222

Оңтүстік Қазақстан облысының күндері бірнеше мерекемен тұспа-тұс келіп, Елорданы думанға бөледі. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай республиканың барлық аймағы бас қалада мәдени күндерін өткізген-ді. Дегенмен, керуендегі соңғы түйенің жүгі ауыр болатынындай, біздің өңір мәдени іс-шараларды қамтумен шектелмеді. Бас қаладағы алғашқы жиын Оңтүстіктің мүмкіндіктері мен әлеуетін арттыратын бизнес-форумнан бастау алды.


Өңіріміздің экономикалық дамуы, ішкі және сыртқы сауда барысы, туризмнің бүгіні мен болашағы әңгіме болған форумға 200-ге жуық адам қатысты. «Ontustik Business: жаңа мүмкіндіктер» бизнес-форумына Парламент Мәжілісінің депутаттары мен шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы 30-дан астам елшілері, даму институттары мен екінші деңгейлі банктер, кәсіпкерлер қатысып, біздің өңірдің экономикалық және рухани жаңғыру бағытындағы жобаларымен танысты. Облыстағы жеңілөнеркәсіпті дамыту, экспорттау, инвестиция тарту тақырыбында ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев пен «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мырзалар ой өрбітті. 

12222

– Еліміздегі мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмыстарына 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалуда. Сондықтан Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту ісі – Оңтүстіктегі ірі жобаларымыздың бірі болып саналады. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» атауына сәйкес, алдағы уақытта бұл өңірде күн сәулесінен энергия өндіретін үлкен жобаларды да қаржыландыру жоспарымыз бар, – деді Б. Жәмішев.

Ал «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары М. Майкенов облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа бизнес-форумның атауын «Ontustik Business: жаңа мүмкіндіктер» деген таңдаудың сәтті әрі айқын бағытты білдіретінін айтты.

– Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту бағытында нақты қадам жасап, тиянақты жұмыс жасап келе жатқаны байқалып-ақ тұр. Дәл осы өңірлік жобалардың қарқынды жұмыс істеуі республиканың экономикасын алға жылжытуда оң нәтиже береді, – деді ол. 

Өз кезегінде аймақ басшысы Ж. Түймебаев шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндірістің даму барысын әңгімеледі. 

– Өздеріңізге белгілі, әлемде сапалы, экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Осы орайда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран сынды басқа да елдерден жаңа нарық бағыты жол ашуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аграрлы саласы жақсы дамыған. Соңғы 3 жылда жиналған бақша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақстандағы жылыжайдың 90 пайызы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бизнес-форум барысында өңірдің инвестициялық жобалары, инвестпреференциялардан бөлек, туристік саласының таныстырылымы өтті. «ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы» Ассоциациясының директоры Г. Ақбердиеваның Оңтүстік туризмі жайлы баяндамасы әсіресе шетелдік кәсіпкерлер мен елшілерді қызықтыра түсті.

Ұлы Жібек жолының қиылысында орналасқан облыстың табиғаты әсем. Тарихи жәдігері мен ескерткіші көп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, руханияты сол қалпында сақталған аймақ. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 33 мың турист келген өңірдің биылғы осы уақыттағы көрсеткіші 52 850 туристке артып отыр.

123333

Бизнес-форум аясында 6 меморандумға қол қойылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялды -иновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы арасында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандуға қол қойды. Басқарма басшысы Батырхан Құрмансейіт алғашқылардың бірі болып «Шымкент» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Қытайдың Аньхой провинциясы халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандум түзілгенін айтты.

– Сондай-ақ дәл осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арттыру жөнінде келісімге келді. Қос тарап алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты дамыта түсуге уағдаласты. Осыған ұқсас меморандум халықаралық ұйымдармен және нақты компаниялармен де өңірдің ауылшаруашылығы, туризм саласында жасалды. Бұл келісім тек инвесторлық қызметпен шектелмейді, меморандум аясында дамыту, таныту, басқа да көптеген іс-шараларды екіжақты келісіммен жоспарлы түрде жүзеге асыратын боламыз, – деді басқарма басшысы.

20170829 102849Ал Жапонияның халықаралық достық қарым-қатынастар кеңесінің өкілі Такатуши Маэда Қазақстан – Жапония арасындағы байланысты дамытуға қызығушылық танытты.

– Экономикалық, туристік бағытта ғана емес, мәдени, гуманитарлық, білім және медицина саласында да екі ел бір-бірімен тығыз байланыс орнатса, алда біз бұдан да көп жобаларды қолға аламыз деген ойдамын. Осы мақсатта біздер екі елдің ғана емес, өңірлер арасындағы байланысты да арттыруымыз қажет. Жапониялық ұйымның Оңтүстік Қазақстан облысымен жасаған меморандумы да соны көздейді, – деді өкіл.

Өңірдің тыныс-тіршілігі, даму сатысы қызу талқыға түскен жиын соңында бизнес-форумға қатысушыларды облыс әкімі Ж.Түймебаев «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтетін «Оңтүстік өнімдері» атты тауар өндірушілердің көрмесіне шақырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсе» ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастырумен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында қоғамдық тыңдау өтті.

Жиынға партияның Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық филиалдары мен Шымкент қалалық әкімдігінің тиісті сала қызметкерлері қатысты. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы талқыға түскен жиында «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Садықов аталған жұмыстарға өз бағасын берді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама бойынша алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, – деді ол. 

Бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау, бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуы жөнінде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Г. Әшірбаева да өз ойын ортаға салды.

– 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарладық, – деді Г. Әшірбаева.

«Қазақстанның Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі» ОҚОФ аталған бағдарлама аясында 2031 жылға дейін ,яғни 2017-2021 жылдар аралығында 10 соттық 664 000 жер телімін беруді жоспарлаған. «Қазақстандық ипотекалық компания» мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 35 000 жалдамалы баспана, 280 000 несиелік үй алса, тағы 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі. 

ҚТҮЖБ ОҚОФ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Н. Сұлтановтың айтуынша, банк бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізуде.

Бүгінде барлық әкімдер республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен инженерлік инфрақұрылым жүргізуге өтінімдерін ұсынды. Сонымен қатар, бірыңғай сәулет стилінде дербес тұрғын үйдің пилоттық жобасының құрылысына жер телімін дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарлама сондай-ақ жеке үй салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыруға бағдарланған. Ол үшін қолжетімді кредиттік ресурстар енгізу болжанып отыр – мемлекет екінші деңгейлі банктердің жаңа тұрғын үй салуға беретін несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 11 млрд теңге қарастырылған. Олар 157 млрд теңге сомаға үй салушылардың банктік несиелерін субсидиялауға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, бұл қосымша шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олардың жартысы ҚТҮҚЖБ салымшыларына ұсынылатынын атап өтті.

Алдағы уақытта Шымкентті көптеген өзгерістер күтіп тұр. Ең маңыздысы – миллионды қаланың тұрғындары үшін кең көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің санын арттыру. Қала сәулетін заман талабына сай қайта жаңарту мақсатында бірқатар тұрғын үйлер мен нысандардың мемлекет мұқтаждығына қайтарылатыны бұған дейін де сөз болған. Дегенмен, редакциямызға келген оқырмандардың сан сауалына жауапты Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтан алған едік.

DSC 4256

«Сүрілмейді, мемлекет мұқтаждығына қайтарылады»

– Редакциямызға «Ескі қалашық» тұрғындары «үйіміз сүрілгелі жатыр» деген шағымын айта келіпті...

– «Сүру» деп баса көктеп үйлерді бульдозермен таптап өтуді айтады. Сондықтан да бұл сөз кез келген адамға жағымсыз әсеретіп, қарсы реакция туғызуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда бұл мәселе төңірегіндегі әңгіменің өзі өрескел көрінері сөзсіз. Сондықтан «сүру» деп емес, «мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдері» деп айтқан жөн. Өйткені, тұрғындарға «осы жер мемлекетке қайтарылуы тиіс» деп түсіндіріп жатырмыз. «Дәл қазір үйді босат» деп ешкімнің алқымынан алып отырғанымыз жоқ. Қаланы дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Соны жүзеге асыру үшін кей аудандарда тұрғындар орналасқан жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары қолға алынған.

DSC 4229

– Осыған ұқсас сұрақтармен Әкімшілік-іскерлік орталығы мен «Тұран» шағынауданынан да қала тұрғындары жиі хабарласады. Қаланың бас жоспарына сәйкес тағы қандай жерлер мемлекет мұқтаждығына қайтарылмақ?

– Әкімшілшік-іскерлік орталығында 280 гектар жер, яғни 700-ге жуық жер телімі тұрғындардың келісімімен мемлекет мұқтаждығына қайтарылды. Бұл жобада тағы 20-ға жуық үй иесімен келіссөздер жалғасуда. Сондай-ақ, «Shymkent city» жобасы аясында қаланың солтүстік батыс бөлігінен 412 гектар жерді мемлекет мұқтаждығына алу үшін меншік иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде оның 241 га жері мемлекет иелігіне алынды. Сондай-ақ «Ескі қалашық» аумағындағы 13,293 гектар жерді, яғни 234 нысанды мемлекет мұқтаждығына қайтару туралы мәселе баспасөзде жарияланды. Мұның 99-ы тұрғын үй болса, 125-і кәсіпкерлік нысан.

– Демек, «Ескі қалашықтағы» құрылыс заттарын сататын сауда қатары орналасқан жер де мемлекет мұқтаждығына қайтарылуы мүмкін ғой?

– Әрине. Мұндағы коммерциялық нысандар, сауда орындарықаланың сыртына көшіріледі.

DSC 4220

– Қошқар ата өзенінің бойында да өзгерістер бола ма?

– Иә, бұл жердегі ескі үйлердің орнына заман талабына сай көпқабатты тұрғын үйлер салынады және өзеннің жағасында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қошқар ата өзені бойындағы іргетасы жоқ, қирауға шақ тұрған тұрғын үйлер анықталды. Бүгінде мемлекет мұқтажына қайтарылатын 626 нысанның меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Сонымен қатар, орталықтағы Қонаев гүлзары ескі және жаңа қаланы қиып, қайта құрудан өткен Әйтеке би көшесіне жалғасатын болады. Бұл аумақта мемлекет мұқтажы үшін 73 нысан алынады. Қаладағы бірқатар көшелерді қайта құру, кеңейту, жаңа даңғылдар салу барысында да заңсыз салынған немесе бас жоспарға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын жер телімдері анықталуда.

– Халыққа «Ескі шаһардағы» 234 нысанның орны қандай мақсатқа қызмет ететінін айтып берсеңіз.

– Шымкенттегі ескі қалашық туристер мен көненің көзіне қызығатын жандар үшін ерекше мұражай болып қалады. Қалашықтың сәулеті қорған тәрізді қоршаумен бой көтеріп, ішінде жағалай қолөнер шеберлерінің туындылары орналасады. Сондай-ақ, шеберханалар, рухани демалыс орны пайда болады. Мұндағы тарихи жәдігерлер қала тұрғындарының мақтанышына айналары сөзсіз. Ашық аспан астындағы мұражайда сәулетшілер өздерінің қазба жұмыстарын жалғастыра береді.

shymkala kz-10-67

– Дегенмен, үйреншікті өмір салтын өзгерту оңай емес. Бұл бағытта қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Атап айтқанда, «Ескі қалашық» аумағындағы 234 нысан иелеріне ҚР Жер кодексінің 84 бабы және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6 тарауында белгіленген тәртіппен ескертілді. Мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің тізімі баспасөз бетінде жарияланды. Әл-Фараби ауданы әкімдігімен бірлесіп жергілікті тұрғындармен 2 рет кездесу жиынын өткіздік. Бұл жерлердің пайдалану мақсаты мен жобасын таныстырдық. Қала тұрғындарына тиімділігі жайлы айтылды. Аймақ «қызыл сызықпен» белгіленіп, тұрғындар үшін құрылыс жобасы жол бойындағы көрінетін жерге ілінді.

 

Жылжымайтын мүлікке өтемақы төленеді

– Бұл әңгімені жергілікті халық қалай қабылдауда?

– Әртүрлі адам бар. Біз қаланы көркейтудің жоба-жоспарын мақсат етсек, тұрғындар арасында кейбір жандардың дүрбелең туғызуға бейім тұратыны да кездесуде. Ондай адамдар жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағадан артық бағалап, мәселені соттың көмегімен шешуді көздейді. Бірақ ондай жандар көп емес. Әйтсе де, мәселеге түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп жатқан тұрғындарға ризамыз. «Көшеміз тезірек кеңейсе екен» деген ниетпен құжат рәсімдеу жұмыстарын ертерек бастап, тіпті жұмыс күші ретінде қолғабыс жасайтындары баршылық. Бұл бағытта бізге ауыл, көше билері көп көмектесуде.

shymkala kz-11-67

– Тұрғындар қайда көшіріледі? Нақты белгіленген жер телімі бар ма?

– Халықты жаппай мәжбүрлеп көшірмейміз. Келісімге келгеннен кейін ғана тәуелсіз бағалаушылар үйдің нарықтағы құнын есептеп шығарады. Анықталған сома ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен тұрғынның есепшотына аударылады. Ары қарай бұл қаражатты пайдалану меншік иесінің өз еркінде. Ол жер алуы немесе тұрғын үй кезегіне тұруы, тіпті баспанасы болса бөлінген қаржыны өзінің қажетті басқа мақсатына пайдалануы мүмкін. Біздің міндет – жер учаскесіне немесе жылжымайтын мүлік құнына өтемақы төлеу, яғни сатып алу.

DSC 4163

– Мемлекет мұқтажына қайтарылатын нысандар тізіміне Түркістан көшесіндегі моншаның кіретіні де белгілі. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Жақында ғана сот шешімі шығып, біздің тараптың жұмысы қолдау тапты. Бірақ, меншік иесі бұл шешімге қанағаттанбай аппеляцияға берсе, тағы біраз уақытқа созылуы мүмкін. Осындай бір ғана меншік иесінің қарсылығы немесе оған қатысты сот шешімі үлкен бір жобаға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарын жаңа жобаларды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырғым келеді. Олар «үйім сүрілетін болды» деп жөнсіз даурықпай, «бұл жер елдің игілігіне қызмет етеді» деген ізгі оймен мәселеге оң көзқарас танытса, бұл олардың туған қаламыздың гүлденуіне қосқан үлесі болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Кеше сағат 14:00 шамасында «Ескі шаһардағы» құрылыс заттарын сататын дүкендердің бірінде өрт шықты. Өрт сөндірушілер дүкен қоймасындағы тілсіз жауды 43 минутта ауыздықтай алды. 

Өртті сөндіруге 19 арнайы техника мен 118 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған жерде ОҚО ТЖД, Шымкент қаласының ТЖБ, құтқарушылар жасағы мен жедел медициналық жәрдем қызметінен 27 қызметкер болды.

ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, «Кенжалин» жеке кәсіпкерлігіне қарасты қоймада аспалы шамдар мен пластикалық өндіріс заттары сақталған. Өрт 270 шаршы метр жерді алды. 

ОҚО Ішкі істер департаменті адам шығыны болмағанын хабарлады. Өрттің шығу себебі анықталуда.

auyl info

Жыл басында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан «Даму» бағдарламасы түзілген-ді. Аталған бағдарламада қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне қарасты 9 индикаторлық көрсеткіш негізге алынды. Соның бірі қала аумағындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 102,7%-ға жеткізу. Қуантарлығы сол, бұл көрсеткіш 2017 жылдың алғашқы 7 айында 107,3%-ға жетті. Яғни, жоспар мерзімінен бұрын артығымен орындалды.

 

Тамшылатып суарудың жемісі зор

Шымкент қаласының ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 9 045,5 млн теңгені құрап, облыстағы жалпы өнімнің 6,5% үлесін қамтыды. Оның ішінде, 1 373,8 млн теңге егін шаруашылығының, ал 7 671,7 млн теңге мал шаруашылығының өнімі. 

«Біз нақты нәтижеге қол жеткізуді көздедік» дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғ.Құрманбай.

– Биылғы жылдың жоспары бойынша ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемін 102,0 %-ға жеткізу, тамшылатып суару әдісін 200 гектар жерде ендіру тапсырмасы белгіленген болатын. Дегенмен, жыл толмай жатып, соңғы 7 айда бұл тапсырма артығымен орындалды. Қорытынды мәліметтерге сүйенсек, қаладағы ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі 223 336 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі 4,1 есеге артқан. Бұл тамшылатып суару тапсырмасын толық орындаудың нәтижесінде қол жеткізген жетістігіміз, – дейді Ғани Тұрысқұлұлы.

200 га жердің 148,91 гектарын қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі игерсе, қалған 51,09 га жердегі жылыжай, бау-бақша өнімін тамшылатып суару «Сайрам алма» ӨК, «Қос диірмен» ӨК, «Altyn Tur» ЖШС еншісіне тиген.

Сондай-ақ, жылыжай шаруашылығы бойынша тағы 13 шаруашылық 10,09 гектарға жаңа жылыжайлар құрылысын жүргізді. Ал қала аумағындағы егіс көлемін ұлғайту мақсатында елдімекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде индикаторлық көрсеткіштегі 30 900 гектарды игеру жұмыстары толығымен орындалды.

Үй іргелік жерлерді игеру тапсырмасы бойынша қалалық статистика басқармасымен бірігіп 9 тұрғын алап халқының 2 300 гектар жерді игергені анықталды.

 

Мал басын көбейтті

FDSC 0141

Қала аумағында мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» атты 3 мемлекеттік бағдарлама іске асырылды.

Жыл басында «Алтын асық» бағдарламасы аясында қала аумағындағы қой басын 309-ға арттыру көзделген. Осыған орай, Абай ауданы Ақтас елдімекеніндегі «Момын» шаруа қожасы кәсібін жандандыру мақсатында өз қаржысы есебінен 401 бас ұсақ мал сатып алды.

Ірі қараның санын да 71 басқа арттыру жоспары «Сыбаға» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Бұл салада белсенділік танытқан шаруалар «Интимоқ-7» шаруа қожалығы және «Назыров С.З» жеке кәсіпкерлігі. Ірі қара мал басы бүгінде 189-ға артып отыр.

2017 жылы «Құлан» бағдарламасы аясында «Альтаир», «Култаев» жеке кәсіпкерлігі мен «Асан», «Сейтаев К.Е» шаруа қожалықтары жылқы санын 135-ке арттырып, жоспарда көзделген тапсырманы 2,1 есеге артық орындады.

Жеті ірі айналма жол салынады

Среда, 23 Август 2017 05:31

DSC 4122

Шымкент қаласында 7 ірі айналма жол салынады. Соның бірі – «Бекжан» базары маңынан орын тебетін Алматы-Ташкент бағытындағы Темірлан тас жолының жолайрығы.

Халық көп шоғырланған аумақта шілде айынан бері көшелер жабылып, құрылыс басталып кетті. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркепов бетон құю жұмыстары қыркүйек айында басталатынын айтты.

– Мердігер «ЖБИ-С» ЖШС-і бүгінде жолайрық табанын белгілеп, топырақ бөлігін аяқтауға жақын қалды. Жобаға қаралған 1,6 млрд теңге қаражаттың 200 млн теңгесі игерілді. Қаражаттың басым бөлігі бетондау жұмыстарына жұмсалады. «Бекжан» базары маңындағы жолайрық құрылысы 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс. Дегенмен, біз жол қозғалысындағы кедергілердің алдын алу үшін жұмысты көктем, жаз айларында тапсыруды көздейміз, – дейді Е.Есіркепов.

DSC 4127

Алматы-Ташкент бағытындағы Темірлан тас жолының Ахунбабаев көшесімен қиылысқан тұсынан бүгінге дейін тәулігіне 109 000 көлік жүріп өтетін. Жолайрық пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 41 000-ға артып, күніне 150 000 көлікке қызмет етеді деп жоспарланған.

Мұғалім болғыңыз келсе...

Среда, 23 Август 2017 04:56

Thunter.shymkent.gov.kz. Бұл ресми сайт арқылы білім беру мекемелерінен жұмыс іздеген педагогтар өтініш тапсыра алады.

Мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың электронды жүйесі 2017 жылдан бастап құрылды.

Шымкент қаласындағы білім беру мекемелеріне мұғалімдерді қабылдаудың ашық әрі әділ түрі деп санайды мамандар. Жүйеде білім саласындағы бос орындар жарияланады және соған сәйкес кез келген педагог өз өтінішін тіркеп, конкурс негізінде іріктеуден өтеді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызының айтуынша, дауыс беру электронды түрде жүргізіледі.

– Құжат тапсырған үміткер – білім беру мекемесінің басшысымен «Халық кеңсесінде» әңгімелесуден өтеді. Мұнда комиссия құрамында ата-аналар комитетітінің мүшесі, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері, білім бөлімінің қызметкері болады, – дейді Ж. Тәжиева.

Комиссия мүшелерінің шешімі электронды дауыс беру тәсілі арқылы веб-сайтта жарияланып, ең көп дауыс жинаған үміткер мекеме басшысына ұсынылады. Бүгінгі таңға дейін конкурстық жүйе бойынша 183 комиссия отырысы өткізіліп, 136 педагог қызметкер жұмысқа қабылданды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында мектепішілік электронды бақылау жүйесі 29 білім ошағында іске қосылды. «i-mektep.kz» сайты арқылы әр ата-ана өз баласының сабаққа қатысуы, оқу үлгерімі мен тәртібінің көрсеткіштерін электронды түрде бақылай алады. 

Аталған жүйе орнатылған мектептер бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес, 2016-2017 оқу жылының IV-тоқсанында I-тоқсанмен салыстырғанда сабақтан себепсіз қалу деңгейі 75%-ға, құқықбұзушылық өткен жылы 6 қылмыс тіркелсе, биылғы жылы мүлдем орын алмаған, оқушылардың үлгерімі 15%-ға пайызға жоғарылап отыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, онда бірқатар бөлім басшылары 7 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

DSC 3725

Жиынды Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай жүргізіп отырды. 

Қоғамдық кеңесте қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева бала тәрбиесі, білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет берді. Ол жаңа 2017-2018 оқу жылына және жылу маусымына мектептер мен барлық мектепке дейінгі мекемелердің дайын екенін айтты.

Кеңесте сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбдіжаппар Сәкен қалада жұмыс істеп тұрғанына 30 жыл болған кітапханаларды заман талабына сай жаңарту жайын сөз етті.

– Қала бойынша 38 кітапхана жұмыс істесе, оның 9-ында ғимарат жоқ. Осыған байланысты 9 кітапхана келісімшарт негізінде жоғары оқу орындары мен әкімшілік ғимараттарында орналасқан, – деді Әбдіжаппар Сәкенұлы.

DSC 3684

Кітапхана мәселесі өзекті. Қаладағы 38 кітапханаға кімдер барып жүр? Олар іздеген оқулығын таба алды ма? Кітапханалардағы кітап қоры қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Қоғамдық кеңес мүшелері ой бөлісіп, 38-дің бәріне жаңа ғимарат салмай-ақ, оларды біріктіру мәселесін алға тартты. Сонымен бірге, оқырманның көбі ғаламторға байланған бүгінгі таңда кітапханалардың электронды нұсқасын ашу туралы пікірлер де айтылды. 

Көше атауларын жаңарту, қала шетіндегі шағынаудандарда мәдениет үйі немесе апатты жағдайдағы клубтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жайлы ұсыныстар да тыңдалды. Ал Қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Мәди Бегалиев қала аумағында газет сататын мемлекеттік дүкендерді ашу туралы ұсыныс жасады.

– Кейбір маңызды оқулықтарды іздейміз. Жергілікті басылымдарда жарық көрген ақпарат, сұхбат, өзімізге қатысты материалдар жарық көрген газетті оқиын десең, еш жерден таппайсың. Қаладағы жекеменшік газет сатушыларда ақпараттық бағыттағы жергілікті басылымдарды табу өте қиын. Алматы мен Астанада ғылыми оқулықтар мен ақпараттық, саяси, қоғамдық бағыттағы жергілікті басылымдарды сататын бірер дүкен біздің қаладан да ашылса, – дейді белгілі хирург.

Жиында сөз болған маңызды тақырыптың бірі – қаланың шеткі аудандарындағы тұрғындарға арналған ойын алаңшалары. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов салауатты өмір салтын ұстану бағытында әлі де көп жұмыстар атқару қажеттігін айтты.

DSC 3708

– Қала орталығында ойын алаңшалары, жаттығу жасайтын орындар көп-ақ. Алайда, біз орталықтан алыста орналасқан шағынаудандарды, шет жақтағы тұрғындарды ескеруіміз қажет. Оларға орталыққа қатынау қиынға соғады. Күнделікті кешкісін доп қуалап, бой сергітетін орын қарастыру қажет-ақ. Осы орайда, шеткі аудандарда орналасқан мектеп аулаларын дәріс уақыты аяқталғаннан кейін жергілікті тұрғындардың пайдалануына бір мезгіл рұқсат ету мәселесін қарастырсақ, – деген ұсынысын жеткізді.

Расында қырда тай-құлындай тебісіп өскен қазақтың кейінгі буыны смартфонға тәуелді болып барады. Егер шеткі аудандардағы ойын алаңшаларының мәселесі қолға алынса, балалар бос уақытын салауатты өмір салтын ұстануға жұмсар ма еді?..

Келелі кеңесте қозғалған кейбір өзекті мәселелер келесі мәжілісте көп талқысына салынбақ. Бұл туралы Қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшыларына ескертіп, ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Страница 23 из 39