ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ – БАСПАНА АЛУҒА КӨМЕК Избранное

Среда, 19 Май 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2506 раз

Елімізде азаматтарды баспанамен қамтудың мемлекеттік саясаты іске асырылып келеді. Оның негізгі бағыты – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Биыл Шымкентте 300 азаматқа осындай сертификаттар берілмек. Қалалық тұрғын үй басқармасының жоспары осындай. Жалпы, сертификат кімдерге беріледі? Оны алудың шарттары қандай? Бұл туралы басқарма басшысы Азамат РЫСЖАНОВ айтып берді.

826

 

«Тұрғын үй қатынастары» Заңында берілген анықтамаға сүйенсек, сертификат – Ұлттық Банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және ҚР Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны. Тұрғын үй сертификаты белгілі бір санаттағы азаматтарға беріледі.

– Олар – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат берілетін азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады, – дейді қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Жарқынбекұлы.

827


Басқарма басшысының айтуынша, тұрғын үй сертификатының қолданылу мақсаты айқын. Ол ипотекалық несиемен пәтер алу кезінде үй құнының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу мақсатында қолданылады. Яғни, тұрғын үй сертификаты жоғарыда көрсетілген санатқа жататын, төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде беріледі. Тұрғын үй сертификатын алудың өз талап-шарттары бар.
– Заңда көрсетілген талап бойынша, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі табысы биылғы қаржы жылына заңнамада белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (106 336 теңге) аспауы тиіс. Айта кету керек, 2021 жылғы күнкөріс мөлшері 34 302 теңгені құрайды, – дейді басқарма басшысы.
Тұрғын үй сертификатын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру көзделіп отыр. Шымкентте мұндай сертификаттар екі жылдан бері беріліп келеді. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгенің сертификаттары берілсе, 2020 жылы 101 азаматқа жалпы құны 100 млн теңге болатын сертификат берілген. Ал биыл бұл мақсатқа 300 млн теңге қарастырылған.
– Сонымен қоса біздің басқарма тарапынан тиісті бюджеттік өтінімдер жасалуда. Яғни, тұрғын үй сертификатының санын көбейту үшін ұсыныс бермекпіз. Осыған қатысты тиісті шешім қабылдау үшін қалалық мәслихатқа енгізіледі, – деп қосты А.Жарқынбекұлы.
Тұрғын үй сертификаттарын «Отбасы банк» арқылы «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» бағдарламаларымен және екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасымен несиеге баспана алатын азаматтар баспана құнының бастапқы жарнасына қолдана алады.
– Сертификаттар беруді үстіміздегі жылдың шілде айының ортасына жоспарлап отырмыз. Себебі, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 26 мамырда аяқталып, үміткерлер іріктеледі, банктер тарапынан мақұлданады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша да шілде айының алғашқы жартысында деп жоспарлап отырмыз. Сертификат алуға өтінім беру мерзімін алдын ала БАҚ беттерінде және басқарманың инстаграм және фейсбук парақшасында жариялаймыз, – деді Азамат Рысжанов.
Тағы бір айта кетерлігі, өтініштер биыл онлайн қабылданады. Ол үшін кezekte.kz сайтына кіріп, электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы өтініш беруге болады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.