Халің қалай, аула клубы?

Пятница, 20 Июль 2018 04:47

Кезінде Шымқалада 40-тан аса аула клубы жұмыс істеген екен. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында орналасқан мекемелерде балалар арасында түрлі шаралар өткізіліп, әсіресе олардың жазғы каникулдары қауіпсіз әрі шат-шадыман көңіл-күйде өткізілетіні қазір еске алып қана айтылады. Бүгінде шаһардағы аула клубтарының саны небәрі – 12. Аула клубтарының бүгіні мен келешегі қалай? Осынау сауалдарға жауап іздеп, қаладағы бірнеше аула клубының жағдайымен танысып қайтқан болатынбыз.

3

Шымкентте аптап ыстықтың беті қайтар емес. Ауа райын болжаушылар осы ыстық 26 шілдеге дейін сақталуы мүмкін екенін айтады. Яғни, сынап бағанасы 45 С-қа дейін көтеріледі деп болжануда. Ми қайнатар ыстықтан күндізгі уақытта дені сау адамдардың өзіне көшеде, қоғамдық көлікте жүру оңай тимеуде. Ендеше, ыстықтан қалай сақтанамыз?

5

 

 Шымкенттегі жедел жәрдем қызметінің мамандары кезекшілерге тәулігіне 1800-ге жуық қоңырау түсіп жатқанын айтады. Дәрігерлерден көмек сұраушылардың дені балалар мен қан қысымы көтерілген науқастар. Сондықтан кардиологтар бірінші кезекте жүрегінде ақауы бар науқастардың денсаулығына алаңдаулы.

– Қан қысымы жоғары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жетіспеушілігі дерті анықталған, айқындалған науқастар болса, күн ыстықта мүлдем көшеге шықпауға кеңес береміз. Себебі ауа температурасы көтерілгенде науқас адам терлейді де қаны қоюланады. Мұның соңы жүрек талмасына алып келуі мүмкін. «Коптоприл», «Коринфар», «Нифедипин» секілді дәрілердің жүрек ауруында шұғылы көмегі тиетінін науқастар жақсы біледі. Бұл препаратты жанынан тастамауға кеңес береміз. Жүрек дертінің белгісі байқалғанда бұл дәрілерді жедел қабылдау керек, –дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің ұйымдастыру, әдістеме жөніндегі орынбасары, кардиолог-дәрігер Айнұр Балабекова.
Маман сонымен қатар жаз айларында дұрыс тамақтанудың маңызы зор екенін айтады. Күн салқындағанша тұзды, майлы тамақ жеуді шектеңіздер деп кеңес береді. Тамақ демекші, санитар мамандар қала тұрғындарына күн ыстықта уланудың алдын алыңыздар деп дабыл қағуда.
– Тамақтың сақталу температурасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым микробтар тез көбейеді. Тамақ кез келген жағдайда бұзылуы мүмкін. Өйткені тұтынушыларға жеткенше өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткізу сияқты сатылардан өтеді, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам нысандарын санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Қызбек Зекенова.
Тез бұзылатын тағамдар қатарында кремді-кондитерлік тәтті өнімдер, көкөніс және еттен жасалған салаттар, сүт және сүт өнімдерінен әзірленген тағамдар, балық консервілері, дайын аспаздық өнімдер бар. Маман дайын тағамдарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтауға болмайды, тіпті тоңазытқышта көп сақтамау қажеттігін ескертеді.
Шынтуайтында, шілденің шіліңгір ауасынан көшеде жүргенде күн өту қаупі бар. Сондықтан мамандар күндізгі сағат 12:00-17:00 аралығында далаға шықпаған дұрыс деп кеңес береді. Егер аптап ыстықта денені салқындатуда мына кеңестерді біле жүріңіз:
* Дене температурасын төмендетуде білекті салқын сумен 10 секундтай жуу керек. Бұл біршама салқындап алуға көмек береді. Себебі, білекте тамырлар тері бетіне жақын. Ал қан салқындаған соң тамырмен тез ағып, ағзаны салқындатады.
* Беторамал не сүлгіні сулап, «ыстық нүктелер», яғни, мойын, тізе және табанды сүртуге болады.
* Жапондықтардың «мойын мұздатқыш» деп аталатын тәсілін пайдаланыңыз. Ол үшін кез келген орамалды суық сумен сулап, мойныңызға байлап алаңыз. Бір-екі минуттың ішінде өзіңізді сергек сезінесіз.
* Сырттан кіргенде мұз текшелерді тізе, шынтақ, тобыққа басуға болады. Және салқын сумен жуыну да осы белсенді нүктелерде температураның төмендеуіне оң ықпал жасайды.

5-1
Дендеріңіз сау болсын!

Алып шаһардың ауасы қандай?

Среда, 18 Июль 2018 04:06

Шымкентте ауаның ластану көрсеткіші төмендеген. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қаладағы атмосфераға тарайтын улы заттар мөлшері азайды, дейді ауаға мониторинг жасайтын мамандар. Миллионды қалада алдағы уақытты өндіріс орындары көбейіп, көлік саны артатынын ескерсек, расында, қаламыздың экологиялық ахуалы қандай болмақ? Бұл тақырып бойынша «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының табиғи ортаның ластануына мониторинг зертханасының меңгерушісі Гүлнара Мәуленовамен әңгімелестік.

DSC 0586

Ауаны зерттейтін алты бекет

Шымкентте қазіргі таңда атмосфераның құрамын зерттеп, мониторинг жасайтын 6 станция жұмыс істеп тұр. Оның төртеуінен сынаманы мамандар өздері алса, екі бекеттің жұмысы автоматтандырылған.
– Біздің мамандар 4 бекеттен күніне 3 рет арнайы құрылғымен ауа температурасын, қысымын, құрамын өлшеп, нәтижесін стансаға алып келеді. Мұнда әкелінген соң сынамаға зертханада химиялық талдау жасалады. Егер ауа құрамында өзгерістер байқалса, тез арада эколог-мамандарды хабардар етеміз, – дейді зертхана меңгерушісі Гүлнара Мәуленова.
Ал автоматтандырылған екі метеорологиялық стансадағы барлық жұмыс заманауи құрылғылардың көмегімен жүзеге асады.

DSC 8161

Самал-3 және Нұрсәт шағынауданында орналасқан стансадағы құрылғылар ауаға таралып жатқан зиянды қоспаларды автоматты түрде анықтап, мәліметтерді онлайн режимде орталыққа жеткізеді. Осылайша көп адамның жұмыс күші қажет болмайды әрі уақыт үнемделеді.
– Шымкент қаласы ауасының ластығы жөнінен Қазақстан бойынша Астана, Алматы, Өскеменнен кейінгі орында тұр. Дегенмен, соңғы жылдары қалада ауадағы зиянды заттардың нормадан тыс таралу проблемасы шешіліп келеді. Яғни ауа сапасы жақсаруда. Биылғы жарты жылдыққа жасаған мониторинг нәтижесі ластанудың көтеріңкі деңгейін (стандартты индекс – 2) көрсетті. Негізінен Шымқалада ауаның ластануы өндіріс орындарымен байланысты. Біздегі зауыттардан ауа қабатына шаң, газ, күкірт, көміртегі тотығы, азот диоксиді, формальдегид, аммиак, кадмий, мыс, мышьяк, қорғасын тарайды. Дегенмен, бұрынғы алып қорғасын зауыты жоқ. Екіншіден, өндіріс орындарының экология талаптарын орындауынан да қоршаған ортаға айтарлықтай залал келіп жатқан жоқ, – дейді жауапты маман.
Зертхана меңгерушісінің айтуынша, метеорологиялық стансалар атмосфеараның ахуалын бақылауда ұстайтын қаладағы қажет деген нүктелерге салынған. Атап айтқанда, шаңды көп бөлетін «Шымкентцемент», Тассайдағы «Стандарт Цемент» ЖШС-і, ал айналасына улы газы тарайтын «Шымкент мұнай өңдеу зауыты» аумағы экологтардың жіті бақылауында.

Көлік түтінінен қауіп бар ма?

Бүгінде көліктердің басым бөлігінің бензинмен жүретінін белгілі. Экологтар бір тонна бензин жанған кезде ауаға 800 келі зиянды қоспа бөлініп шығатынын айтады. Ең сорақысы, көлік қозғалтқышы этиль бензинімен жұмыс істесе, ауаға қорғасын тарап, топырақты бүлдіреді, нәтижесінде адам денсаулығына және жануарларға қауіп төнеді.
Иә, осыған дейін Шымқалада қоғамдық көлік түтінінен шығатын зиянды заттар жайы талай айтылған-ды. Ресми деректерге сүйенсек, қазір қалада 205 180 көлік бар (2017 жылы 211 мың болған). Ал алдағы жылдары миллионды халықтың жүріп-тұруына қажет көлік саны артады десек, шаһардың экологиясы қандай болмақ деген сауалды экологтарға қойдық. Ауа қабатына монторинг жасайтын мамандар соңғы уақытта шаһардың экологиясына көліктен келетін қауіп жоғын айтып сендірді. Оның бірінші себебі ескі көліктерді жою жобасының қоршаған ортаға тигізген пайдасы мол. Сондай-ақ, темір тұлпарлар бұрынғыдай емес, жанармайдың сапалы түріне көшкен және қоғамдық көліктердің жаңыртылуы да экологияға келетін зардапты азайтуға үлесін тигізіп жатқан көрінеді.
Ал қала аумағындағы өндіріс орындарының өкілдері қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып жатқанын айтады.
– Өткен жылдың маусымынан бастап жоғары оқтанды К-4, К-5 бензинін шығарып жатырмыз. Жаңа технологиямен шығарылатын бұл жанаржағар майдың құрамында ауаға зиянды қоспалар аз, – дейді «ПетроҚазақстанойл Продакс» ЖШС қоғамдық байланыс демартаментінің менеджері Е. Жұмаділ. Ал жылына 2 млн тонна цемент шығаратын «Стандарт Цемент» зауытының өкілдері зауытта цемент дайындаудың құрғақ әдісі заманауи технологиялардың күшімен қолға алынған. Ол әдісте қоршаған ортаға зиян келмейді және энергия шығынын азайтады. Сонымен бірге, зияндылықты азайтуда шаң сүзгілерінің заманауи түрлері алмастырылып тұрады. Және де зауыт аумағына қылқан және жай жапырақты ағаштар отырғызылатынын атап өтті.
Гүлнара Мәуленованың айтуынша, алып қаланың экологиялық ахуалын қалыпты жағдайда ұстау қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта қазіргі таңда қаланың тағы үш нүктесінен ауа құрамына сынама жүргізетін автоматты бекет салу жұмыстары басталып кеткен.

Шымкенттік полицей Нұрлан Тасболатов көршісін өрттен аман қалып, өз өмірін тәуекелге тікті.

DSC 0254

Адам құтқарамын деп жүріп, өзінің де денесін күйік шалып қалады. Науқастың жағдайын білуге ауруханаға соққан болатынбыз.
Денсаулығы тұрақталған тәртіп сақшысын дәрігерлер ауруханадан шығарғалы жатыр екен, аз-кем тілдесуге мүмкіндігіміз болды.Облыстық ішкі істер департаментінің шұғыл арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Тасболатовтың құқық қорғау саласындағы қызметі оңай емес. Күн-түн демей ел тыныштығы, қаламыздың қауіпсіздігі, қылмыстық оқиғалардың жолын кесуде жақсы жағынан танылып, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың қатарында болған. Ал Сәуле шағынауданында шыққан өрт кезінде түнгі кезекшіліктен келген Нұрлан демалып жатқан болатын.
– Күндіз көршім үйім өртеніп жатыр деп жүгіріп келген соң, жалынды өшіруге көмектесуге асығыс киініп шықтым. Үйдің жанындағы сарай өртеніп жатыр екен, - деп еске алды сол күнді кейіпкеріміз.
– Әйелдерді қақпаның сыртына шығарып, жиналған бір-екі азамат құтқарушылар жеткенше өртті сумен өшіруге әрекет жасадық. Қарасақ, іште екі-үш газ балоны тұр. Ол жарылса, сұмдық болатыны белгілі. Баллонның біреуін алып, сыртқа шықтам. Жанымдағы кісі есінен танып қалып, оны таза ауаға шығардық. Осы екі ортада сарайда өрт күшейді. Екіншісін алуға кіргенде баллон жарылып, сыртқа қарай ұшып түстім. Есімді жинасам, үстімдегі футболкам, шашым жанып жатыр, екі қолымның терісі тұтастай күйіп қалыпты. Орнымнан тұрып, үйге жеттім де денеме мұздай суды құюмен болдым.Абырой болғанда жедел жәрдем қызметі оқиға орнына тез жетіп, зардап шеккен науқасты ауруханаға шұғыл жеткізеді.
Нұрланның ағасы Бақыт Тасболатов бауырының денсаулығына алаң болған сәтін айтады: – Нұрланның денесін шалған қатты күйікті көріп, қатты уайымдадық. Пендешілікпен «неге бардың, жатпадың ба» деп те айтып қалдық. Алайда, ол «бұл менің адамгершілік, азаматтық борышым» деуден танбады. Әкеміз Тоқболат Тасболатов «Қолыңан келсе, адам баласына көмектесуден тайынба, өзгеге қиянат жасама, өзгенің ала жібін аттама» деп өмір бойы бес баласын тәрбиелеген жан еді. Әке тәрбесін көрген бауырымыз ақкөңіл, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады, - деді әңгіме барысында.Нұрлан Тасболатовтың көзсіз ерлігінің нәтижесінде бір отбасы ғана емес, айналадағы қаншама адамның өмірі аман қалды. Ал бүгінгі күннің батыры бұл көмегін «ерлік жасау ойымда болған жоқ, алдымен көмектесуді міндетім санадым» дейді. Аға инспектор, полиция капитаны жасаған ерлік, шынтуайтында, кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс деп айтуға тұрарлық. Ал ерлікті мақтанышпен айту, жақсының жақсылығын арттыру – біздің міндетіміз.

Облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің дәрігерлері ақтаңдақты емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеруде. Үндістаннан келген  профессор Давиндер Парсад Шымкентте екі күн болып, өңіріміздің мамандарына шеберлік-сабағын өткізді.

IMG 6110

Емдеу мекемесінде 2005 жылы Қазақстанда алғаш болып «Витилиго» мектебі жұмыс істеп келеді. Содан бері шетелдік мамандармен тәжірибе алмасудың нәтижесінде бүгінде дерттен айыққандар саны көбейіп келеді.
Ақтаңдақ (витилиго) – Қазақстанда ең көп таралатын бес аурудың қатарына жататын кесел. Мамандар соңғы жылдары дертке шалдыққандардың саны артып отырғанын айтады. Шымкенттік дәрігерлер емі жоқ деп саналып келген кеселдің шипасын табуда ел асып, емдеудің жаңа тәсілдерін іздестіріп, Бүкіләлемдік витилигоны зерттеу қорымен бірлесе жұмыс істейді. Қазір кәсіби мамандарға сенім артып, тері аурулары ауруханасына науқастар ем-дом алуға көптеп келуде. Мамандар осы кезге дейін препараттар және фитотерапиямен емдесе, енді үндістандық мамандардан хиррургиялық ота жасаудың жаңа түрлерін үйренуде.
– Үндістандық дәрігер – тері ауруларын емдеуге саналы ғұмырын арнаған жан. Оның басылымдарда жарық көрген 105-тен астам еңбегінің 60-сы ақтаңдақ ауруының емін іздеуге бағытталған. Осыдан үш жыл бұрын өңірімізге тәжірибе алмасуға келген болатын. Бұл жолы тағы да тың идеяларымен келді, – деді диспансердің физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Ә.Айдарбекова.
Шетелдік кәсіби маман ақтаңдақ ауруын емдеудің жаңа тәсілін үйретеміз деді. – Ота жасау арқылы терідегі дақты жоюды және шаш қондыру отасын үйрететін боламыз. Әрі шипалы дәрі-дәрмектер арқылы емдеудің жолдарын түсіндіреміз, – деді профессор Давиндер Парсад.
Диспансерде 2015 жылдан бері 35 науқасқа хиррургиялық ота жасалса, 120-дан астамы фитотерапия арқылы ем алған.

ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Четверг, 05 Июль 2018 05:37

6 шілде – елімізде ерекше мереке. Жыл сайын Астана күнін мерекелеу игі дәстүрге айналған. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешім қабылдап, еліміздің астанасын Астана қаласына ауыстырғанына 20 жыл толды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа Астананың авторы. Елорда Елбасының төл туындысы. Ендеше, тарихқа көз жүгіртіп, Қазақстанның бас қаласының даму жолын зерделесек.

4

1994 жыл. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1994 жылғы 6 шілде, №106 қаулы) және Министрлер кабинетінде (1996 ж. 6 шілде) еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады. Оған себеп – Ақмоланың республиканың кіндігінде, геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, қаланың елеулі өнеркәсіптік әлеуеті, құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қажетті базаның болуы, ірі тасымал торабына орналасуы әрі қажетті көлік және телекоммуникация, инфрақұрылымның болуы, жоғары білікті кадрлар әлеуеті, жеке меншік секторды және кәсіпкерлікті дамыту үшін мүмкіндіктердің молдығы, аймақтағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, қаланы дамытуға қажетті бос жерлердің жеткіліктігі сияқты факторлар еді.

1996 жылғы 9 қазан.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен арнайы Ақмола экономикалық аймағы (ААЭА) құрылды.

1997 жылғы 20 қазан.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1998 жылдың 6 мамырында Елбасының жарлығымен Қазақстанның астанасы – Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

2000 жыл. Қазақстан Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» қаулы қабылдады. Елбасының қатысуымен Елорданың жаңа алаңы, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, бизнес-сервис орталығы ашылды.«Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасы Жарлығы шықты, оған сәйкес қала аумағының жалпы көлемі ұлғайды.

2002 жыл. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.

2003 жыл. Астанада әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер көшбасшыларының халықаралық съезі өтті.

2004 жыл. Ауқымы мол, бұрын-соңды болмаған мерзімнің ішінде ірі әкімшілік мекемелерін сол жағалауға көшіруде орасан зор жобалар жүзеге асырылды. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталық аумағында Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясы ғимаратының ресми ашылуы болды. Президент Н.Назарбаев ол резиденцияның «Ақ Орда» деп аталатынын жариялады.

4-1

2005 жыл. Астана қаласы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы салтанатты түрде ашылды. Сол жағалауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің әкімшілік ғимараттарының, «Тұлпар» тұрғын үй кешенінің және мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйлердің, цирк ғимаратының құрылысы аяқталды.2005 жылғы 1 маусымға дейін Астананың сол жағалауында 39 нысан пайдалануға берілді. Олардың арасында ҚР Призидентінің Резиденциясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Астана-Бәйтерек» монументінің ғамараттары, «Аяулы алақан» композициясы, Жоғарғы Соттың, ҚР қорғаныс министрлігінің, ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінің әкімшілік ғимараттары, Ислам мәдени орталығы, Ұлттық кітапхана, 1200 орынды мектеп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының екі нысаны, кардиология орталығы, муниципалдық үйлер кешені, бір ауысымда 120-150 адамды қабылдайтын емхана, сулы-жасыл гүлзар, «Отель-Президент» мейманханасы, «Ғашықтар» саябағы бар.

2008 жыл. Қазақстанның елордасы Астана қаласының 10 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

2009 жыл. Тәуелсіздік даңғылындағы бас алаңда «Қазақ елі» монументі ашылды.

2010 жыл. Әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостер жобалаған, аумағы 127 мың шаршы метр, биіктігі 150 метрді құрайтын «Хан шатыр» сауда орталығы ашылды.

2010 жылғы 1-2 желтоқсан. Астанада Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтіп, оған Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Еуропадан 56 мемлекеттің өкілдері қатысты.

2011 жылғы қаңтар-ақпан айлары. Астана, Алматы қалаларында тұңғыш рет VII қысқы Азия ойындары өтті.

2011 жылғы 28-30 маусым.Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.

2011 жыл. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай биіктігі 20 метрлік «Мәңгілік ел» ескерткіші ашылды.

2012 жылғы 30-31 мамыр.Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезі өтті. Форумға 40 елден 85 делегация қатысты.

2012 жылғы 22 желтоқсан.Халықаралық көрме бюросына мүше 166 елдің өкілдерінің дауыс беруімен Астанада «ЭКСПО - 2017» көрмесі өтетін болып шешілді.

2015 жылғы 10-11 маусым. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті. Форумға 42 елден 80 делегация, соның ішінде БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия республикасының мемлекет басшысы Саули Нийнистё қатысты.

2017 жылы Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, көрмені 2 миллионнан астам турист тамашалаған.

2018 жыл. Қазақстанның бас қаласы, ел жүрегіне айналған Астанаға 20 жыл толып отыр.

Биыл Шымкент қаласында 7987 түлек мектепті тәмамдап, соның ішінде 5446 түлек ҰБТ тапсырды. Соның ішінде 5422 түлек тест тапсыру орнына келген.

ҰБТ 7

Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Шымкент түлектерінің орташа көрсеткіші 83,6 балды құраған. Қалалық білім бөлімінің мамандары осылай деп хабарлап отыр. Солардың арасында 138 балл жинаған екі түлек бар. Олар - Шымкенттегі №35 мектептің түлегі Гүлдана Мейірбек және №23 мектептің 11 сыныбын тәмамдаған Тұран Азым.

IMG-20180703-WA0008

Сондай-ақ 1690 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, олардың 1650-і мектеп қабырғасында алған білімдерін ақтап шыққан. Ұлттық Бірыңғай тестілеу кезінде 24 оқушы «Алтын белгі» алғанымен, нәтижелері шектік балға жете алмай қалған.
Биылғы жаңалықтың бірі, тестілеуде шымкенттік 6 түлек елімізде алғашқылардың бірі болып сынақты ағылшын тілінде тапсырыпты. Жалпы, 1599 мектеп бітіруші 100-ден жоғары балл жинаса, «Алтын белгіден» үміткер 287 түлектің барлығы сенімді ақтаған.
Қалалық білім бөлімі мамандарының хабарлауынша, биылғы ҰБТ тапсыру кезінде өрескел тәртіп бұзушылық тіркелмеген. Білім беру саласын цифрландыру бағдарламасы аясында былтыр Қазақстандағы тест тапсыру аудиторияларынң 20 пайызы бейне-бақылау камераларымен жабдықталған болатын. Соның нәтижесінде кез келген адам сынақ тапсыру нәтижесін интернет арқылы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік алды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген қоғамдық орында өздерін еркін сезінуі тиіс. Осы мақсатта елімізде мүгедектердің өмір сапасын жақсарту бойынша 2012-2018 жылдарға арнайы бағдарлама түзілген. Оның аясында мекемелерге пандустар қойылды, көшелерге арнайы бағдаршамдар орнатылып, көлік тұрақтарынан орындар белгіленді. Сала мамандары алты жылдан бері атқарылған жұмыстар биыл қорытындыланып, келесі жылдан бастап ескертуге құлақ аспағандарға жаза қатаңдайды дейді.

2-11

Алты жылда – 500 пандус

Шымкент қаласындағы бір ғана Әл-Фараби ауданы аумағында 6000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер кез келген қоғамдық орындарда өздерін еркін сезініп, жүріп-тұрғысы келеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, 2012 жылдан бері ауданда бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Дегенмен, түсіндіру-зерделеу жұмыстарынан кейін нәтиже шығармай отырғандар да бар көрінеді.
– Аудан аумағында 30 көше орналасқан, 200-ге жуық мемлекеттік, 500-ден астам жекеменшік мекеме бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құруға жағдай жасауда осы мекемелерге түсіндіру жұмыстары жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін 500 пандус орнатылды. Мемлекеттік мекемелер бұл шараны бірауыздан қолдап, жүктелген жұмыстар толықтай орындалды. Тек сауда, қызмет көрсету орындары секілді жекеменшік орындарда бұл мәселе шешімін таппай отыр, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бойынша бас маманы Нұрлан Ақбердиев.
Биылдың өзінде Әл-Фарби ауданы бойынша «Біз біргеміз!» акциясы аясында 150 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның 85-іне пандустар қойылған. 38 автотұрақтың 33-іне мүгедектерге арналған белгілер орнатылыпты. Ал Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, 12 жекеменшік балабақшаға паспорттау жұмысы жүргізіліп, оның алтауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған, қалғанының басшылығы әзірге уәде берумен шектеліп отыр.
– Бүгінгі таңда миллион тұрғыны бар мегаполис атандық. Сол үшін шаһардағы кез келген мекеме тұрғындарға қызмет көрсетудің мәдениетін қалыптастыруы қажет. Ол дегеніміз – халықтың сұранысын ғана қанағаттандыру емес, мүмкіндігі шектеулі жандар бар екенін ескеріп, оларға қолдау көрсету, адамгершілік тұрғыдан жағдай жасауды назарға алса деймін. Себебі, ол азаматтар еңбекке, білім алуға, спортпен шұғылдануға, қоғамдық орындарда болып, қоғаммен көбірек араласқысы келеді, - дейді жауапты маман.

Парковка для инв

Ескертпені елемейтіндер

Шымкент қаласының Абай ауданында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта құру мақсатында 820 нысан, яғни, 90 мемлекеттік және 730 жекеменшік нысан анықталып, 320-не пандус орнатылған. Олардың арасында сауда үйлері, мейрамханалар, дүкендер, дәріханалар және т.б. нысандар бар.
Жыл басынан бері 106 жекеменшік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес меншік иелеріне методикалық кеңестер беріліп, 15 нысанның паспорттары жасақталған.
– Бүгінгі таңға кейбір меншік иелеріне 2-3 рет ескертпе хаттар берілгенімен, пандус орнатылмай отыр. Ал біздің көздегеніміз – жекеменшік нысан иелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортада толыққанды және лайықты өмір сүруіне оңды ықпал тигізсе дейміз, – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Г.Ташимова.

Айыппұл мөлшері көбеюі мүмкін

Баса назар аударатын жайт, мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау тек баспалдақтарға пандус қоюмен шектелмейді. Жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарлама аясында мекемелерде мүгедектер қабылдайтын орын ашу, арнайы қол жуғыш және дәретханалармен қамтамасыз ету секілді шаралар қарастырылған.
– Біздің міндетімізге тек түсіндіру, шараны орындамағанда ескерту жасау ғана кіреді. Заңды бұзғандарға айыппұл салу облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласы мамандарының құзырында болғандықтан, заңды орындамағандардың көбісі айыппұл салғанда ғана қимылдайды, – дейді жауапты мамандар.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабында мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз етпегенде, мүгедектердің мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпегенде және жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшырағанда лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік нысандарға – 120, орта кәсіпкерлік нысандарға – 200, ала ірі кәсіпкерлік нысандарға 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалғанда лауазымды адамдарға – 80, шағын кәсіпкерлік нысандарға – 150, орта кәсіпкерлік нысандарға – 250, ал ірі кәсіпкерлік нысандарға 600 АЕК айыппұл салынады. Мамандар бұған қоса келесі жылдан бастап заң бұзушылыққа барғандарға айыппұл мөлшері артатынын айтып отыр.
...Жылдар бойы талқыланып, түсіндіру шарасы күшейтіліп, айыппұлдар салынғанымен әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарының әлі де мүгедектерге қолайсыз екені жасырын емес. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына қоғам болып көзқарасты өзгертудің уақыты келген сияқты.

Страница 20 из 32