Министр онлайн есеп берді

Пятница, 21 Июнь 2019 04:14

Шымкент қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлер мен қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестік төрағалары ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың халыққа есеп беру кездесуін онлайн тыңдады.

59dca46b40214

Қанат Алдабергенұлы министрліктің қызметі, мұнай-газ, уран, электр энергетикасы және қоршаған ортаны қорғау салаларының даму жоспарлары туралы баяндады. Екінші бөлімде қойылған сұрақтарға жауап берді.
Министрдің айтуынша, биыл Қазақстан 90 млн тоннаға жуық мұнай өндірмек.

– Биылғы 5 айдың ішінде 36,5 млн тонна мұнай өндірілді. Яғни, жоспар 101% орындалды. Үш ірі жоба бойынша 21,7 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағанда - 4,24 млн тонна, Теңізде - 12,48 млн тонна, Қарашығанақта - 4,97 млн тонна өндірілді. Биыл мұнай өндіру көлемі 89 млн тонна болады, - дейді Қ.Бозымбаев.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Шымкентке іс-сапармен келді.

DSC 3222

Қазақстан бойынша алғаш болып Шымкентте пилоттық жоба ретінде жаңа жұмыс кестесі енгізілмек. Оған сәйкес мемлекеттік қызметкерлер жұмыс аптасының соңғы күнін икемді жұмыс кестесіне ауыстыра алады.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа мемлекеттік қызметкерлердің соңғы жұмыс күніндегі түскі үзілістің орнына жұмыс істеп, ерте қайтуына жағдай жасау туралы ұсыныс жасады.

Қала активімен өткен алқалы жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған қалалық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Әли Көмекбаев білім беру мекемелерінен ашылған «Адалдық дүкендері» мен «Адалдық алаңы» жобасы, Open space типіндегі жұмыс орындарының көбейгенін мәлімдеді.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес жастарға патриотты тұрғыда тәрбие берілуде. Қаладағы 130 мектепте сатушысы жоқ дүкен жұмыс істейді. Биыл мектеп түлектері алғаш рет шығынсыз қоштасу кештерін ұйымдастырып отыр. Ал қала әкімдігінің 5 басқармасы ашық қызметке бағытталған Open space орталығына көшті.

Шымкенттік қызметкерлер Мемлекет басшысы қойған талаптарды орындауда, - деді Ә.Көмекбаев.

Жиын барысында Алик Жатқамбайұлына қаладағы мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы өскені және 20 қызметкер икемді жұмыс кестесіне көшкені баяндалды. Қала әкімдігі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов арнайы қабылдаған жоба аясында бірқатар оңтайландыру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.

DSC 3346

– Бүгінде қаламызда бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға үміткерлер саны 5-тен 14 адамға өсіп отыр. Бас маманның жалақысы екі есе өсіп, 75 мың теңге алатын қызметкер 150 мың теңге көлемінде айлық алуда. Ал басқарма басшыларының айлығы 235 пайызға немесе 429 549 теңгеге дейін ұлғайып отыр. Осыдан екі жыл бұрын әкімдікте «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі қызмет етсе, бүгінде олардың саны 10-ға жетті, - деді Е.Амантайұлы.

Ашық әкімдік жобасы арқылы тұрғындарды жеке қабылдау көрсеткіші соңғы бес айда рекордтық деңгейге жеткен. Аудан әкімдері 236 адамды, ал қала әкімі 492 тұрғынды қабылдап, талап-тілектері заң аясында шешілген. Әкімдік қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді цифрандыруды жыл соңына дейін 80 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Шымкентке жұмыс сапары барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Оңтүстік» индустриалды аймағы секілді бірнеше нысанды аралап, жұмыстармен танысты.

Мемлекеттік басқару академиясының қалалық филиалында белсенді жастармен кездесіп, жаңадан құрылып жатқан Жастар мәслихатына үміткерлердің сайлауалды ұсыныстары мен жобаларын тыңдады.

– Қала республикалық мәртебеге ие болғалы бірталай өзгерістер орын алыпты. Әсіресе қала тазалығына көңілім толып отыр. Жаңадан қолға алынған жобалар да көп екен. Салынып жатқан ғимараттар мен нысандардың да артқаны көңіл қуантады. Ауызбіршілік, ынтымақ, бейбітшіліктің арқасында қала біртіндеп көркейіп, гүлденіп келе жатыр. Бастысы адалдықты сақтайық, - деді А.Шпекбаев.

Жұмыс сапарының соңында Агенттік төрағасы Арбат демалыс аймағында болып, театр қойылымын тамашалады. Үшінші мегаполисте жемқорлықпен күресу бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, қала әкіміне сәттілік тіледі.

Алтайда жұмыс та бар, үй де бар

Пятница, 07 Июнь 2019 04:20

Алтайлықтар жерлестерімізге 340 бос жұмыс орнын ұсынып, 30 отбасыны қоныс аударуға шақырды.

Үшінші мегаполиске арнайы келген Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының бір топ делагаты шымкенттіктерге өңіраралық ерікті түрде қоныс аудару және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға араналған бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып, қоныс аударудың мүмкіндіктерін таныстырды.

Алтай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Әсел Рысбекқызының айтуынша, бүгінде аталған ауданда дәрігер, мұғалім және мемлекеттік қызметкерлерге сұраныс көп. Олардың айлық жалақысы 70 мың теңгеден бастап жұмысшы мамандықтарға 500 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік қарастырылған.

– Мемлекеттік қолдау аясында 340 бос жұмыс орны мен 30 отбасы немесе 106 адамға баспана қарастырылған. Өткен жылы 20 отбасы көшіп келген еді. Қазір олар 3 жылдық келісім-шарт негізінде өз кәсібін ашып, ұсынылған үйлерде тұрып жатыр. Көші-қон бойынша келгендерге әр отбасы мүшесіне 88 мың теңге және 12 айға пәтер ақысы төленеді.

Бұған қоса «Серпін» білім гранты негізінде көшіп келген азаматтардың балалары тегін оқу мүкіндігіне ие болады. Ал кәсіпкерлікті қолға аламын деушілерге «Бизнес-бастау» жобасы аясында қайтарымсыз және жеңілдетілген несиелер қарастырылған, - дейді Ә.Умалжанова.

Қосымша мәлімет үшін: Алтай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы. 070800, Алтай қ, Бірінші мамыр көш. 23, Телефон: 8 72335 6-25-87

Құжат қабылдау басталды

Среда, 05 Июнь 2019 04:26

Жуырда миллионды қалада жастардың қалауын, ықтиярын басшылыққа жеткізетін өкілдік жасақталмақ. Жастардан құралатын халық қалаулылары жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақыламақ.

61726261 2236948253284795 1645097406376706048 n

Көпшіліктің дауысы арқылы Шымкент қаласының аумағында тұратын 14-28 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары «Жастар мәслихатына» сайлауға түседі. Бұл туралы Жастар ресурстық орталғында өткен баспасөз жиынында басшының міндетін атқарушы Нұрдәулет Тәңірберген мәлімдеді.

Жастарға бағытталған жаңа өкілдік құру туралы мәселе қалалық қоғамдық кеңестің үшінші отырысында ұсынылған. Аталған басқосудан табылған халық қалаулыларымен қатар қала әкімі де бұл ұсынысты қолдаған. Ал Жастар ресурстық орталығы осы бағдарламаның үйлестірушісі деп танылды.

– Сайлау екі кезеңде жүзеге асады. Кандидаттардан құжаттарды қабылдау 3-12 маусым күндері аралығында жүреді. Сондай-ақ сайлау комиссиясы Instagram әлеуметтік желісінің resurstyq_ortalyq парақшасында кандидаттардың бейнероликтерін жүктейді. Нәтижесінде бейнеролик 2 000 онлайн лүпіл жинауы қажет.

Егер, түрлі себептерге байланысты әлеуметтік желіге тіркелмеген азаматтар болса, олар 500-ден аса қол жинау керек. Есекеретіні бұл жерде тек лайк шешпейді. Жастардың сауаттылығы, қоғамдық жұмыстарға атсалысуына да жіті мән беріледі, - дейді Н.Тәңірберген.

Ал 13-15 маусым күндері үміткерлерге дауыс беру Telegram (t.me/jastarmaslihaty) әлеуметтік желісі арқылы ұйымдастырылады. Дауыс беру нәтижесінде, «Жастар мәслихатына» 29 депутатты, ал резервке 11 депутатты көпшілік дауыспен анықтайды. Аталған тәртіптің заңдылығын сайлау комиссиясы қадағалайды.

Айта кетейік, Жастар ресурстық орталығының мамандары көрсетілген 10 күннің ішінде қажетті құжаттарды «Google» формасы арқылы онлайн түрде қабылдайды.

Бала құқығы: еңбек пен есеп

Среда, 05 Июнь 2019 04:03

Қазіргі уақыт сананы тұрмыс пен ақша билеу басым болып тұрғаны жасырын емес. Қолына диплом алып жұмыс іздеген жастарға қарағанда көше-көше жағалап гүл саудалап, шар ұстаған балақайларды соңғы кезде жиі көзге түсіп жүр. Ол аз емес-ау, тойда салған әнімен танылған балғындардың уыс-уыс ақшаны қысып билеген бейнероликтері де желі қолданушыларының талқысына іліккен өткір әлеуметтік мәселеге айналды.

11

Мейлі, табыс тауып ата-анасына ауыртпалық түсірмей, қажетін алуға жәрдемдескені де дұрыс шығар. Бірақ олардың қатары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптамаса, азамай тұр. Тиын мен тыйым, еңбек пен есептің өлшемін айырып алу үшін осы бір тақырыпқа оралуды жөн көрдік.

Тәрбие – тал бесіктен

Әлемнің әр мемлекетінде баланы тәрбиелеудің жолдары бөлек. Жапондар бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі. Олар «Балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі - сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке баулу.

Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады.

Ал АҚШ-та бала тәрбиесі «Әр бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалайды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу, екіншісі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану.

Отбасында баланы ұру қатаң түрде заңмен қудаланады.

Қазақ – тәлім-тәрбиеге ерекше мән беретін ұлт. Баланың дүниеге келгенінен бастап жасалатын жоралғылары көп. Бұл балақайлардың дұрыс өсіп-жетілуіне пайдасын тигізеді.
Әуелгі тақырыптан ауыспай, негізгі мәселеге қайта оралайық. Міне, әлем елдерінде бала тәрбиелеу ерекше маңызға ие екенін осы мысалдардан көруге болады.

Арбатта гүл сатып, базарларда арба сүйреп, қала берді тойларда өнер көрсетіп жүрген балалардың тағдыр тауқыметін көріп, күнкөріс қамына ерте жастан салынып кеткені дұрыс емес екенін психологтар да айтады.
– Баланы еңбекке баулу оны кішкентай кезінен қолынан келетін жұмыстарға жұмсау арқылы қалыптасады. Отбасы мен өзінің туыстарына пайдалы нәрсе істеп, көмектескенін түсіну үшін оған алғыс айтуды ұмытпау қажет.

Сонда балақайлар еңбекқор әрі отбасына қамқоршы болып өседі. Бала психикасына кері әсерін тигізбеу үшін бір затқа қол жеткізуге ұмтылдыру мақсатында жұмсауға болмайды. Мысалы, бір нәрсе сатсаң, мынаны әперем дегендей еңбекке баулу - үлкен қате. Өсе келе оның бойын осыған ұқсас ойлар жаулап, қылмысқа итермелеуі де мүмкін.

Сондықтан маман кеңесіне жүгіне отырып, баланың тілін табу керек, - дейді психолог Жанна Арынбаева.

Жанна Маратқызының айтуынша, балаларды мүлдем үй шаруасына немесе басқа да істерге жұмсамау жалқаулыққа алып келеді. Мұндай жеткіншектер есейгенде жауапкершілікті сезіне алмайды. Балалармен жұмыс істей отырып, ата-аналар олармен үнемі әңгімелесіп, ойға алған істерін жүзеге асуына ықпал етуі керек дегенді алға тартты психолог.

Бұл баланы еркіне жіберіп қоя беру деген сөз емес. Керісінше, қадағалауға алып, оның әр ісін мұқият ой елегінен өткізу, дейді маман.

Қылмыстан аулақ болсын десеңіз...

Ешкім қылмысқа біле тұра бармайды. Бірі жазатайым жағдайдан орын алса, енді бірі мұқтаждықтан сол әрекетке барады. Бұл қылмыскерлерді ақтау емес. Керісінше балаларды жастайынан бақылауға алмаса, сол қылмыскерлердің нақ өзі болып өспесіне кім кепіл?! Ата-анасы күйбең тіршілікке салынып, кейде перзенттерін түгендеуден қалатындай. Бірақ, ол дегеніңіз балаларын мүлдем бетін қақпай, еркіне жіберу емес шығар.

Қараусыз қалған баладан үйдей жамандық шығуы бек мүмкін. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында биыл 3 айда атқарылған жұмыстармен бөліскен Шымкент қаласының полиция департаментінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Бауыржан Жұмабеков осылай дейді.

Оның айтуынша, түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 1195 жасөспірім анықталған. Нәтижесінде 250 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 113 жасөсіпірім және 50 қолайсыз отбасы ішкі істер органдарының есебіне алынған.

– Ішкі істер органының есебінде тұратын 222 жасөспірім және 541 қолайсыз отбасының тұрғылықты мекенжайы тұрақты тексерілді. Қолға алынған шаралар қорытындысы бойынша шымкенттік кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыста 1,6 пайызға немесе 60-қа төмендеді, - дейді Б.Жұмабеков.

Ал қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдеевтің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында баланың құқығын қорғау мақсатында тәрбие сағаттар, дөңгелек үстелдер, ақпараттық түсіндіру сабақтары үнемі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіледі.

Күйзеліске түскен, арнайы саулнамадан анықталған тәуекел тобынан табылған балалармен жеке жұмыс істелуде. Білім, тәрбиемен қатар олар жазғы сауықтыру шараларымен қамтылуда. Аз қамтылған отбасылардың балалары бір реттік ыстық тамақпен, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуда.

– Мектеп оқушылары заңнамаға сәйкес, дене бітіміне зақым келмейтін (ауыр жұмыстар, цемент, құрылыс, мақта теру, т.б. жұмыстардан басқа) 4 сағаттық жұмыспен қамтылуға рұқсат беріледі. Алайда бізде бұл бойынша оқушылар тіркелмеген. Ауыр жұмыспен қамтылған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Білім туралы Заңның 49-бабының 2-тармағында көрсетілген шарттарды орындамаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 2, 7-тармақтарына сәйкес әкімшілік шара көзделген, - дейді білім саласының маманы.

Құқығы тапталған жеткіншектер балалардың құқығын қорғау мақсатында іске қосылған 111 бірыңғай нөміріне, білім басқармасының cаll-орталығына хабарласып, шағымын айта алады. Сонымен қатар әр мектептен ашылған сенім телефондарына хабарласып, араша сұрауға болады.

Арбаттағы балалар

WhatsApp Image 2019-06-01 at 13.14.296

Шымкенттің шырайын ашып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлайтын демалыс аймағы Арбат салынғанда көпшіліктің қуанғаны рас. Бір мезгіл бой жазып, жаныңа жақын жандармен серуендеуге таптырмас мекен. Дегенмен, бұл жердің де шырқын бұза жөнелетіндер табылды.

Олар – қолына гүл ұстап, шар саудалаған, қайыршыдай алдыңды кесіп, соңыңнан қалмай жүріп алатын балақайларды кешке жиі кездестіруге болады. Заң шеңберінде кәсібін дөңгелетіп, өнерін паш етуіне ешкім кедергісін келтірмес. Алайда нөлдік төзімділікке әкеліп соғатын әрекеттерін кейде айтпаудың өзі ұят.

Түйін сөз:

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халықтың болашақ ұрпағы еңбекқор, бәсекеге қабілетті болып өскені жақсы, әрине. Бірақ жастайынан балаларды ауыр еңбекке жегу заңға да қайшы әрекет. Балғындардың құқығын қорғау тек 1 маусым күні ғана емес, әрдайым басты назарда жүрсе деген тілек. Себебі, бала – отбасының бақыты және елдің болашағы.

АНЫҚТАМА:

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы N 45 Заңы.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.

4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.

Қоғамдық көліктер жаңаруда

Пятница, 31 Май 2019 04:11

Шымкентке жаңадан жеткізілген автобустар жаңа бағыттарда жолаушылар тасымалдауды бастайды.

DSC 1191

Бұл туралы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев қалалық әкімдікте өткен Қоғамдық кеңес отырысында мәлімдеді.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев жүргізген жиында кеңес мүшелері алдымен Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтың есебін тыңдады.

Басқосуда күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер білім, жол салалары болды.
Қалалық білім басқармасының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева кеңес мүшелерінің бала тәрбиесі, білім беру мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.

Ал қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова «Сәулет басқармасының геосервисі» ақпараттық жүйесінің қазіргі жай-күйі, орын алып отырған проблемалар туралы баяндады.

Кеңес мүшелері жиында жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық нысандарының қауіпті техникалық құрылғыларын есепке қою және есептен алу тәртібін белгілеу, тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы ҚР Үкіметі бекіткен нұсқаулықтарды талқылады.

Шымкентте әлемдік деңгейдегі спортшылардың қатысуымен Shymkent Triathlon Азия Кубогы сәтті ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2019-05-26 at 18.03.18

Қала тарихында алғаш рет өткен байрақты бәсекеге әлемнің 14 елінен келген Elite санатындағы 45 спортшы күш сынасты.

Өзбекстан, Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, Франция, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан келген қатысушыларға сайыстың ашылу салтанатында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сәттілік тіледі.

– Сіздерге Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімовтың құттықтауын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Шырайлы шаһарымызға қош келдіңіздер. Спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп сенім білдіремін. Шын мықты жеңсін, - деді қала әкімі.

Азия триатлон конфедерациясы ұйымдастырған сайысқа Шымкент қаласының әкімдігі және «Шымкент» ӘКК АҚ қолдау көрсетті.

Спортшылар 1500 метр қашықтықты небәрі 15 минутта жүзіп өтіп, 40 шақырымды велосипедпен артқа тастады, тағы 10 шақырым жолды жүгіріп өтті. Бұл нормативті орындау үшін спортшылар 2 сағатқа жуық уақыт жұмсады.
Нәтижесінде ерлер арасынан сербиялық Огньен Стоянович чемпион атанды.

Оның уақыты – 1 сағат 54 минут 13 секунд уақыт кетті. Ұлттық құрама мүшесі Аян Бейсенбаев күміс жүлдеге ие болса, австриялық Лукас Гсталтнер үздік үштікті қорытындылады. Отандастарымыз Темірлан Теміров пен Мейірлан Ысқақов алғашқы ондықтан көрінді.

Қыздар арасында алғашқы үштікке румыниялық Антоанела Манак, Юн Унг Жанг және қазақстандық Арина Шульгина иелік етті.

Сайыстың екінші күні – «TEMIRADAM» кубогінде әуесқой 84 атлет сынға түсті.

Еліміздің үлкен экрандарында қазақша дубляждалған «Аладдин» фильмінің көрсетілімі басталды.

Бұл – «Өзіңнен баста» жоба аясында дубляждалған 29-фильм. Режиссёр Гай Ричидің жаңа туындысын шымкенттік көрерменмен бірге қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та тамашалады.

– Бүгін қуанышты күн. Кинофильмдердің қазақ тілінде шығуы маңызды. Осы туындыны көрерменге ана тілімізде жеткізуге атсалысқан әрбір жанға алғыс білдіремін. Туынды көпшілікке ұнайтыны сөзсіз. Осындай шығармалардан жастарымыз үлгі-өнеге алып өседі деп айта аламын, – деді қала әкімі.

Көрсетілімде Аладдинді дауыстаған Астана жастар театрының әртісі Айсұлтан Жалиев те болды. Бұл жас өнер иесінің дебюті. Ал дубляж «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасы бойынша «Aray Media Group» студиясымен бірге «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Қазақша дубляждың режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев, аудармашысы – Әсел Мамырова, басты рөлдерді Айсұлтан Жәлиев (Аладдин), Шехназа Қызыханова (Жасмин), Дәурен Серғазин (Жын), Нұрлан Әлімжанов (Джафар) сияқты актерлар дыбыстады. Ал фильмдегі Жасминнің әнін Динара Сұлтан орындады.

«Болашақ» корпоратив қорының өкілі Алуа Барманкулованың айтуынша, “Өзіңнен баста” жобасының арқасында Қазақстанның 100-ден астам актерының дауысы Walt Disney Pictures қорына тіркелді. Қазақ тілі Walt Disney Pictures компаниясының жалпы дубляж қорындағы түріктен кейінгі екінші түркі тілі болып отыр.

Отбасылық көрсетілімнен шымкенттік көрермен ерекше әсер алып, көтеріңкі-көңіл күймен тарқасты. Ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар да ұсынылды.

Страница 34 из 51