Министр – жаңа мектепте
Пятница, 19 Июль 2019 03:52Үшінші мегаполиске іс-сапармен келген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1200 орынды жаңа жекеменшік мектепте болды. Еліміздің бас ұстазына білім ордасын Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева таныстырды.
Жаңа оқу жылына дайын мектепке Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілген. 2 ауысымда 2400 оқушы оқи алатын мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. 75 сынып компьютер тағы да басқа қажетті құралдармен жабдықталған.
Білім мекемесінде оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар.
Бүгінгі таңда мектепке тіркелушілер саны мыңнан асып отыр. Жаңа оқу жылында екі мыңға жуық оқушы қабылданбақ. Мектептің құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалған.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім мекемесінің ұжымына сәттілік тілеп, оң бағасын берді. Шымкентте жан басына қаржыландыратын жекеменшік мектептердің көптеп салынып, үш ауысымды оқу мәселесін шешуді тапсырды.
Жазғы лагерь: тегін жолдама, көңілді каникул
Среда, 17 Июль 2019 04:19Жаз – жарқын мезгіл. Балалардың демалып, денсаулығын нығайтатын, ата-анасына көмектесетін кезең. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға ағылады, оқудан босаған оқушылардың кейбірі демалыс лагерьлеріне баруға таңдау жасайды. Олардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!», деп оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан мектеп оқушыларының демалысы бесінші маусымға қадам басты.
Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдеевтің айтуынша, ата-анасының қолдауымен 10 500 оқушы демалысқа аттанған, ал аз қамтылған отбасылардан 7241 бала тегін жолдама арқылы қала сыртындағы «Ақсу», «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» сынды демалыс орындарында демалады. Оның ішінде балалар үйінің 120-дан астам тәрбиеленушісі де бар.
Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» 2016 жылғы 11 мамырдағы №36 өкіміне сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылып, жүзеге асырылуда.
– Қалған балалар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттарын мектепке жолдайды. Білім беру мекемелеріне берілген жолдамалар ата-аналарға үлестіріледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында берілген жолдамалардың сатылып кетпеуін қадағалап отырамыз, - деді Ә.Әдеев.
Ал құжаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 сәуірдегі №198 бұйрығы негізінде «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиенушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сай қабылданады.
Ондағы әр талап ескеріледі. Биылғы жолдама саны өткен жылмен салыстырғанда 41-ге көбейді. Ал 2017 жылы 5000 орын қарастырылған еді, - дейді сала маманы.
Мұнан бөлек, білім басқармасына қарасты санитарлық талапқа сәйкес келген 113 мектептің жанынан алаңшалар ашылып, жарты күнге созылатын бір айлық тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Онда 131 мың оқушы қамтылып отыр. Мектеп алаңшаларында тыныққан оқушылар өз ата-анасының есебінен мектеп асханаларынан тамақтанады. Себебі, мемлекеттік бюджеттен қаражат тек аз қамтылған отбасылардың балаларына бөлінген.
Бұл үйірмелер 3 ауысым бойы маусым-шілде аралығында жалғасады. Оқушылардың басым көпшілігі бастауыш сыныбында білім алады. Ал жоғары сынып балаларын еңбекке баулу мақсатында №89, 90 мектептерде сенбіліктер мен қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған.
Айта кетейік, «Ақсу» жазғы сауықтыру лагері 200 балаға шақталса, «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» лагерлерінде 250 балаға дейін орын бар. Демалушы оқушылар үшін лагердегі демалыс уақыты 10 күнді қамтиды.
Мұнда негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары демалуда. Оқушылар 7 топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді.
Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі, осыған орай демалыс аймақтарында екі инспектор қамтылған. Ауысыммен жұмыс уақытын белгілеп алған тәртіп сақшылары күндіз-түні балалардың қауіпсіздігін бақылауда. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.
Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.
Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді.
Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар.
Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!
«100 жаңа оқулық»: 30 жаңа еңбек таныстырылды
Среда, 17 Июль 2019 04:12Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударып ұсынған кезекті 30 оқулық таныстырылды. Әр кітаптан – 384 дана, барлығы 11520 кітап жеткізілген.
«Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында кезекті рет жарық көрген оқулықтармен танысуға «Елбасытану» орталығына университеттің факультеттері мен жоғары мектеп декандары, жетекші оқытушылары жиналып, жаңа оқулықтарды оқу үдерісіне енгізу туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, аталған кітаптардың жоғарғы оқу орнындағы білім сапасын дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Жаңа 30 оқулықтың негізгі мазмұны және бағыт-бағдарымен университеттің Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова таныстырды.
– Елбасының тұсында басталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық саласын қамтиды. Жан-жақты бағдарламаның ел тұрғындары үшін берері мол. «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – осы бағдарламаның бір парасы. Биыл аталған жобаның екінші кезеңіне қадам басып, 30 жаңа оқулық жоғары оқу орнымызға жеткізіліп отыр.
Мен, әсіресе, тарихшы ретінде дүние жүзі тарихы мен шығыстану, тіл біліміндегі оқулықтың ана тілімізде оқу жеңілдетілген әрі жаңарған жоба деп айтар едім, - деді Г.Жанысбекова.
Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, ОҚМУ-да елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды енгізудің нақты алгоритмі жасалған. Нәтижесінде өткен оқу жылы барысында университет студенттері алғашқы шыққан 19 оқулықтың мазмұнын толық меңгеріп, жаңа білім нәрімен сусындады.
Ал бұл жолғы жаңа оқулықтар дүние жүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, педагогика, интернет-психология, стратегиялық менеджмент, маркетинг, медиа және іскерлік коммуникация, дипломатия және өнертану салаларын қамтиды. Мәселен, «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығының ІІ томында адамзаттың дамуына ауқымды шолу жасалады. Материалды баяндау әдістемесі тарихи процесс туралы кең түсінік береді.
Экономика және кәсіпкерлік саласындағы оқулықтар сериясын кеңейту мақсатында осы саладағы белгілі мамандардың жұмыстарымен толықтырылды. Олардың қатарында Джон Гэмбл бастаған авторлар тобының «Стратегиялық басқару негіздері» кітабы, Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе» еңбегі, Стивен Робинстің «Ұйымдастырушылық мінез-құлық» кітабы, Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсекелестік» туындысы және т.б. бар.
Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында көптеген белгілі еңбектер әлемнің ондаған тіліне аударылып, әлемдік гуманитарлық білім беруді дамытуға ықпал еткен. Бұл кітаптарды қазақ тіліне аудару мен басып шығару қазақстандық жоғары білім берудің дамуына және ғылымның нығаюына елеулі үлес қосады.
Кітап аудару жұмысына жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, редакторлар мен тәжірибелі аудармашылар және лингвистер - барлығы 300-ден астам маман қатысқан. Әр жаңа 30 оқулықтың таралымы 10 000 дананы құрайды. Жаңа оқу жылына қарай еліміздегі 112 жоғары оқу орны ала алады. Ал электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталында (www.OpenU.kz) көпшілікке қолжетімді.
Жиын соңында жұртшылыққа қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында аударылған және басып шығарылған отыз жаңа оқулықтың көрмесі ұсынылды.
Тауар биржасы – тұрақтылық кепілі
Среда, 17 Июль 2019 04:04Логистикалық орталықтарда тауар биржасы іске қосылады. Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракцияның мүшесі Нұржан Әлтаев «Оңтүстік» көлік-логистикалық аймағында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осылай мәлімдеді.
Нұржан Бауыржанұлы алдымен мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстанның еуразиялық көлік-логистикалық хабына айналу жобасы бойынша құрылған «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығының маңызына тоқталды.
– Бұл – ауыл шаруашылығындағы көптеген мәселелерді шешетін ауқымды жоба.
Фермерлердің арнайы қоймаларының болмауы салдарынан өңірлердегі бағалардың тұрақсыздығы байқалады. Фермер мен сауда орталықтарының арасында қоймалар арқылы байланыс орнату қажет. Салық кодексіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек. Жобаның екінші сатысында тауар биржасы жүзеге асырлады деп жоспарлануда. Тауар биржасы шетелден инвестор тартуда маңызды рөл атқарады, - деді Н.Әлтаев.
Депутат «Continental Logistics Shymkent» орталығының жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті. Орталықтың басшысы Болат Жолдасов кешеннің жұмыс барысымен таныстырды.
Нұржан Бауыржанұлы көлік логистика орталығында орналасқан Шымкент кедендік рәсімдеу бекетінде де болды. Мұнан соң А+ санатындағы кешендегі құрғақ және климаттық қоймаларын аралады. 10 300 шаршы метрді құрайтын құрғақ қойма мен тура осындай көлемдегі мұздатқыш тауарды сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Контейнерлік терминалды арнайы көрген халық қалаулысы орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, көлік-логистикалық орталығының аумағы – 92 гектар. Нысан әуежайға жақын және теміржол желісі тартылған. Тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталық арқылы жылына 600 мың тонна тауарды сақтауға және тасымалдауға болады. Тәулік бойы жұмыс істейтін кешенде 138 адам жұмыспен қамтылған.
Спикерлерді TEDх алаңы біріктірмек
Среда, 10 Июль 2019 04:19Үшінші мегаполисте алғаш рет бірегей идеяларды таратуды мақсат тұтқан халықаралық лицензияланған TEDxOrdabasySquare конферециясы өтеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен «Sóıle: Sen tur – men aıtaıyn» конференциясында Шымкенттегі TEDx конференциясының лицензианты Айжан Ергешова жоба туралы баяндама жасады.
Аталған басқосуда «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Shymkent adaldyk alany» жобасының басшысы Ерасыл Төлебаев, Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов, «KZhol Shymkent» оңалту орталығы басшысының орынбасары Айгерім Жұмағалиева, Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Тәңірберген, «Ажыраспа» блогының авторы Айна Досқызы сөз алып, өз ойларын ортаға салды, қайырымдылық, жемқорлық сынды бүгінгі жастарды алаңдатқан мәселелерге тоқталды.
– «Таратуға тұрарлық идеялар» деген айдармен өткізілетін конференцияның басты мақсаты – қалың көпшілікке қызықты идеяларды жеткізіп тарату. TED міндеті – идея тарату, соның аясында тегін білім беретін, ойшылдар ойынан шабыт алатын бір-біріне жақын қауымдастық құру. Идея адамның құлқын, өмірін өзгерту арқылы әлемді өзгерте алады.
Ал еліміздің үшінші мегаполисінде ондай ортаның болуы шарт. Биыл әлем бойынша лицензияланған 1500 TEDх концерециясы өткізу жоспарланған. Аталған конференцияларда әлемнің үздік ойшылдары бір ортаға тоғысып, 18 минут бойы өздерінің ең маңызды ойлары мен әлемдегі көкейтесті мәселелерін айтады. Шырайлы Шымкент қаласы сол тізімге енгеніне қуаныштымын.
Бірқатар кедергілерге қарамастан халықаралық ТЕD қауымдастығының рұқсатын алдық, – деді А.Ергешова.
Әр жылдары Билл Гейтс, Эл Гор, Гордон Браун, Билл Клинтон, Нобель сыйлығының иегерлері Джеймс Уотсон, Мюррей Гелл-манн және Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлс секілді танымал тұлғалар TED-те сөз сөйлеген. Барлық лекциялар конференцияның www.TED.com сайтына орналастырылады. Ол 26 тілде аударылады (қазақ тілін қосқанда).
Айта кетейік, лицензияланған TED жиыны бүгінге дейін Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында өтіп келген.TEDxOrdabasySquare ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған жиынға қатысушылардың саны шектеулі.
– Бізге сан емес, сапа маңызды. Аудиториямыз белгілі бір мәселені шешуге, ой бөлісіп, күресуге ниетті жандар болғанын қалаймыз әрі сондай адамдарды қамтылуын қадағалаймыз. Конференция күзде болады, – дейді Айжан Ергешова.
Ел тірегі – Елорда
Среда, 10 Июль 2019 04:06Шымкент тұрғындары Елорда күнін ерекше көңіл-күймен атап өтті. Шаһар аспанында ән мен күй әуеледі.
Қала тұрғындары мен қонақтары Арбат демалыс аймағында өткен «Ел Астанасы – Нұр-Сұлтан» атты естен кетпес қызықтың куәсі болды. Салтанатты кешке қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев қатысты.
Қала әкімі көпшілікті Елорда күнімен құттықтап, әлем бойынша ең жас қаланың 21 жыл ішінде бағындырған биік белестерін атап өтті. – Нұр-Сұлтан қаласы санаулы жылдар ішінде сәулеті мен дәулеті келіскен, ірі, ресми, мәдени, рухани орталыққа айналды. Бүгінде әлем Нұр-Сұлтан қаласын Қазақстанмен егіз ұғым ретінде танитын болды.
Ол барлық қазақтың символы деп айтар едім. Елбасы сіз бен бізге осындай керемет қала салып берді. Ендігі ел тұрғындарының әлеуеті жыл санап арта түседі. Шымкентті де үлкен өзгерістер күтіп тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Сіздердің қолдауларыңызды сезінемін! – деді қала әкімі.
Мерекелік концертте «Нұр-Сұлтан» сазды хореографиялық композициясы ұсынылды. Еңселі Елордамызға арналған мерекелік іс-шара жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күл сыйлады. Салтанатты жиын соңы Шымкент қаласының шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, мерекелік кештің көркін қыздырды.
Домбыра – қазақтың бренді
Пятница, 05 Июль 2019 05:15Қазақстандықтар биыл екінші рет Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын.
Елбасының бастамасымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып жатқан бүгінгі тұста бабадан қалған төл өнеріміздің мерейін өсіріп, болашақ ұрпаққа аманат ету – маңызды іс. Сан ғасырлық тарихқа жалғасқан сондай ұлттық құндылығымыздың бірі – музыка аспабын жасау. Қос ішектен төгілген күй адамның жанын балқытып, қайталанбас ерекше әсерге бөлейді.
Осы орайда күйшінің шеберлігінен аспаптың бабына сай жасалуы тасада қалып жататыны да бар. Мұны айтып отырғанымыз, домбыраның құдіреті мен киесін ұғынған жан ғана аспапқа ұлттық нақыш беріп, «жан» бітіре алады. Шымкентте тұратын Өмірсерік Нұртай сондай хас шебердің бірі. 27 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен ағаш ұстасы Ұлттық домбыра күні қарсаңында домбыраның жасалу құпиясымен бөлісті.
Сурет – ағаш өнеріне жақын
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді 1990 жылы суретші мамандығы бойынша тәмамдаған Өмірсерік Нәбиұлы алдымен бір-екі жыл басылымдарда карикатура салумен шұғылданған. Кейін Ресейге әскерге аттанып, сол жақта жүріп ағаш шеберлерінен өнер үйреніп, елге оралған бойда домбыра жасауға деген қызығушылығы осы салаға келуіне түрткі болған.
– Негізгі бұл атакәсіп деуге болады. Бірақ әкем домбыра құрастырмаған. Кейде мені қайрап, «Атаңа ұқсап темір ұстасы болмасаң да, домбыра құрастырсаң жаман болмас едің» дегенді жиі айтатын. Сол сөз де әсер еткен болар. 1992 жылы әскерден оралған тұста ағаштан аспап жасауға қатты көңілім ауды. Табиғи ресурстары мен кептіру технологияларын зерттеп, дауыстарын келтіруді үйрене келе алғашқы домбырамды құрастырдым.
Талдықорғандық Серік деген ағамыз болатын, сол кісі ақылын айтып аздап ұстаздық еткені бар. Кем-кетігін жүре келе түзедім. Тіпті, домбыра шертуді сол кездері үйрендім (күліп). Қазір соңымнан ерген Ертай інімді баулып, кішігірім шеберханада домбыра құрастырамыз. Ұлдарым да кейде қолқабыс жасайды, - дейді 48 жастағы шебер.
Ағаш ұстасының айтуынша, бүгінде қажет заттардың барлығын табу оңай, сауда орталықтары мен ағаш базарларында сатылады. Орташа есеппен бір домбыра жасауға 3-4 күн, кейде бір апта уақыт жұмсайды. Шебер әр дүниенің жасалу ерекшелігі мен саз үндестігін ұлттық таным түйсігі арқылы жеткізуге тырысады.
– Арзан домбыралар қарағаштан жасалады. Жаңғақтан жасалғаны қымбаттау жүреді. Жұмысы ауырлау болғандықтан, бағасын соған лайықтап айтамыз. Ал шетелден арнайы алдыратын қызыл ағаштан жасалған аспаптар одан да қымбат саудаланады. Бірақ, біз көбіне халықтың шама-шарқы келетін, қалтасы көтеретін домбыраларды құрастырамыз. Бағасы 7-10 мың теңгеден басталып 150 мың теңгеге дейін барады. Ағаштарды тақтайлап сатып аламыз.
Аспаптың тапсырысқа сай пішімі, өлшемі болады. Алдымен өлшеп сызасың, содан соң кесесің және суға салып қоясың. Мұнан кейін қалыпта иіледі. Шанағы жонылады. Құрастырылып, желімделеді. Кептіріп, 3 мм қалыңдықта бет тақтай дайындаймыз. Одан бөлек бас, құлақ, мойын, серіппе, тұғырын жеке-жеке қалыпқа келтіру арқылы домбыра құралады.
Барлығы өзінің технологиясына сай жасалады. Өзім кәсіби суретшімін. Ою-өрнек кескіндеу қиындық туғызбайды. Қазір ағаштарды сан түрлі қалыпта өңдейтін, миллиметрді мінсіз жонып шығаратын аппараттар бар. Соларға қол жеткізуді көздеймін, - дейді ұста.
Аспапты алдымен өздері сынайды
Ұлттық мұрамызды насихаттап, қазақтың бас аспабын құрастырып жүрген шебердің сөзінше, тапсырыс берушілердің ішінде домбыраны сыйға таруға алып жататындары жиі кездеседі. Ұста өзі жасаған дүниесінің көптігімен емес, сапасымен мақтанады. Қол жұмысы болған соң, мұқият, әр ұсақ-түйегіне дейін мән беріп жасайды. «Бұл аспап қателікті кешірмейді. Әуеннің дұрыс шығуы домбыраның сапасын көрсетеді», дейді шебер.
– «Кеңес», «Қосалқа», «Көңіл» толқыны сынды күйлерді тапсырыс берушілерге тартып, тексеріп береміз. Астыңғы, үстіңгі, орта ноталарды естіп, пернелердегі дыбыстың таза шығуына көз жеткізіп алып жатады. Жалпы, бұл қауіпсіздікті талап ететін кәсіп, - дейді қолөнер шебері.
Себебі домбыра жасауда кесетін, тілетін өткір жүзді құралдар пайдаланылады. Домбыраның шорт сынып, кейде тез бұзылуын шебер ұстаның қол жұмысы және оны қолданушының салғырттығы деп біледі. Аспап бірқалыпты температурада тұрып, арнайы қаптамада күтіп ұстауды қажет етеді. «Сонда ғана оны ұзақ жыл өнерге серік етуге болады», деді қолөнерші.
Қазақты қазақ ететін ұстынның бірі – ұсталық. Ол қанмен келеді, тұқым қуалайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы өнерімізді ұлтымыз қашан да ұлықтаған. Өйткені, қолөнер – ешқашан өшпейтін өлшеусіз өнер. Осы бір қасиетті өнерді жанына серік еткен Өмірсерік Нәбиұлының айтуынша, ағаштың да жаны бар.
Ол ағашты қолына ұстағанда-ақ одан қандай домбыра шығатынын сезіп тұратынын айтады. Өзі әр ағаштың қадір-қасиетін бағалайды. Ал жасаған домбыраларын айтыскер ақын Мэлс Қосымбеков сынды ұлтымыздың қасиетін айғақтап жүрген дарындар ұстап жүр.
– Домбыра – әр қазақтың серігі, жолдасы. Қазақ бар жерде домбыра бар, домбыра бар жерде қазақ бар. Елдігімізді төл өнерімізбен ұстап тұра аламыз деп ойлаймын. Жұбайым екеуміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкені жоғары оқу орнын тәмамдаса, қалғандары мектеп жасында. Олардың бойына ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді сіңіру, мәдениетімізді таныту – біздің басты мақсатымыз, – дейді Өмірсерік ұста.
Түйін:
Бүгінде елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына баса мән беріліп, ұлттық жаңғыру тұрғысында көптеген іс-шаралар атқарылуда. Ұмытуға шақ қалған жауһарларымыз аршылып, көне дәстүрлеріміз қайта салтанат құруда. Соның бірі – 2018 жылы алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өттік. Бұл да болса өшкеннің жанып, өткеннің қайтып оралғаны.
Азамат ЖАППАР
Фото – Серік ҚОСАЕВ
Нұр-Сұлтан – жастығымның жалауы
Пятница, 05 Июль 2019 05:10Нұр-Сұлтан – жастардың қаласы. Елорда тұрғындарының арасында еліміздің барлық аймақтарынан келген қыз-жігіттер жетерлік. Олардың бірі білімге талпынып, бірі жұмыс іздеп, арман қуып барған. Ал сол жастардың бір-бірімен танысып, жүректері табысып, шаңырақ құрып жатқаны көңіл қуантады.
– Еліміздің бас қаласының бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыру ләзім. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән, - дейді Нұр-Сұлтанға Шымкент қаласынан қоныс аударған жас дәрігер Ақылбек Қадырбекұлы. – Қолыма диплом алған күні-ақ жастардың қаласына аттану басты мақсатым болды.
Ол 2013 жылдың жазы еді. Нұр-Сұлтанда жұмыс табу қиынға соқпады. Тез-ақ ортаға үйреніп, ұжымға сіңісіп кеттім. Бәрі болмаса да біразы өзім сияқты еліміздің әр аймағынан жиналған қаракөздер еді.
Жұмыс істеп жүрген кезде әскерден шақырту келіп, 2015 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Одан кейін ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығында қызмет етіп жүріп, өмірлік серігімді кездестірдім.
Наргизамен өткен жылы отау құрып, отбасылы болдық. Қуанышымыз еселеніп, тұңғышымыз дүниеге келді. Нұр-Сұлтан қаласы – менің барлық қуанышымның куәсі.
Мегаполистің қоғамдық-саяси, мәдени өмірі қыз-қыз қайнап жатыр. Елорда болған соң мемлекеттік ауқымдағы іс-шаралар таусылмайды. Қайда барам деп ойланып жатпайсың.
«Астана Опера», Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Жастар театры, қалалық қуыршақ театры, түрлі концерттер, киноапталықтар үзілмейді. Спорттық сайыстар да солай.
Ал қаланың қатаң табиғаты да жұмсарып, ауа райы жылдан-жылға жылынып келеді. Сақырлаған аязы мен өкпек желі қазір бұрынғыдай әсер етпейді, мүмкін, біз үйреніскен шығармыз.
Еліміздің астанасында өмір сүру өзіме, отбасыма ұнайды, болашағы бар қала, жастардың талабын ұштайды, олардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бізге сонысымен ыстық, сонысымен қымбат.
Жаса, жастардың қаласы, армандарымның бастауы – Нұр-Сұлтан!