БАСПАНАНЫ ЖАЛДАУ ҚҰНЫН СУБСИДИЯЛАУ: КІМГЕ? ҚАШАН? ҚАЛАЙ? Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 03:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2028 раз

Қазақстандықтардың баспананы жалға алу құнының жартысына мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл мақсатқа 50 миллиард теңге қарастырылған. Жеңілдікті белгілі бір санатқа жататын азаматтар ғана пайдалана алады.

109

 

Арнайы бағдарламаға қатысушылар онлайн-өтінімді 5 сәуірден бере алады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
– Қазіргі таңда елімізде 590 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 210 мың адам әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Нақты айтқанда, 51 мың көп балалы отбасы, 2 мың жетім бала, І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі 10 мың адам және ерекше баланы тәрбиелейтін 7 мың отбасы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, осы санаттағы азаматтардың ішінде 70 мың азаматтың табыс мөлшері жан басына шаққанда бір күнкөріс шегінен төмен саналады. Осы азаматтарды қысқа мерзім ішінде баспанамен қамту керек. Азаматтарды қолдауға қажет сома 50 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы жыл сайын кезектегі адамдар санына қарай өзгеріп отыруы мүмкін, – деді министр.
Бағдарлама операторы ретінде «Отбасы банкі» белгіленген. Қаржы ұйымы тиісті санатқа жататын азаматтардың жекеменшік қордан тұрғын жайды баспанаға алу бағасының жартысына субсидия төлейді. Ол үшін алдымен арнайы ақпараттық жүйедегі мәліметтерді тексеріп, азаматтардың тиісті талаптарға сай келетінін тексереді. Ол қандай талаптар?
Жауапты мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысатындардың жеке тізімі жасалмайды. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған барлық қазақстандықтар өтініш бере алады:
- І және ІІ топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көп балалы отбасылар.
Субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркелуі қажет. Ол электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан азаматтар ЭЦҚ-ны алдын ала алуы керек немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеруі тиіс.
Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші тіисті стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Баспананы жалға алу келісімшарты порталда көрсетілген үлгі бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды.
– Азаматтардың жеке құжаттарын, тұрғын үйінің бар-жоғы туралы анықтамалар, тіркеу және кіріс туралы мәліметтерді «Отбасы банк» мемлекеттік органдардың деректер базасымен тексере алады. Қазіргі таңда мәліметтер қорын біріктіру жұмысы жүруде. Субсидия алуға өтініш беруші туралы барлық деректі тексергеннен кейін біз шот ашуға көмектесеміз. Өтініш беруші сол шотқа баспананы жалдау құнының жартысын аударуы керек. Содан кейін «Отбасы банк» қалған 50 пайызын қосып, жалпы соманың 100 пайызын жалға берушінің шотына аударады, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы
Ләззат Ибрагимова.
Субсидия алуға өтінім берушілерге қойылатын негізгі талаптың бірі – табыс мөлшері. Сол азамат немесе отбасының соңғы 6 айдағы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда күнкөріс шегінің бір мөлшерінен аспауы тиіс. Яғни, жиынтық табыс көлемі бір адамға шаққанда айына 36 018 теңгеден көп болмауы керек.
Жалдамалы баспананы отбасылар өздері табады. Жалға алу құнын есептеу кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Қағидаға сәйкес, жалға алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны айлық есептік көрсеткіштің жылдық деңгейі мен облыс немесе қаланың белгіленген коэффициенті негізінде қалыптасады. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғындары үшін 1 ш.м. құны 2 142 теңге болып белгіленді. Тиісінше, мысалы, үш адамнан тұратын отбасы шамамен 86 мың теңге тұратын баспананы жалға ала алады. Ал бес адамдық отбасы үшін бұл сома 128 518 теңгеден аспауы тиіс.
Сондай-ақ, ережелерде жалдамалы үй немесе пәтер аумағының ең жоғарғы көлемі анықталған. 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 40 шаршы метрден, 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 60 шаршы метрден, ал саны 6 және одан да көп отбасы мүшелері үшін тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Егер тұрғын үй ауданы кеңірек болса, онда жалға алушы арадағы айырмашылықты өз есебінен төлейді.
Айта кетейік, жалдамалы тұрғын үй субсидиясы жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын төленеді. Жалға алу құжатының мерзімінен бұрын тоқтатуға, сондай-ақ, жаңа үй иесімен келісімшарт түзуге рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады. Есте сақтар мәселе – жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады.
Жауапты мамандар, яғни, «Отбасы банк» субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне жыл сайын мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.

110


Айта кетейік, Шымкентте 42 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде 17 мыңға жуық азамат әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар осал топтағы отбасыларға қолдау болатын осы бағдарламаны жүзеге асыру жолдарын тұрғындарға түсіндіріп келеді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков онлайн қабылдауда баспанаға қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, әр азаматтың жеке мәселесін заң аясында қарастырды.
– Қалада тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар саны жыл сайын артуда. Баспанамен қамту мақсатында жалға берілетін тұрғын үйлер де қарқынды бой көтеруде. Дегенмен, азаматтар кезек күтіп, сол аралықта пәтер жалдап қиналатыны рас. Нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау үлкен қолдау болмақ. Ең бастысы, талапқа сәйкес, бұл қолдауға нағыз мұқтаж азаматтар қол жеткізуі тиіс, – деді Ерғали Білісбеков.
Жоғарыда әзірлеген тетік барлық мүдделі мемлекеттік органдар бекіткеннен кейін күшіне енеді. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар аталған механизм толықтай күшіне енген соң «Отбасы банк» АҚ-на жүгіне алады.

 

Хабарландыру

НЕСИЕЛІК ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

2022 жылғы 11-15 сәуір аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша несиелік үйлерге өтінімдер «Shymkent-baspana.kz» сайтында тәулік бойы электронды түрде қабылданады.
Несиелік үйлердің орналасқан мекенжайы: Шымкент қаласы, Тұран шағынауданы және әкімшілік-іскерлік орталық, Арғынбеков көшесі.
Үйлер 9 және 12 қабатты. 1 ш/метрінің бағасы (таза әрлеуде): 180 000 теңге.
Берілетін үйлерде 900 пәтер бар, оның ішінде бір бөлмелі – 300, екі бөлмелі – 300, үш бөлмелі 300 пәтер бар.
1 бөлме ауданы – 32,7-49,3 ш.м.,
2 бөлме ауданы – 61,0 -66,0 ш.м.,
3 бөлме ауданы – 74,5- 82,0 ш.м.
Пәтерлерді «7-20-25» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігі расталған азаматтар жылдық мөлшері 7 пайызды құрайтын, бастапқы жарнасы – 20 пайыз, мерзімі 25 жылға дейін берілетін несиелендіру шарттарымен ала алады.
Бағдарламаға қатысу шарттары:
- Қазақстан Республикасының азаматы;
- Ипотекалық несиелердің болмауы;
- Табыстың болуы;
- Баспананың болмауы.
Бұл бағдарламаны несиелендіру бойынша екінші деңгейлі 9 банк жұмыс атқаруда. Олар: «Банк Центр кредит» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Банк RBK», «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «First Heartland Jusan Bank» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ.
Бағдарламаның негізгі талаптарына сәйкес, үміткерлер белгілі бір пәтер түріне өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
2) жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама;
3) ипотекалық жылжымайтын мүлік үй қарыздарының жоғын дәлелдейтін кредиттік бюроның кредиттік есебі;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы жеке зейнетақы шотынан үзіндісі;
5) жұмыс орнынан табысы туралы анықтама:
Әр азамат төлем қабілеттілігін растау кезеңінде банктің талабы бойынша қажет құжаттарды ұсынады.
Егер өтініш беруші тиісті кірісті растамаса, онда келесі өтініш берушілердің алдын ала тізімдерінен іріктеу жүргізіледі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.