Бағдарлама арқылы баспанаға Избранное

Пятница, 21 Май 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3073 раз

Баспана мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Үйі жоқтар баспананы армандайды, барлары оны кеңейтуді ойластырады. Халқы тығыз орналасқан Шымкентте бұл мәселе өте өзекті.

853

 

Қазіргі таңда елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағыты бар. Мысалы, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар арқылы несиеге үй алуға немесе жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін баспаналарға қол жеткізуге болады. Биылғы жаңалық, арендаға баспана беруден басқа жағдайдың барлығы да 2020 жылдың соңында құрылған
«Отбасы банктің» қатысуымен жүреді. Дәл осы қаржы институтының мамандары әр азаматтың төлем қабілетін қарастырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие ала алатынын, кімнің басымдыққа ие немесе тегін көмекке мұқтаж екенін анықтайды.

Жеңілдетілген несие кімдерге?

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – «Отбасы банкінің» салымшылары үшін тиімді шарттармен баспаналы болу мүмкіндігі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік кредиттік баспана кезекте тұратын, үйі жоқ салымшыларға да, баспана кезегінде тұрмайтын салымшыларға да ұсынылады.
– «Отбасы банкі» жұмысының екі негізгі бағыты бар: коммерциялық бағдарламалар және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру. Бірінші бағыт бойынша Банк ережелері және «Тұрғын үй құрылыс жинақтары» Заңы бойынша тұрғын үй несиелері беріледі. Мысалы, жаңа немесе екінші нарықтан пәтер алу, үй салу, жер учаскесін сатып алу немесе үйді жөндеу. Осы бағыттарда кепілді және кепілсіз несие ұсынамыз. Мұндай несиені банктен шот ашып, кемінде 3 жыл бойы белгілі бір тәртіппен қаржы салып отырған салымшылар ала алады. Ондай жағдайда біз 1,5 миллион теңгеге дейінгі кепілдіксіз займды жылына 5 пайыз мөлшерлемемен ұсынамыз. Дегенмен, бұл тұста жеке тұлғаның кепілдігі қажет. Екінші бағыт – мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істеу көлемі соңғы кезде көбейді. Нақты айтқанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша атында үйі жоқ, баспана кезегінде тұратын және тұрмайтын салымшыларға әлеуметтік несиемен баспана ұсынылады, – дейді
«Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Баспана кезегінде тұрмайтын азаматтар да жергілікті атқарушы орган салатын үйлердегі баспананы жеңілдетілген бағамен ала алады. Ол үшін «Отбасы банкте» депозит ашып, нарықта шығарылған баспана туралы жаңалықтардан хабардар болғаны жөн.
– Биылғы шілде-тамыз айларында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар туралы салымшыларға арналған хабарлама жарияланады. Ол үшін депозитте баспана бағасының кемінде 20 пайызындай жиналуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспананың 1 шаршы метрінің бағасы – 180 мың теңге. Сонда, мысалы, пәтердің жалпы ауданы 80 шаршы метр болса, салымшы 2 млн 880 мың жинауы тиіс. 1 бөлмелі пәтердің ауданы 40 шаршы метр болса, онда депозитіңізде 1 млн 440 мың теңге жиналуы керек. Мұнда конкурс балдық жүйемен өтеді. Ол депозиттің мерзіміне, салымшының қашаннан бастап жинай бастағанына және қазіргі таңда қанша қаржы бар екеніне байланысты», – дейді Дәурен Саудабаев.

Салымдағы кірістер

Банк өкілдері салымшылардың жинаған қаржысына инфляция қаншалықты әсер ететіні туралы сұраққа осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін баспананың бағасы шаршы метріне 160 мың теңге болса, бүгінде 180 мың теңге екенін жеткізді. Яғни, баға өсімі аса жоғары емес дейді.
– Онымен қоса салымшының депозиттегі қаржысы қосымша кіріс әкеледі. Мысалы, жыл сайын 1 жыл бойы жиналған қаржының 20 пайызындай сомада мемлекеттік сыйақы қосылады (бұл тұста шектеу бар – жылына ең көбі 200 АЕК - ред). Қалай болғанда да бұл көрсеткіш инфляциядан көп. Бұған қоса біздің банк 2 пайыз көлемінде сыйақы төлейді, – деп түсіндірді банк филиалының директоры.
Бұл бағытта салым көлемімен қоса өтінім берушінің атында соңғы 5 жылда баспана болмауы да маңызды.

Кезекте болу маңызды

Банк жұмысының екінші бағыты мемлекеттік бағдарламалар екенін жоғарыда атап өттік. Соның бірі –
«Шаңырақ» бағдарламасы. Ол тек баспана кезегінде тұратын азаматтарға арналған. Бастапқы жарна – баспана бағасының 10 пайызы.
– Қазақстан өңірлерінде баспана соғу үшін 180 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағыт бойынша Шымкентте
Тұран шағынауданында 27 үй соғылуда, онда жалпы саны 1728 пәтер бар. Қазір біз сол пәтерлерді үлестіріп жатырмыз. Қайталап айту керек, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша баспананы тек кезекте тұрғандар ала алады. Бұл да кредиттік баспана, бағасы сәл қымбат, мысалы, әр шаршы метрі 200-210 мың теңгеден болады. Қазір конкурс жүруде, алғашқы 550 пәтерді кезектегі азаматтарға ұсындық. Онлайн өтетін конкурсқа қатысу үшін baspana.kz сайтына кіріп, «Конкурс» бөлімін таңдау керек. Сонда үйлер көрінеді. Егер алдағы уақытта қандай конкурстар болатынын білгіңіз келсе, «Болашақтағы нысандар» бөліміне өтуге болады. Онда барлық мәліметтер мен нысандардың мерзімі көрсетілген, – дейді Дәурен Саудабаев.
Бір айта кететін жайт, өтінім берушіде бұл бағдарлама бойынша баспана бағасының алғашқы жарнасы ретінде 10 пайызын алдын ала жинақтау міндетті емес.
– Өтінімдер бір ай бойы қабылданады. Содан кейін оларды баспана кезегіндегі нөмірі бойынша реттейміз, бұл бағдарлама бойынша басқа талап жоқ, яғни, азаматтар санаттарға бөлінбейді. Кімнің кезегі алда, сол пәтерін алғаш болып алу мүмкіндігіне ие. Содан кейін конкурстан өткендері шақырып, төлем қабілетін тексереміз. Мақұлданған жағдайда олар осы аралықта пәтер бағасының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарнаны құюы керек, – деп түсіндірді банк филиалының директоры.

Басқа да бағдарламалар

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір бағыты – «Бақытты отбасы» (2-10-20). Ол көп балалы, толық емес және ерекше балалары бар отбасыларға арналған ерекше бағдарлама.
– Бұл бағдарлама бойынша Қазақстан өңірлеріне 50 млрд теңге бөлінді. Шымкентте шамамен 300 отбасы несие алады деген болжам бар. Бұл бағыт бойынша пайыздық мөлшерлеме 2 пайызды құрайды, сатып алатын баспана бағасының 10 пайызы мөлшерінде алғашқы жарна құю керек. Займ берілу уақыты – 20 жылға дейін. Ең жоғарғы сома – 15 млн теңге. Несие кезек бойынша беріледі. Бүгінгі таңда 26 мамырға дейін құжат қабылдануда. Әзірге 3000 адамнан өтінім түсті. 26 мамырдан кейін өтінімдердің барлығын баспана кезегіне тұрған мерзімі бойынша реттейміз. Алғашқы 300 адамды банкке шақырып, төлем қабілетін тексереміз. Егер төлем қабілетін растаса, несиені алдын ала мақұлдаймыз. Енді бұл азаматтарға баспана бағасының алғашқы жарнасын құю қажет. Егер өзі жинаған қаржысы болмаса, біздің мақұлдау құжатымызбен тұрғын үй басқармасына барып, тұрғын үй сертификаттарына өтінім бере алады. Бұл тұста «Отбасы банкінде» салым болғаны жақсы, бірақ, міндетті емес, – деді Дәурен Саудабаев.
«Отбасы банкінде» бұған қоса «Өз үйім» бағдарламасы бар. Мұнда баспана бағасының 50 пайызын жинау қажет, несие мөлшерлемесі жылына 7 пайызды құрайды. Басқа бағдарламалардан ерекшелігі – мұнда өтінім берушінің атында басқа үйі бар-жоқ екені маңызды емес. Несиелеудің максималды сомасы – 50 миллион теңге.
Банк өкілдерінің айтуынша, енді мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын кез келген отандасымыз көріп, баспаналы бола алады.

Наталья ХАЙКИНА,
Нұрлан БЕКТАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.