Отбасының да, Отанның да өнегесі Избранное

Среда, 19 Май 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1430 раз

Шымкентте қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүретін ақ жаулықты апаны жиі көреміз. Көбіңіз көріп, біліп те жүрген шығарсыздар. Шарапат Құрманбекованың аты-жөні әсіресе, миллионды қаланың ардагерлері арасында жақсы танымал. «Ақтілек», «Шашу», «Асыл әжелер» топтарындағы өзі құралыптас ақ әжелерді қасына ертіп алып, ауылдың алты ауызынан жіберіп, бірде әскери бөлімшелерге «Әжелер дәмін» апарып, тағы бірде «Батагөй қария» байқауын ұйымдастырып, шапқылап жүргені. Қашан көрсең де, тың, бабында. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, өскелең ұрпаққа өнегенің үлгісін көрсетіп жүр.

820

 

Отбасының өнегесі – Отан өнегесі екенін де дәл осы Шарапат әжейдің отбасына қарап айтуға болады. Отағасы Жарылқасын Бимырзаев екеуі елу жыл отандасып, бір ұл, үш қыздан 15 немере, 1 шөбере сүйген бақытты ата-әже. Жолдасы Ж.Бимырзаев ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қатардағы қызметкерден бас агроном дәрежесіне дейін көтеріліп, құрметті зейнет демалысына шыққан.
Бимырзаевтар отбасы мұғалімдер династиясының үшінші буыны. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 460 жылды құрайды екен. Ш.Құрманбекова алғаш келін болып түскенде қолынан жетектеп, мектеп табалдырығынан аттатып, білім әлеміне енгізген де қайын атасы Ахмет ақсақал еді. Сол алғашқы жұмыс күнінде ауылдың нөмірсіз, атаусыз үйлері мен көшелерінде өз үйін адасып әрең тапқанында аулада тыпыршып, мазасызданып келінін іздеген енесі қарсы алыпты. Осылайша ата-ене мен келін арасындағы жылы сыйластық, мейірімді қарым-қатынас бастау алған екен.
...1970 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1974 жылы бітірген соң Отырар ауданы, Отырар орта мектебінде мұғалім, кейіннен Т.Ибрагимов атындағы орта мектебінде мұғалім, одан соң Көкмардан орта мектебінде директордың оқу-тәрбие істері бойынша орынбасары, Ақтөбе ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектебінде директор, Шілік ауылындағы М.Шаханов атындағы орта мектеп директоры қызметтерін атқарды.

821


1991 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2019 жылы Қазақстан педагогикалық академиясының президенті ғылыми атақ беру жөніндегі комиссияның №6 шешімі бойынша Профессор атағы берілген. «Тұлға тағылымы» , «Жүз есім», «Анаға тағзым» медальдарымен, «Ардақты ардагер» төсбелгісімен марапатталған.
44 жыл ұстаздық етуден жалықпаған, Маржан Есжанова (айтыскер ақын) және Айгүл Асанова (Нұрсұлтан қаласында Мәдениет басқармасының қызметкері) сияқты елдің ерке қыздарын тәрбиелеп, білім берген аяулы ұстаз, қамқор ананың ұстаздық жолын қазірде қыздары мен келіні жалғастырып жүр.
– Екінші қызым Айнұр Бимырзаева қаламыздағы №52 мектептің директоры. Үшінші қызым Балнұр да бастауыш сынып мұғалімі. Ал келінім Бақыткүл Рыспанбетова №3 балалар саз мектебінің директоры. Ұлым Бекнұрдан екі ұл, бір қызымыз бар. Үлкен немерем Қажымұқан биіктен көрініп жүрген үздік студент. «Мейірімділік – жүректен» деп түсінетін ол сабақтан тыс уақытында волонтерлікпен де айналысады. Одан кейінгі Қасымхан немерем спортшы. Балхадиша қызым музыкалық колледжде оқиды. «Халықаралық қобызшы» деген атағы бар. Бірнеше рет республикалық жарыстардың лауреаты атанған. Былтыр Ресейдің Питер қаласында өткен бәйгенің алдынан көрінді, - дейді Шарапат Құрманбекова.
–Апа, өзіңіз сияқты кейбір апалар үйінде таяқ сүйеніп жүреді. Ал сіз қоғамдық істердің басында шапқылап жүресіз. Соншама күш-қуатты қайдан аласыз? - дедік біз.
–Оның бәрі де Алланың берген сыйы. Отағасы, отбасы, бала-шағам мені қайраттандырып, қуантып отырады. Одан соң өмірді шексіз сүйгендігімнен, ата-анамның тәлім-тәрбиесінен ғой, қарағым, - деді.
Деді де, тағы бір кезекті іс-шараға асығып бара жатты...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.