Дәстүр жалғасты: Эльжана Таниева Олимпиадада бақ сынайды

Понедельник, 05 Август 2024 10:31 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 742 раз

elzhan

Былтыр Азия ойындарында Шымкент қаласының көркем гимнасшылары күміс, қола жүлделерді жеңіп алған еді. Эльжана Таниева мен Милана Парфилова командалық есепте күміс, жекелей сында 1 күміс, 1 қола жүлдемен оралған. Жергілікті спортшылардың жекелей сында екі жүлде алуы тарихи жетістік еді.

Жеңімпаздарды күтіп алу іс-шарасында көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова алда Олимпиада ойындарына жолдама алу қажет екенін, енді сол жарысқа дайындалатынын атап өткен.

Жоспар орындалды. 18 жастағы Эльжана Таниева дәстүрімізді жалғастырып, Жазғы Олимпиада ойындарына қатыспақ. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінен күтеріміз көп.

Көркем гимнастикадан Азия ойындарында жерлестеріміздің жекелей сында күміс және қола жүлделерді иеленуі кездейсоқтық емес. Жоспарлы, жүйелі атқарылған жұмыстың нәтижесі. Көркем гимнастикадан қалалық №9 спорт мектебінің 10 жылдан астам тарихында жеңісті дәстүрі қалыптасып, білікті кадрлар даярланды. Соңғы екі Олимпиадалық циклде осы мектептің түлектері Рио-де-Жанейро және Токио олимпиадасына қатысты.

2014 жылы Инчхондағы бәсекеде командалық сайыста қола жүлдеге қол жеткізген Сабина Әшірбаева, 2018 жылы Азия ойындарының жеңімпазы Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбекова, 2022 Жазғы Азия ойындарының күміс, қола жүлдегерлері Эльжана Таниева мен Милана Парфилова осы мектептің алғашқы қарлығаштары. 2016 жылғы Олимпиада ойындарында
Сабина Әшірбаева, 2020 жылғы Олимпиада ойындарында Алина Әділханова бақ сынады. Париж ойындарындағы үмітіміз – Эльжана Ерғазықызы Таниева.

Шымкент қаласының көркем гимнастикадан №9 спорт мектебінің шәкірттері былтыр Қазақстан Республикасының VI Жазғы Спартакиадасында 11 алтын, 5 күміс, 1 қола жүлдеге иелік етті. Соның ішінде Эльжана Таниева 5 рет жеңімпаз атанды.

Әлия Юсупова Афины олимпиадасында төртінші, Бейжің ойындарында бесінші орын алып, көркем гимнастикада да тыңнан түрен салуға боларын ұғындырды. 2007 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатының жекелей сынында алтыншы орын алған. Дохадағы Азия ойындарында дара шықты.

Бүгінде көркем гимнасшыларымыз жеңісті жолды жалғастырып келеді. Олимпиада медалі бұйырмады демесеңіз, Азия ойындарында жалпы есепте алдыңғы қатарда келеді. Бейжің ойындарынан кейін спорттық ғұмырын аяқтаған Әлия Юсупованың лайықты ізбасарлары бар екеніне көңіл тоғаяды, әрине. Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан көркем гимнастика спорт кешенінде жыл бойы жаттығу қайнап жатады. Мұнда дарынды қыздарды Әлия Юсупова, Лола Әділбекова бастаған елге белгілі мамандар жаттықтырады.

Мамыр айында Ташкентте өткен көркем гимнастикадан лицензиялық Азия біріншілігінде 18 жасар Эльжана Таниева Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Жерлесіміз көпсайыс қорытындысы бойынша бірінші орын иеленді. Ал жарыс ережесі бойынша, квота тек қана алтын медаль алған спортшыға беріледі.

Көпсайыс қорытындысы бойынша Эльжана Таниева 133.40 ұпай жинады. Ол Азия чемпионатының алтын медалімен бірге, Олимпиада ойындарының жолдамасына қол жеткізді.

Иә, дәстүр жалғасты. Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2004 жылғы Афины Олимпиадасынан бері жазғы ойындарға үздіксіз қатысып келеді. Афины мен Бейжің (2008) Олимпиадаларында Әлия Юсупова ел намысын абыроймен қорғаса, Лондонда (2012) Анна Алябьева, Риода (2016) Сабина Әшірбаева, Токиода (2020) Алина Әділханова сынға түсті. Міне, осы спортшылар қатарына енді Эльжана Таниева да қосылып отыр.

Э.Таниева Париж Олимпиадасының жолдамасын ең соңғы іріктеу турнирінде жеңіп алды. Бұл спортшыға да, құрама бапкерлеріне де психологиялық тұрғыдан оңай болмағаны анық. Құрлық біріншілігінде сарапқа салынған жалғыз жолдаманы жеңіп алу үшін жерлесіміз аянып қалған жоқ.

Эльжана Таниева таяуда Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, Олимпиадаға дайындық барысына тоқталып өтті.

«Біз бағдарламаны қиындатып, аздаған өзгеріс енгіздік. Қазіргі таңда жаттығуды таза, қатесіз орындауға басымдық берудеміз. Әртістік тұрғыдан да жұмыс істеп жатырмыз. Аяқ пен қолдың қызметіне көп көңіл бөлдік, себебі, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсету үшін барлық элементтерді толық меңгеру керек. Жетістікке жету үшін көпсайыстағы төрт жаттығуды қатесіз орындау керек. Сол кезде ғана жоғары баға беріледі. Маған барлық жаттығу да ұнайды.

Бүгінде толық бабымдамын деп айта алмаймын. Біз Олимпиадаға дайындалудамыз. Тура жарыс қарсаңында нағыз бабыңа енуің керек. Парижге ұшқанға дейін екі аптадай уақытымыз бар. Сондай-ақ, Франция астанасында тағы жаттығамыз. Осы уақыт аралығында кем-кетіктерді жөндеп, жарыс басталғанда шын бабына енемін деп ойлаймын.

Олимпиада әр спортшының мансабындағы ең маңызды жарыс. Сондықтан, бәсекелестік те өте жоғары болмақ. Негізі, жарысты да, бәсекелестікті де ойламауға тырысамын. Менің міндетім – төрт жаттығуды да таза орындап, еліміздің намысын абыроймен қорғау», – дейді Таниева.

Биыл күзде 19 жасқа толатын Эльжана Таниевадан біз зор үміт күтеміз. Бабы мен бағы қатар шауып, Париж ойындарынан жүлдемен қайтуына тілекшіміз.

 

Тағабай ҚАСЫМОВ
Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.