Партиялар үгiт-насихатты 20 ақпанда бастайды Избранное

Вторник, 26 Январь 2016 04:39 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3958 раз

Наурыз мерекесі қарсаңында  яғни, 20-наурызда белгіленген Парламент Мәжілісінің кезектен тыс  және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына жеті бірдей партия қатыса алады. Ал Қазақстан халқы ассамблеясының атынан ұсынылатын депутаттардың сайлауы 21-наурызға белгіленді.  Енді  партиялардың үміткерлерді ұсынуы, кандидаттарды тіркеуі, әрбірі үшін төленетін жарна, үгіт-насихат секілді сайлау науқанына тән шаралар бастау алады.

sailsuuuСаяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпанда басталады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

ОСК төрағасы өз сөзінде кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге теңдей мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті.

– БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Яғни, саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға 6 наурызда, ал мәслихат депутаттығына кандидаттарға 24 ақпанда басталады, – деді ол.

Айта кетейік, әрбір саяси партия өздерінің сайлау қорын құруға құқылы. Ол саяси партияның өзінің 114 млн 295 теңге қаржысынан жасақталады. Бұған 228 млн 590 мың теңгеге дейінгі азаматтардың ерікті салымы қосылады. Осылайша, саяси партиялардың сайлау қорының жалпы сомасы 342 млн 885 мың теңгеден аспауы тиіс.

ОСК-ның хабарлауынша, мәслихат депутаттығына кандидат 4 ең төменгі жалақы көлемінде, яғни, 114 мың 295 теңге сайлау жарнасын төлеуі қажет.

Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісіне 107 депутат сайланады. Оның ішінде 98 депутат партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан түседі.

 

Сіз не дейсіз?

Iс-әрекетiмiз ел игiлiгiне бағытталады

Берік Оспанов,222sai
«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан
облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Бәрімізге мәлім, Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасын қолдау туралы шешім қабылдап, Мәжілістің бесінші шақырылым депутаттарының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде Жарлыққа қол қойды. Президент атап өткендей, бұл саяси науқан ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынып жатқан игі-шаралар мен реформаларды одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні анық. Осы орайда барлығымызды ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз көшбасшымыз

Н.Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саясатты іске асыруға барынша жұмылуымыз қажет. Қаңтардың 21-і күні «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында өңір басшысы, облыстық филиал төрағасы Бейбіт Атамқұловтың  қатысуымен Саяси кеңес отырысы өткен болатын. Осы жиында «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасы талқыланып, 29 қаңтар күні Елордада өтетін партияның  кезектен тыс ХVІІ съезіне делегаттар сайлау жайы туралы мәселе қаралды. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру, айтылған бағыттарды сапалы орындау ішкі бірлігіміздің арқасында ғана іске асады. Сондықтан баршамыздың саяси көзқарасымыз бен лайықты іс-әрекетіміз ел игілігіне бағытталуы тиіс.

Бiзге нағыз халықтық депутаттар керек

111-saiҚанатбек ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық
партиясы ОҚО бойынша
филиалының төрағасы:

– Парламент сайлауы – ұлт үшін ең маңызды мәселе. Санасы жетілген, рухы асқақ елдің сайлауға бей-жай қарамасы белгілі. Өйткені, бұл мемлекеттің дамуына, экономикалық өсіміне әсер ететін кезең.
Бұл тұрғыда дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін ең алдымен кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс- әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді.
Біріншіден, біз мынау әлемдік дағдарыстың алдын алатын шараларды институтционалдық реформаларды жүзеге асыруға тез арада кірісіп кетеміз. Екіншіден бюджеттің қаржысын үнемдейміз. Үшіншіден, әлемге біз Қазақстанның мобильді ел екенін, күннен күнге дамып келе жатқан ел екенін тағы да дәлелдей түсеміз.
Осы орайда, айта кетер жайт, алдағы сайлау науқанына өз тарапымыздан үміткерлерді ұсыну бойынша қаңтар айының 28–жұлдызында облыстық деңгейде партия жиыны ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, Астанада өтетін партия съезіне облыстан 3 адамнан тұратын делегация арнайы қатысады.

Сайлау науқанын өткiзу – уақыт талабы

3333saiАнарбек ОРМАН, 
«Ақ жол» демократиялық 
партиясы ОҚО бойынша 
филиалының төрағасы:

– Менің ең алдымен айтарым, қазіргі дағдарыс кезінде елді түрлі қиындықтардан аман алып шығатын нағыз кәсіби мамандар ғана мәжіліске сайлануға тиіс. Елбасының тікелей бастамасымен елімізде жаһандық дағдарысқа қарсы тұрудың арнайы жоспарлары құрылған. Ол жоспарлардың жүзеге асырылуы, орындалуы, елімізде азаматтық қоғамның жаңартылуы тек өзімізге ғана байланысты. Сондықтан да бұл шешім өте дұрыс және орынды деп санаймын. Осыған орай алдағы уақытта жауапты кезең күтіп тұр
Біз бүгінгі дүрбелеңге толы дүниедегі қатерлі қайшылықтардың қауіптілігін сезініп, бұрынғыдан да ширай, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті барынша нығайта түсуіміз керек. Жұмылған жұдырықтай бір болғанда біздің бағындыратын биігіміз де жоғары болмақ. Менің ойымша, жаңа сайлау осы тұрғыдан алғанда да қажетті қадам болып табылады. Сондай-ақ, алдағы сайлау қазақстандық демократияны, бірлігіміз бен отансүйгіштігімізді тағы бір сын тезінен өткізіп алудың зор мүмкіндігі екенін де есептен шығаруға болмайды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.