«Алдағы 10-20 жылда интернет газет-журналдарды ақпарат әлемінен ығыстырып тастауы мүмкін».

3

Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде қағаз басылымдардыңкелешегі туралы сөз болғанда бұл болжам жиі айтылады. Кезінде Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі құлағы һәм тілі»деп атап өткен маңызы жоғары, рухани азық саналатын басылымға, расында, ақпараттық кеңістіктен жоғалу қаупі төне ме? Ақпарат саласы мамандарының жан-жақты пікірлерін ортаға сала отырып осы тақырыпты тарқатып көрдік.

Ұлт тарихының темірқазығы

Газеттің, басқа жақты айтпағанда, қазақ даласында халықпен бірге жасап келе жатқанына екі ғасырға жуық уақыт өтіпті. Посткеңестік дәуірде ақпарат таратуда радио, сосын көгілдір жәшік келді де, сол уақытта дәл қазіргідей газеттің болашағы жоққа шығарылып, тіпті «жерленіп» те тастағанмен, газет әлі «өмір сүріп» келеді. Бүгінгі таңда электронды порталдар, әлеуметтік желілердің жаңалықтарды таратудағы көз ілеспес жылдамдығы қағаз басылымдардың нарықтағы сұранысын төмендетуде. Иә, шынтуайтына келгенде оқырман бүгін болған жаңалықты екі-үш күннен кейін жарық көретін газеттен оқығаннан гөрі үшін интернеттен көруді дұрыс санайтыны жасырын емес.
Дегенмен, тарихшыларымыз «Газет жойылады» деген пікірмен келіспейді. Әйгілі неміс ойшылы А.Шопенгауэр «Газет – тарихтың секундтық стрелкасы» деген. «Басылымдарымызда ұлтымыздың тарихы, тұрмысы, әр замандағы болмысы жатыр» дейді облыстық саяси-қуғын сүргін құрбандары мұражайының директоры Батырғазы Серғазиев.

 

– Әр адамның заман ағымынан, технологиядан қалыс қалмағаны дұрыс. Бүгінде оқырманның басым бөлігіне интернет қолжетімді болғандықтан ақпаратпен лезде, яғни, оқиға болып жатқан сәтте-ақ жылдам танысқанды мақұл көреді. Бұлар қысқа ғана «болды», «өтті» дегендей жеңіл ақпараттар. Ал басылымдардан қоғамда болып жатқан рухани, әдеби, мәдени, әлеуметтік саладағы жаңалықтармен кеңірек танысамыз. Газет осы жағынан ұтымды. Екіншіден, газет-журналдар – ұлтымыздың тарихы. Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрабандары мұражайының қорында елімізде алғаш жарық көрген «Ақжол», «Шолпан» журналдарының кейбір сандарының көшірмесі сақтаулы. Оларды көрші Ташкенттегі мұражайлардан алдырдық. Осы арқылы тарихымызды зерттедік, журналистердің еңбегі арқылы сол қоғамның үнін естідік. Сондықтан, газет ертеңіміз үшін қоғамымызға қажет, – дейді мұражай басшысы.

DSC 4088

Жаңа медиамен бәсекеде

Осы тұста айта кету керек, жұмысын газет-журналдан бастап, қазір ақпараттық порталдарға қатар жазып жүрген әріптестеріміз жетерлік. Солардың бірі – ақпарат айдынына қосылғанына екі жыл болған «Адым.кз» сайтының жетекшісі
Нұршат Төкен. «Газетті қолға ұстап, парақтап, мақалаларын сүзгіден өткізе оқығаннан артығы жоқ» дейді журналист. Әлеуметтік желіні ақпарат таратуда тиімді пайдаланып жүрген жігіт қағаз басылымның орны бөлек екенін айтады. – Жазу шеберлігі бар жандардың бірінші газет-журналдардың сүзгісінен өтіп, тәжірибе жинақтағаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, газет редакциясы – журналистиканың мектебі деп едім.
– «Интернет ресурстарының күші дәстүрлі БАҚ-тың жойылуына алып келеді» деген – алыпқашпа әңгіменің бірі. Бұл сөздер қағаз басылымдар мен жаңа медианың арасындағы бәсекелестікті шыңдау үшін айтылатын болу керек. Қайта осы бәсекелестіктен олар бір-бірін толықтырып, дами түседі. Қарапайым ғана мысал, Жапония техникалық прогрестің шыңына шыққан ел болғанымен жарық көргеніне 100 жылдан асқан дәстүрлі басылымдары миллиондаған тиражбен шығады екен, – дейді сайт жетекшісі.

Газет салмақты ақпарат құралы болуы тиіс

Тағы бір әріптесіміз де газеттің болашағына сенім артады. Өзі жаңа медиа саласынан хабары бар, түрлі семинарларға қатысып, интернет-БАҚтың қақ ортасында жүрген Жәнібек Нұрыш ол үшін қағаз басылымдар салмақты да сараптама материалдарымен ерекшеленуі тиіс деп санайды.
– Қазақстанда қағаз газеттің, соның ішінде қазақ тіліндегі баспасөздің таяу ондаған жылда жойылатынына сенбеймін. Өйткені, басылымды алатын аудитория және оған жазылатын оқырманы бар.

жәнібек фото

Осы екі фактор газеттің қағаз түрінде таралуына әсер етеді, - дейді «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәнібек Нұрыш. – Тағы бір жайт - газетте деген сенім интернет-сайттары мен телеарнада айтылған ақпаратқа қарағанда жоғары. Мұның себебі неде екенін білмеймін, бірақ «газетте жазылған, газетте айтыпты» деген тіркестер әлі де қолданыста. Демек, қазақ тіліндегі газеттердің шығуы әзірге тоқтамайды. Бір жағынан мен мұны қазақстандық медиада әлі күнге дейін сапалы ақпарат таратушы интернет-сайттардың әлі де аз болуымен байланыстырамын. Бірі екіншісін толықтай алмастыруға, сайттар өз мүмкіндіктерін пайдаланып, технологиялық тұрғыдан ерекшеленетін контент ұсынуға әзір емес. Тек мәтін-фото, ара-тұра видео берумен шектеледі. Мұның видеодан басқасын газет те ұсына алады. Бұған қағазды қолға алып оқудың әсері басқаша болатынын да қосыңыз. Ал газетті қалай дамытуға болады, оқырманын арттырмаса да барын жоғалтпаудың жолдары қандай десек, мұнда, ең біріншіден, газет өзінің сараптамалық-талдамалы бағытынан таймауы керек. Салмақты әрі толыққанды, тараптары қамтылған, эмоциясы бар, оқиғаларға толы материал ұсына алса, бұл газеттің тұрақты оқырмандарының қалыптасуына әсер етеді. Сондай-ақ, сериялы материалдар, бір айдар аясында тұрақты түрде қызықты мақалалар ұсына алса, онда оқырманын табады. Газет өзінің беттелу дизайнымен де оқырманын өзіне тартып, ұстай алады. Ондағы мәліметті берудің визуализациясы әсем де ұғынықты болса, бұл да оқырманның көзін қуантады. Баспасөзде тек мәтін ғана емес, визуализация да алдыңғы орынға шықты. Маған аймақтық медианың, соның ішінде қағаз түріндегі газеттің медианарық заңдылықтарына сай дамығанын бақылау және тек бақылап қоймай, соның ортасында жүру ұнайды.

Уақытпен үндесу көштен қалдырмайды

Қош, өз қаламыздан шығып, әлемге назар аударайық. Соңғы бір статистикалық зерттеу «Әлемде газет жойылады» деген қауесетті жоққа шығарады. Айталық, NOP World компаниясы жүргізген зерттеуге сүйенсек, адамдар бір аптадағы 16,6 сағат уақытын теледидар көруге, 8,9 сағатын – ғаламторға, 8 сағатын – радио тыңдауға, ал 6,5 сағатын мерзімді басылымдарды оқуға жұмсайтын көрінеді. Осы көштің басындағы үндістандықтар аптасына 10 сағат уақытын кітап, газет оқуға арнайды екен. Бұған қарап әлем бойынша газеттердің қоғамдағы маңызын жоғалтпағанын аңғарамыз.
Ал еліміздегі «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай «Газет уақытпен үндесіп жұмыс істесе, ақпарат нарығында көлеңкеде қалмайды» деген пікір айтады.

87777

– «Газеттің болашағы жоқ» деген сөздің айтылып жүргені кеше немесе бүгін емес. Технологиядағы жетістіктермен бірге ақпарат таратудың түрлі көздері пайда болған сайын айтылатын даурықпа әңгіме, – дейді әріптесіміз. –«Даурықпа сөз» деп айтуға негіз бар, өйткені келер жылы еліміздің бас басылымы жүз жылдығын кең көлемде атап өткелі отыр. Яғни, «Егемен Қазақстан» газеті ақпарат нарығында бір ғасырдан бері оқырманымен бірге тыныстап келеді. Бірақ, бұл тұста қағаз басылымдар арқаны кеңге салмай, уақытпен үндесіп, ақпараттық порталдармен қатар жүргені дұрыс. Бұл тұрғыдан біздің басылымның ақпараттық порталының қазақ, ағылшын тіліндегі және латын қарпіндегі нұсқалары кең қолданысқа енген. Бүгінде газеттің латын тіліндегі нұсқасының көрілімін шетелдегі қандастарымыз көбейтіп отыр. Осылайша «Егемен
Қазақстан» газетінің интернеттегі нұсқасы елімізде электронды ақпарат порталдар арасынан таралымы мен оқылымы жағынан ондық болмаса да алғашқы отыздықтан орын алып, салмақты мақаларымен көштен де, көптен де қалмай, көш басынан көрініп келеді.
Ғ.Елшібай «Алдағы уақытта қоғамда ең сенімді ақпарат – газеттерде» деген түсінік қалыптастыруда журналистер біршама тер төгуі тиіс» деген ұсынысын айтты. – Қазір әлеуметтік желілерде анық-қанығы жоқ ақпараттар легі көп тарап жатқандықтан, мәселені тарқатып, түсіндіріп, анық-қанығын жеткізетіндер – қағаз басылымдар ғана. Смартфондар сараптаманы қамти алмайды, – деді тілші.
Қалай болғанда да барлығына уақыт төреші. Кино пайда болғанда «театр өледі», газет шыққанда «кітап келмеске кетеді», ал интернет ақпарат нарығын жаулағанда «газет-журнал құрдымға кетеді» деген әңгіме айтылған. Ал «Газет – рухани азық, бүгінгі тарих, қоғамның тынысы» десек, шынайы ақпарат көзіне қол жеткізіп, таңдап-талғауды өзіңізге қалдырамыз, көзі қарақты оқырман!

Мегаполис саны миллионнан асқан тұрғындарымен ғана өлшенбеуі тиіс. Барлық саланың темірқазығы білім десек, республикада үшінші қала статусын алған Шымкент қаласын дамытуда бірінші кезекте мықты мамандар даярлауды қолға алуымыз қажет». Бұл – М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің директоры Қанатбек Досалиевтың пікірі. Кәсіптік-техникалық білім беруде тың жобалармен алда жүретін жаңаша көзқарастағы басшымен «Мегаполис қай бағытта дамуы қажет» деген сауал төңірегінде әңгімелескен едік.

манап өтебаев

– Қанатбек Балтабайұлы, Шымкент республикада үшінші қала атанды. Алып шаһардың өсіп-өркендеуіне, әсіресе, білім саласының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматсыз. Мегаполист дәрежесін алған қаладан қандай жаңалықтар күтесіз?
– «Жасыл», «шымды» деп аталып келген қаламыз, расында, Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Өзінің терең тарихы бар шаһар талай мемлекеттерді Ұлы жібек жолы бойында тоғыстырған ерекше қала болды. Ғасырлар бойы тарихтың талай тезіне түсіп, соқтықпалы-соқпақты жолдармен өткенімен Шымқала бет-бейнесін, тұрғындары қазақылығын жоғалтпай, салты мен дәстүрін сақтап қалғанымен ерекшеленеді.
Шымкент тұрғындарының саны биыл миллионға жетіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламызға республикада үшінші қала атауын беруі оңды қабылданған тарихи шешім деп қараймыз. Енді қаланы алдағы уақытта жарқын келешек күтіп тұр деп айта аламыз.

126666

Менің ойымша шаһар жан-жақты дамуы тиіс. Біріншіден, инвесторлардың қызығушылығы артып, құйылатын инвестиция көлемі артады. Екіншіден, ғылыми-мәдени, бизнес орталығы болады. Өйткені, халықтың өзі өзгерістерді дұрыс жағынан қабылдауға бейімділігі және олардың жол тапқыштығы мен еңбекқорлығы қаланың өркендеуіне жылдам ықпал ететініне сенімдімін. Шымкент географиялық ерекшелігіне орай мәдени орталық болуға да лайықты қала. Ташкент түбімізде болса, Бішкек қаласы да алыс емес. Сол себепті көрші халықтардың мәдениетін бір ортаға шоғырландырып, әлемнің назарын аудара алады. Осы орайда Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып аталуының өзі үлкен істің бастамасы.
– Жалпы, әлемде, елімізде болсын әр шаһардың даму жолында өз бағыты болады. Бізде бетұрысты бірінші қай салаға бағыттаған дұрыс?
– Барлық саласының темірқазығы – білім. «Ел мен елді, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп текке айтылмаған. Мемлекет білімді азаматтарымен, ғылымымен, солардың жетістігімен, ойлап тауып жатқан технологиясымен озықтар қатарынан көріне алады. Сондықтан қандай елдің болмасын халықтың тұрмыс жағдайын дұрыстайтын, экономикасын көтеретін – мықты мамандар. Өңірімізде 90-нан астам колледж, бұдан бөлек жоғары оқу орындары бар, ал олардың көбісі қала аумағында орналасқан. Солардың ішінде кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында білім сапасын жасқартуда талапты күшейтіп, нарыққа қажетті мамандар дайындау мәселесі назарға алынғаны дұрыс деп ойлаймын. Дәл қазіргі уақытта мегаполиске білікті кадрлардың қажеттігі артатынын ескерсек, нарыққа бейім мамандықтарға терең талдау жасап, сараптап, түбегейлі шешім қабылдамаса болмайды. Бұл үшін арнайы мониторинг жасау орталығы құрылып, жан-жақты зерделеу жасаудың уақыты келген сияқты.
Білім саласында талай жылдар еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, оқу ордамыз шет мемлекеттердің білім жүйесімен танысып, озық үлгілерімен бірлесе жұмыс жасағандықтан білекті емес, білімді мыңды жығатынына көз жеткіздік. Осы орайда Шымкент сапалы білім беріп, ең білімді мамандар даярлайтын оқу орындарымен ерекше қала болса құба-құп болар еді.
– Жарты ғасырлық тарихы бар колледж қаланың дамуына қаншалықты үлес қосты? Нарыққа бейім мамандар даярлай алдыңыздар ма?
– Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі заманға лайықты мамандар даярлаудың көш басында келеді. Кәсібін терең меңгерген, білімі мен іскерлігін жан-жақты тиімді пайдалана алатын мамандар дәріс беретін колледжді бітірген түлектер жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Коледжді бітірген түлектердің 90 пайызы Шымкент қаласында әр түрлі салада жұмысқа орналасады. Ол – қаржы, заң, бизнес, қызмет көрсету орталықтарында, мұнай, құрылыста және энергетика және өзге де салаларда жұмысқа оңай қол жеткізеді.
– Қаламыздың бет-бейнесі қалыптастыруда қандай мәселелер ескерілу керек деп ойлайсыз?
– Қаланың аумағы кеңейіп, жаңадан шағынаудандар мен елдімекендер қосылды. Оларда коммуналдық тұрғыда шешілмеген мәселелері көп. Мегаполис қала болғандықтан, аумағында орналасқан елдімекендердің инфрақұрылымы, жолы, көшелері стандартқа сай салынған, үйлерінің сәулеті жарасқан, абаттандыруы өзгеше болғаны дұрыс. Жоғарыда атап өткенімдей, шаһарымыз шымды, жасыл қала атауына лайықталып, көркеюінде осы жағы ескерілсе, әрине, жақсы.
Қай елде болмасын мегаполисті дамытуда жолдарға және көше бойындағы үйлердің сәулетіне, абаттандыруына, тазалығына да аса мән береді. Қазір Шымкентте көлік жүретін жолдар өте тар, соған шет мемлекеттердегідей 2-3 деңгейдегі көшелер салуды бастауы керек. Көшелердің тоғысқан жерлеріндегі айрықтар жасау мәселесі назарда болса, болашақта үлкен көлік кептелістердің алдын алар еді.
Осы тұста айтып өткім келетіні, ертеректе Шымқалада көше бойындағы арықтарда су ағып жататын. Ол қаланың ажарын ашып, жасал ағаштардың жайқалып өсуіне септігін тигізіп, ауаның тазаруына, экологияның жақсаруына да көмегі тиді. Қаланың даму жоспарында биліктегілер осы жағдайды назарға алса деген ұсынысым бар.
Сөз соңында айтарым, Шымкент қаласына әкім болып қайта тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов қаланың жағдайын жетік білетін азамат, бұған дейін де көптеген жақсы істердің ұйытқысы болды. Ендігі жерде еліміздегі үшінші қаланың тізгінін ұстаған басшының игі бастамаларына сәттілік тілеймін!
– Қанатбек Балтабайұлы, өзіңізбен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Осы орайда журналистер қауымына айтар мерекелік лебізіңіз?..
– Қоғамның дамуы мен қоғамдық сананың қалыптасуында журналистер қауымының қозғаушы күш ретінде атқаратын ролі мен қызметі орасан. Сондықтан олардың барлық мәселеде принципті, әділ, обьективті болғаны маңызды. Шымкент үшінші мегаполис болғандықтан енді қаланың бас газеті саналатын «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің де мазмұндық, сапалық деңгейі арта түседі деп сенемін. Оқырман ретінде журналистерге шығармашылық биіктік тілеймін.
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасхан
Айгүл КЕРІМҚұлова

Өңіріміздегі мемлекеттік қызметте 400-ге жуық бос орын бар. Бұл туралы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар бойынша ұйымдастырылған жәрмеңкеде белгілі болды.

011

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында өткен жәрмеңкеге биыл аймақтан 60-қа жуық мемлекеттік орган қатысты.
– Жәрмеңкенің мақсаты – облыстың жергілікті және аумақтық атқарушы органдарындағы бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу тәртібін түсіндіру. Сондықтан жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарды, жұмыссызд қатарында тұрған азаматтарды көптеп шақырдық. Өйткені, ең төменгі лауазымдарға еңбек өтілі қажет емес, тек дипломы болса болғаны, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысы Әли Көмекбаев.
Департамент басшысы бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлердің беделін арттыруда бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Нақты айтқанда мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа пилоттық жүйесі қосылып, сынақ Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен әділет министрлігі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде басталған.
Бұл жолғы жәрмеңкеге қатысушыларға Шымкент қаласы әкімінің аппаратындағы, Әл-Фараби ауданы әкіміндегі және мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі бос жұмыс орындары ұсынылды. Айта Іс-шараға қатысушылардың арасында жастардың қарасы көп болды. Жас түлектер өз мамандықтары бойынша облыс-қала әкімдіктері, басқарма, департаменттердің өкілдерінен қажетті кеңестер алды.
Еске салсақ, облыста қазір 575 мемлекеттік органда 8769 мемлекеттік лауазым бар, онда 8500-ге жуық маман қызмет атқарады.

Марат Үсенов – өңіріміздің денсаулық сақтау саласында тәжірибесі мол, жаңашыл мамандардың бірі. Әріптестері дәрігерді білікті травматолог деп бағаласа, халық арасында «қолы жеңіл хирург» деген пікірлер жиі айтылады.

DSC 6860

Бүгінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог-хирург болып жұмыс істейтін дәрігермен әңгімелесудің сәті түсті.
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінің дәрігерлері жылына 1,5 мыңға жуық науқасқа ота жасайды. Мұнда отаның көбісі шұғыл жасалады. Ойлануға, кеңесуге уақыт мұрша бермейді. Өйткені, жанымен арпалысып жатқан науқастың өмірін сақтап қалуда әр секунд қымбат. Тәукелге барып, жылдам шешім қабылдау – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дәрігердің отадан аман шыққан науқас аяқтан тұрып, сауығып кеткенше жанын шүберекке түйіп жүретіні тағы бар.
– Хирургия медицинадағы күрделі саланың бірі. Қарапайым сөзбен айтқанда майдан шебінің алдыңғы қатарында жүретін жауынгер секілдісің. Біздің аурухана жедел медициналық жәрдем көрсететіндіктен, мамандар тәулік бойы үзіліссіз, кейде демалыссыз жұмыс істейтін күндері болады. Сондықтан бұл салаға шыдас беріп, ғұмырын арнау дәрігер үшін ерлікпен пара-пар іс дер едім, - дейді Марат Балтөреұлы.
Хирург еңбек жолын Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында бастаған. Алматы медициналық университетінде оқып жүріп, интернатурадан өтуде осы аурухананы таңдайды. Оның өз ісіне ептілігін байқаған сол кездегі травматология бөлім меңгерушісі Бекниязов жарты жыл өтпей маманның кезекшілік жасауына «облздравтан» рұқсат алып береді. Содан жас маманды аурухана басшылығы жұмыс істеуге алып қалады. Бұл 1991 жылы болатын.
Міне, содан бері бір мекемеде тапжылмай 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Дәрігердің алғашқы жасаған отасы әлі есінде: – Жарақат алған науқастың балтыр сүйегіне ота жасадым. Екі-үш күн қатты уайымдап жүрдім, – дейді хирург. Бүгінде өз ісінің хас шебері атанған маман ең күрделі оталарды сәтті алып шығуда. Осы уақытта дейін қолы жеңіл хирург 3000-ға жуық науқастың өмірін арашалап қалған.
Дәрігерді жаңашыл деуіміздің өзіндік себебі бар. Осыдан бес жыл бұрынғы бөлім меңгерушісі болған білікті дәрігер Әлішер Оразаұлымен бірлесіп, жасанды тізе, жамбас буынын алмастыру отасына дайындық жасайды. Ол үшін Польша, Ресейге барып, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, біраз дүниелерді үйреніп қайтады. Маман Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Түркия секілді елдерінде жасанды тізе, жамбас буынын алмастыру саласы 15-20 жыл алға озып тұрғанын айтады. Осы саланың қыр-сырын жіті зерттеген ақ халатты маманды «неге бұл отаны өзімізде жасамасқа» деген ой жиі мазалаған. Ізденістің нәтижесінде отаны өңірде тұңғыш рет ресейлік дәрігерлермен бірлесіп жасаған да осы Марат Үсенов болатын. Қазір өз күштеріне сенеді.
– Ота жоғары медициналық технологияның күшімен жасалады. Бұрынғыдай емес,медициналық аппараттыңкөмегі бар. Отадан кейін науқас бір аптада аяққа тұрып кетеді. Қазір жылына 300-400 адамға ота жасалынуда, - дейді дәрігер.
Қоғамда жауапкершілігі көп мамандықтың бірі – дәрігер. Сондықтан болар, ақ халаттылар үшін антына адал боп өту маңызды. Дәрігердің жан-дүниесі таза болып, әр емделушісіне шын жанашырлықпен қараса, оны науқас сезініп, сенім артқанда ғана еңбегі нәтижелі болады, - дейді білікті хирург.
...Дәрігермен әңгімемізді осы жерден үзуге тура келді. Себебі, науқастарының жағдайына алаңдап отырғаны байқалды. Кезекті тексеруіне асығып отырды. Ал біз сәттілік тілеп, қоштастық. Ия, дәрігерлердің еңбегі расында бағалауға да, мақтауға да тұрарлық...

Оңтүстікте медициналық туризм дамып келеді. Шипажайлар, сәтті трансплантация оталарымен қатар соңғы жылдары шымкенттік дәрігерлердің көмегімен алапес (Витилиго) дертінен айығып жатқандар саны артуда.

DSC 6185

Сала мамандары әзірге ішке бағытталған медициналық туризмнің дамуына үлесімізді қосудамыз дегенді алға тартты. Жуырда ОҚО тері-венерологиялық аурулары диспансерінің медицинаның туристік әлеуетіне қосып жатқан жаңалықтарымен танысып қайттық.
Облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінде еліміз бойынша жалғыз витилиго орталығы жұмыс істейді. Мұнда тері ауруынан емделуге берісі Семей, Жезқазған, Қызылорда, Павлодар, Тараз, Алматы қалаларынан, арысы көрші Ресейден шипа іздеп келушілер қарасы көбейген.
Диспанердің бас дәрігері Жадыра Будесова медициналық мекемеде дәрігерлер витилиго проблемасымен 2005 жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті. Алдымен «Витилиго» мектебі ашылып, ары қарай диспансердің дәрігері Әлия Айдарбекқызы ауруды ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, кандидаттық диссертация қорғайды. Сосын Канада, Үндістанда болып, ең білікті деген шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасып, дертті емдеудің жаңа тәсілдерін үйреніп қайтады. Басшының айтуынша, ТМД елдері ішінде витилигоны Ташкентте, сосын Шымкент қаласында ғана емдеу қолға алынған. Бұл өз кезегінде біздің дәрігерлердің біліктілігі жоғары екенін айғақтаса керек.
– Бүгінгі таңда дәрігерлерге бір орында қалып қоюға болмайды. Өйткені, әлемде медицина саласы дамып, науқастарды емдеп-жазуда түрлі емдік әдіс-тәсілдер, жаңа препараттар шығуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтарды ойлап табу саласы көз іліспес жылдамдықпен өзгеруде. Сондықтан дәрігер тәжірибелі, білімді болып қана қоймай, заман ағымына ілесе білетін жаңашыл маман болуы керектігін уақыттың өзі талап етуде. Мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы реформалар, соның ішінде мемелекеттің дәрігерлердің біліктілігін арттыру, технологияларды жаңарту және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға қолдау көрсетуі нәтижесінде мамандарымыз жетістіктерге жетуде. Ендігі мақсат – медициналық туризм аясын кеңейту. Сондықтан дәрігерлеріміздің білім көкжиегін кеңейтуге мейлінше қолдау көрсетілуде, - дейді диспансердің бас дәрігері.
Маусым айының соңында облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Әлия Қасымханова витилиго күніне орай АҚШ-та өтетін халықаралық конференцияда «Дети, исследования и надежда на будущее» тақырыбында баяндама жасап қайтпақ.

Дертті жаңа тәсілдермен емдейді

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының 1 пайызы алапес дертінен зардап шегеді екен. Иә, 2000 жылдарға дейін елімізде витилиго дертіне шалдыққан науқастар ғана емес, дәрігерлердің өзі күні бүгінге дейін себебі анықталмаған ауруды емделмейді деп келген. 2012 жылы облыстық тері-венерологиялық диспансердің мамандары Бүкіләлемдік витилигоны зерттеу қорымен (VR Foundatoin) әріптестік орнатып, ондағы заманауи емдік-тәсілдермен танысып қайтты, үйренді. Сол тәжірибені өзімізде қолданып, емдеу мекемесіне жаңа аппараттар сатып алынады.
– Жаңа емдеу тәсілдердің төрт-бес түрін үйрендік, бүгінде нәтиже жақсы. Соның бірі – хиррургиялық емдеу тәсілін қолданып келеміз. Мұнда науқастарды терісін алмастыру (пересадка кожи) арқылы емдейміз. Ал фитотерапияда емделуші арнайы аппаратта 7 минуттай жатады. Қазір диспансерде мұндай аппараттың 6 түрі бар. Негізінен дертті емдеу ұзақ уақытты алады, 5-6 айдан 1 жылға дейін созылады. 2006-2010 жылдары фитотерпиядан ем алуға 30-40 адам келетін болса, қазір олардың саны 100-ден асты. Ем алушылардың 17-18 пайызында терідегі дақтың беті жабылады, 60 пайызында тері ауруының көлемі үлкеймей, тоқтауда, - дейді физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Ә.Айдарбекқызы.
Дертті емдеуге өңірде алғаш ғылыми тұрғыда терең үңіліп, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып жүрген Әлия Айдарбекқызы елімізде осындай науқастар саны жылдан жылға көбейіп жатқандығын айтады. Мұны ол бұрын «емделмейді» деп үміті үзілген жандардың аурудың шипасы табылғанын естіген соң, өңірге көптеп келуімен байланысты болуы мүмкін деп түсіндірді. Бөлім меңгерушісі, әсіресе, жаз мезгілінде еліміздің түкпір-түкпірінен кеңес алуға келушілердің саны артатынын жеткізді.
Облыстық тері-венерология диспансерінің базасында шілде айында Үндістаннан білікті дәрігерлер келіп, шеберлік-сабағын өткізбек. Жергілікті мамандар бұл жолы дертке шалдыққан науқастардағы шаш қондыру отасының заманауи әдісін үйренбек.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, медициналық туризмнің дәстүрлі көшбасшылары - Германия жылына 70 мыңдай, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл нарыққа кейін қосылған Үндістан медициналық туризмнен жылына 3 млрд табыс тапқан екен. Соңғы жылдары Шымкентте медициналық турзимнің бір саласы ретінде 6 шетелдік азаматқа бүйрек алмастыру отасы жасалды. Ендеше, витилигоны емдеудің жаңа тәсілдері, медициналық көмектің сапасы жоғарылап, сервис қызметі жақсарса, бұл саланың да шетелдіктердің назары аударатын күні алыс емес.

DSC 6216

Шымкентте менингококк инфекциясына қатысты жағдай тұрақты саналады. Дегенмен санитар мамандар қорғану шарасын күшейту қажеттігін айтады. Себебі, бұған дейін айтылғандай, Оңтүстікте жыл басынан бері миқұртпен 4 адам тіркеліп, 2 бала көз жұмды. Дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандарды медициналық тексеру кезінде 2, алдын ала тексеруде – 2, жабық мекемелерге емделуге жатқызу алдындағы тексеру кезінде 2 науқас инфекцияны тасымалдаушы деп анықталған.

DSC 5506

Күні кеше облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері кезекті брифинг өткізіп, өңірдегі ахуал туралы хабарлады. Департамент басшысының орынбасары Жұмағұл Медетов осы инфекцияға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сендіреді.
– Облыс бойынша менингококк инфекциясымен эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Биылғы 15 мамырдан кейін жаңа және күдікті жағдайлар тіркелген жоқ. Жыл басына бері тіркелгендердің соңы 14 мамырда ауруханадан шығарылды. Қазіргі таңда емделіп жатқандар жоқ, – деді Жұмағұл Медетов.
Жаздың аптап ыстығы басталып, балалар каникулға шықты. Қалада демалыс орындары жетерлік. Бұған қоса шомылу маусымы басталып, мектеп жанындағы балалар лагері де жұмысын бастады, Яғни, қалаға жан-жақтан ағылып келіп жатқандар көп. Сондықтан қауіптің алдын алудың бірден-бір жолы әзірге бетперде қию ғана болып тұр. Санитар мамандар бетпердені халық көп шоғырланатын, желдетілмейтін ғимарттарда, үй-жайларда тағу қажет деп атап өтті.
Мамандардың қазір көпшілікті мазалап жүрген «бассейнде шомылғанда бактерия жұға ма?» деген сауалға айтар өз жауабы бар. – Менингиттің түрі көп. Соның ішінде бүгінгі күні өлім-жітімге себеп болып жатқан менингокок инфекциясы бассейннен жұқпайды. Рұқсат берілген жерлерге ғана шомылып, ашық су қоймасы, сұбұрқаққа шомылуға тыйым салу қажет. Негізінен бассейннен менингиттің серозды түрі жұғады, - деді департамент басшысының орынбасары.
Айта кетейік, менингококк инфекциясын жұқтырғандардың 80 пайызы балалар болып келеді. Сондықтан санитарлар балаларды сауда орталықтарында, демалыс аймақтарында, концерт пен театр секілді мәдени орындарға бірге алып жүрмеңіздер деп ескертеді.
Ал аурудың алдын алатын екпе әзірге қалаға жеткен жоқ. Осы кезге дейін менингококк бактериясына қарсы екпені мұсылман едеріне қажылыққа баратын азаматтар қаладағы амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология орталығында ақылы түрде жүргізіп келген. Ал бұл вакцина Шымкентке қашан жеткізіледі, бағасы қандай болмақ, деген сауалдарды санитар мамандар жауапсыз қалдырып отыр.
Айта кетейік, республикада менингит дерті бойынша call-орталық іске қосылды. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін байланыст телефоны: 8 (7252) 39-31-60

Шымкенттің дәрігерлері жүзінші рет бүйрек алмастыру операциясын жасады.

DSC 0042

Бірнеше сағатқа созылған ота сәтті өткен. Бұл жаңалықпен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының трансплантолог-дәрігерлері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, бөлісті.
Бүйрек ауыстырған науқастардың барлығының денсаулығы бірқалыпты. Соның ішінде, медициналық туризмді дамыту мақсатында, аурухана базасында 8 шетелдік азаматқа (Германия, Канада, Израиль, Румыния) тірі донордан алынған бүйректі алмастыру отасы жасалған болатын. Бүгінде ол науқастардың жағдайы да қанағаттанарлық. Донорлар және реципиенттер амбулаториялық емдеуге жіберілген. Оталардың барлығы аурухананың білікті трансплантолог-дәрігерлерінің күшімен жасалды.
Жалпы, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында бүйрек трансплантациясы оталары 2013 жылдан басталды.
– Мұндай операцияның бағасы 4 млн теңгедей тұрады. Еліміздің азаматтары үшін отаны квота арқылы тегін жасау қарастырылған. Дәрігерлеріміз білікті, медициналық құрал-жабдық қоры жеткілікті, сервистік палаталармен қамтамасыз етілген. Сондықтан шетелдік азаматтар да қызығушылық танытып отыр, – дейді трансплантолог Абылай Донбай.
Аталған аурухананың дәрігерлері, сондай-ақ, 15 рет бауыр трансплантациясын өткізгенін атап өтті. Еске сала өтсек, бүгінде өңірде 700-ге тарта науқас бүйрек, 500 адам бауыр жеткіліксіздігімен трансплантация отасына мұқтаж.

Шымкенттегі «Цеснабанк» АҚ қызметкері Юлия Дробязко қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынды. Қазақ келіні бұл ойын жуырда өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеяның ХХI сессиясында жеткізді.

Орыс қызы

- Мен - Юлия Дробязко, жүрегім кең-байтақ қазақ даласын Отаным деп білетін орыс қызымын. Бүгінде берекелі қазақ отбасының түтінін түтетіп отырған инабатты келінімін. 2005 жылы бүкіл ел алдында Елбасыға болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың санын көбейтуге уәде берген едім. Міне, бүгінде сол уәдемде тұрып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым – қазақ. Балаларым қазақ. Өзім де қазақ боп кеткенмін. Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 26-сессиясында Оңтүстік халқы атынан сөз сөйлеген Наталья Романова бірқатар мәселелерді айтып,
Елбасы алдында қазақтану мәселесін көтерген болатын. Мен өзім бұл ұсынысқа толыққанды келісемін және қолдаймын және қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылданса деген ойым бар, - деді Юлия Дробязко.
Жастайынан белсенді студент атанған ол университет қабырғасында жүргенде-ақ кіші ассамблеяның төрайымы болып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты дәріптейтін «Достық» клубының ашылуының басы-қасында жүрді. Елбасымызбен үш рет жүздескен шынашақтай орыс қызы қазақтың санын көбейтуге үлес қосамын деп Президенттің алдында тайсалмай уәде берді.
Иә, айпағымыз жүрегі де, жаны да қазақ болып кеткен Юлия Дробязко жайында.

Орыс қызы-2

Юлия уәдесінде тұрып қазақтың келіні атанды. Бүгінде Айару, Игілік атты сәбилердің анасы. Бір шаңырақтың ғана емес, қазақи салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Отырар ауданынына үлгілі келін. Юлиямен бір көрісіп-танысқаннан-ақ биязы, кішіпейіл, нағыз қазақ келініне тән көркем мінезді бойына жинаған жан екенін байқадық.
– Орыс мектебіне барғаныммен достарымның көбісі қазақтар болды. Көрші-қолаңдарымыздың барлығы қазақ ұлты. Отбасында ағам Евгений екеуміз қазақ тіліне жүйрік болдық, емін-еркін сөйлестік. Қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрып, ырым-тыйымдарын көріп-біліп өскендіктен маған оның ешбірі жат көрінген жоқ, - деп жалғады әңгімесін Юлия.
- Қазақтарды құрметтеу атамның берген тәлім-тәрбесінен бастау алған болса керек деп жалғастырды сөзін.
– Атам Дробязко Иван Филиппович Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін қорғаныс істері саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Тіпті, зейнетке шыққан соң да атамды жұмысында қалуға үгіттепті. Білесіздер бір жылдары орыстар Ресейге қоныс аударып жатқанда атамның «Мен Қазақстанда тудым, Қазақстанда өлемін. Қиын заманда кетпегенбіз. Енді тіпті кетпейміз» деген сөзі әлі есімде.
Юлия университетте оқығанда өте белсенді студенттердің қатарында болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Ал оның жар таңдауда өмірін өзгерткен
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуі екенін ол ерекше толқыныспен, жымия еске алды.
– Президент 2005 жылы шымкенттік жастармен кездесті. Сол жастардың арасында мен де мінберге көтеріліп, Елбасыға алғысымды жеткіздім. Бұдан кейін Астана қаласында бізге қайта жүздесу бұйырды. Сонда Н.Назарбаев қабылдаған он азаматтың тізіміне еніппін. Сол кездесуде
Елбасымен ашық-жарқын әңгіме жүргізіп, сөз кезегінде қазақ жігітіне шығып, қазақтың санын көбейтуге үлесімді қосамын деп уәде бердім. Себебі, бала кезімнен іште жатқан арман болғандықтан сеніммен айттым. Мұны естіген Елбасы ризашылығын білдіріп, бетімнен сүйді. «Егер қазақ жігітіне тұрмысқа шықсаң, тойға шақыруды ұмытпа» деген болатын.
Юлия отырарлық азамат Самат Баянбаевқа тұрмысқа шығады. Жігіт дәстүрімізге сай ат-анасының алдынан өтіп, қызға сырға салып, ұзатып әкетеді. Құдалық та өтеді. «Қоңыраттың ішінде Божбан руының келінімін. Ол кісінің шын аты Игілік болған екен. Баламызды сол бабамыздың есімімен атадық» деп жарының руын жіліктеп айтуы бізді де таңқалдырды.
Әңгіме барысында Юлия енесіне ризалығын да жеткізді. «Ұлттық салт-дәстүрді қаншалықты білем дегеніммен, енем оларды тереңінен үйретті, сондықтан болар жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім» дегенінің өзі көрегенділігі дер едік.
Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста отырған Юлияның алға қойған мақсаты көп. Ең маңыздысы - «Қазақтану» жобасы жүзеге асса деген ойының орындалғанын қалайды.

Страница 21 из 32