Өңірімізге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ іссапармен келді. Астанадан келген жұмыс тобы қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерінде болып, онда облыс əкімі Жансейіт Түймебаев шекара бойындағы төрт кеден бекетін аралап көрсетті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, Асқар Мамин бастаған топ казақ-өзбек шекарасындағы «Б.Қонысбаев», «Жібек Жолы», «Қапланбек» кеден бекеті қызметімен танысты. Сапар барысында делегация мүшелері «Б.Қонысбаев» атындағы кеден бекетін көршілес Өзбекстан аумағына дейін кеңейту мәселесін талқылады. Сонымен қатар, олар жүктерді өңдеу уақыты мен азаматтардың шекарадан өту процесін оңтайландыруды және Өзбекстан Республикасымен өзара тиімді сауда-экономикалық тауар айналымын арттыру мүмкіндігін қарастыру жайын сөз етті.
Өзбекстанмен арадағы негізгі кеден бекеттерінің бірі болып табылатын «Б.Қонысбаев» бекеті автокөліктерді өткізуге арналған. Аталған кеден бекеті арқылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, алыс шетел (Иран, Түркия) мемлекеттерінің тауарлары мен көлік құралдары өтеді. Мәселен, 2016 жылы осы бекет арқылы 42 мың жүк көлігі және 11 мың жеңіл автокөлік құралдары өткен.