Мегаполистегі шетелдік мұғалімдер

Понедельник, 18 Июнь 2018 03:17

Миллонды қала қайнаған тіршілігімен ғана емес, түрлі сала мамандарымен де қызық. Олай дейтініміз, біздің шаһарда түрлі этнос өкілдерімен қатар шетелдіктер де тату-тәтті күн кешуде. Өзге елдің азаматтары Қазақстанда түрлі салада жұмыс істеп жүр.

Солардың бірі – Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беріп жүрген шетелдік мұғаліммен жуырда таныстым. Үздік шәкірт даярлауға білек сыбанып кіріскен оқытушылардың Шымкентке келгендегі алғашқы әсерлері мен қазіргі жағдайын сұрап-білдік.

«Қазаққа ұқсатып, қазақша сөйлейтін»

liza

Азияның оңтүстік-шығысынан келген филиппиндік Мария Лизаның Шымкентте дәріс беріп жатқанына екі жылға жуықтаған. Бұған дейін Қытайдағы халықаралық мектепте сабақ оқытқан ол 2016 жылдың қыркүйегінен бастап химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінен дәріс береді.
– Қытайда жүргенімде әріптесім Қазақстан туралы, қазақтардың қонақжай халық екені жайлы көп айтатын. Содан бір күні Шымкентке келуді ұйғардым. Осындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беруді бастадым. Басында өзім сүйіп жейтін теңіз жәндіктерін таппай, азық-түлік үшін базар аралағанда тіл білмей, ойымды жеткізе алмай аздап қиналғаным рас. Кейін келе өзімді қаланың тұрғыны ретінде сезіне бастадым. Оқушылар мен мектеп ұжымы менің екінші отбасыма айналып үлгерді,-дейді Мария Балбедина.
Тек сабақ оқыту ғана емес, өнерімен де дараланған ұстаз мектепішілік іс-шараларда ән айтқанды ұнатады. Осылайша білім ошағының қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Отбасы туралы да мәліметтерді ашық бөлісті.
– Екі перзентім бар. Ұлым - 18, ал қызым 20 жаста. Бір қызығы менімен жаңадан танысқан жандар қазаққа ұқсатады. Ә деп сәлемдескеннен қазақша сөйлеп қоя береді. Қазір қазақша сөйлей алмасам да біраз түсінемін. Қалада өзімді қауіпсіз сезінемін. Біздің елде кешкілік уақытта ұрлық-қарлық пен атыс-шабыс жиі орын алады. Тұрғындар кешкі серуенге шыға бермейтін. Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын шаһарда мұндай қорқынышты жағдайға немесе соған ұқсас кедергіге тап болмадым.
Мария Лизаның айтуынша, өз елінде мұғалімдер жоғары сұраныстағы мамандар. Оларға тұрғындардың құрметі ерекше екен.

«Шымкентте перзент сүйсем деймін»

Jennifer JOAN

Назарбаев зияткерлік мектебінде Мария Лиза жалғыз емес. Онымен бірге тағы бірнеше шетелдік маман сабақ беріп жүр. Шымкенттік оқушыларды ағылшын мен әлем әдебиетіне баулып жүрген Дженнифер Маккензи сонау Оңтүстік Африка республикасынан келген. Грин-таун қаласының тумасына Шымшаһардың ауа райы мен халқының жылылығы ұнайды.
– Бұл мектепте сабақ беріп жүргеніме 3 жылдан асты. Білімге құштар жандармен тіл табысып, бірлесе жұмыс жасап жатқаныма қуаныштымын. Мұнда келмей тұрып, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті жайлы көп оқыдым. Мені қызықтыратыны - мұғалімдердің декреттік демалысы. Біздің елде сәбиіңді жасына толғанша қарап, бағуға мүмкіндік жоқ. 2-3 ай өткен соң жұмысқа шығу керек. Ал сіздерде жас босанған аналарға жағдай жасалған. Бір қалауым осында жүріп перзент сүйсем, - дейді Дженнифер Маккензи.
Шетелдік ұстаздың айтуынша, Қазақстан мектептеріндегі оқушылар білімді әрі дарынды. Кез келген тақырыпты терең ұғынып зерделей алады.
Айта кетейік, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Мария Лиза, Дженнифер Маккензиді қоса алғанда шетелдік 10 мұғалім бар. Сингапур, Оңтүстік Африка, АҚШ, Англия, Малайзия, Филиппин, Ямайкадан келген педагогтар математика, химия, биология, информатика, ағылшын тілдерінен сабақ өтіп жатыр.

Шымкент халқының саны осыдан 10 жыл 600 мың адамның төңірегінде болған. Қаладағы демографиялық көрсеткіш жыл санап артуда. Яғни қалада туылғандар мен көшіп келушілердің саны едәуір ұлғайып келеді. Бұған қоса соңғы жылдарда ішкі көші-қон мәселесінде де оң өзгерістер байқалуда.

DSC 3963

Шымкент миллионды қала атанды. Оған халық санының тікелей қатысы бар екенін айтпаса да түсінікті жағдай. Өткен жылдарға кері шегініп, соңғы онжылдықта демографиялық өсім қаншалықты деңгейде артып жатқанына статистер берген деректеріне сүйене көз жүгірттік.
2009 жылы шаһарымызда 602 344 адам тіркелген болса, 16 019 сәби туылып, 4 088 адам дүние салған. Бұл жылы қаладан көшіп кеткендер саны 9 мың адамды құрап, 10 мың адам қоныс аударып келген. Осылайша көші-қон айырмасы мың адамды құрады.
2010 жылы шаһар тұрғындарының саны тағы 12 700 адамға өскен. Бұл тұста туғандар мен қайтыс болғандар саны өткен жылдың көрсеткішімен шамалас. Яғни, 17 146 сәби жарық дүние есігін ашып, халық санының артуына ықпал етіпті. Тағы мың тұрғын шымкенттік атанған.
2011 жыл. Халық саны 629 113 адамға жетті. Бұл жылы туылғандар мен көз жұмғандар айырмашылығы 13 699 тұрғынға өсіп, көшіп кеткендер саны 166 адамға кеміген.
Ал 2012-13 жылдары қала тұрғындарының саны 33 196 адамға артқан. Тура осы жылдары алыс-шалғай елдімекендерде тұратын өңір халқын көшіру жұмыстары қарқынды жүрді. Көші-қон айырмасы мен демографиялық табиғи өсім бірнеше есеге өсті. Нәтижесінде 2014 жылы халық саны 20 228 адамға артты. Бұл жылы шымшаһарда 23 332 сәби туылды. Шымкентке қоныс аударушылар 26 мыңнан асты, ал қаладан басқа географиялық аймаққа көшкендер 15 мың адамды құрады.
2015 жылы халық саны рекордтық көрсеткіште өсіп, 175 518 адамға ұлғайды. Бұл жылы 24 031 сәби жарық дүние есігін ашып, шаһардың жас тұрғыны қатарына қосылды. Дәл осы жылы Шымкенттің аумағы кеңейіп, жаңа шекарасы бекітілгені белгілі. Сайрам ауданынан – Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Қарасу, Бадам, Орманшы, Айкөл, Ақтас, Абдулабад, Базарқақпа, Тұрдыабад, Қаратөбе, Қарабастау, Бадам-2, Жұлдыз, Жалын, Ақтас, Сайрам, Исфиджаб, Қызылсай, Достық, Тәжірибе стансасы, Қайнарбұлақ, Мәртөбе, Шапырашты және Өтеміс ауылы; Төлеби ауданынан – Ақжар, Елтай, Текесу, Маятас, Тоғыс және Жыланбұзған ауылы; Ордабасы ауданынан Көкбұлақ пен Алтынтөбе ауылын қоса алғанда жалпы 35 елдімекен қала аумағына кірді. Соның нәтижесінде Шымкенттің бұрынғы территориясы 40080 га болса, елдімекендер қосулы нәтижесінде 117 мың гектарға ұлғайды.
2016, мешін жылы шырайлы шаһарлықтар саны 886 276-ға жетті деген дерек бар. Бұл жылы қалада 25 386 сәби туылған. Ал көші-қонда айтарлықтай өзгеріс орын алып, теріс айырмашылық 3000 адамға кеміген. Табиғи өсім 20 мың адамға артты.
Өткен жылы қала халқының саны 912 300 адамға жетті. 68 965 отбасы шымшаһарға қоныс аударған.
Ал биыл Шымкент халқының саны миллион адамды құрады. 17 мамырда дүниеге келген Еламанова Айсұлу есімді бүлдіршін мегаполисіміздің миллионыншы тұрғыны атанды. Жалпы, Оңтүстікте соңғы 4 айда 31 мың сәби дүние есігін ашса, олардың 35-40 пайызы Шымкент тұрғындарының үлесіне тиесілі дейді дәрігерлер.

Шымкентте «MEN QAZAQPYN» мега-жобасының облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен дүбірлі додада әр ауданнан үздік шыққан 73 өнерпаз бақ сынады.

5

Қазылар құрамында жазушы Мархабат Байғұт, «Ońtústik» телеарнасының директоры Бауыржан Бердімұратов, күйші-композитор Нұрсат Бейсеқожаев, әнші-термеші Жақып Спатаев сынды танымал өнер тарландары төрелік жасады. Әділқазы мүшелері өнерпаздардың кәсібилігіне, біліктілігіне, жүріс-тұрысы мен киім үлгісіне де баса мән берді.Байқаудың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша Оңтүстіктен үш өнерпаз іріктелді. Олар халықаралық мега-жобада өңірдің намысын қорғамақ. Созақтық Оразәлі Жаңабаев дәстүрлі ән өнері бойынша өзгелерден оза шапса, терме жанры бойынша отырарлық Руслан Ахимбековтың бабы мен бағы қатар жанды. Ал Мақтаарал ауданының тумасы Шыңғыс Исаев күй жанры бойынша өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленіп, өнерімен көпті тәнті етті.Айта кетейік, бұл үш өнерпаз алдағы уақытта «QAZAQSTAN» телеарнасындағы «MEN QAZAQPYN» жобасында Оңтүстік өңірінің намысын қорғайтын болады. Ал республикалық айналымда жеңіске жеткен жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталады.

18 оқулық оқырманға жол тартты

Пятница, 08 Июнь 2018 04:38

Күнгейдің белсенді жастары әлемдегі ең үздік кітаптарды қазақ тілінде оқуға кірісті.

IMG 20180606 112513

Облыстық жастар ресурстық орталығында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітап таныстырылды.
Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасау үшін қолға алынған жоба өңірде қарқынды түрде жүзеге асуда. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековтың айтуынша, аударылған кітаптар бүгінгі таңда жоғары және арнаулы оқу орындарының кітапханаларына таратылуда. Сонымен қатар 100kitap.kz сайтында оқырмандардың аталған оқулықтың электронды нұсқасын онлайн түрде оқуына жағдай жасалған.
Еркін форматтағы басқосу соңында жастар жаңа оқулықтарды оқып, апта сайын талдап-талқылау үшін жиналуды әдетке айналдыруға уағдаласты. Өңірдегі жастарға 18 кітапты таныстыру жұмыстары 6 кезең бойынша жүзеге аспақ. Осылайша викториналық сұрақтар, түрлі конкурстар мен «Үздік пікір» видеоэстафетасын ұйымдастыру арқылы жастарды кітап оқуға шақырамыз, дейді жастар ресурстық орталығының мамандары.

1. Алмалы Алматыдан – шырайлы Шымшаһарға
2. Елбасының балалық дәуренінен естелік
3. Мемлекет басшысының марапаттары

Биылғы ақпан айының екінші жартысынан бастап облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешенді көрмесі өз жұмысын бастағаны белгілі. Осы үш ай уақыт аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар жоғары деңгейде өтті.

11

Жоба аясында халықаралық ғылыми конференция, «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де сарапшылар мен талдаушылардың, түрлі мемлекет ғалымдарының, профессорлар мен мұғалімдердің, сондай-ақ шетелдік және отандық жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Н.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Сондай-ақ, «Әлем таныған Елбасы» кітап көрмесі ашылды. Ал еліміздің рухани астанасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиялары жергілікті тұрғындар үшін тарихи маңызы зор көрмедегі құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп тамашалауға үлкен мүмкіндік сыйлады. Тарихтан сыр шертер көшпелі көрмеге біз де қатысып қайттық.

Жобаның бастауы - Алматы

Көшпелі жоба алғаш рет 2017 жылдың қарашасынан бастап Оңтүстік астана жұртшылығының назарына ұсынылған. Алматы және Алматы облысы тұрғындарын қоса алғанда жоба қатысушылары мен көрмеге келушілердің саны 75 мыңнан астам адамға жетті. Бұдан кейін Елбасы кітапханасының жинақтарынан жасақталған жоба - «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі Шымкент қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сән-салтанатпен өз жұмысын бастады.
Көрменің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету. Келушілердің назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылды. Олардың қатарына Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, мемлекет басшылары мен отандық авторлардың қолтаңбасы бар кітаптар, сондай-ақ Мемлекет басшының шет тілдердегі еңбектері кіреді. Көрме «Елбасы қызметінің хроникасы» интерактивті бөлімінен, цифрлық фото альбомдар, деректік кинохрониканы көруге арналған видео аймақ секілді бірнеше блоктан құралған. Келушілер «Елбасы кітапханасы» көрмесімен танысты.

Шамалғаннан мемлекет басына дейінгі тарихи деректер

Елбасының көшпелі көрмесінің «Көшбасшы жолы» деп аталатын бірінші бөлімі Н.Ә.Назарбаевтың бала кезінен бастап қазіргі кезеңдегі тұлға болып қалыптасқан уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. Көрмеге келгендер алдымен Алматы облысының бұрынғы Қаскелең ауданы, Үшқоңыр ауылында өмір сүрген
Елбасының ата-бабаларымен таныса алады. Қазақ халқы үшін ата-бабаларын құрметтеу ерекше маңызға ие екені баршаға мәлім. Бес жасынан бастап өзінің он екінші атасына дейін білетін бала Нұрсұлтан үлкен кісілер сұраған кезде мақтанышпен жатқа айтатын Әбіш, Назарбай, Сапақбай, Еділ,
Кенбаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай, Алтынай, Тоқтар, Есқожа есімді ата-бабалары шежіреде көрсетілген. Көненің көзіндей сақталған, Н.Жээренчиевтің Елбасыға тарту еткен «Шежіре» кәдесыйында ата-бабаларының есімдерін көруге болады.
Бір рулы елдің ұранына айналған Қарасай батыр – Нұрсұлтан Әбішұлының сегізінші атасы. Екінші және үшінші сөреде бала Нұрсұлтанның дүниеге келуі, оның мектеп табалдырығын аттағаны және оқу үлгерімі туралы құжаттардан үзінділер бейнеленген. Сондай-ақ, Елбасының бокс жаттығуындағы сәті де бар. Қаскелеңде 1958 жылы түскен фотосурет мұражайға келуші қауымды қызықтырмай қоймады. Бұл суреттен күш қайраты тасыған Нұрсұлтанды көруге болады.
Ал соңғы сөреде тарихи маңызды құжаттар кездеседі. Атап айтқанда Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасының №001 куәлігі болса, екіншісі Қазақ ССР Тұңғыш Президентінің куәлігі. Айта кетсек, бірінші бөлімде Мемлекет басшысының мұражай қорынан әкелінген 800-ге жуық түпнұсқа сурет пен қолжазба және 175-ке жуық жеке заттары қойылған.

«Көшбасшы феномені»

Екінші бөлімде күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан орынды шешімдердің тарихи тізбегі ұсынылған. Егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізген, бетбұрысты кезеңде Қазақстан халқы озық, демократиялық, ядролық қарусыз тарихи таңдау жасағаны мәлім. Бірінші сөреде мұражайға келушілердің көзіне оттай басылатын Семей полигоны жайлы деректер топтастырылған. Екінші сөре қазақ ғашыркерлеріне арналса, үшіншісінде Ұлттық валютаның тарихына көз жүгіртуге болады. Ел астанасын Алматыдан
Ақмолаға ауыстыру туралы Қазақстан Президентінің екі тілде жазылған Жарлығы мен Мемлекет басшысының 2000-2017 жылдардағы қызмет барысындағы суреттерін мұражайдың көрермені төртінші сөреден тамашалай алды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны Н.Назарбаев 1992 жылы, Тәуелсіздіктің 1 жылдығына арналған Қазақстан халқы форумында айтқан болатын. Орасан зор этникалық құрамы бар, көпұлтты Қазақстан қоғамындағы келісімді қамтамасыз етуде Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған
Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Осыған орай бесінші сөре арналған. Соңғы сөрелерде еліміздің ішкі және сыртқы жағдайлары сипатталған. Онда Мемлекет басшысы қабылдаған стратегиялық жоспарлар мен Жолдаулары жинақталған.

Елбасының 37 орденін тамашалады

Қазақстанның халықаралық аренадағы серіктестік пен татулыққа бағытталған саясатының арқасында, әлемдік қауымдастық біздің елімізге және Елбасымызға үлкен құрмет пен сенім білдіруде. Н.Ә.Назарбаевтың осындай сындарлы саясатын ескере отырып көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар әр жылдары Қазақстан Республикасының Президентін өздерінің жоғарғы мемлекеттік наградаларымен марапаттаған болатын. Бұл бөлімде мұражайға келушілер Елбасының осындай 37 орденін тамашалады.

Әлем таныған көшбасшы

Қазақстан тәуелсіздігін алған тұстан бастап барлық елмен достық қарым-қатынасын нығайта түсті. Бүгінде 120-дан астам мемлекет егемендігімізді мойындап, елімізбен тығыз байланыс орнатып келеді. Қазақстан өз алдына үй тігіп, ел тізгінін Елбасына сеніп тапсырылғалы бері талай тарихи оқиғалардың куәгері болды. Тәуелсіздік алған 27 жылда көптеген саяси ұйымдарға төрағалық етіп, әлемдік саясаттың дұрыс бағыт алуына да араласты.Сондай-ақ, Елбасының Ислам елдеріндегі сапарлары және Еуропа мемлекеттерінде барғанда Мемлекет басшысына берілген сыйлық экспонаттар көрменің көркін ашып тұр. Ал экспозицияның қорытынды бөлігінде Н. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері ұсынылды.Айта кетейік, Оңтүстікке ат басын тіреген көрмені ақпан-мамыр айларының аралығында 169 мыңға жуық адам тамашалаған. Жуырда жұмысын қорытындылаған көшпелі көрме Атырауға жол тартып кетті.

Облыстық жасөспірімдер кітапханасында жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері Шойбек Орынбайдың 65 жасқа толуына орай «Қаламның киесі бар деп ұғынған қаламгер» атты әдеби-шығармашылық кеші өтті.

жж

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған еркін форматтағы кеште жазушының өмірі мен шығармашылық еңбек жолы жайлы әңгіме өрбіді.
Қаламгердің қылқаламынан туған «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ» және детектив жанрындағы «Қара азбанның қателігі», «Әміршінің әлегі», «Түрмеге түспейтіндер» повестері жинағы мен «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы өскелең ұрпақты тарихқа терең бойлай отырып, елді, отанды сүйе білуге тәрбиелейді. Ал бұл кеште оқырман қауым жазушыны жаңа қасиеттерімен таныды. Бірге оқып, отау құрған жарымен кездесуі, студенттік шақтағы қызықтарын естіген кеш қонақтары қаламгерге деген құрмет-қошеметін аямады.
Шойбек Орынбайдың әдеби-шығармашылық кешіне жиналған зиялы қауым өкілдері оқырмандарға жазушының шығармашылығы мен еңбектерінің құндылығы, оның көркем мінезі мен парасатты болмысы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Ал жастар жағы қаламы қарымды қаламгерге деген жүрек жарды тілектерін қара өлеңмен жеткізді. Сонымен қатар жазушы-журналистпен емен-жарқын әңгіме құрған кеш қонақтары көкейде жүрген сауалдарына жауап алып, қаламгердің алдағы жоспарларын тыңдады.
Кешті белгілі ақын Қабылбек Төретай жүргізіп отырды.

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық конкурсының екінші кезеңінде жеңіске жеткен жанұялар марапатталды. 15 аудан-қаладан қатысқан 38 отбасы арасынан Қазығұрт ауданының зейнеттегі еңбек ардагері Мұхтар Момынов пен мақтаралдық Сапаралы Серікбаевтың отбасылары 1 миллион теңгені жеңіп, ресубликалық сайыстық үшінші кезеңіне жолдама алды.

DSC 1440

Облыс әкімдігінің және облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен биыл бесінші рет өткен шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр түстіктегі мерейі үстем шаңырақтарды құттықтады.
– Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлер, жағымды өнегелер, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасының арқасында мемлекетіміз нығайып, халқымыздың әл-ауқаты артады. Береке мен бірлікті, түрлі этностардың рухани әлемін тоғыстырып отырған, шежіресі көне Оңтүстік өңірі отбасы тұрақтылығы мен ауызбіршіліктің мекені. Облысымызда 700 мыңға жуық отбасы бар. Жыл сайын 20 мыңнан астам жас отбасы шаңырақ көтереді. Биыл аудан-қалалардан байқауға қатысқан 30 отбасы жеңімпаз атанды. Осы отбасылардың барлығы да жүлделі орындарға лайықты. Өніп өскен, тәрбиелі, өнегелі отбасылар – әрбір аудан-қалалар жеңімпаздары. Сіздер тәрбиелеген ұл-қыздарыңыз өзгелерге үлгі-өнеге болады. Осындай ұрпақтар сабақтастығы өзге отбасыларға да үлгі болады деген сенімдемін. Игі дәстүрге айналған осынау байқауға қатысқан сіздердің барлықтарыңызға табыс тілеймін. Отбасыларыңызда бақыт-береке орнап, жемісті болыңыздар, – деді Ербол Әбілхайырұлы.

Шымшаһардың үлгілі ұясы

DSC 0318

Байқаудың бірінші кезеңінде 33 отбасының ішінен үздік деп танылған еңбек ардагері Құрманғали Ахмет пен байқауға қатысушы ең жас көпбалалы Болат Досмұхаметовтың жанұялары Шымшаһардың мерейлі отбасылары атанған еді. Олар сайыстың екінші кезеңіндегі үздік 28 отбасымен бірге облыс әкімі Ж.Түймебаевтың алғыс хаты мен 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, Елбасы жарлығымен бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.

Суреттерді түсірген:
Серік Қосаев

Өңірдегі елдімекендерді газдандыруда туындаған мәселені арнайы құрылған комиссия шешеді.

DSC 0976

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы мен «КазТрансГаз» АҚ өкілдері көгілдір отын тартудағы қиындықтар туралы «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының саяси кеңесі бюросының кезекті отырысында талқылады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның айтуынша, өңірдегі газ құбыры тартылған 58 елдімекенге көгілдір отын берілмей келеді. Биыл өткізілген 72 нысанның тең жартысын «КазТрансГаз» АҚ техникалық кемшіліктерге байланысты қабылдамай қойған. Екі тараптың осындай түсініспеушілігінің салдарынан ауылдарға көгілдір отын уақтылы жетпей тұр.
Саяси кеңестің кезекті отырысында ой тастаған партия мүшелері олқылықтың алдын алу шараларына кірісті. Яғни, аталған елдімекендердің жағдайын жіті қадағалауға алатын арнайы комиссия құрып, өңірді газдандыру мәселесін жеделдетпек.
Биыл екінші рет өткізілген саяси кеңес бюросының кезекті отырысында бекітілген күн тәртібіне сәйкес партия мүшелері мен атқарушы органдардың есебі тыңдалып, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспарын бекітті.

Страница 48 из 51