Ж.ШАНИН ТЕАТРЫНА – 95 ЖЫЛ Избранное

Среда, 04 Сентябрь 2024 04:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 576 раз

бұл шындық архивтік құжаттар арқылы дәлелденді

Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталатыны архивтік құжаттар арқылы толық дәлелденді. Осы уақытқа дейін Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептеліп келген болатын. Бұған дәлел ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысы көрсетілетін еді. Алайда, аталған қаулыда «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Осы тұрғыдан қарағанда, театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден бастау алады деп тұжырым жасауға болады. Осыған орай театр биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді.

SHANIN

 

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы» тақырыбында дөңгелек үстелде айтылды. Дөңгелек үстелге – Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлы, белгілі журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Оңғарұлы, сонымен қатар театр ұжымы қатысты.

Алқалы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, театрдың тарихы жайында тың деректер келтірді.
– Осы уақытқа дейін Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептеліп келген болатын. Бұған дәлел ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысы көрсетілетін еді. Алайда, аталған қаулыда «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Осы тұрғыдан қарағанда, театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден бастау алады деп тұжырым жасауға болады, – деді Сәрсен Абайұлы. – Бұл жағдай театр тарихына қатысты деректерді қайта қарауға түрткі болды. Нәтижесінде мамандар Қызылорда қаласындағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) тарихына қатысты құжатты тапты. Ол – саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы. Осы жиналыстың күнтәртібіне сәйкес «Қазақ ұлттық театры директорының жазғы сапардың қортындысы жөніндегі есептік баяндамасы» тыңдалған. Баяндамашы Ж.Шанин болған. Аталған баяндамада Жұмат Тұрғынбайұлы кәсіби театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал, Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумының әуелі оқытушысы, содан кейін директоры болып қызмет атқарған. Егер қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі Ж.Шанин «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп баға берген болса, онда Ж.Аймауытовтың Шымкентте техникумда қызмет атқара жүріп театр ісін дамытумен айналыспауы мүмкін бе деген сауал туындайды. Міне, осы сауал мамандардың Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумының тарихына қатысты құжаттарды архивтен алып қарауына себепші болды. Өкінішке қарай, архивте Ж.Аймауытовтың сол жылдары атқарған қызметі жөніндегі құжаттар сақталмаған. Дегенмен, мамандар осы мәселеге байланысты бірқатар құжаттарды тапты.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, архивтен аталған техникумдағы В.И.Ленин атындағы жұмыс клубының жанынан музыкалық-драмалық мектеп ұйымдастыру жөніндегі баяндама табылды. Баяндамаға қоса музыкалық-драмалық мектеп студиясында 1926-1927 оқу жылында оқытылатын пәндердің бағдарламасы берілген. Бұл архивтік құжаттан студияда көркем оқу, пьесаларды талдау, грим, гимнастика, пластика секілді театрға тікелей қатысты пәндер оқытылғанын көруге болады. Екіншіден, архивтен Сырдария округтік педтехникумның 1927-1928 оқу жылындағы жұмысының есебі табылды. Аталған құжатта техникумда 5 үйірме ұйымдастырылғаны, оның бірі драмматургиялық үйірме екені жөніндегі деректер бар. Оған қоса архивтен аталған техникумның 1927-1928 жылдардағы жұмысы жөнінде Қазақ халық ағарту комиссариатына жіберілген ақпараттық хабарлама табылды. Бұл хабарламада техникумда 2 драматургиялық үйірме ұйымдастырылғаны, оның бірі еуропалық бөлім болса, екіншісі қазақ бөлімі болғаны және қазақ тілді үйірменің 6 музыкалық аспабы бар екені, әрі бұл үйірменің қатысушылары оқу жылының барысында 8 қойылымды сахналағаны жөніндегі деректер бар. Ал, техникумның 1928-1929 оқу жылындағы жұмысы жөніндегі есепте техникумда 8 үйірме жұмыс істейтіні және оның ішіндегі ең белсендісі драмма үйірмесі екені, бұл үйірменің осы оқу жылында 9 қойылым сахналағаны көрсетіліп отыр. Аталған құжаттарда Ж.Аймауытовтың аты-жөні көрсетілмегеніне қарамастан, оның аталған үйірмелердің жұмысын үйлестіргенін болжап білу қиын емес.
– Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы әріден басталатынына дәлел болатын ең маңызды архивтік құжат – 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» деп аталатын құжат. Осы құжатқа сәйкес театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль ақша бөлінген. Сондай-ақ, мамандар архивтен Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 1939 жылғы жұмысына 1940 жылдың 16-27 қаңтар аралығында жүргізілген ревизияның қортындылары жөніндегі актіні тапты. 1940 жылдың 27 қаңтар күні жасалған актіде театрдың директоры болып Л.И.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқаратыны көрсетілген. Бұл да Шымкенттегі қазақ драма театрының 1934 жылы емес, одан бұрын ашылғанына қосымша дәлел бола алады. Архивтік құжаттарда көрсетілген осы тарихи деректерге сүйене отырып, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры бұрын айтылып келгендей 1934 жылы емес, 1929 жылы ашылған деген қортынды жасауға толық негіз бар, әрі бұл театр 1929 жылы жоқ жерден пайда бола салмаған. Алаш қайраткері, драматург, публицист, қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып-дайындап, ұлттық театрдың ашылуына үлкен еңбек сіңірген, - дейді С.Құранбек.
Иә, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңы мен отызыншы жылдары қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі екені белгілі. Сол бір қиын-қыстау уақыттарда өз жұмысын бастаған Шымкенттегі қазақ драма театры қазақ мәдениетінің дамуына, халқымыздың рухани қажеттіліктерін өтеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова секілді тұлғалардың қызмет атқаруы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Жоғарыда баяндалған деректердің барлығын ескере отырып, биыл Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылданып отыр. Театрдың 95 жылдығының аясында биыл қараша айында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі Шымкент қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.