Жаңа оқу жылынан бастап республикадағы 20 Назарбаев зияткерлік мектебіндегі кітапханаларда оң өзгерістер күтілуде.

24444

Еліміздің әр аймағынан жиналған кітапханашылар мен бала тәрбиесімен айналысатын педагог-куратор, ұйымдастырушылар Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бас қосып, оқу мәдениетін ортаға салды.
Осы орайда сала мамандары үш күндік семинар өткізіп, «Білім беру мен тәрбиенің біртұтас компонентін құруда оқу мәдениетін дамыту әдістерін интеграциялау» тақырыбы аясында шетелдік мамандармен тәжірибе алмасты.
– Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл семинарға АҚШ-тан Hand Margaret Dorcas пен Swarlis Linda Lee есімді шетелдік сарапшылар-мамандар, Phd докторлары елімізге екінші рет шақырылды, – дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ. – Олар бұл жолғы іс-шара барысында мектеп кітапханасы арқылы қауымдастық құру: промо-акциялар ұйымдастыру, мектеп зерттеулерінде қандай стандарттар жақсы жұмыс істейді? Мектепте білім беруде ақпараттық сауаттылық үшін ACRL құрылымының шектік тұжырымдары, ақпарат заңдылығының маңызын анықтау мүмкіндігі және мәліметтерді сараптау жасауда статистиканы қолдану мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар әлем кітапханалары тәжірибесінің зияткерлік мектептерге енгізілуі ерекшеліктері сөз болды. Айта кетерлігі, біздің кадрларды шетелге жіберуге қарағанда ол жақтан мамандарды елімізге шақыру тиімді болады.
Аида Төлендіқызының айтуынша, биыл екінші рет өткізіліп жатқан семинардың маңызы да жоғары. Елбасының тапсырмасына сәйкес білімді де баскеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде білім беру мекемелеріндегі кітапханаларда да оң өзгерістер орын алуы орынды екенін алға тартты.
Семинарға қатысқан 45-ке жуық кітапхана қызметкері және бала тәрбиесіне жауапты педагогтар шетелдік әріптестерінен алған білімдерін жергілікті білім беру мекемелеріндегі кітапханашыларға жеткізбек. Бұл тәжірибені енгізу «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бақылауында болады дейді ұйымдастырушылар.

Шымкентте жуырда шаһардағы алғашқы инновациялық зертхана ашылмақ. Оның жетекшісі – Ермек Мамыраев есімді ақпараттық технология саласының жас маманы. Жас та болса бас болып, тынымсыз еңбектеніп жүрген азаматтың қолға алған INO лабораториясында бүгінде пилоттық жоба аясында мыңнан іріктелген дарынды мектеп оқушылары IT дағдылары бойынша білімдерін шыңдауда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын елге дәріптеп жүрген өнертапқыштармен сұхбаттасқан едік.

4444555

«Смарт ситидің» ақылды жастары

– Миллионды еңсерген шаһарда көптеген жобаларды қолға алуға болады әрі оған кеш емес, – деп бастады әңгімесін Ермек Ерғалиұлы. – Жоғары білімді Алматы қаласында алдым. Бүгінде өзім компьютер ғылымдарының балакавры мамандығын оқыған халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етудемін. Осы салада үйреніп, білгенімді үйретіп жүрген жастардың бірімін.
Естіген жұрттың қызығушылығын тудыратын INO лабораториясының жетекшісі онда ең мықтылар жиналған топ жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айтты. Алдағы уақытта әлемдік деңгейге жетуге күш салып, республикадағы ақпараттық технологиялармен шұғылданатын ірі компаниялардың біріне айналуға бар күш-жігерін арнамақ. Осылайша Шымкенттегі жастардың ақпараттық саладағы сауатын ашып, бағдарламаларын оң жолға қоюға кіріскен 22 жастағы жігіт бұл зертхананы құру мақсатына тоқталды.
– Шаһар басшылары қолға алған қаланың басты жобаларының бірі – «Ақылды қаланы» бірге құруға үлес қосқым келеді. Бұл зертхана үш сатыдан тұрады. Мұнда білім алатын жастарды алдымен оқытып, кейін оларды жоба жасатуға үйретеміз. Соңғы сатыда өздері әзірлеген жобаларымен қаладағы мемлекеттік, жекеменшік мекемелермен бірге жұмыс жасауға баулимыз. Бүгінгі таңда орталықта 40-қа жуық 7-8 сынып оқушылары ақылы және грант негізінде курс оқып жүр. Олар робот құрастырып, оған «жан» бітіруді үйренеді. Жастарға білім беретін мамандар өз ісінің шеберлері. Мұғалімі Құрбанәлі Есенбеков, ал жаттықтырушылары – Әмір Ибраев, Жәнібек Даруш. Мұғалімдер балаларды теория жүзінде оқытса, тренерлер оқушыларды жоба жасауға үйретеді. Ол жаттықтырушылардың бірі Қазақстанның робот-техникадан ұлттық құрамасының капитаны, екіншісі осы құраманың мүшесі, – дейді Ермек.
IT-маманның айтуынша, бұл курстағы жастар алдағы уақытта тек робот құрастырып қана қоймай, оларға қажет бағдарлама жасауды да үйренбек. Айта кететіні, аталған зертханаға физика ғылымдарының алғашқы кіріспе пәнін оқыған оқушылар ғана қатыса алады. Робототехника негізі үшеу - бағдарламалау, электроника, механика. Міне, осы үшеуін жақсы меңгергендер топта оқуға мүмкіндік алады.

Мақсат – жаһандық жаңашылдықты насихаттау

1453975301 softbank pepper robot-003

Мақсатсыз өмір – тұл. Мұны түсінген шаһардағы жастардың көптігі көңіл қуантады. Олардың өз айналасын өзгертуге жасаған талпыныстарын көргенде, шабыт аласың. Ермектің де мақсаты айқын, жоспары нық. Оны алда өткізгелі жатқан ауқымды іс-шарасына деген дайындығынан аңғардық.
– Жобаның салтанатты ашылуын біз тамыз айының соңы мен қыркүйектің алғашқы онкүндігіне жоспарлап отырмыз. Міне, осы кезде біздің жұмысымыздың екі айдағы салыстырмалы деңгейін республикалық инновациялық жәрмеңкеде көреміз. Бұл күні еліміздегі ең мықты 10 жоба таныстырылады. Қазір біз осы мақсатта дайындалудамыз. Алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынамыз.
Шырайлы шаһардың дамуына, ақылды технологиялар қала тұрғындарының игілігіне жұмыс істеуі үшін жастар жағы атсалысу қажет, дейді Ермек.
– Шынайтуында, Шымкент қаласында ІТ-нарық бос. Соны замандастарымыз әлі меңгерген жоқ. Олардың ең үлкен қателігі – алып шаһарда кәсіпкерлікті қолға алу қиын деп ойлайды. «Бәсекелестік жоқ, монополистер басып алған» деп есептейтіндер де қатты жаңылысады. Сөйте тұра алып-сату сынды дайын бизнеске құмартатыны да бар. Дегенмен, қуанышты жаңалық та жоқ емес. Қалада шетелде білім алып келген біраз жаңашыл толқын жұмыс істеуде. Олар қалыптасқан стереотипті жойып, қаланы жаңа деңгейге, үлкен шаһар етіп қалыптастыруға үлес қоспақ. Сервистік қызмет, мәдениеттілік, білімді болуға ұмтылу, белсенділік таныту, салауатты өмір салтын ұстану, міне, шын мәнісінде осы мәселелерді айтып, оны насихаттап жүрген қатарластарымыздың артқанына қуанамыз. Мұны қаламыздың жетістігі деуге болады. Болашақ біздің қолымызда десек, жаңашыл жастар ел сенімін ақтайды деп сенемін.
Жаңашылдық әкеле отырып, қаланың жаңа белестерге жетуіне өз үлесін қосуға тырысып жүрген Ермек Ерғалиұлы өзінің 5 жылдық жоспарын да бекітіп үлгерген. Енді сол армандарын жүзеге асыру жолында тынбай еңбек етуде.
– Ақпараттық технология күн санап дамып келеді. Сондай-ақ, ол келешектегі кадрлардың меңгеруі тиіс қажеттіліктердің бірі болмақ. Себебі, бүгінде барлық саланың жұмысы автоматтандырылуда. Мұны әлемдік және еліміздегі тәжірибеден көріп жүрміз. Ендігі мақсатымыз – әлеуеті жоғары жастары бар қаламызды дамыту, көркейту, соңғы технологияларды елге қызмет еткізу, – дейді инновациялық зертхана жетекшісі.
Жалпы, Елбасы жастарға, өскелең ұрпаққа бәсекеге қабілетті болып өсуді үнемі айтып келеді. Осы тұста дәстүрлі білім ғана емес, соңғы үлгідегі технологияларды да меңгеру аса маңызды. Ал тәуекелшіл жастар неғұрлым көп болған сайын, мегаполистің дамуы да соғұрлым жеделдемек.

Шымкенттегі жастар ресурстық орталығында жас режиссерлар арасында өткен «САМҒАУ-2018» қысқаметражды бейнефильмдер байқауы өз мәресіне жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған кинематрографтар сайысы
Астананың 20 жылдығына арналды.

 6 

Бұл жолы конкурсқа қатысу үшін 40-тан астам фильм ұсынылып, оның ішінен 20 фильм іріктеліп алынған. Тартысты да қызықты қорытынды кезеңде «Элюзия», «Ceitnot», «Мейірім аңсағандар», «Инстинкт», «Балық сорпа», «105», «Анама», «Қараөткел», «Отау», «Стоп», «Әркім өзін ойлайды», «Дос» секілді 12 фильм режиссерларының шеберліктері бағаланды.
Сайыс қорытындысы бойынша «Стоп» бейнефильмінің режиссері Хамит Муталиев үздік үштікке ілінді. Екінші орын сайыстың ең жас қатысушысы - «Дос» фильмінің режиссері Олжас  Омаровқа бұйырды. Бәйгеде тұлпары оза шапқандардың қатарында Әлішер  Жәдігеров те болды. Оның «Балық сорпа» фильмінің режиссерлік жұмысына көңілі толған әділқазылар бірінші орынға лайық көрген. Ал бас жүлдеге «Анама» фильмінің режиссері  Жандос Бабаханов ие болды.
Сонымен қатар сайыста номинациямен марапатталған өнерпаздар көрермен ықласына бөленді. Үздік операторлық жұмысы үшін Нұрсәт Әкімхан, композиторлық жұмысымен көзге түскен  Қайсар Тәңірқұлов, монтаждық шеберлігімен тәнті еткен  Жұмахан Нәдіровтер марапатталды. Ерлан Ахмет үздік сценарист атанса,  Лаура Жәдігер үздік актриса номинациясына ие болды. Диас Еркінбаев - үздік актер, ал көрермен көзайымы номинациясы Сара Жәдігероваға табысталды.
Үздік режиссерлар мен номинация иегерлерін облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Әбілхайырұлы марапаттап, арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан облыстық байқауға кино саласының білгір мамандары мен елге танымал өнер жұлдыздары әділ бағасын берді.

6-1

Сайысқа қатысушылардың шеберлігі мен кәсібилігін, талантын оператор, клипмейкер Бақытжан Жиеналы, «Нысана» театрының актеры, қазіргі таңда «Ерекше шоу» театрының белді мүшесі, көптеген фильмдер мен сериалдардың актеры Абай Аязбаев, композитор Руслан Шынықұлов, режиссер, «Нысана» театры, «Ерекше шоу» театрының жетекшісі Дәнекер Оразбай, еліміздің ең жас депутаты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов бағалады.
Сайыс соңында жас режиссерлар мен әділ қазылар бұл байқауды республика көлемінде өткізуді сұранды. Айта кетейік, үміткерлердің фильмдері жуырда youtube желісінде жарияланып, аудан-қалалардағы көрермендердің назарына ұсынылмақ.

Шымшаһардағы жаңадан салынып жатқан арендалы көпқабатты үйлерді жаңа кәсіпорын өз бақылауына алмақ. Бұл туралы қала әкімдігінің халықтық кеңсесінде өткен семинарда «Шымкент тұрғын үй қызмет» ЖШС директоры Әбдімәлік Балбаев мәлімдеді.

DSC 0046

Жиын «Кондоминиум нысанын басқарудағы ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық және энергия сақтау аспектілері, сонымен бірге көп пәтерлі тұрғын үйлерде интелектуалды басқару жүйесін қолдану» тақырыбында өткен болатын.
Директордың айтуынша, аталған мекеме алдағы уақытта қала әкімдігі және тұрғын үй иелерімен үш жақты келісім-шарт аясында жұмыс жүргізбек. Бүгінде шаһардағы төрт ауданнан 21 көп пәтерлі үйде пилоттық жоба қолға алынған. Әбдімәлік Балбаевтың сөзінше, пәтер иелерінің тиімді меншік иелері ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын төлеген ақшасы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалады.Ал кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері 1 шаршы метрден 20 теңге 67 тиынды құрайды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері де қарастырылған. Ай сайынғы коммуналдық төлемге қосымша төленетін бұл қаражатты тұрғындар қала әкімнің тұрғын үй қатынастары бөлімінің сайтынан бақылап отыра алады.«Шымкент тұрғын үй қызмет» ЖШС басшысының айтуынша, бұл жоба көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бағдарлама шаһардағы көпқабатты пәтерлердегі өзекті мәселелерінің шешімін табуды көздейді.
Бағдарламаға сәйкес, қазіргі таңда көпқабатты үйлердің өзін-өзі басқару жобасы ұсынылуда. Әр көпқабатты үйдің тұрғындары үй иелерінің бірлестігін құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай тәжірибе елімізде Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда.

Шымкенттен – шетелге

Пятница, 13 Июль 2018 03:08

Шымкент шаһары – жоғары мәртебеге ие жаңа мегаполис. Еліміздің үшінші қаласы атанған Шымқалада алдағы уақытта бизнес, сауда, құрылыс, қаржы, өнеркәсіп салалары қарыштап дамымақ.

2

Ол үшін әр саланың «жілігін шағып, майын ішер» мамандарға деген сұраныс артары анық. Осы орайда талай дарынды шәкірттерді қанатын қатайтқан, ал биыл 97 түлекке үлкен өмірге жолдама берген Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері туралы тілге тиек етейік. Зияткерлер қандай мамандықты таңдапты, алдағы уақытта ел мен қала қамы үшін қай саланың тасын өрге домалатуды жоспарлап отыр, соны саралап көрсек.

Бес жыл – беделді белес

2013 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген тапсырмасы ел есінде. Содан араға 5 жыл салып, биыл бұл тапсырма орындалып, Елбасының Шымкентті ресми түрде республикалық дәрежедегі қала деп жариялады.
Байқауымызша, Шымкенттің мегаполис деген мәртебелі атауға ие болғаны қала халқына қуаныш сыйлап, тұрғындар етек-жеңін жия бастаған секілді. Өйткені тұрғындар енді қай салада болмасын бәсекелестік мықтап күшейе түсетінін түсінді. Ал бәсекелестік күшейетінін мықтап түсінді. Ал бәсекелестік пен сан бар жерде қашан да сапалы дүние алға шығатыны бесенеден белгілі емес пе? Міне, бәсеге қабілетті шәкірт даярлап жүрген мектептің тарихы осы тұста басталды. Айта кетейік, шырайлы шаһар мегаполис болып қалыптасқанша да бұл білім ұясы білімді түлектерімен көзге түсіп үлгерді.
Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған. Содан бергі бес жылдың ішінде ауқымды іс-шаралар, қалалық, облыстық деңгейде семинарлар ұйымдастырып, серіктес мектептер және ата-аналармен бірге жан-жақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылар олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектептің атақ-абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Айта кетейік, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы қамтамасыз етіліп, жаңартылған білім мен кәсіби бағдар жүйесінде оқушылардың білім деңгейіне сай келуіне байланысты халықаралық аккредитациядан сәтті өтті және халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) сертификатына ие болды.
– Зияткерлік мектептің мәртебесі биіктеп, түлектері көптеген беделді оқу орындарына түсуде. Мектепті 5 жылдың ішінде 348 түлек бітірді, – дейді мектеп директоры Балкан Касимов. – Атап айтсақ, 2015 жылы 129 түлек еліміздегі жоғарғы оқу орындарының студенті атанды. 128 оқушының ішінде 40-ы Назарбаев Университетінің, ал 1 түлек Қытайдың Гонконг политехникалық университетінің грантын жеңіп алды. 2016 жылы 122 түлек тәмамдады. Түлектердің 115-і қазақстандық жоғарғы оқу орындарында, оның ішінде 36-сы Назарбаев Университеті студенттерінің қатарында жоғары білімін жетілдіруде. Биыл 97 оқушы шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырып отырмыз.

Мегаполистен миллиондар шаһарына...

Білімімен мектеп ұжымын ғана емес, талайды тамсандырған оқушылардың қатары жыл санап артып келуде дейді мектеп басшылығы. Солардың бірі - Ақарыс Егізбай. Ол АҚШ-тың бір емес, 12 бірдей университетінің толық оқу грантын (оқу және тұрмыстық шығындарды қоса алғанда) жеңіп алған 12 сынып оқушысы. «Алтын белгі» иегері әлемдік жоғарғы оқу орындарының үздік ондығына кіретін АҚШ-тың «Кenyon» колледжінің ұсынысын қабылдапты. Жас жігіт енді алдағы 4 жылын инженерия мамандығын игеруге жұмсауды жоспарлап отыр.
Ал Адай Жарасов есімді шәкірттің қанжығасында Сүлеймен Демирел университетінің оқу гранты бар. Бұл гранты Адайға биыл аталған университеттің мектеп бітіруші оқушыларға арналған SPTU республикалық олимпиадасында І орын алғаны үшін бұйырып отыр. Дегенмен Адай алдағы мақсатын әлдеқашан анықтап алған екен. Талапты шәкірт оқу жылы басында-ақ қазақ баласына 100 пайыз оқу грантын ұсынған Гонконгтағы Қытай университетінде, компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша білім алуды көздеп отыр. Ал Гонконг – жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі болып табылатын әлемдегі ірі мегаполистердің бірі де бірегейі. Яғни мұндағы жоғарғы оқу орындарының білім беру жүйесі де бірегей. Сол себепті де мектеп бітіруші Шолпан Тілеш есімді оқушы Германиядағы Jacobs University мен Канададағы QUEST университеттері ұсынған оқу жеңілдіктерін қабылдамай, Гонконг политехникалық университетінің толық оқу грантын таңдапты. Сөзіне сүйенсек, шәкірт логистика және менеджмент мамандығында білімін жетілдіргеннен кейін елге оралып, Шымкенттің жол-көлік саласына жаңалық енгізуді жоспарлап отыр. Ал елімізде медицина саласының дамуына үлес қосуды қалайтын, сол үшін үздік медицинасымен танымал Оңтүстік Кореяның таңдаулы жоғарғы оқу орындарының бірі - KAIST университетінің оқу грантын жеңіп алған Мырзатаева Аружан бұл оқу гранты мақсатына бір табан жақындата түсті дейді.
Осы мектеп қабырғасында алған білімімен әлемдік аренаға шығудың еш қиындығы жоқ екенін дәлелдеп, Гонконг политехникалық университетінің оқу грантын жеңіп алған алғашқы оқушы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2015 жылғы түлегі Жорабек Фариза болды. Ол бұл күнде аталған оқу орнында биомедицина мамандығы бойынша білім алып жүр. Ал АҚШ-тағы «Кenyon» колледжінде Байтан Бақдәулет, Германияның Jacobs University-де Корольчук Александр, Оңтүстік Кореяның Yonsei университетінде Әлімбек Сымбат және осы елдегі Пусан Ұлттық университетінде наноинженерия мамандығын тегін меңгеріп жүрген Сисембаева Яна осы білім ошағының 2016 жылғы түлектері.
Елден жырақ жүрсе де әлемдік деңгейде мыңдаған талапкермен білім бәсекесіне түсіп қана қоймай, ортасында топ жарған, шетелдік мамандарды талантымен тәнті қыла білген шәкірттердің бұл жеңісті қадамдары көпке үлгі боларлықтай. Түлектердің ендігі мақсаты – әлемдік стандарттарға сай білімдерін туған қаланың жан-жақты дамуы үшін жұмсау.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Тассай» индустриялды аймағында орналасқан «ҚазТехникас» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Қала әкімі аралау 3

Мұндағы өндіріс орнында жарықтандыруға арналған диодты көше және кеңсе шамдары дайындалады.
Айта кетейік, бұл - еліміздің Оңтүстік аймағында диодты жарық шамдарын шығаруды қолға алған алғашқы кәсіпорын. Қуаттылығы жылына 18 мың дана көше, 36 мың кеңсе шамын шығаруға жетеді. Жоба құны 500 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын екі жылдан бері 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып келеді. Орташа жалақы – 110 мың теңге.
Қала әкімі мекемені аралау барысында «ҚазТехникас» ЖШС директоры Сәбит Мұратқа сәттілік тілеп, жұмыстарына оң баға берді. Алдаға жоспарларын тілге тиек еткен кәсіпорын басшылығы цехтағы қолмен жасалатын жұмысты автоматтандыруға кіріскендерін айтты. Бұл өз кезегінде жарықты үнемдеуге септігін тигізбек.

Pechakucha: Өз ойыңды ортаға сал!

Среда, 11 Июль 2018 03:50

Шымкентте Pechakucha жобасы бар екені біраздан бері белгілі. Жаңа форматтағы Pechakucha Night кездесуі бұл жолы қызықты өтті. Мұнда миллионның арасынан суырылып шыққан мықтылар мен жетістікке жеткен жеткіншектер жұртшылық алдында өз ойын ортаға салып қана қоймай, кешке келгендерді таңқалдырды. Бәрі түсінікті болуы үшін асықпай басынан баяндайын...

XYZ05662

Шаһарда U:projects ерікті жастар тобы бар. Олар бір жылдан астам уақыт дәстүрлі түрде ай сайын әлеуметтік жоба ұйымдастырып тұрады. Pechakucha Night кездесуінде көпшілік алдына шыққан спикерлер қарым-қабілеті мен бағындырған белестерін сөз етуі арқылы өзін таныстырады. Содан болар, жобаның аз ғана уақыт ішінде өз көрермені қалыптасып үлгерген. Осылайша әлеуметтік мәселелерді шешуге және интелектуалды сананы жаңғыртуға ұмтылған жас толқын жақында жаңа 17-аймақ болып қалыптасқан еліміздің үшінші мегаполисін дамыту жайлы он жетінші бас қосқосуында талқылады. Жаңа кейіпкерлермен танысты.
Кештің шымылдығы «Бақытқа бір қадам» қысқаметражды фильмімен түрілді. Қоғамдағы күнделікті тоқтаусыз тіршілікті бейнелеген фильмде әр саланың мамандары өз ісінен ләззат алып, қала тұрғындары бір-бірімен мейіріммен сөйлесіп тұрған керемет көріністер көрсетілді. Осылайша фильм кеш басталмай жатып көптің көңілін бір серпіп алды.
Сахнаға алғашқы спикер ретінде Шымкент қаласының миллионыншы тұрғынын дүниеге әкелген жас ана Айжан Ахайбекова шақырылды. Ол еліміздің демографиясына қосқан үлесі үшін қуанышты екенін, ал Айсұлу есімді тұңғыш перзенті шаһардың миллионыншы тұрғыны болып тіркелгеніне риза екенін жасырмады. Шымкентті жаңа мәртебесімен құттықтап, жерлестеріне сәттілік тіледі.

АҚШ-тың 12 бірдей оқу орнынан грант ұтып алған

Жүз елуден астам көрермен жиналған кештің келесі сөйлеушілері ағайынды Ақарыс Егізбай мен Алиасқар Сатылды есімді оқу үздіктері болды. АҚШ-тың бір емес, 12 бірдей жоғары оқу орнынан білім грантын жеңіп алған Ақарыс химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Алтын белгі» иегері, ал інісі Алиасқар облыстық үш тілде оқытылатын мамандандырылған «Дарын» мектебінің биылғы үздік түлегі. Ол да аға жолын қуып, мектепті «Алтын белгіге» бітіріп отыр.
– Елді дамыту үшін дамыған мемлекеттердің экономикалық модельдерін тәжірибе ретінде өзімізде жүзеге асыруымыз керек. Оның тиімді жолы – сонда білім алу. Әрбір қазақстандық білімін біз сияқты шетелде жетілдіруге құқылы әрі оған әлі де кеш емес. Менің 12 жоғарғы оқу орнының грантына қол жеткізуіме оқыған мектебім мен отбасымның септігі тиді. Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақтарды ағылшын тілінде тереңдетіп оқып, бірнеше ғылыми жұмыстар дайындадым. Енді бакалавр мамандығы бойынша білімімді АҚШ-та жалғастырсам деймін. Себебі алып мемлекет барлық жағынан дамыған. Сол елден тәжірибе алып келіп, тоқыған білімім мен жастық жігерімді шаһардың дамуына,
көркеюіне жұмсасам деген ниет бар, - дейді Ақарыс.
Ағасының сөзін қоштаған Алиасқар да жастарды білімді болуға, үнемі ізденісте жүруге шақырды. Өздерінің ағылшын тілін меңгеруде және ITLS тестін тапсырудағы тәжірибелерімен бөлісті. Ағайындылар шетелде білім алмас бұрын ол елді және өздері құжат тапсырғалы отырған оқу орындарын жақсылап зерттеп алғанын да айтты. Осы тұста көрерменді шетелге баруға оқталып жүрген жастардың сол елде қалып қоймас па екен сауал қызықтырды. Ақарыс сөз соңында шетелде қалып қоймай елге оралуға және келген кезде Шымшаһарды тұтастай көгілдір отын, тегін ауызсумен қамтамасыз етуге уәде берді. Ол үшін ғылыми ізденісін бастап кеткен. Жоба жемісті боларына кәміл сенімді.
Мұнан соң көпшілік жақын он жылдықта қоғамдағы орын алатын өзгерістер жайлы бейнероликті тамашалады. Онда жоғалып кету қаупі басым мамандықтар мен қажетке жарымай қалуы мүмкін кадрлар жайлы баяндалған. Инфографикалық кескінде бейнеленген мәліметтерге сүйенсек, 50-ден астам жаңа мамандық пайда болады. Жұмыс берушілердің адамның тек техникалық мамандықтарды меңгеруін ғана емес, қабілеті мен жеке дағдыларына баса мән беретіні айтылған.
Сөз кезегі мұнан соң желі белсендісі Диана Идриске келді. Сән әлемінде жұмыс істеп танылған шаһар тұрғыны бүгінде қаладағы ірі мейрамханалардың бірінде арт-директор болып қызмет атқарады. Шымкентті бар болмысымен жақсы көруге шақырған ұлтжанды қыз қаланың болашағына үлкен сеніммен қарайды. Қызмет бабымен шетелдегі ірі қалаларда болғанымен, туған шаһарды ол мекендермен теңестіргенді ұнатпайтынын, Шымкент осындай жылы шырай халқының қонақжайлылығымен танымал екенін айтты. Өмірлік тәжірибесінен де жиын қатысушыларына пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Заманауи сәулетші – өз арамызда

XYZ05697

Топ алдында сөз алған тағы бір спикер – «Creative Home» студиясының негізін қалаушы Махсудхан Шавкатов еді. Сәулетші мамандығы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді тәмамдаған ол білікті маман, өз ісінің хас шебері атанған. Шаһардағы бірнеше жобаларды кескіндеген Махсуд өз қаласының сәулеттік құрылысына аса мән беретінін сөзінен аңғартты. Мегаполистердің қатарына қосылған шырайлы мекеннің жаңа жобаларында жаңаша бейнелерді көргісі келетінін де айтты.
– Бүгінде қаламызда көптеген ғимараттар заманауи үлгіде салынғанымен, құрылыста ерекше дизайн, әдемі кескіндегі сәулет туындыларын кездестіру қиын. Тіпті, ондай зәулім кешендер жоқтың қасы. Біраздан бері «Шымкентсити» қалашығының құрылысы жайында естіп келемін. Ондағы жобалармен әзірге таныс емеспін. Бірақ шаһар тұрғыны ретінде қандай ғимараттар салынатыны мені де қызықтыруда. Қонақ үйлер көптеп бой көтеретіні айтылғанымен, сәулеті қандай деңгейде деген сауал мазалайды. Осы ретте менің жергілікті билік өкілдеріне ұсынысым, өзімнің жаңа жобамды осы қалашықтан көрсем деймін. Әрине, бұл үлкен кешен. Оның құрылысына көп қаржы керек, – дейді
Махсудхан Шавкатов.
Сонымен қатар ол «Шымкентсити» құрылысы үшін тұрғын үй мен бизнес орталық, ойын-сауық-сауда орталығының бір ғимаратқа біріктірілген ерекше кешенін таныстырды. Бұл жоба көптің көңілінен шығып, идея авторына бірнеше сұрақ қойылды. Көрермендерді жобаға жергілікті билік өкілдерінен қолдау бар ма, бұл ғимараттың құны қанша деген сауалдар қызықтырады. Жас сәулетші өз кезегінде коммерциялық мақсаттағы келіссөздер алдағы уақытта белгілі болатынын айтты.

XYZ05712

Бұл кеште спикерлер арасында өнерімен талай биік белестерді бағындырып жүрген таланттар да қалыс қалмады. Мың бұралған биімен елдің еркесіне айналған Айнұр Жұбатхан той мәдениеті мен өнер ордасындағы болып жатқан кейбір мәселерді жіпке тізді. Той қазақтың асыл қазынасы екенін ұғындырғысы келген ол тойда салт-дәстүрімізді бұзатындар, өзгенің дауысымен ән айтатын арзанқол өнерпаздардың көбейіп кеткенін айтты. Бұл шаһардың мәдениетіне де сызат түсіреді, деді ол. Соңынан «От жалын» композициясымен көрерменді би өнерімен сусындатты. Ерекше қимыл-қозғалыстарымен өнерін ортаға салды.
Кештің соңғы спикері сахнаға шықпай жатып-ақ көрерменді баурап алды. Туа бітті зағип Гүлхая Жуашбаева есімді дарынды қыз «Бүгінгі күнім – ертеңгі дара жолым» тақырыбында өз өмірі жайлы, тағдыр сынағына мойымау керегі жайында әңгімесін айтты. Туылғаннан өмірдің тауқыметімен күресіп келе жатқан қара көз қайсар қарындасымыз қай мәселені болмасын бірігіп көтерген жеңіл болатынын келушілердің санасына құйғандай болды.
...Бұл жолғы кеш екі сағаттан астам уақытқа созылды. Көрермендер U:projects ерікті жастар тобына алғыс айтып тарасты.

XYZ05783

Оның іnformburo.kz сайтында күркетауық бағып, 23 жасында «Гелендваген» мінген жігіт туралы материалынан кейін кейіпкері Бақыт Кенжебаев та «жұлдыз» атанды, өзі де оқырманына танымал бола түсті. Ауылда жүріп, кәсіптің көзін тапқан жігіт туралы қызық материал екі-үш күннің ішінде 30 мыңнан аса қаралып, «Қазақстан», «Еуразия» және тағы басқа телеарналар осы тақырыппен сюжет жасады. Қаншама сайт көшіріп басты. Облыстық, республикалық қазақ және орыс тілінде шығатын газеттер мақала етіп жариялады. «Күркетауық», «Гелендваген» сөздерінен кейін өздеріңіз де танып отырған боларсыздар, бүгінгі кейіпкеріміз Әйгерім Бегімбет туралы болмақ. Әйгерім Бейсен Құранбек жүргізетін «Қарекет» бағдарламасында қонақта болып, «Қызық кәсіп» тақырыбында күркетауық баққан Бақыт туралы сұхбат беріп қайтты. Бұл – Әйгерімнің бір ғана кейіпкері жайлы әңгіме. Жазған дүниелерін оқырман бір деммен оқып, кейіпкерлері ел-жұртқа кейде өзінен асып, танымал болатын фото-тілші. Өзі қарапайым. Қайда барса да иығына асынған фотоапаратын тастамайды. Журналистикаға деген махаббаты мен талабы ерекше.

6

«Балбөбектен» ҚазҰУ-ге дейін

Әйгеріммен сұхбатымыз біз бірге жүрген саланың қызықты сәттерінен басталды. Жақында өткен БАҚ арасындағы дәстүрлі спартакиаданы еске алдық. Алматыдағы іс-сапары жайлы әңгімелестік. Кейін Әйгерім осы салаға қалай келгені туралы айтып берді.
– Мен 2 сыныпта оқып жүргенімде «Шымкент келбеті» газетінің жанынан айына екі рет басылып шығатын «Балбөбек» балалар газеті болатын. Міне, осы газеттің жас оқырмандарының бірі едім. Бұл 1998 жылдар болуы керек. Араға біраз уақыт салып, 7 сынып оқып жүргенімде «Балбөбекте» байқау болып жатқанын оқыдым. «Асыл әжем менің» тақырыбындағы балалар арасындағы шығарма жазудан облыстық байқауға мен де әжем жайлы шағын әңгіме етіп жазып, алғашқы мақаламмен байқауға қатыстым. 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған байқаудың марапаттау сәті әлі де көз алдымда, балалық шағымның жарқын естелігі болып қала бермек.
Анасының сіңлісі Әйгерімнің жазуға қабілеті бар екенін байқап, жазған бір мақаласын республикалық «Ұлан» газетіне жіберді. Осылайша 7 сынып оқушысының егіз көршілері жайлы мақаласы жарық көреді. Әйгерім кейін мектептегі озат оқушылар, дарынды жастар жайлы жазып жүргенін айтты.

1

– 9 сыныпта оқыған жыл мен үшін сәтті болып, «Ұланның» мүшесі атандым. «Ұланның жас тілшісі» куәлігін мектеп директорының өзі табыстады. Ал 10 сыныпта Астанаға жас тілшілердің халықаралық «Жас қаламгер» фестиваліне Оңтүстіктен 5 оқушы бардық. 11 сыныпта Алматыда өткен «Қаламгер азамат» республикалық жас тілшілер форумына қатыстым. Екі күндік шарада Әл -Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетіне алып барды. Журналистика факультетімен жақсылап танысқан мен осында оқимын деген ойда болдым. Үйге келгенде ҰБТ-ға дайындыққа кірістім.
Дегенмен, анасы жалғыз қызын алып шаһарға жібергісі келмепті. Уайымдайды. Оған қоса көзі ауырып, емдетуге тура келеді.
– Ұлттық бірыңғай тесттен кейін анамның жанарына ота жасатуға тура келді. Мен анам үшін оқудан бас тарттым. Шымкентте, филология факультетінде оқи беремін дедім. Бірақ ҚазҰУ-дің аудиториялары мен студенттер қалашығы көз алдымнан кетпеді. Анам ауруханада жатқан кезде көрші ауылдағы ағамның үйіне барып, ҚазҰУ-ге қоңырау соқтым. Біздің ауылда ешкімде телефон болмады ма, есімде жоқ. Тұтқаның арғы жағындағы анам қатарлы апай құжат тапсыру аяқталуына екі күн қалғанын айтты. Ол жұма еді. Сенбі түске дейін ғана жарты күн мүмкіндік болды. Ал жексенбі күні анамның көзіне ота жасалатын.
Шарасы таусылған Әйгерім ақылшы әпкесінен кеңес сұрапты. Ол кісі құжаттарын дайындай алса, жексенбі күні анасының операциясынан кейін Алматыға алып баратынын айтып, қуантады. Ертеңіне Әйгерім барлық құжатын дайындауға кіріседі. Медициналық анықтамасын жалғыз жүгіріп, әрең алғанын айтады.
– Содан ауылдағы мектептен атестатымды алып, жексенбі күні әпкеммен Алматыға жол тарттық. Дүйсенбі күні №137 түлек болып, қабылдау комиссиясына құжаттарымды өткіздім. Араға екі-үш күн салып, шығармашылық емтихандарын тапсырдым. Шекті 50 балдың елуін алып, ҰБТ-дан алған қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан 46 ұпай бар - жалпы 96 балмен мемлекеттік грант иегері атандым. Осылайша бала арманым орындалып, үлкен шаһардағы белді университеттің студенті атандым.

түсірген3

«Ауылда фотограф болып ақша таптым»

Әйгерімді көпшілік тек журналист қана емес, фотограф ретінде де таниды. Өзінің айтуынша, бұл кәсіпті мақала жазудан кем көрмейді. Әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде өрбіді. Фототілшінің өзінің ұстазы, фотограф Мақсат Шағырбаев туралы жазған мақаласын бір оқып алып, Әйгерімнен суретке түсіруді қалай, қашан үйренгенін сұрадым.
– Анамның кенже сіңлісі менің туған әпкемдей қамқорлық жасады. Он үшке толған күнімде маған пленкалы фотоапарат сыйлады. Міне, 6 сыныптан бастап ауылдағы туыс-туған, көрші-қолаңды суретке түсіре бастадым. Үйрететін ешкім болмады. Пленканы толтырып, шығарғанша асығатынмын. Толмай жатса, табиғатты, айналаның бәрін суретке түсіре беретінмін. Көшеге қолыма фотоапаратымды ұстап шыққанда бәрі менен қашатын. Содан бір күні көршілерімнің балаларын суретке түсіріп, шығарып бергенімде маған ақша ұсынды. Осылайша мұны кішігірім бизнеске айналдырдым. Мектеп, мәдениет үйлеріндегі іс-шаралардың барлығын суретке түсіре беретін болдым. Ол кезде ауылда смартфон да, фотограф та жоқ, барлық іс-шараға мені шақыратын. Тіпті, көрші ауылдан шақыратын еді. Оларда фотоаппараты бар ешкім жоқ еді. Осылайша мектеп бітіргенше ауылдың фотографына айналдым. Ауылдастарыма қазір алғыс айтамын. Кішкентай қыз деместен, талабымды қайтармай барлық іс-шаралардан қалдырмайтын. Тіпті, суреттер күйіп кеткен немесе қарайып, дұрыс шықпаған кезде де маған ренжімейтін. Әлі есімде, «Балбөбекте» «Қыс мезгіліндегі ең үздік хат жолдаушы», «Әрбір балаға отбасы қажет» сынды байқаулар ұйымдастырылатын. Осы байқаулардың бірінде екі фотоаппарат ұтып алғаным бар. Содан мектеп бітіргенше үш фотоаппаратты да ешкімге бермей, не сатпай, алма-кезек ауыстырып пайдаландым.
Әйгерімнің тілегені болып, ҚазҰУ-дегі оқуында жазумен бірге фотоға түсірудің де қыр-сырын үйретеді.
– Бізде журфакта бірінші курста «Телевизиялық журналистика», екінші курста «Фотожурналистика» сабағы жүрді. Үй тапсырмаларына пейзаж, портрет сияқты әртүрлі жанрда суретке түсіруге тапсырмалар беретін. Ауылдан енді ғана келген бізде ондай құрылғы жоқ қой. Фотоаппаратты жоғарғы курстағы аға-әпкелерден сұрап алатынбыз. Оған кезекке тұратынбыз. Бірде үйдегілер хабарласқанда осындай жағдай болып жатыр деп айтқанымда, әпкем цифрлы фотоапарат алып, салып жіберген. Содан әпкемнің жарты айлығына алған фотоаппаратына бүкіл студенттік шақтарды түсірдік.
Әйгерім Алматыда оқып жүргенінде белгілі фотограф ағаларымен танысып, ақыл-кеңесін алып жүреді. Фототілші атты өнердің қыр-сырын үйреткен ағаларының бірі, тіпті, Әйгерім жалғыз фотоаппаратын жоғалтып алған кезінде көмекке келіп, өзінің фотоаппаратын сыйлап, мәрттік танытқан. Жас фототілші осы жақсылықты өмір бойы ұмытпайтынын айтады.
– Шүкір Шахай аға 16 жылдан бері Премьер-Министрдің фотографы. Демалысқа елге келгенде Шымкентке бес-он минут аялдап, өзінің тым қымбат фотоаппаратын маған сыйға тартты! Шүкір ағаның үйіндегі апайымыз «Сенің фотоаппаратыңның жоғалғаны ағаңа қатты батты» дейді. Қамқорлық жасаған ағама Алла разы болсын деймін. Талай тарихи тұлғалар мен оқиғаларды түсірген фотоаппарат маған да құт боларына сенімдімін. Сосын Жеңіс Ысқақбай ағама алғыс айтқым келеді. Мен құр қол жүргенде өзінің бір фотоаппаратын бере тұрды. Бағалы фотоаппартты алты ай ұстап, игілігіме пайдаландым. Осы ағаларыма айтар алғысым шексіз.
...Бүгінде Әйгерім өңірімізге белгілі фотограф қана емес, қаламы қарымды журналист. Фототілші мамандығын қатар алып жүр. Ресми түрде республикалық «Әжір» балалар журналының тілшісі. Дегенмен, бір орында дамыл тауып тұрмайтын әріптесім бірқатар сайттарға мақала жазып, фрилансерлікпен сәтті айналысып жүр. Өзінен «Фотоның сіз үшін мағынасы не» дегенімде жымиып, «Фотография – тілсіз оқиға» деп қысқа қайырды.

Страница 47 из 51