Сенбі-жексенбі күндері «Оңтүстік цирк» ғимаратында «Африка алыптары» өнер көрсетті. Арыстан жолбарыстармен бірге цирк алаңына шығып, көрерменнің көзайымына айналды. Ал әлемдегі үйретілген жалғыз керік Багирді жаттықтырушылары ерттеп мінді.
Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген мүйізтұмсық атаулының жалғыз үйретілгені – Бонни. 3 тоннаға жуық салмағы бар жануар Оңтүстік жұртшылығына таңсық. Сондықтан болар, Бонни ортаға шыққанда көрермендер демін ішіне тартып өнеріне сүйсініп отырды.
Циркке келушілер бұдан бөлек иттердің, тауешкі, маймылдардың шоуы мен акробаттардың таңғажайып өнеріне куә болып, күлкілі сайқымазақтардың ойындарын тамашалады. Екі бөлімнен тұратын қойылымның үзілісінде көрермендер 6 метрлік керікпен суретке түсуге мүмкіндік алды.
– «Африка алыптары» Шымкент қаласында 27 қарашаға дейін болады. Демалыс күндерін қызықты өткізгісі келген қала тұрғындарына біздің есігіміз ашық, – дейді «Оңтүстік цирк» МКҚК директоры Арман Әлиев.