ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ Избранное

Пятница, 23 Август 2024 06:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 272 раз

сапалы әрі өз мерзімінде орындалуы тиіс

Шымкентте жылу маусымы аяқталғаннан күннен бастап, келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіледі. Биыл шаһарда жалпы 29 шақырым жылу құбырларын жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 40 пайызы орындалды. Жұмысты сапалы және мерзімінде орындау – басты талап. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, мәслихат депутаттары жылу маусымына дайындық іс-шараларының барысын пысықтады. Жылу қазандықтары, жылу жүйелерінің қысқы жылыту маусымына дайындығын бақылады.

JilUU

 

«Құрылыс жұмыстарын ертерек аяқтау қажет»

Мәслихат төрағасы алдымен «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту бойынша жұмыстардың барысымен танысты. Бүгінде 311,0 млн. теңгеге «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралар жылумен қамтамасыз етуді жақсартып қана қоймай, пайдалану шығындарын азайтады және жылу көзінің тұтынушыларға жақын орналасуын пайдалана отырып, жылыту режимін жылдам реттеуге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңғырту жұмыстары 4 кезең бойынша іске асырылады. Қазіргі уақытта екі кезеңнің жұмыстары орындалған.
Аталған қазандық 150-ден астам көпқабатты үйді жылытады. Қазіргі уақытта резервте бір айға дейінгі дизель отынын дайындап қоюдың маңызы зор. Ол ықтимал төтенше жағдайға сақадай-сай тұруы үшін қажетті шаралар. Мәслихат төрағасы осы мәселелерді бірлесе ақылдасып шешу қажет екенін назарға алды. «Қуатжылуорталық-3» мекемесі директорының орынбасары Айдар Қалдыкөзовтің айтуынша, қазіргі уақытта сұйық отындар алынған. Қажеттілік болса резервпен жұмыс істеуге де мүмкіндік бар.
Мәслихат депутаттары «АДЦ-160 Гкал» қазандығын одан әрі кеңейту жұмыстарының барысын да аралап көрді. Алда қазандықтың қуаттылығын 100 пайызға арттыру үшін қосымша құрылыс басталыпты.
Сондай-ақ, бүгінде Нұрсәт шағынауданында ішкі орамдық жылу жүйелерін (29,4 шақырым) ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жауапты бас мердігер – «Таразстрой-2004» ЖШС. Қазіргі таңда 14 шақырым демонтаж жұмыстары, 8 шақырым монтаж жұмыстары атқарылды. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстарын биыл 1 қазанда аяқтауды жоспарлап отыр. Жуырда жұмысшылар санын көбейтпек.
Мәслихат төрағасы жылу маусымына дайындық өте маңызды мәселе екенін, ендігі ретте жұмысты сапалы және мерзімінде аяқтау қажет екенін айтты.
– Жылу маусымы аяқталғаннан күннен бастап, келесі жылыту маусымына дайындық жүргізіледі. Қазандықтардың, тозығы жеткен жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстарының сапасын және оның кестеге сәйкестігін бақыладық. Қазіргі кезде бәрі кестеге сәйкес келе жатыр. Бірақ біздің кестеден ерте жүрсе деген талап-ұсынысымыз бар. Ертерек бітіріп, жауын-шашын басталмай жатып соңғы тексеру жұмыстарын атқару қажет. 29 тамызда мәслихат сессиясы өтеді. Яғни, сессияның алдында осы жұмыстардың бәрін талқылап, сессияда өз бағамызды береміз, – деді Б.Нарымбетов.
«Қуатжылуорталық-3» мекемесі директорының орынбасары Айдар Қалдыкөзовтің айтуынша, биыл жалпы 29 шақырым жылу құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстардың 40 пайызы орындалды.

20 қазандық, 14 сорғы станциясы дайындыққа келтірілген

Шымкент қаласының 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының іс-шара жоспары бекітілген. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қаланың 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтарының 20-ы және орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 14-і дайындыққа келтірілген.
Қаланың жалпы жылу желілерінің ұзындығы 838,6 шақырым болса, тозу деңгейі 37 %-ы құрайды. Магистралдық жылу желілері – 152, ішкі орамдық жылу желілері – 686,6 шақырым.
Бүгінде барлық жылу желілеріне гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізілген. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттен 4,0 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланған. 2,4 млрд. теңгеге 30,0 шақырымға жуық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады. Биыл жыл қорытындысы бойынша жылу жүйелерінің тозу деңгейі 34 пайызға төмендейді деген жоспар бар.
Жалпы, қаланың 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысына апта сайын тұрақты мониторинг жұмыстары атқарылуда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.