Ментальды арифметика мектеп бағдарламасына енгізілмек
Среда, 03 Июль 2019 04:00Шымкентте жаңа оқу жылынан бастап зерек балалар даярлайтын еліміздегі алғашқы мамандандырылған білім ошағы ашылады.
«Асыл бала» мектеп-балабақша кешенінде жас бүлдіршіндер UCMAS халықаралық бағдарламасы мен DynEd ағылшын тілін меңгеру жүйесі арқылы білім алады. Бұл туралы есепке жүйрік оқушылардың жеңісімен бөліскен «Алиар» даму орталығының директоры Ұлжалғас Алиханова айтып берді.
– Оқу жылының соңында шымкенттік озат оқушылардан құралған топ Еуразиялық зияткерлер сайысына қатысып, үздік нәтиже көрсетіп қайтты. Елордада өткен білім сайысына UCMAS Халықаралық академиясының ТМД елдері мен Орта Азия мемлекеттерінен 1000-нан аса оқушы қатысты. Солардың ішінде Шымкенттен барған 34 өрен де бар.
Бұл олимпиаданың басты ерекшелігі – «Most People Solving Math Matrix Together» әлемдік рекордына қол жеткіздік. Бұл дода тарихқа әрі «World Records Union» және «Asia Book of Records» әлемдік рекордтар кітабына енеді. Аталмыш олимпиаданың ережеге сай өтуін рекордтар кітабының өкілі доктор Рой Човдхуры Бисварооп қадағалады, - дейді директор.
Сол білім сайысында Кирилл Ким мен Сафина Ерметова бірінші орыннан көрінген. Қалған балалар да жүлделі оралды. Бір қуантарлығы, санаулы жылда есепке жүйрік осындай «калькулятор балақайлардың» саны едәуір артады. Өйткені қаламызда мамандандырылған мектеп-балабақша кешені іске қосылмақ. Аталған жоба жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асады.
Бұл жоба балғындардың ой өрісін, есептеу қабілетін арнайы есеп құрылғысы арқылы жетілдіруге бағытталған.
Сұлтанның қайталанбас суреттері
Пятница, 28 Июнь 2019 04:54Шымқаланың мизам шақтарын мәңгілікке сыйлаған белгілі қылқалам шебері Сұлтан Иляев қаланың мегаполис статусын алғанына бір жыл толуына орай жеке шығармашылық көрмесін ұсынды.
Мылқау бейнені түсінікті тілмен сөйлетіп, тарихты туынды арқылы көрсете білу – тек суретші мен мүсіншінің қолынан келетін өнер. Осындай дарынымен дараланған таланттардың ішінде Сұлтан Иляевтің орны бөлек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағы мен Дизайнерлер одағының мүшесі шығармашылығын көпшілікке тағы бір таныстырды.
Бейнелеу өнері музейіндегі көрмеге автордың соңғы жылдары салынған 100-ден астам туындысы қойылған. Атап айтқанда, «Оазис», «Ауыл», «Алтын ай», «Арнау», «Ағаш көлеңкесінде», «Қалыңдық», «Бесік», «Теңіздің жағасында», «Ұшу», «Айнаның алдында» сынды 28 әдемі полотно мен «Балалық шақ», «Бала түсі», «Идиллия», «Ұшу», «Ояну», «Күн мен түн», «Әуен», «Күн астындағы үй», «Балықтар мен құстар» сияқты графикалық кескіндемелер бар.
Өзбекстанның халық суретшісі, Гиннес рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен картинаның авторы ретінде енген Леким Ибрагимов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, суретші-монументалист Насыр Рүстемов, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Темірхан Ордабековтер сынды белгілі өнер иелері «Мегаполис» атты көрменің ашылу салтанатының құрметті қонағы болды.
Бұл күні дарынымен дараланған қылқалам шеберіне лайықты құрмет көрсетіп, жиналған жұрт шығармашылығына жоғары баға берді.
Суретшінің жұмыстары бүгінде Алматы, Мәскеу, Ташкент, Сочи қалаларындағы мұражайларда және әлемнің түрлі қалаларындағы жеке галереяларда сақтаулы. Айта кетейік, шуаққа толы шығармалар қойылған көрме 17 шілдеге дейін жалғасады.
«Камера 29 жылдан бергі серігім»
Пятница, 28 Июнь 2019 04:51Журналистің қаруы қалам болса, оператор Талғат ағаның камера деген «қаруын» қолына алғалы биыл 29 жыл толыпты.
Еліміз егемендік алған жылдардың жаршысы, керегеміз кеңейіп, уығымыз нығая түскен шақтың жарқын куәгері, ширек ғасыр бойы телевизия саласында ақпаратпен біте қайнасып, бірігіп жатқан ағаның түсірген кадрлары «Оңтүстік» телеарнасының алтын қорында сақтаулы. Өз ісіне шын берілген шығармашыл жан бір мүлт кеткен кадр үшін уайымға түсетінін айтады.
Бұл журналистен кейінгі жаңалық жаршысына айналған телеоператор мамандығына тән қасиет болса керек. Бала жастан болашаққа даңғыл жол салып берген әкесінің себепкерлігімен бүгінде облысқа белгілі телеоператор болып қызмет етіп жүр.
– Камера – оператордың көзі һәм құлағы, - деп бастады әңгімесін Талғат Үркімбекұлы. – Түркістанда туып, Шымкентте өстім. Әкем Үркімбек Елеубеков сол жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетіне фототілші болып істеді. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет фотоаппарат ұстап, сыныптастарымды суретке түсірдім.
Мұны байқаған әкем ақ батасын беріп, осы салада маман атануыма тілеулес болды. Байділдә Қонысбек ағамыз 1990 жылы қыркүйек айында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасына телеоператор қызметіне қабылдаса, қараша айында телеарна ашылды.
Ол жылы облтелерадио комитеті еді. Келесі жылы Алматыға тәжірибе шыңдауға барып, онда жүзге жуық телеопреатордың арасынан Сарымса Қожагелді, Абай Омаров үшеуміз Мәскеудегі Бүкілодақтық телерадиохабарларын тарату қызметкерлерінің дәрежесін жоғарылату институтының корреспондент және телеоператорлардың бір жылдық толық курсынан өттік.
Сол кездері ұжымдағы ең жас оператор мен едім. Әкеммен қатар Сарымса Қожагелді, Абай Омаров, Құсан Азизов, марқұм Абай Заизов сынды аға буын жетелеп жүріп, маған ұстаздық етті. Солардан үйреніп жүріп, маман атандық.
Жастайынан тауда туып, таста өскен аға үшін бұл саланың орны ерекше. Мамандыққа деген махаббаты риясыз, еңбекке адал қасиетімен де көпке үлгі болып жүр.
Оның еңбегі бағалы, жұмысы құнды. Өзі айтпақшы, ең үлкен құрмет – телеарнаның 25 жылдығы тұсында алған ҚР журналистер одағы ОҚО филиалы Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлық.
– Маған қайнаған өмірдің шынайы көрінісін көзбен көріп, кадрға алған ұнайды. Әр кез қоғамдағы болып жатқан әртүрлі оқиғаладың ортасында жүреміз. Түсірілімге барсаң, өзіңнен бір елі аттамай жаныңа серік болып жүретін әріптес журналистер болады. Түсірген кадрың тілшілердің жазған мәтінімен үйлесіп, көрерменің көңілінен орын тауып жатса, мен үшін қуаныш. Осы жылдар арасында жасаған жұмыстарым, телеарнаның алтын қорында сақтаулы, - дейді таспагер.
Білікті оператор бүгінде бір ұл, екі қызын өмірлік қосағымен бірге тәрбиелеп отыр. Телемаманның көрген қызықтары мен айтар әңгімесі де аз емес. Мамандықтың қызығы мен шыжығы мол. Осы саладан нәпақа тауып жүрген әріптестерін мерекемен құттықтайды.
– Ең алдымен өңіріміздегі қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге көңіл айтамын. Бұл күндер де өтіп, алда жақсылықтар күтеді деп сенемін. Ал ұжымдастарым мен БАҚ өкілдерін, барша әріптестерімді 28 маусым – бұқаралық ақпарат қызметкерлері мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде тыныштық болсын!
Арыс тұрғындарына барынша көмек көрсетілуде
Пятница, 28 Июнь 2019 04:20Қазіргі таңда Шымкентте құрылған 49 эвакуациялық пункте Арыстың жалпы саны 26 мыңнан астам тұрғыны тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы брифингте мәлімдеді.
Баспасөз жиынында Ғабидолла Әбдірахымов БАҚ өкілдеріне эвакуациялық пунктердегі жағдай мен онда тіркелген азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық және гуманитарлық көмектер туралы баяндады.
Брифингте айтылған мәліметтер бойынша Арыста орын алған төтенше жағдайлардан зардап шеккен 7 941 адам жатаханаларға жайғастырылған, арасында 2 870 бала бар. Медициналық көмекке жүгінген 47 адам қалалық, ал 70 адам облыстық ауруханада емделуде. Оның ішінде 43 бала бар.
– Бұл – өте ауыр жағдай. Жарылыста қаза тапқандардың жанұяларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ол кісілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Ел басшыларынан бастап, барлық қазақстандықтар қолдан келген көмектерін көрсетуде, – деді Ғ.Әбдірахымов.
Қала әкімінің айтуынша, Арыс қаласының тұрғындарын эвакуациялау үшін қаладан 56 автобус жіберілген. Ал қауіпсіздік үшін теміржол вокзалында тоқтатылған пойыздардың 3100-ден астам жолаушысы Түркістан қаласына 43 автобуспен тасымалданды.
Екі күннің ішінде жоғалған 19 бала ата-анасына табысталғанын айтқан қала әкімі еріктілерге, қаражат аударған кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Ғабидолла Әбдірахымов бұған қоса сын сағатта халыққа жалған ақпарат таратып, әлекке салмауға шақырды.
– Шымкент қаласы үшін ешқандай қауіп жоқ екенін қайталаймын. Өз кезегінде журналистер мен әлеуметтік желі белсенділеріне тек тексерілген, расталған ақпаратты пайдалануға шақырамын. Қазір біздің мамандар жарылыстан келген шығындарды есептеп жатыр. Министрліктің тапсырмасы түскен сәтте арыстық тұрғындарды үйлеріне жеткіземіз, – деді Ғ.Рахматоллаұлы.
Баспасөз жиынында қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жалған ақпарат тартқан Арыс тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, ал жалпы, тәртіп сақшылары қатаң режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жақсыбаев та Арыстағы жағдай тұрақты екенін хабарлады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов Шымкентке келіп тоқтаған жолаушыларды жеткізу барысы тұрақты екенін айтты.
Саябақтар жаңа кейіпке енеді
Среда, 26 Июнь 2019 06:28Үшінші мегаполистің қоғам белсендірелі жыл соңына дейін құрылысы басталатын жаңа саябақтың жобасын талқылады. U:projects ұйымы Urban Forum Almaty жобасымен бірге миллионды қаланың белсенділеріне ашық алаң қалыптастырмақ.
Осылайша бастамашыл топ қоғам белсенділерін шаһардағы саябақтардың жаңғыруына үлес қосуға, демалыс орындарымен қатар жаңадан салынатын ғимараттардың жобасына ойларын айтып, белсенділік танытуға шақырды.
Бейнелеу өнері музейінде өткен «Shymkent Urban weekend» шарасына жиналған суретшілер мен сәулетшілер, қоғам белсенділерінен құралған топ Shymkent city қалашығына жоспарланған саябақтың жобасына қатысты ойларын ортаға салды.
Алғашқы күні алматылық Urban Forum Almaty жобасының жетекшісі Әділ Нұрмақов, «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов пен қоғам белсенділері қала саябақтарын әлемдік тәжірибе негізінде салыну туралы ойларымен бөлісті.
«Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов бастамашыл топтың талап-тілектерін жаңа жобада ескеретінін айтып, қала тұрғындарына белсенділік танытқаны үшін алғысын білдірді.
– Біздің корпарация бүгінгі таңда екі жобаны жүзеге асыруда. Алғашқысы ескі қалашық болса, кейінгісі – Shymkent city жобасының құрылысы. Миллионды қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға қолайлы саябақтар салуды өз жауапкершілігімізге алдық. Қосымша Тұран шағынауданы да осы тізімге енеді. Онда 8 гектар аумаққа Президент саябағы салынады, - деді Р.Аюпов.
Рашид Абатуллаұлының айтуынша, Shymkent city қалашығындағы 47 гектар аумаққа үш бөліктен тұратын үлкен саябақ түседі деп жоспарланған. Оның алғашқы бөлігінің құрылысы биыл басталады. Саябақтың жобасын жапон архитекторлары жасап жатқан көрінеді. Ал Ұлыбританияның астанасындағы саябақтарды негізге ала отырып, Шымкент ескі қалашығына жанға сая болатын орындар бой көтереді.
Екінші бөлім нақты ұсыныстарға арналды. U:projects қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоқтар Әлімбековтің айтуынша, екі мегаполистің мамандары бірлесіп қаладағы саябақтарға зерттеу жүргізіліп, сарапшылардың бағалау жүйесі арқылы қолайлылық деңгейін анықтамақ. Тиісінше қоғам белсенділері жаңа жобаларға ұсыныстарын айтып, қазіргі парктердегі кемшіліктерді түзетуге атсалыспақ.
ТМД: жас дипломаттар бас қосты
Пятница, 21 Июнь 2019 04:49Шымкентте «ASAA» жастар қоғамдық ұйымының бастамасымен халықаралық жастар слеті өтуде.
Жиынға ТМД мемлекеттерінен 50 өкіл, қазақстандық жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенді жастар қатысуда. Бес күнге созылатын шарада жастар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату мақсатында түрлі тренингтер мен шеберлік-сабақтары өтеді.
Кедергісіз болашаққа жол бастайтын бұл жиын үлкен мәжілістен басталды. Армения, Ресей, Өзбекстан елдерінің өкілдері өзге өңір белсенділерімен танысты. «ASAA» жастар қоғамдық ұйымының президенті Данара Саранованың сөзінше, айтулы форум жастардың бір-біріне жігер беріп, идея алмасуына жол ашпақ.
Бес күн бойы слет делегаттары бүгінгі жастар алдындағы келелі міндеттер мен жастар ұйымдарының проблемаларын талқыға салады. Форумда дипломатиядағы миграция, экология тақырыптарына ерекше көңіл бөлінген. Оқыту семинары барысында талапшыл жастарға өз қабілеттерін көрсету мүмкіндігі туып тұр. Жаңа жобаларын таныстырып, өзара бақ сынасады.
Бұл жария дипломатиялық мектеп-слет он күнге созылады. Алғашқы бескүндік шара Шымкентте өтсе, екінші бөлігі Қырғызстанда жоспарланған.
Жайна, шырайлы Шымқала!
Пятница, 21 Июнь 2019 04:3419 маусым – Қала күні. Мегаполис тұрғындары бұл мерекені биыл ерекше атап өтті
Шымкенттің республикалық қала атанғанына 19 маусым күні бір жыл толды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылы дәл осы күні Шымкентке үшінші мегаполис мәртебесі берілді.
үні ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шымкент тұрғындарына құттықтау хат жолдады. Наурыз алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының құттықтау хатын оқып, мегаполисті бірге көркейтуге шақырды.
– Шымкент өткен жылдан өзінің тарихи өмірін бастады. Бір жыл ішінде елде ірі саяси-экономикалық өзгерістер орын алды. Елімізбен бірге Шымкент те қарқынды дамып келеді. Республикалық статусқа ие болу бір жағынан абырой, мәртебе болса, екінші жағынан жергілікті билік пен тұрғындарға үлкен жауапкершілік артады. Біздің қаламыздың тұрғындары өз мәдениетімен, қонақжайлылықпен басқа қалаларға үлгі болуы керек.
Ол үшін барлығымыз бірге, аянбай жұмыс істейік. Туған күніңмен, Шымкент! Алға Қазақстан! - деді қала әкімі.
Бұл күні қаланың түрлі салалар бойынша дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды.
Гала-концертті тамашалауға халық мол жиналды. Көрермен алдында эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Наркенже Серікбаева, «Бақай» мен «Азия» тобы, Ziruza сынды әншілер мен қонақтар Муниса Ризаева мен «Ялла», «Не ангелы» топтары өнер көрсетті. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.
Жастық шақтың аспаны
Пятница, 21 Июнь 2019 04:33Тәуелсіздік саябағында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастық шақтың аспаны» фестивалі өтті. Бұл іс-шара қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.
Фестивальге жиналған қонақтар көкке көтерілген түрлі-түсті батпырауықтардың көрінісіне куә болды. Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Тәңірбергеннің айтуынша, іс-шараға №3 және №4 балалар үйінің 100-ге жуық тәрбиеленушісі арнайы шақырылған.
Батпырауық фестивалін өткізуге 20-ға жуық кәсіпкер атсалысты. Бұл күні бүлдіршіндерге тегін балмұздақ пен батпырауықтар үлестірілді. Кішкентай балақайларды кәсіби аниматорлар мен қуыршақ театрының әртістері қуантса, зияткер жастар шахмат ойынынан сынға түсті. Мерекелік шараға жиналғандар әртүрлі шоуларды тамашалап, көтеріңкі-көңіл күйде тарқасты.