы» деген ұғымды әлі күнге дейін дұрыс түсінбейді. Мемлекеттік грант ұтып алғанымда да, қатарластырымның әзілдегендері көп,-дейді жас маман.
Ал, Әл-Фараби кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің басшысы Ляззат Қалтаева маман тапшылығының бар екендігін айтады.
– Республикамыздың өзінде кітапханашы мамандығын дайындайтын ЖОО жоқтың қасы деп айтуға болады. Бұл мамандыққа грант өте аз бөлінетінін байқаймыз. Сондықтан алдағы уақытта кітапханаға жастарды тартамыз десек, онда осы мамандыққа мемлекеттік білім беру гранттарын көбірек бөлуіміз қажет. Шындығында, кітапты сүйетін, кітапхананы сүйетін жастар жоқ емес бар.
Оқырмандарды кітапханаға тарту үшін мәдени-көпшілік іс-шаралар, әдеби кештер, кезесу мен еске алу, талқылау кештері, дөңгелек үстел, пікір алмасу, экскурсиялар т.б. өткізіледі,-дейді Жасөспірімдер кітапханасының мамандары. Ал, Әл-Фараби кітапханасында бірнеше жобалар қолға алыныпты. Мәселен, «Бір ел – бір кітап», «Бір қала – бір кітап» «Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы» «Әже, ертегі оқып берші», «Ұлдарға ұлағат» және т.б. акциялар мен жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру арқылы да кітапханаға келетін оқырман саны артқан көрінеді. Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасныда бүгінгі таңда 13 мыңға жуық оқырман бар. Қорды толықтыру кітапхананың Брайль кітаптарын шығаратын баспадан және зағиптарға арналған аудио кітаптар дыбыстайтын студиялардан алынады. Сондай-ақ, оқырмандар сыйы жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары және жергілікті бюджеттен түскен қаржымен толықтырылады.
Шын мәнінде, қоғамның рухани-мәдени тұрғыда бай болуы үшін, ұлт әдебиетінің қоры бай болуы керек. Сөредегі кітаптар сән үшін емес, пайдалы ілімге ұласуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан қолдау танытылуда екен. Ендеше, оны өз деңгейінде орындалуы үшін жайбарақаттық, немқұрайдылық болмасын. Бұл дегеніміз болашақтың жарқын, ал ұлттың білімге бай, мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуге шақырады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.