Адам өміріндегі ең игі істердің бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осы қағиданы негізге алған Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов қалада тұратын, анасынан жетім қалған балалардың үйлеріне арнайы барып, жағдайымен танысты.
Сондай отбасының бірі – марқұм Анар Тлемисованың соңынан төрт баласы қалған. Әкелері 2016 жылы қаза болған. Төрт бала қазір нағашы әжелерінің қамқорлығында, жалдамалы пәтерде тұрады. Үлкен екі бойжеткен қыздары студент, кәмелет жасқа толмаған екі бала бар.
Екінші отбасы да Шымкент қаласының маңындағы елдімекен тұрғыны, Жансая Ақтанбердиева дүние салған соң кәмелет жасына толмаған 4 баласы қалған. Оларды әкесі жалғыз бағып отыр. Басында баспанасы, өзінде жұмысы жоқ. «Балалардың болашағы үшін қалаға келіп орналассам ба деген ойым бар.
Маған көрсеткен көмектеріңіз болсын, нақты мекенжайға тіркеу жағынан қол ұшын берсеңіздер» деген әкенің уәжіне полиция полковнигі Ералы Мұсаәліұлы көші-қон басқармасының қызметкерлеріне тапсырып, тіркеуге алатынын, сондай-ақ, басқа да мәселелер бойынша кез келген уақытта хабарласа алатынын және полиция тарапынан көмек көрсетілетінін атап өтті.
Үшінші отбасында Бағила Балданбаеваның да артынан 4 баласы қалған. Бала-шағасы үлкен қызының қамқорлығында. Өзі студент. Бұлар да жалдамалы пәтерде тұрады екен. Ең кішкентай бауыры 3 жасар.
Сауабы бар іске атсалысу әрбір жанның азаматтық парызы деп шешкен қалалық полиция департаментінің жеке құрамы бірігіп, мұқтаж үш отбасыға ақшалай көмек көрсетті. Ата-анасынан айрылған жандарға қайырымдылық көмек көрсетуді полиция департаментінің бастығы өз бақылауына алды.